ЗООПАРК
ЗООПАРК
Зоопарк!..
Бұрын қайтып, қалайша байқамаған. Зоопарк – бiр әлем екен ғой. Ертеде Санк-Петербургта оқыды, басқадай қалаларда болып жүрдi, сонда мән бермептi. Рас, орыстың үлкен шаһарына келiп оқуға түскен жылы бiр реттей зоопаркте болып едi, таңқалған, жер жаһанның титiмдей бiр бөлшегiнен барша ғалам дүниесiнiң жан-жануарлар әлемiн көргендей әсер алды. Жер бетiндегi хайуанаттардың, дала тағыларының, бақпаға көнбейдi дейтiн жыртқыш аңдардың, құстардың не бiр түрi аспан астындағы қоршау iшiндегi тор-клеткаларда тоғысқан. Тiрi экспонат. Жұрт оны қызықтайды. Бiрақ дала тағылары ше? Олар кеңiстiктi, еркiндiктi аңсайтын сыңайлы. Жұлқынады. Бiрақ не пайда, торды бұзып шығарға қауқар жоқ. Темiр тор, құрсау мықты. Жан-жануарлардың ықтиярсыз, бақпаға көнбейтiн бұлқынысты арпалыстары iштерiнде. Соны Әлекең аңғарғандай болған, бiрақ оған өзi әсте мән берiп жатпап едi. Кiсi жайшылықта төңiректегi сырттық тiрлiкке көп назар аудармайды. Әлихан ендi байқай бастады, Москва ойлантты, Алланың сыйы – жарық дүние тұнған бiр жұмбақ. Маңайдың бәрi дөңгеленген тор, тiршiлiк әлемi осы шеңбер бойымен толассыз айналады.
Әлекең 1922 жылы түрмеден босатылып, Мәскеуге, үйқамауға келгеннен берi екi бөлмелi, коммуналкада тұрып жатты. Күйеу баласы Смағұл Сәдуақасов қайтыс болғалы қызы Лиза, жиенi Ескендiр үшеуi бiрге тұрады. Өзiнiң кiшiрек жазу үстелi тап-тұйнақтай жиналған, бiр шетiнде үпiр-шүпiр қойылған кiтаптар, үстелдiң орта шенiнде екi сия сауыт, бiрiнде қызыл, екiншiсiнде көк сия құйылған, сол жақта жасыл абажұрлы электр шамы, қапталда ұзынынан қиылған бiр топтама ақ қағаз жатады. Үй iшiнде екi төсек орын, бiр диван, тамақ iшетiн шағын үстел мен орындықтар, бөтен жиһаз жоқ. Қабырғада Смағұлдың, зайыбы Елена Яковлевна Севостьянованың, өздерiнiң жеке-жеке түскен суреттерi iлулi. Кәртiшкелердi рамаға салып iлiп қою москвалықтардың модасы!
Әлихан соңғы кездерi Абай, Ыбырай, Шоқан өмiрлерiн кеңiнен зерттей бастаған. Әсiресе, Абайға көп қарағыштайды. Қолындағы бiр деректе "19-ыншы декабрьде Семейде Евгений Петрович Михаэлис өлдi", – деп жазылған. Михаэлис Семейге айдалып келiп, сонда жерленген оқымысты ғалым. Қазақтың жалғызы, ақыны – Абайды тура жолға салған осы Михаэлис делiнедi. Абайдың өзi де өле-өлгенше "менiң көзiмдi ашқан, маған жанашырлық қылған Михаэлис едi" деп айтып өткен екен.
Қазақ жазба әдебиетi тарихында Абайды өз жұртымен тәу, алғаш таныстыру өз үлесiне тисе, осы ұлы iске ұмтылудың себебi де тым әрiде жатқандай. Әлекең және бiр кiтапты қолына алды. Бұл кiтап Евгений Петрович Михаэлиске арналған. Михаэлис 1871-шi жылдан 1913-iншi жылға бiздiң қазақ жерiне айдаумен келiп, ел iшiн көп аралап, қазақ рәсiмхалiн iздеп жиып, "Қазақ билiгi" атты кiтап жазған кiсi! "Қырда жоғалатын қазақ алтыны Абайды тапқан Михаэлис!" – деп қайталады iштей. Михаэлис Семейде тұрғанда Абай әрқашан декабрьден мартқа шейiн қалада болғанда, кеш сайын Михаэлис Пушкин, Лермонтов, Толстой сияқты орыс зиялыларының өмiрiмен таныстырған. Мұны бiлiп, қымбат бағалап, Абай да Михаэлиске өлгенше риза болып өткен.
Жүйрiк атаулы санаулы, жақсыны жақсы көредi. Михаэлис әуел бастан жұртқа көз, ұлтқа көсем болуға туған жан-ау шамасы. Әттең, мұхитта жүзетiн зор кеме қазақ шөлiнде қайраңдаған.
"Уай! Сен дүниеде аз күн қонақ,
Заман жоқ көп тұруға, өмiр шолақ,
Жас мезгiл екi айналмас, мойнын бұрмас,
Жұмыс ет, оқтай зырлап, қардай борап!" – Бұл жырды өткенде Әлекең бiр жерден жазып алған. Авторы – Сәбит Дөнентаев. Ұнағасын жазып алған.
"Жұмыс ет, оқтай зырлап, қардай борап!" – деген өлең жолдарын Әлихан Бөкейханов iштей сан қайталайды. Әлекең Михаэлистi танығаннан-ақ әуел баста "жұртқа көз, ұлтқа көсем болуға туған-ау", – деп ойлаушы едi. Егер ол айдалып Сiбiр кетпесе ғылым жолында Михаэлис екiншi Менделеев болар едi, – дейдi және. "Мұхитта жүзетiн зор кеме қазақ шөлiнде қайраңдады" деген де өзi. Неге айтты? Әлихан Бөкейханов 1906 жылы "Семипалатинские областные ведомостiнiң" бетiнде "Абай (Ибраһим) Кунанбаев" деген атпен орыс тiлiнде мақала жазған-ды. Сонда жазған екен-ау… Бәрiн есiне түсiрiп отыр.
Ұлыны ұлы таниды. Әлекең Шоқан мен Ыбырайды да жарыққа шығарды. Шоқан, Ыбырай, Абай – қазақтың үш Төресi – теңi жоқ Төресi! Осыны кәмiл ұққан Ә.Бөкейханов "Қазақ" газетiнiң бетiнде үшеуiн қатар насихаттады. Тiлеулестерiне айтып жүрiп, арнайы тапсырыспен олар туралы мақала жаздырды. Ахмет Абайды, Шоқан жайлы Мiржақып жазды. Ахметке және қолқа сап Ыбырайды жаздырды. Осылайша үш Алыптың басын бiр байлап алған. Түгенделетiн жұрт өткенiне қарайды. Әр ұрпақ өзiне арналған жүктi жетер жерiне апарып тастағаны дұрыс. Әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетемiз. Кейiнгi ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретiн алдымызда зор мiндеттер бар. Қазiр ел iшi сергек, қоғамдаса бастады. Азаматтар жұмылып, iс қылудың қамына кiрiскен. Бұл жақсы нышан. Қазақ автономиялы республикасы құрылғаннан кейiн ұлт зиялыларының бәрi де жаңа құрылған үкiмет маңайына топталды. Әлекең осыған мәз, шет жүрсе де тiлектес көңiлде үн қосады. Тiрлiктiң тұтқа қазығы – бiрлiк! Өнегесiз өсу жоқ. "Жақсыдан үйрену жат емес, жаманнан жирену шам емес" дейтiн қазақ емеспiз бе? Деген бар: жұғады мiнез – достан, ауру – астан. Қоғамдасу – елдiктiң басы. Ә.Бөкейханов осыған қуанады, қазақтың ел болғанын көру тiрлiгiнiң басты мұраты. Әуелде өздерi қазақ жерiнiң территориялық шекарасын белгiлеу үшiн 1922 жылы Ленинмен жолығып, Қазақстанның шекарасын бекiттiрген-дi. Содан кейiн және жанталаса жүрiп ұлт зиялылары қазақ жерiнiң асты-үстi қазба байлықтарын қазақ мемлекетiне қызмет етуiн, қазақ елiнiң меншiгi болуын шегелеп алды. Тағы бiр өзектi идеяларын – экономикалық тәуелсiздiкке қол жеткiзудi ұсынды. Бұдан соң ұлттың ұстанар дiнi мен дiлi, ана тiлiнiң үстемдiгi жайлы декрет қабылдаттыру, ең соңғы талап заң негiзiнде Жапония сияқты ұлттық-демократиялық мемлекет құру жобаларын өткiзу болатын. Сол ойлары жүзеге асты. Ендi елiнiң қолы теңдiкке жеттi, өз тiзгiнi өз қолына тидi деп мәз болып, тапсырылған жұмыстарына құлшына кiрiсiп жатқан қазақ тiрлiгiне неге қуанбасын! Үкiмет екi кластық, одан жоғары бiлiмi бар қазақтардың бәрiн жұмысқа тартса – бұл жақсы белгi. Ендiгi тiлек, жастар бұзылмаса екен, дейдi. Үкiмет маңайынан табылып жатқандар ақ, қызыл деп ел арасын бөлмей, ұлт iшiнен жау iздеп қарақтамай, ұстанған большевиктiк жолдарымен жүре берсе жарар едi. Өзге халық қазақ сияқты бiрiн-бiрi түртпектеп, түрмеге тығуды қазақтардан көрiп, бөтен ағайын ендi терiс қарайтынды шығарды. Бұл – жат әдет. Одан да адасқан жұртқа мұрындық болып, көз болып, бостандық, теңдiк, туысқандық жолдағы кеселдi тарқы ету борыш. Бостандық, теңдiк, туысқандықты олжа көрсек, осының да негiзi бар. Бұл ертеден ұшырасатын таза арман. Әйтсе де алмақтың да салмағы бар. 16-17 жылдарда Түркiстанда ашаршылық болып, жұрт малынан айрылып, адамы босты. Сырдария қазақтары шыбындай қырылды. 21-23 жылдың бетi жаман, Торғай, Ырғыз уездерiнiң малы қырылды, ел күйзелдi. Қарқаралы уезiнде шаруа жүдедi, тұрмыс азды. Темiр уезi жұтқа кезiктi. Бөкей қазақтары томаршыққа қарап қалды. Бастан бәрi өтiптi. 1925 жылы Қазақстанға саяси жетекшi, яғни өлкелiк партия комитетiнiң хатшысы болып бұрыннан аты шулы, Екатеринбургте екiншi Николай патшаны бала-шағасымен атуға қатынасқан, содан кейiн Ташкентте Түрiккомиссияда партия жұмысымен шұғылданған Ф.И.Голощекин келдi. Ол келген бойдан қатты келiп, өзiне қарсы шыққан, айдауына жүрмеген қызметкерлердi шетке ығыстыра бастамады ма. Орталық атком председателi Жалау Мыңбаев қуылды. Оның орнына екi кiсi ұсынылған-ды, бiреуi Қарсақбайдың шахтерi Хасен Сексенбаев деген жұмысшы да, екiншiсi – Шымкент маңында болыстық комитетiнiң хатшысы болған Елтай Ерназаров. Голощекин бұл екi адамды шақыртып алып көргеннен кейiн момын шаруа Ерназарды ұнатса керек. Елтайдың бұрынғы фамилиясы Тышқанбаев екен, төрағаға ондай фамилия лайық емес деп Голощекин Елтайдың фамилиясын Ерназаровқа өзгертiптi… Үйде отырса да бәрiн бiлiп отырған Әлихан Бөкейханов: "Голощекин ендi бiр жыл тұрғанда қазақ халқы қалып жарымас та едi", – деп топшылайтын. Құдай оңдағанда 1933 жылдың бас кезiнде Голощекин кетiп, орнына Л.И.Мирзоян келдi.
Әлихан Бөкейханов есiне қай-қайдағы түседi. Өткен өмiрiнiң жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Адам – пенде. Ендi соның бәрi өткен шақ. Әйтеуiр елiне риза. Москваға жер аударады деген сөз шыққанда жұрты жиылып келiп қаумаламады ма, жасырайық дедi, тығып жүремiз, дедi. Оған көнбедi. Не де болса тәуекел, өз басы үшiн ертең халқы азап шексе, ел iшiнде тiнту жүрсе күйiктiң үлкенi сонда болар, жеке басын қорғау азаматтыққа жатпайды. "Алаш туын қолға алған, қараңғыда жол салған, Арыстаным келiңiз!" деп құшақ жайған соңында елi бар ер майыспау керек! Өзiн-өзi осылай демейдi. Өткен өмiрiн саралау Әлекеңнiң бұл күндерi дағдысына айналған. Дағды. Дағдының жүйеге айналғаны тәуiр. Шүкiр, еске алуға жарарлық өмiр сабақталыпты-ау, жалғыз өз кеудесi емес, маңайы, төңiрегi… Төңiрек деп отырғаны – өзi, өзiнiң соңынан ерген өзектестерi – Ахмет, Мiржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Жүсiпбек… өткенде бiр ойша саралап көрiп едi, саны – 50-60 қаралы, тiптi одан да көп пе… Жә, санамай-ақ қояйын – алаш азаматтары көп-ақ болсын, қайран қайыспас қандастары!
Бүгiн Әлекеңнiң ойынан Мадияры – Мiржақып шықпай отыр. Өзi бiр от! Жазғандары жанды боп кетедi – нағыз көсем сөз. Шырақ "Оян, қазақ!" дедi. Өмiрi қазағын оятып әлек, Мадиярдың қазақ зиялыларына арнаған сөзi бар, оқи бергiң, көңiлiңе тоқи бергiң келедi, әр сөзi жалын! Кеше айтқан сөзi бүгiнге, бүгiн айтқаны ертеңге жарайтын Мiржақып бүгiнде қайда? Азапты түрмеде отыр…
Жан жадыратар сөз айтуға жараған Шырағым-ай, тар жерде сенiң де күнiң өтiп жатыр. Жазықсыз айдалып жүре бардың. Қалың нешiк? Естидi. Сырқаттанады дейдi… Мiржақыпты еске ала отырып ол өз жұрты жайлы толғанады. Қазақ затында ойыншысы көп те, iсiне жұмылар жұмысшысы аз халық. Қазақ қазақ iсiне қазақ боп кiрiскенде ғана қазақ iсi оңға басады. Қазақ қор халық емес – зор халық! Қазақ баласы өзiнiң қазақ екенiн ұмытпай жер басып жүрсе ұтады. Бiрақ амал қайсы. Бүгiнгi қазақ әр сайда отырғанына мәз, мұндай бейғам жұртты кiм көрген, отырықшылыққа жұмылуды бiлмейдi, қала салмаған, далалық өмiрiн өздерi жұмақ көредi, бұл неғылған ел? Әсте алаңсыз. Тегi қазақ әдiс бiлмейтiн халық, бұқпа-бұлтарысы жоқ, қандай бiр шаруаға да жалтарыссыз кiрiседi, көп болып қауымдасатын жерде сыңар жүредi. Ұлтын ұлықтаған ұлт ұлық! Ұлттық жұмыс бiр кiсiнiң емес, көптiң жұмысы. Осыны кiм түсiнедi? Өр болмасаң төрге шығу жоқ. Төңiрекке қарайықшы, бiзден басқа халық өз ұлтын сүймейдi деймiсiң? Сүйгенде қандай? Мысалы, орысты ұлтшыл емес деп кiм айтар, тиiстi жерiнде қалай жұмылады. Бiрлiктерi күштi. Орыс – ұлтын да, жерiн де, тiлiн де, дiнiн де, дiлiн де, бәрi-бәрiн жанындай сүйедi. Өздерi көп. Көп қорқытады, терең батырады. Орыстар Батыстан бiраз жайтты үйренген, әсiресе қатын патша Екатерина тұсында немiстерден жұққан тәлiмдерi мол. Германия жұрты өздерiн "дойче" деп атайды, "немiстер" деп жүрген орыстар – орыс тiлiн бiлмеген соң "сен мылқаусың" деп кеткен, орысша мылқау – немой, яғни немец. Басқа қытай, үндi халықтарының ұлтшылдық ерекшелiктерi бiр басқа. Ханзу (қытай) халқы ұлттық мемлекетiн Аспан асты жұрты деуi тегiн бе, атамекенiн Әлемнiң орталығы санауы жай болмас, мұны қисапсыз көп халықтың дүниеге үстемдiк құруға ұмтылысы деп қарасақ қисынға келедi. Қытайдың ұлттық мүддесi алда тұр. Ұлы Түрiк елi ше? Ежелгi түрiк, Тәңiрiсi – Көк! Мұнда не сыр бар? Демек, биiктiкке ұмтылады. Дүниеде еврей жұртының ұлттық қалыптасу мазмұнында үңiлер ұлағат жеткiлiктi. Жөйттер қайда болсын тастай батып, судай сiңедi. Өздерi зейiндi халық. Қазiргi Москваның басым қауымы осы халық өкiлдерi. Бiр қызығы, бұлар өз аты-жөнiмен емес, орыс iшiнде орыстай болып сiңiсiп кеткендер. Маған жақын жүретiн Симашко деген кiсiнiң шын фамилиясы – "Шамис", терiс оқысаң Симашко, "ко" – бiздiң "ов" сияқты. Қазақ баладай аңғал, сүттен ақ, судан таза, бүлiнбеген жұрт. Кеше 1916 жылы ұлт азаттық көтерiлiс деп ұрандады, соған және сендi де. Шынтуайтында, олай емес едi. 1916-19 жылғы көтерiлiс патшаға солдат бермеймiз деп шыққан жұрттың патша саясатына қарсы ереуiлi-тiн. Әскерi жоқ ел көтерiлiс жасай алар ма? Бәрi стихиялы дүрбелең. Ұлттық әскерi, ұлттық милициясы жоқ халық – қорғансыз ел. Соның шетi кеше Кеңес Одағы құрылғанда көрiндi. Көршi отырған елдер мен өзiмiз құралыптас жұрт халықтарының саны миллионға жетер-жетпесе де жеке дара Республика атанып жатқанда, бiздiң қазақтарға жаңа өкiмет әуелi автономияны әрең қиды, тiптi естек (башқұрт), якут елдерiнен кейiн аты аталды. Ең сорақысы, өткен заманда ұлт атауы бұрмаланып, намыс тапталып "киргиз-кайсак" аталсақ, бертiн де "киргиз" деген жалпы атау шылауында келдiк, нағыз қырғыз – Енiсей (Абақан, Аша) өзенi бойында, демек қырғыз қайда, қазақ қайда? "Киргиз" десе жалт қарайды, бұдан артық қорлау болар ма? Бұл ненiң белгiсi? Неден алаңсызбыз? Сенгенiмiз кiм? Кiмге арқа сүйеймiз? Үйiнде отырып күпiнген ел екендiгiмiз өткен соғыс барысында бiлiндi, бет-бетiне түйе айдаған қазақты кеше ел басына күн туғанда көрдiк, абыржу да, қобалжу да көп болды. Көзi ашық азаматтар осы реттен де ұрандай шықпады ма, бiлек сыбанып, жастарды әскерге шығуға шақырды. Неге? Қазақтың болашақта өз әскерi болуы керек, қазақ түбi қалай да аңсаған арманына бiр жетедi – Тәуелсiздiк алады! Жеке Мемлекет болар. Бұл – үкiлi арман, түпкi мақсат! Бiрақ осыны түсiну аз, солдат соңынан кеткен бiздi – ел зиялыларын сан-саққа жүгiрттi, патшаға сатылды дедi, ақтарды жақтап қызылдарға қарсы тұрды, дедi. Қазақтың өзiнен сөзi ұзын.
Жаңа үкiмет үйде отырған Әлиханға құрығын мықтап салғысы келе ме, соңғы кездерде қызыл жағалылары үйiрсек боп алды. Шақырады. Қазбалап оны-мұны сылтауратып сұраған болады. "Кадет партиясынан неге кеттiң?" дейдi. "Неге кетпейiн, бұл сонау 1918 жылдың үлесiне тиетiн жұмыс емес пе, фiкiрiмiз қарсы келдi, содан да жол айрылды" дейдi бұл. "Сiз Ульянов-Ленинге қарсы екенсiз?" – дейдi. "Иә, – дейдi Әлекең, – фiкiр қарсылығым болды. Оны кезiнде жаздым да. Оған негiз бар. Күткенiмiз осы ма едi, тiптен Николай заманында да мұндай нәубат болған жоқ. 1916-17-18-19 жылдары қан төгiлдi. Азамат соғысы дедiк. 21-23 жылғы жұт, 27-28-29 жылдары кәнфеске, 1931-1933 жылғы ашаршылық, қазiргi зобалаң, осыларға кiм жауап бередi? Сталин жолдас па? Сталин – Лениннiң iсiн жалғастырушы деймiз. Маскировка! Сталиннiң бетi ендi анықталып келедi. Партия – Сталин! Сталин – партия!.. Бәрi жалған. Сананы улаудың түрi! Форма! Ендеше мен не үшiн большевиктердiң жағында жүруге тиiстiмiн?.." "Бәсе, бәсе, ендi анықталып келесiз, стоп, стоп! – дейдi олар. – Сiз әуелден-ақ, сонау 1917 жылы-ақ осы ойыңызды ашық айтқансыз, бiзде бәрi хаттаулы, әлi де сол пiкiрде екенсiз-ау, түсiнiктi, түсiнiктi… Сiздiң "Памяткаңыз" бiзге таныс!? Бiрақ сiз Сталин жолдасқа тiл тигiзбеңiз! Сiз әуелден пролетариаттың ұлы көсемiне қарсы адамсыз, ойыңызды ұқтық…
Жә, ендi үйiңiзге бара беруiңiзге болады, қажеттi кезде және шақырамыз!" – деп тiктенген тергеушi Әлихан Бөкейхановты босатады. Ызбарлы ОГПУ-дың тергеушiсiнiң өңi тым сұсты көрiнедi. Әсiресе, Сталин аты аталғаннан-ақ қаһарына мiнедi. Бiрақ бұрын да көп талқы көрген, дәл қазiр жазықсыз үй қамауында отырып, әбден төзiмi таусылып ашынайын деген Бөкейханов тергеушi алдынан босана салысымен тiктенген күйде орнынан тұрады да сұсты ғимараттан шығып жүре бередi… Не болса да көрiп алайын деп бекiнген кiсiнiң бекiнген кейпiнде тысқа беттейдi.
Осыдан соң-ақ Әлихан Бөкейханов үйiне аңду күшейген. ОГПУ орындары қатаң бақылайды. Күннiң қай мезгiлi, түннiң қай уақыты демейдi, телефон қоңырауы шылдыр етедi. Бөкейхановты сұрайды. Орнында. Үйде. Телефон қайта тиыш табады. Өмiр-ай, қайран дүние, жарық дүние, ендiгi жерде осылай өте шығайын дедi ме? Бәрi де бiр күнгiдей болмайын дедi ғой, о, жалған! Әлекең ескi өмiр, өтiп кеткен күндерiмен тiршiлiк кешiп, атқан таңды қарсы алып, батқан күндi шығарып салады. Әсiресе, түн баласы ауыр. Көзi iлiнбейдi-ау, iлiнбейдi. Сондай түндердiң бiрiнде ол қағаздарын қопарып отырып В.Д.Бонч-Бруевичтiң хатына жолықты. Ол Мәскеуде "Орталық көркем әдебиет, сын және көркемсөз мұражайы" ұйымдастырылып жатқанын хабарлап, Әлихан Бөкейхановқа Л.К.Чермактың сiлтеуiмен хат жазып, мұражайдың қорларын жинастыруға қол ұшын берудi өтiнiптi. Хат 1934 жылдың 27 қаңтарында жазылған, өзiнiң қолында көп дерек бар едi ғой, көбi өзi жазған еңбектер, қолжазбалар, том-том боп қатталған дүниелер, үйiлiп жатыр, соны осы қорға өткiзiп қойса деп бiр ойлады. Сонда жоғалмас… Әйтпесе ана сұрқиялардың бетi жаман, қай күнi әкетедi, өзiн қамағасын, сөз жоқ, балалары ненiң ретiн бiледi, әркiм басымен әлек, сүйiктi жан жары Елена Яковлевна болса ертеректе дүниеден өттi – 1921 жылы, Семейде сүзек ауруынан опат болған-ды. Содан берi салтаң, екiншi рет үйленбеген, марқұмның әруағы кешiрсiн, елiне апарып әйелiн жұртымен таныстыра да алмаған."Әлихан орыс алады" екен деген сыбыс шығысымен-ақ ағайындары: "Қатын алдың қарадан, айрылдың хандық жорадан, ел ұстайтын ұл таппас, айрылар ата мұрадан",– деп өре түркелмедi ме. Содан амалы құрып Омбыда, бiрлi-жарым достарының басын қосып, той-томалақсыз үйлене салған. Қарадан қыз алмайтын төре тұқымы кәпiрдi алатын болғасын не жорық, "қан бұзылатын болды" деп, төре тұқымының дәстүрiн алға тартты. Бертiн Семейге келгенше жарық дүниеге келген балаларының өзi әйелiнiң атына жазылып келдi. Әттең дүние, бүгiндерi бәрiн көз алдынан өткiзедi. Бетiне шығып көрмеген әке-шеше ыңғайын танып, сүйiп қосылған қалыңдығы Еленасын туған босағасына келiн ғып түсiрiп, шаңырағын көрсете алмағаны да өкiнiш. Сол кездiң өзiнде-ақ Әлихан аты бола тұрып өзiнiң аз ата төре дәстүрiн бұза алмағаны бостығы ма, ойға алса опынады… Бұл сыпайылықты қой, бiрбеткей ағайын ырқынан шыға алды ма? Марқұм келiншегi бiрақ Әлиханның бұл "осалдығын" дүниеде бетiне бiр баспай-ақ өттi, дей тұра, асыл жарының iшiнде нендей ой кеттi, адам пенде, алды жарық болсын, адалынан кезiккен қосағы едi-ау… Ендi қызы Елизавета мен немересi Ескендiр үшеуi бiр коммуналкада өмiр өткiзiп жатыр, күйеу баласы Смағұл 1933 жылы осы Мәскеуде өмiрден ұзады, қыршын, талапты күйiнде кеттi, баласы Үкiтай (Сергей) басқа қалада, оқуы бар, геолог-инженер, өз қолы өз аузына жеткен, сонда да баланың аты бала, Әлекең ұлына алаңдайды, қалай дегенмен де елден жырақ, ағайын-туыстан бөлек, сыртта жүр-ау дейдi. Өкiнiштiсi ағайын жұртқа баласын жақындастырып, табыстай алмады, ендiгi жерде ұрпағы Аллаға аманат, түбi халқы күстаналамаса болады… Бар арманы жиенi Ескендiрдi (Кене) жеткiзiп кетсем-ау дейдi, қызы Лизаның ел қатарлы күнiн көретiнiне көзi жетедi, дәрiгер, медицина саласынан докторлық қорғаған ғалым, бүгiнде профессорлық атағы бар, сосын да қам жемейдi, ендеше артына бұрылып қарар, қимайтындай бұ дүниеде не қалды, айтпақшы, елiнiң Кеңестер Одағының құрамында жеке Республика болып тұрмыс құра бастағанының шетiн көрдi… Бұл да жетiстiк, бiр кездердегi өздерiнiң арманы! Басыбайлы Тәуелсiздiк болмағанымен – ортақ өгiзден оңаша бұзау артық. Ендi қайран жұртының болашағын Жарылқаушыға тапсырады, е-е, Алла, жар бола гөр, Құдайым! "Қазағым, елiм, қайқайып белiң, сынуға тұр таянып, талауда малың, қанауда жаның, аш, көзiңдi оянып!" Өткен шақ, қазiргi шақ, келер шақ… Адам үмiтпен өмiр сүредi!.. Үмiт жақсы!
