Ақпараттар

Ақпараттар

Ақпараттар
ашық дереккөзі
396

РЕСЕЙ ОТАНДАСТАРЫН IЗДЕЙДI

8-қыркүйекте Көкшетау қаласында "Көшi-қон процесi: үмiт және шынайы өмiр" деген дөңгелек үстелi болып өттi. Бұл шараны Краснояр өлкесi ұсынған шетелдегi отандастардың Ресей Федерациясына өз еркiмен қоныс аудару бағдарламасының тұсаукесерiн Қазақстанда өткiзуге орай, Ресейдiң "Новая Еуразия" үкiметтiк емес ұйымының қолдауымен, Республикалық "Лад" славян қозғалысы ұйымдастырып отыр. Дөңгелек үстелге ресейлiк сарапшылар, Қазақстанның орыс-славян ұйымдарының өкiлдерi, Ресейге қоныс аударуға ниеттi отандастар қатысты.

"Русское зарубежье" институтының директоры Сергей Пантелеев "Отандастарды көшiру жайлы мемлекеттiк бағдарламаның жүзеге асуы Ресей үшiн де, шетелдегi отандастарымыз үшiн де маңызды" дей отырып, тамыздың басына дейiн Ресейге қоныс аударғандардың саны 5 мыңға жеткендiгiн сөз еттi.

Отандастарды қоныстандыруға тиiмдi әрi ауқымды мекен ретiнде Калининград, Липец, Калуж және Тамбов облыстары аталады. Краснояр өлкесiне 152 адам қоныс аударған. Оның 26-сы Қазақстаннан барғандар.

Пантелеев сондай-ақ, бұл iсте ақпараттың жетiспей тұрғандығын тiлге тиек еттi. "Мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыру барысында ақпараттың тым жұтаңдығы байқалады. Бұл аса маңызды рөл атқаратын мәселе. Ал, қолда ақпараттар шындыққа жанасымсыз, көбi көшуге ниеттi отандастарды үркiтумен ғана шектелуде", — дегендi айтады ол.

Қазiр бұл бағдарлама 12 аймақта тәжiрибеден өткiзiлуде. Қалғандары өз мүмкiндiктерiн саралап, аймақтық бағдарламаларын әлi ұсына қойған жоқ. Яғни, көшi-қон процесiне қатысушылардың аздық етiп отырғандығының бiр себебi осы. Сондай-ақ, Пантелеев бұл бағдарламаның 2012 жылға дейiн жоспарланғанын айта отырып, уақыттық шектеудiң формальдi екендiгiн жеткiздi. "Бұл бағдарлама ұзақ мерзiмдi қамтуы керек, әрi көшi-қон туралы Федеральдық заңмен реттелуi тиiс" дейдi ол.

"Russkie.org".

НАРАЗЫ ТҰРҒЫНДАР ҚАЛА ӘКIМIНЕ КЕЛДI

10-қыркүйекте Алматы әкiмшiлiгiнiң алдында бiр топ тұрғын баспана мәселесiне байланысты наразылық пикетiн өткiздi.

Қала әкiмiнiң алдына жиналған наразы топтың көпшiлiгi – әйелдер. Шаңырақ, Бақай, Қарасу, Красный Трудовик секiлдi елдiмекендердегi сот шешiмiмен заңсыз салынған деп танылған үйлерде және Алматыдағы бiрқатар жатақханаларда тұрып келген олар баспана мәселесi бойынша талайдан созылып келе жатқан дауды шешiп беру туралы өздерi жазып әкелген үндеудi оқыды Сонымен бiрге, наразы тұрғындар құқық қорғау органдары мен жекелеген кәсiпорындардың күзет қызметкерлерiнiң қарапайым адамдарға әлiмжеттiк жасап, қол жұмсауын тоқтатуды және әкiмшiлiк жауапқа тартылып, 15 тәулiкке абақтыға қамалған тiркелмеген "Талмас" қоғамдық ұйымының жетекшiсi Айнұр Құрмановты босатуды талап еттi.

Осы жерге келген прокуратура мен полиция өкiлдерi жиналғандардың дереу тарауын сұрап, заңға бағынбағандардың әкiмiшiлiк және қылмыстық жауапқа тартылатындарын ескерттi. Заң өкiлдерiнiң пикетшiлердiң қолындағы жазуларды тартып алып, күштеп таратпақ болған әрекетiне тұрғындар көнбедi.

Аздан соң наразы топ өкiлдерiн қала әкiмiнiң орынбасары Виктор Долженков қабылдады. Бiрақ ол тұрғындар қойған талапты орындай алмайтынын, барлық даулы мәселе тек заң шеңберiнде шешiлуге тиiс екенiн айтып шығарып салды. Екi тараптың кездесуiне әкiмшiлiк алдына жиналған баспасөз өкiлдерiнен ешкiм қатыстырылмады. Кездесуге қатысып шыққан Шаңырақ-5 ықшам ауданының тұрғыны Света Саурықова Азаттық тiлшiсiне онда болған әңгiменiң қысқаша мазмұнын айтып бердi:

— Виктор Долженковтың алдына барғанымызда, ол бiзге: "Сендер жердi заңсыз басып алғандықтан бұл мәселенi шешу мүмкiн емес, әзiрше тұра берiңдер, бiрақ алдағы уақытта үйлерiңдi бульдозермен күреп тастауы мүмкiн" – дедi. Бiз ондай сөз есту үшiн барған жоқпыз ғой! Содан соң, бiз де оған "егер қолдарыңнан ештеңе келмесе, онда бiз дәл осылай Ақордаға дейiн барамыз" деп ескерттiк.

Тұрғындар өз проблемалары түпкiлiктi шешiлмейiнше наразылық шараларын алдағы уақытта да жалғастыра беретiндерiн айтып тарасты.

Azattyq.org

АЛДАНҒАН ҮЛЕСКЕРЛЕР КҮТУДЕН ЖАЛЫҒАТЫН БОЛДЫ

Өткен аптаның бесйсенбiсiнде өткен Үкiмет отырысында аяқталуы жақын құрылыстардың жұмысын қалай жеделдету мәселесi қаралды. Бұл объектiлердi мемлекет қаржысымен салып бiтiру көзделген болатын. Ендiгi мәселе — салынып бiтуi жақын құрылыс нысандарына қаржы бөлуден бұрын, оны бұған дейiнгi иелерiнен қайтарып алу.

Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов барлық проблемалы нысандар бойынша тұрғын үй құрылыс кооперативтерi құрылғандығын айтады.

— Астана прокуратурасы салынып бiтпеген құрылыс нысандарын үлескерлер меншiгiне қайтаруға байланысты 14 шағым түсiрдi. Олар қалалық соттың қарауына жiберiлдi. "Байқоңыр" тұрғын үй құрылыс кешенi бойынша сот iсi аяқталды. Қалған шешiмдердi қыркүйек-қараша айларында алу жоспарланған. Құрылыс-монтаж жұмыстары тек сот шешiмi шығарылып, бұл нысандардың ендiгi иесi болуы тиiс тұрғын үй кооперативтерiмен келiсiм-шартқа отырғаннан кейiн ғана басталады, — дейдi Иманғали Нұрғалиұлы.

Демек, үлескерлер өз үлесiне қол жеткiзу үшiн әлi де күтетiн болады. Астана қаласы әкiмшiлiгi сот процедураларының аяқталуы келесi жылдың ортасына дейiн созылатындығын айтады.

РЕСЕЙ ОТАНДАСТАРЫНА АЗАМАТТЫҚТЫ ЖЫЛДАМ БЕРЕТIН БОЛДЫ

Жақында Ресей Мемлекеттiк Думасы "Азаматтық туралы" федеральды заңға өзгерiстер мен толықтырулар туралы" заң жобасын екiншi оқылымда қабылдады. Бұл заң жобасы бойынша, Ресей шеттен келетiн отандастарының азаматтық алу мәселесiн жылдамдатуды көздейдi.

Қазақстанның қазiргi "Азаматтық туралы" Заңында шетелден келетiн қандастарына қарастырылған жеңiлдiктер Ресейдiң кеше қабылдаған заңында көрсетiлiп отыр. Мәселен, Ресей отандастары азаматтық алу үшiн 5 жыл бойы Ресейде тұрақты тұрмайды, орыс тiлiн бiлуi жөнiнде тест тапсырудан азат етiледi және өздерiнiң жеке есеп-шотында болуға тиiстi арнайы капиталы талап етiлмейдi. Бұған дейiн Қазақстан заңдары Ресей заңдарының айна-қатесiз көшiрмесi болып келсе, бұл жолы Ресей отандастарына азаматтық берудiң оңай жолын Қазақстаннан көшiрген iспеттi.

Серіктес жаңалықтары