Альянс-Банкiге рахмет! ТЕҢСЕЛГЕН КЕМЕМ ТЕҢЕЛГЕНДЕЙ БОЛДЫ
Альянс-Банкiге рахмет! ТЕҢСЕЛГЕН КЕМЕМ ТЕҢЕЛГЕНДЕЙ БОЛДЫ
Әр бiр оқырманның өзiнiң бауыр басқан басылымы болады. Оны оқымаса бiр нәрсесi кем адамдай алаңдап, көңiлi орта жүредi әрi соның келетiн күнiн, қолына тиетiн уақыт мөлшерiн тағатсыз күтедi. Ешкiмге жария етпесе де онда жарияланған дүниелерге өз тарапынан баға берiп, өз хал-қадiрiнше сараптап, «анау анандай, мынасы мынандай» екен деп, тiптi кей тұста сыни көзбен қарап, "олай дегеннен гөрi былай деуi керек едi" деп iштей пiкiрлесiп отырады.
Қазiргi кезде, шүкiр, оқитын баспасөз құралдары баршылық. Бiрақ соның бәрiн шетiнен шолып отырамын десем артық болар. Менiң атамекенге оралғаннан бергi тұшынып, түгiн қоймай түртiп оқитын ба¬сылымның бiрi де, бiрегейi осы – "Түркiстан" газетi. Оның өзiндiк себеп-салдары да бар. Сiздердiң ұстанып отырған бағытттарыңыз, яғни газеттiң мақсаты менiң көзқарасыммен негiзiнен сәйкеседi деген сөз. Олай болмаған күнде ұнамаған нәрсе адамды тез жалықтырса керек.
Ақиқатын айтсам, қандай қоғамда өмiр сүрiп жүргенiмiздiң өзi айқындалмаған заманда өтiрiк айту, жұртты алдау, өлтiре салу, адалдың адал ақысын жеу, бiреудiң аузындағысын жырып әкету, тiршiлiгiмiздiң күнкөрiсiнiң бiр түрiне айналғанда, "Түркiстанды" оқып барып, теңселген кемемiз теңелгендей, екi ескектi боламыз.
Сонымен қатар қазақта "кемедегiнiң тiлеуi бiр" дегендей, "Түркiстан" газетi шет елдерден келiп жатқан қандастарымызға қатысты мәселелердi жиi көтерiп отыратындығы да менiң оған iш тартуыма әсер еткен болуы керек. Болу керек емес, шындығында болды. Соңғы кездерi газет iшiнен оның "Қоныс" қосымшасының жарық көруi газеттiң абыройын онан әрi көтерiп тастады десем жөн болар. Бiз қосымша беттерiнен өзiмiзге — оралмандарға тiкелей қатысты мәселелердi оқып, көп нәрсеге көзiмiз ашылып қалды.
Осы қосымша бұрынғысынша үзiлiп қалмай, тұрақты шығып тұрса деген бiр тiлек бар. Осы тұрғыдан келгенде газет қосымшасының шығуына тiкелей қаржылай көмек берiп, қолдау көрсетiп, аса зор қайырымдылық танытып, жомарттық жасап отырған "Альянс Банктегi" азаматтарға, ұжымына шын жүректен ризашылығымды бiлдiрмiн.
Сонымен қатар газет алқасына бiрлi-жарым пiкiрiмдi айта кетсем, мүмкiндiгiне жарай қабылдарсыздар. Жалпы Қазақстан баспасөзi, соның iшiнде бiр-екiлi әдеби журналдар мен газеттерi болмаса басқасы тiрлiктiң көркемдiк жағына, бiр сөзбен айтқанда әдебиетке көп назар аудара бермейдi. Соның орнын аз да болса толтыру үшiн газет бетiнде өте шағын әңгiме, қысқа-нұсқа өлеңдерге орын берiлiп отырса қандай ғанибет. Әдебиет дегенiмiздiң өзi осы өмiр емес пе? Онсыз тiрлiкте қандай мән бар? Газет ұжымының өзi шетiнен әдебиетшiлер емес пе? Олар неге әдебиет мәселесiне жеңiл қарайды екен? Жазушының жазған дүниесiнен хабарымыз болмай тұрып оған қалай сын, пiкiр айтуға болады. Бұл жалпыға ортақ мәселе деп ойлаймын. Аз да болса саз болар көңiл бөлсеңiздер оқырман да мәз болар.
Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!
Қарамер Баймолдаұлы,