Ұмыттыра берiп Бөкейхановты ОГПУ және iздейдi, шақырады. Сұрақтар бередi – тергейдi, тексередi, сосын босатады. Оған етi үйрендi. Кiсi бәрiне үйренедi. Бүгiнгiсi тiптен сорақы, әуелi мазақ десе болғандай. Бұрынғы тексерушi емес, ендi әдiске басқаны ма, әйтеуiр ОГПУ күнде құбылады, бөтен бiреу сыздана тiмiскiлеп, қитұрқы сұрақтарын жаудырсын. "Сiз, – дедi ол Бөкейхановқа аңсын-аңдай ұзақ қарап алып, – Байтұрсыновпен бажасыз ғой осы?". Бұған не дер, бiрақ тез жиналып, зорлана мырс еттi. "Иә, иә, дәл-дәл, бажа екенiмiз рас, екеумiздiң де әйелiмiз орыс, оны қайдан және қалай бiле қойып жүрсiңдер? Өкiнiшке орай менiң жұбайым ерте дүние салды… Ұлты орыс едi. Ахметтiң әйелi де орыс, бiрақ қандары қосылмайтын айдаланың – бiрi Қостанайдың, бiрi Омбының орыстары". Тергеушi сабырлы түрде: "Бiлемiз, түсiнiктi-ақ, бiз бәрiн бiлемiз, бiрақ айта бермеймiз…" – дедi де және сынағандай боп: "Демек, Сiздер интер,.. интер, интер национальный жанұя, яғни, нағыз интернационалистердiң тап өзi боламыз демексiз ғой", – дедi сызданып. Әлихан Бөкейханов әр сөзiн нығарлай, әрi кекесiндi мысқылдай сөйлеп: "Тап өзi!" – дедi. "Да, да, да!.." деген тергеушi орнынан тұрды. " Сiздi осы "қазақ-қайсақ, киргиз" деген атауларға қарсы дедi ме? Осылай атаса титығады дейдi. Нелiктен қарсы боп жүрсiз, ұлтыңыздың атам заманнан бергi атауы!?" Бөкейханов мына сұрақты күтпеп едi және алдан шықты ма, даусы қатқыл естiлдi. "Мен мұндай сұрақтардың нешеуiне бұрындары жауап бермедiм, айттым бiлем, тағы қоздатқаннан не өнедi, менiң халқымның ежелгi аты – Қазақ! Қазiр де солай атауы керек, аталар да әлi, ал мен басқа атауды бiлмеймiн, сөздi қазбасаңыз екен! Арғы атам – Ер Түрiк, бiз – Қазақ елiмiз!" – дедi. "Жо-жоқ, Сiз, қызбаңыз, тым қатты кеттiңiз ғой, тоқта, тоқта, екiленiп қызбаланбаңыз! Сұрақты беру-бермеу менiң ырқымда, ендеше сәл сабыр, иә, сабыр сақтаңыз!.. Есiңiзде болсын, бiздiң тексеру орнымыз – оның өкiлдерi бiз, Сiзден жауап алғанда сыпайылық жасасақ әдеп сақтағандық, деп ұғыңыз, бәрi тәрбие, әрi Орталықтың тапсырмасы солай. Сiз кiм көрiнген кiсi емессiз, кең байтақ Отанымыздың құрамындағы бiр ұлттың бiрегей кiсiсiз, бiлесiз бе? Және түсiнiңiз, бiздiң ОГПУ баяғы Патшалы Россияның аюдай ақырып, шаш ал десе бас алатын жандармы – бұрынғы полиция демессiз, Кеңес өкiметiнiң әдiлеттi тексеру орны, соған көзiңiздi жеткiзiңiз! Мақсатымыз iштегi тап жауын аластау, жаңа социалистiк қоғам құрып жатқан Кеңес өкiметi арадағы ұлтшылдармен аяусыз күреседi, олар – халық жаулары, сондықтан да ондай пиғылдағы адамдарға аяушылық жоқ. Түптiң түбi бiздiң Ұлы Держава коммунистiк қоғам құрады, социализмнен коммунизмге өтедi! Бұл – жарқын болашағымыз – алдағы мұрат!" – Осылайша ұзақ желпiнiп алған тергеушi сәлден соң сабасына түскендей боп: "– Осы сiз жазған киргиз, поэт Абай, нағыз кертартпа, iрi феодал екен ғой?!" – дедi сөздi мүлдем басқа жаққа бұрып.
– Не деп барасың, мына сөзiң тым тосын естiлдi…
– Қалай тосын болады, мiне оқып көрiңiз сiздiң переводыңыз – "Ни души я не вижу (все ничтожны), дивится моему слову сход Аргына и Наймана, и это слово я вынужден петь тобыктынским тяжкодумам…"
– А-а, бұл еркiн аудармасы ғой – вольный перевод прозой – ертедегi жолма-жол аударма, өлеңi мынау: "Жан көрiнбес көзiме, Арғын, Найман жиылса.Таңырқаған сөзiме, қайран сөзiм қор болды, тобықтының езiне!" Бұл өлеңде ешқандай кертартпалық жоқ, феодал дегенiң де жай сөз!
– Жо-жоқ, сiз менi дұрыс түсiнбедiңiз, мен өлеңдi айтып тұрғаным жоқ, ақынның өзiн, яғни поэт нағыз феодал, әкесi де феодал болған, бай тұқымы, содан кейiн өлеңiн қараңызшы – арғын, найман, деп қазақты жiкке бөлiп тұр, ведь қазақ ру-руға бөлiнетiн жұрт емес пе, соны айтып тұр!
– Как было указано раньше, я и до этого говорил, правда не Вам, Абай за последнее время не принимал участия в общественных делах, хотя это не мешало его врагам трепать его имя. Абай свой добровольный уход на задний план выразил в следующих строках:
Еңбегiмдi бiлерлiк еш адам жоқ,
Түбiнде тыныш жатқанды терiс көрмедiм…"
Если сделать вольный перевод прозой: в конце концов, не найдя тех, кто бы оценил заслуги, пришел к заключению жить вдали от борьбы…
– Бұл өлеңiнде де ақынның өзiмшiлдiгi яғни эгоистiгi көрiнiп тұр, Абай – бунтарь ақын болған да сонда!.. Сiз оны қызғыштай қорисыз, жо-жоқ, олай болмайды!!
– Тоқта, тоқта, ау, әуелi Абайға тереңiрек үңiлiп көрiңiз, түсiнбеген жерiңiз болса шама жетсе ұғындырып көрейiн, мына бiр жерiн тыңдап көршi: "Обливается кровью сердце, как вспомнишь покойников, трудился, искал мудрости, думая найти в ней счастье, однако, не нашел ни мудрости, ни счастья, место которых заступили печальные думы. Обманщица судьба обманула не одного меня. Принял ее удары оценил их. Неужели ты сохранишь веру в счастье?!" Өкiнiшке орай бұл да еркiн аударма – вольный перевод прозой. Түпнұсқада бұл жыр былай құйылады ғой: "Жүрегiмдi құм қылды, өткен адам өлген жан. Ақыл iздеп iзерлеп, бәрiн сынап сандалған. Бiрiн таппай солардың, ендi iшiме ой салған. Тұла бойды улатты, бәрi алдағыш сұм жалған, басыңа тидi байқадың. Тағы бар ма айтарың, нанғыш болсаң ендi нан…
– Жә, бос былшыл, жалаң философия! – деген офицерге Әлихан өзеурей түсiп, ежiктей:
– Мұның, бәтiр-еке, ендi тым қатаң приговор, оригинальные сочинения Абая и его переводы из Пушкина, Лермонтова, Крылова – қандай поэзия! Абай, как это покажут его стихи, представлял недюжинную поэтическую силу и составляет гордостью казахского народа… Чудные его стихи,.. әттең оқыса ғой оны, кiмнiң де есiн алар едi-ау,.. – дедi.
– Сiз өз ақыныңызды тым көтерiп кеттiңiз, егер Абай Пушкин, Лермонтов, әлгi өзiңiз айтқан Крыловты оқып, аудармаса тiптi ұлт ақыны боп та жарытпауы мүмкiн екен… Бiзде сiздiң Абайыңызсыз да өлеңшiлер жетпей ме? Қара тобыр арасында не жоқ дейсiз? – деп бiр салды.
– Қап, мынау не дейдi-ей, қайда бастадың, әттең… әттең?! – Осы кезде сөз үзiлдi. Тергеушi ештеңе болмағандай орнынан тұрып, күйзеле басын ұстап отырып қалған алдындағы шарасыз жауап берушiге ұзақ қарап алды да Әлихан Бөкейхановты босатты. "Сiз боссыз! – дедi. – Бара берiңiз!.."
Әлихан үйге келгесiн де кеудеге тығылған зор күйiктi шығара алмай, ағыл-тегiл ызадан өзегi өртенiп отырды. Зығырданы қайнайды. Бiрақ басқадай қайраны жоқ. Қан қысымы көтерiлгендей, басы зың-зың етiп, көзiнiң алды қарауытады. Дәрiсi түскiрдiң де пайдасы аз, iшедi, жұтады, көмегi болмайтын түрi бар. Ойға шомудан басқа қолынан не қайла келер. Күткенi осы ма едi? "Жаңа өкiмет" деп Алашына ұрандағанда арман еткен күнi – жеткен мұраты қайсы? Қызылдар қалай-қалай бас төрелеп ендi, жаңағы түкке тұрғысыз деген тергеушiсiнiң әуенi қандай, сөздi неден бастап, аяғын немен тындырды? Жазған-сызғанына бұлар тегiс үңiлгенге ұқсайды, әбден-ақ зерттептi. Балықты басынан шiрiтейiн дегенi-ау, бұратана халық саналатын аз ұлыстың – ел болуға үндейтiн данасы мен панасына не деп жала жауып тұр. Абайға ауыз салғаны түп тамырыңды отаймын дегенi емей не? Ендiгi кезек Кенесарыға келер. Шүйлiксе өзi жазған хан Кене осал тұлға емес. Жо-жоқ, мыналардың бетi жаман, менi сылтауратып аяқты қайда созды? Түбi екi-ұшты… Болашақ нешiк?
Әлиханның бұл қаупiн кiм бiлiп, кiм сезер?
Заманда басқан аяқ кейiн кеткен,
Жасымай алашына қызмет еткен,
Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
Туатын "бақ жұлдызына" көзi жеткен.
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бiр басы үшiн жалданбаған,
"Қайткенде Алаш көркейер" деген ойдан,
Басқа ойды өмiрiнде малданбаған,
Ғалихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов едi! – дейтiн "қазақтың Әлиханы" мен бе сол?! Жасымай қайраттанып Алашқа қызмет еткен "бақ-жұлдыз көсемi" қандай күйге түстi? Жә, өзiмдi босқа мүжуден не түседi, ерте бүгiлдiм-ау… Қақпанға бұрынырақ түстiм, өкiнiш сол! Бүйткен тiрлiкте, баспақшыл тұрмыста не сән? Қайран халқы, әйтпесе бұл дүниеде қарайлар қызық қалмады. Тағы да есiк алдынан дауыл, үй сыртынан жау келдi. Қазақтың саналы дегенiнiң бәрi айдауда. Таусылмайтын нәубәт! Анау Ахмет, Мағжан, Сәкен, Жүсiпбек,.. бәрiнiң мойнына қылбырау түстi. Мiржақып лагерьде жүрiп дүние салды, қайран сабазым-ай, ойлағанға ауыр, жүрек шерленедi. Алаш баласының басына Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң және бiр iс келдi. Қатер мол, алдын болжау қиын. Жаңа өкiметтiң көгертпесiне көз ендi жетiп келедi… Бiр кезде "Болып тұрған бостандық, теңдiк, туысқандық бiздiң қазақ баласына жоқ жерден аспаннан түстi, бұл жақсылыққа бiздi кездестiрген бiздiң мемлекеттiң тұрмыс тарихы, орыс жұртының ерлерiнiң жүз жыл сарф еткен қызметi", деп жар салған өзiмiз едiк, ендi сол ойға