ҚАЖЫЛЫҚҚА 5000 КВОТА БӨЛIНДI

ҚАЖЫЛЫҚҚА 5000 КВОТА БӨЛIНДI

ҚАЖЫЛЫҚҚА 5000 КВОТА БӨЛIНДI
ашық дереккөзі
246

Мұсылманның бес парызының бiрi — қажылықты орындауға ниет ететiндердiң саны жылдан-жылға артып келедi. Желтоқсанның сегiзi күнi басталатын қажылыққа дайындық шарасы басталып кеттi. Мәселен, былтырғы жылы қасиеттi Меккеге бару бақытына 4100 мұсылман ие болса, биыл үлкен қажылыққа елiмiзге 5 мың квота бөлiнiптi. "Бұл ең әуелi азаматтардың ислам дiнiн шынайы дiн екенiн түсiнiп, Алла жолына мықтап бет бұра бастағанын көрсетедi", — дейдi елiмiздiң бас мүфтиi Әбсаттар қажы Дербiсәлi.

Баспасөз мәжiлiсi барысында бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi, оның орынбасары Мұхаммед-Хусейн Алсабек және ҚМДБ аппарат жетекшiсi Балтабай Мекежанов биылғы жылы қажылыққа барудың мерзiмi, ерекшелiктерi, Сауд Арабиясына қажылық парызын өтеуге ынта бiлдiргендерге қойылатын талаптар туралы кеңiрек түсiндiре кеттi. Қазақстанның дiни басқармасы сапарға қажеттi құжаттардың тек бiрiншi қарашаға дейiн қабылданатынын ескертедi. Маусым айында Сауд Арабиясының қажылық iстер жөнiндегi министрлiгiнiң шақыруымен Мекке мен Мәдинада болған Қазақстанның дiни басқармасының өкiлдерi биылғы қажылыққа байланысты екi жақты келiсiмге қол қойып келiптi. Бұл құжатқа сәйкес, ислам дiнiнiң бесiншi парызын орындауға 5 мыңнан астам пiрадар аттана алады. Елiмiздiң бас мүфтиi Әбсаттар Қажы Дербiсәлiнiң айтуынша, бұл жолғы қажылық сапар тиiстi деңгейде өту үшiн, бiрқатар өзгертулер енгiзiлген. Атап айтқанда, әр қажы қазақ және араб тiлдерiнде Қазақстан деген жазуы бар көк күртешемен, қажының аты-жөнi мен тұратын мейманханасының атауы көрсетiлген бiлезiкпен және қажылықты орындау шарттары мен қағидалары жазылған кiтапшамен қамтамасыз етiлетiн болады. Былтырғы жылғы қажылық кезiнде орын алған келеңсiз жәйттердiң алдын алу үшiн дiни басқарма олқылыққа жол берген туристiк фирмалардың қызметiнен бас тартып, биыл 19 туроператормен келiсiмшарт жасасты. Қазiр бұл фирмалар Сауд Арабиясының қойып отырған талаптары бойынша бiрден Жидда немесе Мединаға апаратын тiке әуе қатынасын орнату iсiмен айналысуда. Арабтар жағының басты талаптарының бiрi — қажылыққа тек қана ұшақпен барып, ұшақпен қайту. Және жолсапарды орындайтын туристiк компаниялар Сауд Арабиясының заңдары мен Корольдiктегi заңдылықтарды қатаң орындауға мiндеттi. Қажылық парыздарын өтеуге ынталылар да осыны естерiнде ұстаулары қажет.

Оның үстiне биыл ҚМДБ тарапынан арнайы бөлiнген жауапты қызметкер қажылық парызын өтеушiлердiң жай-күйлерiн, аяқасты кездескен қиыншылықтарын сол жерде шешетiн болады. Бұл жерде дiни басқарманың өз күшiмен, демеушiлiк көрсетушiлердiң арқасында бiрнеше дәрiгерлердi қажылық кезiнде ел азаматтарына жәрдем көрсету мүмкiндiгiн жасап отырғанын да атап айтқан жөн.

ҚР Дiни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар Дербiсәлi:

"Бұл қызметке жауаптылар 20 күн ерте барып әр фирманы тексередi. Қажылар қайда тұрады? Жағдайы қалай болады? Төсек орын, тамақ, транспорт мәселесiн қалай шешiлiп жатқанын, бәрiн тексередi. Қажылық кезiнде бұлар жедел-жәрдем көлiгi арқылы бүкiл фирмаларды аралап жүрiп, халықтың жағдайын қадағалайды. "Мына фирма қалай қызмет етiп жатыр?" деп қажылыққа барғандардың пiкiрiн бiлiп, қайта оралған соң Үкiметтiң алдында есеп бередi" дейдi.

Естерiңiзге сала кетсек, 2007 жылғы желтоқсан айында қажылық жұмыстарымен айналысқан үш-төрт туристiк компаниялар басшылары қатаң сөгiс алып, бұдан кейiн қажылықпен айналысуына рұқсат берiлмеуi жағы да көзделiп, қажылыққа баратындарды тасымалдау мүмкiндiгiнен айрылды. Бұл туристiк фирмалардың келiсiмшартта көрсетiлген талаптарды орындай алмауына байланысты парызын өтеушiлер виза алу кезеңiнде үлкен қиындықтарға тап болды. Оқиғаға Дiни iстер комитетi мен Сыртқы iстер министрiлгiнiң шұғыл араласуы арқасында ғана мыңнан астам қажыларымыз дер кезiнде визасын алған болатын. Тiптi, өз iсiне салғырт қараған туристiк фирмалардың әрекетi нәтижесiнде қазақстандық қажылардың Алматы қаласының әуежайында 2 тәулiк, Иранда 2 тәулiк ұшақ күтулерiне тура келгендiгi тағы бар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары