"ЖЕТIМДЕРДI" КӨРГЕННЕН КЕЙIНГI ОЙ

"ЖЕТIМДЕРДI" КӨРГЕННЕН КЕЙIНГI ОЙ

"ЖЕТIМДЕРДI" КӨРГЕННЕН КЕЙIНГI ОЙ
ашық дереккөзі
589

Қазақ киносына өзiндiк ерекшелiк, жаңаша леп әкелген Еркiн Рақышев тағы бiр туындының тұсауын кеспек. Халықтық киноға айналған "Жаралы сезiм" фильмiмен танылған әуесқой режиссердiң бұл жолы көтеретiн тақырыбы — "Жетiмдер". Фильм "Қазақстан" Ұлттық телеарнасымен бiрлесiп түсiрiлген екен.

Жақында ғана қасиеттi Мекке-Мәдинаға сапар шегiп, тұңғыш рет қажылық жайлы деректi фильм түсiрген Еркiн Рақышев "Қажылықтың" ыстық-суығы басылмай жатып, көрерменге келесi туындысын ұсынбақ. Толықметражды көркем фильмнiң түсiру және монтаждау жұмыстарын бас-аяғы бес-алты айдың iшiнде аяқтаған режиссердың жұмыс iстеу тәсiлiне таңданбасқа шараң жоқ. Жетiмдер жайлы фильм түсiру идеясын белгiлi әншi, парламент депутаты, ұлт жанашыры Бекболат Тiлеухан ағамыз ұсынған екен. Қазақ қоғамындағы ең өзектi проблемалардың бiрiне айналған жетiмдер тақырыбына фильм түсiру жайлы идея режиссерға да бiрден ұнайды. Келесi фильмнiң бағдарын айқындап алған соң, шығармашылық топ жеделдетiп жұмысқа кiрiседi. Сценарий қолға алынып, әртiстердi таңдау да басталып кетедi. Бiр байқағанымыз, рөлдердi негiзiнен кәсiби әртiстер сомдаған екен. Басты рөлдерде — М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының әртiсi Гүлшат Ахметова және "Жаралы сезiм", "Менiң де атым Қожа" фильмдерiне түсiп, "Айтоша" атымен танылған Меруерт Қасымбек пен Нұржан Рүстенов ойнайды. Нұржан — "Көксерек" көркем фильмiнiң бас кейiпкерi – кiшкентай Құрмаш рөлiн сомдаған Қамбар Уәлидiң баласы екен. Сондай-ақ, Ғ. Мүсiрепов атындағы Балалар мен жасөспiрiмдер мемлекеттiк академиялық драма театрының әртiсi әрi үлкен концерттердi жүргiзумен де танымал болып жүрген Күнсұлу Тұрғынбекқызы, "Батыр Баян" фильмiнде Ноян рөлiнде ойнаған Кеңес Нұрланов сынды әртiстер де бар. Қазақстан Республикасының халық әртiсi бишi Шұғыла Сапарғалиқызы, әншi Естай Аликеев, "Жiгер" тобының мүшелерi, басқа да өнер сахнасының саңлақтары фильмнiң ажарын ашып тұр. Әртiстер кейiпкерлердiң характерiн өте терең бере алған. Әсiресе, басты рөлдегi — Меруерт Қасымбек кейiпкерiнiң образын барынша шынайы, таңғаларлық шеберлiкпен жеткiзгенiн атап айтқымыз келедi. Жалпы, әртiстер ерекше ыждаһаттылықпен таңдалғаны көрiнiп тұр. Режиссердың көпшiлiк көрген басқа фильмдерiнен ерекшеленетiн тұс бұл ғана емес. Фильмнiң техникалық сапасы да көш iлгерiленген. Соңғы үлгiдегi түсiру техникасымен жабдықтауды мойнына алған "Қазақстан" Ұлттық телерадиокорпорациясының президентi Дәурен Әбдiхамитов мырзаның азаматтығы. Кадрлардың эстетикасы, түсiрiлу мәнерi, фильмнiң жалпы дыбысталуы және музыкасынан кемшiлiк таппадық. Кезiнде "Жаралы сезiмдi" быт-шытын шығарып сынап, iске алғысыз қылып тастаған сыншы-ағайындар бұл жолы не дер екен? "ЖенПи-дiң қыздарына арналған фильм", "Бұл киноны көрген елдiң бәрi ақымақ" деуге дейiн барған жолдастардың өздерiнiң жiбi түзу дүниесiн күте-күте сарғайдық. "Кемшiлiксiз дүние бола ма, тырнақ астынан кiр iздегенше, сол ақылды ағалар кеңестерiн iс жүзiнде көрсетсе ғой" деген ойға қаласың. Бiрақ бұл әзiрше құрғақ қиял болып тұр. Фильмге қайта оралсақ. "Жетiмдер" дегенде ойымызға бiрден Жетiмдер үйi оралатыны рас. Бiрақ, бұл картина сюжетiне арқау болған әдеттегi Жетiмдер үйi емес, аяқ астынан ата-анасынан айырылып қалған балалар тағдыры. Фильмнiң басты ұтқан жерi де осы. Жетiмдiк, жесiрлiк, бақытсыздық атаулы айтып келмейдi, ол кез келгенiмiздiң басымызға ойламаған жерден үйiрiлуi мүмкiн. Жетiмханаларды толтырған бейкүнә сәбилер де кеше ғана бiреудiң еркесi болған шығар. Ертең кездейсоқ жағдайлар салдарынан соның орнында өз баламыз, iнi-қарындасымыз немесе немерелерiмiз болмасына кiм кепiл? Сонда олардың басынан бiреу сипар ма? Фильм көрерменге осындай ой тастайды. Қыстың көзi қырауда панасыз қалған балалардың бiр үзiм нанға зар болып, жертөледе түнеп жүрген аянышты тағдыры, кiп-кiшкентай болса да бауырдың, ата-ананың қадiрiн жете түсiнген балалардың ерте есеюi — көрермен жанын толқытып, көзiне ерiксiз жас алдырады. Мас күйiнде көлiк жүргiзiп, жол апатына себепкер болған бейтанысқа бiр кiжiнсең, iшкiлiкке салынып, қолына қарап қалған балаларға күн көрсетпеген маскүнем бейбаққа бiр ашынасың. Тiрiлерден пана таппаған сорлы жетiмектердiң ата-анасының басына барып, соларға жақсы болсыншы деп, дұға қайтаруға тырысуы, намысы жiбермесе де, аштыққа шыдамаған қарындасы үшiн қайыр сұрауы – мұз боп қатып қалған жүрек болмаса, елжiретпей қоймайды. Жалпы, фильмнiң тәрбиелiк мәнi зор. Сюжет желiсi iшкiлiктi көрсетiп қана қоймай, сол араққа құмарлықтың салдарын көрсеткен. Iшiмдiкке үйiрлiк — қоғамды улайтынын, басқаларға зардап шектiрiп, бақытсыз ететiнi де өте нәзiк түрде көрермен психологиясына сыналай енгiзiледi. Имандылыққа шақыратын көрiнiстерiн де атап өту қажет. Сiңлiсiнiң балалары жоғалып кеткен соң, жер-көктi шарлап iздеу салған әйелдi мешiт имамы: "Алла Тағала менен тiлек тiлеңдер деген, сол кезде тiлеулерiңдi бередi", — деп Құран аяты арқылы мысал келтiрiп көңiлiн жұбатады. Кейiн шын мәнiнде тiлегiнiң қабыл болғанын көрсетедi. Фильм ислам дiнiне қарапайым жолмен ең керемет насихат жасаған сияқты. Фильмнiң соңында жаурап, ашығып, ауырып қалған балаларды бiр алыс туысқандары асырап алады. Осы арқылы, режиссер түбiнде жетiмiн жылатпаған халықтың ұрпағы екенiмiздi еске салғысы келген сияқты. Не де болса, қазақ киносының қоржыны тағы бiр қазынамен толысатын түрi бар. Толықметражды фильм қыркүйек айынан бастап көрерменге жол тартпақ. Лайым осындай ұлттық, отандық кино өнерiмiздi алға бастыратын тұщымды дүниелер көбейе бергей!  
Нұргүл Жанқыдырқызы
 

Серіктес жаңалықтары