да күдiк кiрдi. Ақты қызылға айырбастағаннан нәтиже өзгерген жоқ. "Азаттық таңы атты. Тiлекке құдай жеткiздi. Күнi кеше құл едiк, ендi бұ күн теңелдiк. Жүз жылдан берi халықты теңдiкке жеткiзу жолында ескi үкiметпен алысып, дарға асылып, оққа ұшып, басы айдауға, малы талауға түсiп жүрген сабаздар жасымай, бiрi кемiсе, оны артылып, ақырында Россия қол астындағы халықтардың бәрiне: дiн, ұлт, тiл айырмасына қарамай, азаттық әпердi. Ендi бүгiн теңелiп, түсiмiзде көрмеген жақсылықты өңiмiзде көрiп, төбемiз көкке жетiп отыр. Бұл күнге жеткiзген Құдайға мың шүкiршiлiк! Бұл бостаншылық кiлтiн ашқан ерлерге сансыз рахмет!" дегенiмiз кеше ғана едi. "Сүйiктi Алаштың азаматы! Бiздi бұл қуанышқа, бұл бостаншылыққа жеткiзген кiм? Бiз кiмге борыштымыз? Соны ойлайық. "Жамандықты ұмыт, жақсылықты ұмытпа" деген нақыл бар. Еккенде жоқ, сепкенде жоқ қазақ халқы бостаншылыққа ортақ болып отырмыз. Бiзге осындай теңдiк әперiп отырған орыс халқының ақ жүрек – адал ниеттi көсемдерi қан төгiп жеңiп алды. Осылардың бұл жақсылығын қалай қайтарамыз? Бiз қазiргi әдiл үкiмет, азат Россиямен бiр тiлекте, бiр кемедемiз, кемедегiнiң жаны бiр. Россияға бұрын жанымыз ашымайтын едi, қабырғамыз қайыспайтын едi, ендi орыс халқының өзiмен тереземiз тең болған соң жақсылығына сүйiнемiз, жамандығына күйiнемiз. Тiлек бiрге болған соң, тiрi болсақ бiр төбеде, өлсек бiр шұқырда болуымыз керек. Жұрттың бәрi осылай бiрiгiп, тiзе қосып, қайрат қылғанда ғана азат халық бола аламыз. Соның үшiн жаңа үкiметке қолдан келген көмегiмiздi аямауымыз керек!" дедiк-ау және. Сөйткен өкiмет қайттi? Сананы улап, сапаны iрiттi. Дүниенiң бiр елiнде жоқ бүлiктi басқа салды. Оқығанды бұқтырды, тоқығанды тұқыртты. Жұрт тiзгiнiн өзiне бұйыртпай сыртқа телмiрттi. Iстiң ыңғайын бiлер дегенiн шөктiрдi. Маңдай тасқа тидi. Сонда бұл қай бостандық, нендей теңдiк?
Әлиханның ел бетiн көрмей Мәскеуде, үйқамауда отырғанына биыл он бес жыл толады екен. 15 жыл! Тас қалада телмiрумен өтiп жатқан өмiр. Сен де бiр, аквариумның балығы да бiр, қу тiрлiк. Кең дүние тарылды. Зоопарктiң тордағы арыстаны iспеттi басын жарға ұрып, құр жайқағандай, бос сүлде үйде төрт қабырғаға қарап, күн ұзақ отыруда не мұрат? Бәрi аңду, телефон тыңдалады, үйге бөтен бiреу кiрмейдi, кiрсе тексерiледi, он екi мүшең сау тұрып өз бетiңмен қарға адым аттай алмаудан артық қорлық бола ма? Өзiнiң ұлтының ұйтқысы болатын ұлдың ұйқысы сергек болуы керек дейтiнi қайда? Қой, берiк болайын, деп өзiн жұбатады. Қазақ баласының ұлтын сүйгенi айып емес. Кей-кейде өзiнiң туып өскен сайын даласын аңсайды. Сағынады. Байқайды, соңғы жылдары боркемiктенiп бара жатқандай, босай салуы оңай, есiне сүйiктi жары Елена Яковлевна түссе; дүниеден қыршын өткен күйеу баласы Смағұл көз алдына келсе; айдауда жүрiп елден жырақта азаппен өмiрiмен қоштасқан Мадияры – Мiржақып көңiлiне оралса; көптен хабар-ошарсыз Ахметi; не Мағжан елестесе; әйтпесе бейкүнә халқы, ұлт тағдырын ойлап кетсе бiттi – көзi суланады, өзiне-өзi ие бола алмай, алданып-алдарқана алмайды. Бiрақ бұл әдетiн қызы мен немересiне көрсетпеуге тырысады, жасырады тек оңашада ғана өзiне-өзi мәтiби. Үһiлеп, аһiлеп алады. Тығылып келген өксiгi тарағасын барып тынысы кеңейiп, кеуде-сарайы ашылады. Сондайда телефонмен ОГПУ-дың арнаулы бөлiмiнен рұқсат алып, немересi Кенештi ертiп, қаланың зоопаркiне барып, аралап қайтады-ау. Тор iшiнде есiл кеңiстiктi аңсап бұлқына теңселген дала хайуанаттарын көрiп, жүрегi қақ айрылып күрсiнедi, неге екенi белгiсiз көзiне жас үйiрiледi, өз-өзiнен лықсып шығады. Бiрақ бұл көзiнiң жасын немересiне көрсетпей, жанарын тайдырып әкетедi, әйтпесе ол ежiктей сұрап, мазасын алатынын бiледi. Содан да лезде қайраттанып алады, сабыр сақтап, қалпына келедi. Қалайда зоопарк – Әлекеңнiң мауқын басып қайтатын орны. Бұл жерден ол өзi жұбанар көп ұқсастық табады. Қорған мен қоршау! Тас қаланы Әлекең бiр қорған деп бiледi. Қатар-қатар тас үй. Үйқамау, түрме, лагерь… Қоршау iшiнде клетка, тор, шынжыр, құлып. Бақпа өмiрге көндiккен асау жыртқыштардың тылсым тiрлiктерiнiң аясында астарлы өмiрдiң сиқырлы бiр сыры көрiнiс беретiндей, ашық аспан астындағы хайуанаттар паркiнен қоғамның қоршаудағы тұйық тiрлiгiн аңдауға болады. Ұққанға өмiрдiң бәрi шеңбер, жағалай қоршау
Серіктес жаңалықтары