МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДIҢ МӘСЕЛЕСIН МИТИНГ ШЕШЕ МЕ?

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДIҢ МӘСЕЛЕСIН МИТИНГ ШЕШЕ МЕ?

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДIҢ МӘСЕЛЕСIН МИТИНГ ШЕШЕ МЕ?
ашық дереккөзі
210

Өткен жексенбiде Алматының Сарыарқа алаңында ұлт патриоттары мен оппозиция өкiлдерi бiрiгiп мемлекеттiк тiлдi қолдау митингiсiн өткiздi. Қазақ тiлi мемлекеттiк статус алғаннан берi мұндай iрi қарсылық акциясы бiрiншi рет өткiзiлiп отыр. Екiншiден, ұлт патриоттары мен оппозицияның да басы қосылып, алаңға бiрге келуi де — митингiнiң жаңалығы болып табылды.

Үшiншiден, билiк бұрынғыдай тым-тырыс қалған жоқ. Алаңға билiк өкiлi, Алматы қалалық iшкi саясат департаментiнiң басшысы Арыстанбек Тазабеков келдi. Әрине, Тазабеков мемлекеттiк тiлдi қолдауға арналған ереуiлдi де, оны ұйымдастырушыларды да қолдай қойған жоқ. Керiсiнше, билiктi ақтап алуға тырысты. Дегенмен, билiктiң ұлт патриоттары мен оппозиция өкiлдерiнiң бiрiгiп шара өткiзуiне немқұрайлылық танытпауының өзi, елдегi саяси күштiң қандай да бiр алға жылжуынан хабар берсе керек.

ОППОЗИЦИЯ МЕН ҰЛТ ПАТРИОТТАРЫ БIР БАҒЫТТА ЖҰМЫС ЖАСАЙ АЛА МА?

Қалай десек те, бұл митинг оппозиция мен ұлт патриоттары өкiлдерi бiрiгiп өткiзген ең алғашқы ауқымды шара. Өйткенi, 2 мыңға жуық адамның ереуiлге келуi — бұрын-соңды тәуелсiз Қазақстан тарихында бола қоймаған оқиға екенi анық. Демек, бұның өзi елдiң ұлттық құндылықтарға сусап отырғандығының көрiнiсi. "GEOTV.kz" сайтында Бақытжан Шамекенов деген автордың "Впечатления от митинга" атты мақаласы жарық көрiптi. Мақала авторы Сарыарқа алаңының жанында тұратындықтан, мұндай митингiлердiң ешқайсысынан қалмайтындығын айтады. Елдегi күйiп тұрған мәселе — үлескерлердiң проблемасын шешудi талап еткен митингiге де ешкiмнiң жиналмағанын сөз етедi ол. Автор "мемлекеттiк тiл секiлдi түкке тұрғысыз мәселенi қолдау үшiн мұншама адам жиналады деп ойламадым" деп ағынан жарылады. Менiңше, митингiге жиналған адамдар "қарнының ашқаны үшiн емес, қадiрiнiң қашқаны үшiн" "қан жылап" жүрген секiлдi.

Мемлекеттiк тiлдiң жыры жырланғалы 22 қыркүйекте тұп-тура 19 жыл болды. Бiрақ, мемлекеттiк тiл "ресми тiлдiң" көлеңкесiнен шыға алмай келедi. Бұл тұрғыда алаңға жиналғандардың көбi — билiктi, қазiргi режимдi сынап сөз сөйледi. Мәселен, митингiнi ұйымдастыруға мұрындық болған "Халық рухы" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы, көрнектi ақын Мұхтар Шаханов билiктiң "қазақстандық ұлт", "үш тұғырлы тiл" тезистерiн сынай отырып, егер билiк осы осыларды жүзеге асыратын болса, қазақ ұлт ретiнде жойылады деген ой тастады. "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшiм мемлекеттiк тiлдiң бүгiнгi сүтке тиген күшiктей, бейшара халiне тiкелей билiк кiнәлi десе, Жалпыұлттық социалдемократиялық партияның лидерi Жармахан Тұяқбай жалтақтық кiмнiң бойында да болғанын (оппозиция өкiлдерiнiң де, ұлт патриоттарының да, билiктiң де) айтты. Иә, бұл жерде мәселе кiнәлiнi iздеу емес, осындай толқулар арқылы, қоғамға ой салу, қоғамдық сананы сiлкiндiру басты мәселе болуы тиiс. Бұл тұрғыдан алғанда митингiнiң ең басты жеңiсi — ұлт патриоттарының сөзiн оппозиция өкiлдерiнiң де сөйлей бастауы. Демек, оппозиционерлер халықтың ең басты жоғын түйсiне бiлген. Сөйтiп, соның жоқшысы болуға талпынып отыр. "Азат" партия¬сының лидерi Болат Әбiлов пен "Шаңырақ" қоғамдық қозғалысының жетекшiсi Асылбек Қожахметов алаңға шығып, өз ойларын қазақ тiлiнде жеткiзуге күш салды. Әрине, олардың сөз ләмiнен мемлекеттiк тiлдi ендi ғана үйренiп жүргендiгi аңғарылып тұрды. Бiрақ, соған қарамастан олар — Қазақстанның болашағы да, оның дербес мемлекет екендiгiн айқындайтын атрибуты да қазақ тiлi екендiгiн сезiнгендiгiн байқатты. Жоғарыда аталған мақалада автор бұл адамдарды "өгей баланың күйiн кештi" деп жазыпты. Менiңше, олардың халықтың арасынан табылуының өзi, оған алғашқы қадам жасай бiлуiнiң өзi — батыл қадам болып саналады. Айтпақшы, Асылбек Қожахметов осыдан бiрнеше ай бұрын "Егер де демократтар мен ұлтшыл патриоттар бiрiн-бiрi қолдай бiлсе, билiкке наразы күштер жеңетiн болады. Өткен ғасырдың 90 жылдары ұлт патриоттарының қозғалысы аса екпiндi болды. Өкiнiшке қарай, оларды демократтар қолдамады. Керiсiнше, 2000 жылдың басында демократтар белсендiлiк танытты, оларды ұлтшыл патриоттар қолдамады" деген едi.

Мiне, билiктi үркiтiп ұлтшылдар мен демократтар бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарудың алғашқы үрдiсiн танытты. "Оппозиционерлер саяси ұпай жинау үшiн осындай қадамдарға барды" деген ой айтушылар да табылып қалып жатыр. Бiрақ, қалай дегенмен де, "кемедегiнiң тiлеуi бiр дегендей", бiр мақсатқа жұмылудың алғашқы нышаны байқалды. Яғни, бiр бағытта жұмыс iстеудiң алғышарты жасалды.

АЛ, БИЛIК ШЕ?…

Митингiнiң тағы бiр жаңалығы — шенi тым жоғары болмаса да, мемлекеттiк шенеунiктiң осы алаңнан табылғандығы. Алматы қалалық Iшкi саясат басқармасының бастығы Орынбасар Тазабеков митингiде билiктiң адвокаты ретiнде сөз сөйледi. Алайда, жиналғандар оның сөзiн аяқтауына мүмкiндiк бергiсi келмей, ысқырумен болды. Кейiннен "Алматы ақшамы" газетiнде "Мемлекеттiк тiл ұлтты ұйыстыру керек" (№108, 23 қыркүйек, 2008 ж.) атты мақаласы да жарық көрдi. Бұл мақалада шенеунiк бiрiншiден "митингiнi өз деңгейiнде өткен жоқ" деген қорытынды жасайды. Оның бұлай деуiне негiз болған фактiлер көптеген қазақ газетерiнiң басшыларының Сарыарқа алаңынан табылмауы, екiншiден, оппозициялық күштердiң тiлдi саяси қару ретiнде пайдалануға тырысқандығы, конструктивтi түрде жақсы ой ортаға салынбағандығы себеп болыпты. О. Тазабеков мырза митингiде сөз алғандар саяси, корпоративтiк, партиялық мүдделердiң деңгейiнен аса алмады дейдi.

Митингiнi сынай отырып шенеунiк мемлекеттiң мемлекеттiк тiлдi жүзеге асыру мақсатында жасап жатқан iстерiн санамалап шыққан. Мәселен, 2005 жылы мемлекеттiк тiлдi дамытуға 133 миллион теңге бөлiнсе, биылғы жылы оның көлемi 5 миллиардқа жеткен. (М. Шаханов мырза бұл қаржының орынды жұмсалып жатқанына күмәндi!). Сондай-ақ, Тәуелсiздiк жылдарында 883 қазақ мектебi ашылған екен. Қазiр елiмiзде барлығы 7721 мектеп бар болса, соның 3788-i қазақ мектептерi. Әрине, ауыз толтырып айтуға тұрарлық цифр.

Ал, Балтық жағалауы мемлекеттерiнде орыстiлiнде бiлiм беретiн мектептердiң саны күрт азайып кеткен. Жоғары оқу орындары тек латыш, литва және эстон тiлдерiнде бiлiм бередi. Украина мен Грузияда да сондай жағдай. Өзбекстан орыстiлдi мектептердi ұлт мектептерiнiң қатарына қосады. Ал, бiзде бiлiм ошақтарының жартысынан астамы әлi орыс тiлiнде бiлiм бередi. Сондай-ақ, орыстiлдi мектептер мен жоғары оқу орындары күнi бүгiнге дейiн негiзгi бiлiм беретiн мектептермен қатар тұрады. Әрi қалада мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн мектептердiң саны ресми тiлдегiсiнен үш-төрт есеге дейiн аз. Демек, бұны алға iлгерiлеушiлiк деп айтуға бола ма?

Әрине, билiктiң қазiргi берiп отырғандарының бәрi жалған ақпарлар. Шын мәнiнде сең қозғала қойған жоқ. О. Тазабеков Алматы мекемелерiнiң 59%-ы мемлекеттiк тiлге көшкендiгiн айтады. Нану қиын. Сондай-ақ, 2010 жылы Алматы қазақтанып бiтуi керек. Тек Алматы ғана емес, елiмiзде iс-қағаздар 100% мемлекеттiк тiлге көшуi тиiс.

Алайда, тiл үшiн шырылдап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргендердiң келтiрер уәждерi мың миллион. Қазiргi мүшкiл жағдаймен есептегенде, алдағы екi жылда толығымен мемлекеттiк тiлге көшемiз деген де мифке айналатын секiлдi.

Түйiн: Сонымен жыры жырланып, мұңы мұңдалып бiтпеген мемлекеттiк тiлдi қолдаудың бұл жолғы акциясы ұйықтап жатқан талай сананы оятуға түрткi болғаны белгiлi. Демек, халық өз тағдырына немқұрайлы қарай алмайды екен. Билiк те осыны сезiнген секiлдi. Сөзбен болса да, мемлеккеттiк тiлдiң шын мәнiсiнде жүзеге асуының алғышарттарын жасайтын сыңай танытып отыр. "Жыламай балаға емшек бермейдi" дегендей, халық өз талаптарын сауатты түрде қоя алса, оны жүзеге асыруға билiк те мүдделi болатын кез алыс емес.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары