МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI ҮЙРЕНУГЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА МҮМКIНДIК

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI ҮЙРЕНУГЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА МҮМКIНДIК

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI ҮЙРЕНУГЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА МҮМКIНДIК
ашық дереккөзі
259

Дүйсенбiде Алматы қаласының "ТIЛ" оқу-әдiстемелiк орталығы мен "Қазақмыс" корпорациясы бiрлесе отырып, "Экологиялық әлiппе" және "Қазақ есiмдерi" атты екi оқу құралының тұсаукесерiн өткiздi.

Атап көрсететiн бiр жайт, "Қазақмыс" компаниясының мемлекеттiк тiлдi дамытуға қосып отырған үлесi бiр бұл емес. Корпорация былтырғы жылы "Орысша-қазақша жарнама үлгiлерi", "Мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу" атты баспа және электронды өнiмдердi шығаруға жәрдем тигiздi. Сондай-ақ, бейне кассеталар мен DVD дискiлерден тұратын "Тiлашар сабақтары" атты оқу құралын, "Отанымыздың тәуелсiздiгiне тарту" әдеби жыр жинағын жарыққа шығарып, Жезқазғанда Республикалық айтыс өткiзiп, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеруге ерекше ынтамен демеушiлiк жасап жүр.

Алматы әкiмдiгi "ТIЛ" оқу-әдiстемелiк орталығының директоры, "Қазақ есiмдерi" кiтабының авторы Бижомарт Қапалбеков:

— Қазақстан Республикасында тұрса да, мемлекеттiк тiлдi әлi меңгермеген азаматтар көптеген қазақ есiмдерiн жатқа бiледi. Өздерiңiзге белгiлi қазақ есiмдерi негiзiнен лексикалық қордағы бiрлiктерден жасалады. Мұның өзi тiл үйренушi әрбiр адамның сөздiк қорында оның өзi мағынасын бiле бермейтiн көптеген сөздер болуы мүмкiн деген сөз. Осы дайын жатталған сөздердi тiл үйренуге барынша пайдалану керек. "Қазақ есiмдерi" атты кiтапты жазу идеясы нақ осы мақсатты жүзеге асырудан туындады, — дейдi.

Әзiрге 1500 данамен жарық көрген бұл кiтап мемлекеттiк тiлдi үйренемiз деген ниеттегi мекемелер мен жеке тұлғалардың бәрiне тегiн таратылады.

Тұсаукесердегi екiншi жоба "Экологиялық әлiппе" оқулығы да балабақшалар мен мектептерге тегiн үйлестiрiледi. "Экологиялық әлiппе" бала санасына жастайынан табиғатты қорғауға, оны аялауға деген сүйiспеншiлiктi оятады. Кiтап авторлары "Тозған жерде тоқшылық болмайды", "Су iшкен құдығыңа түкiрме", "Судың да сұрауы бар", "Бұлақ көрсең көзiн аш" деген нақылдармен қоса, "Құстың ұясын бұзба", "Арыққа кiр суды ағызба", "Көктi жұлма" деген сияқты халықтық тиымдарды кеңiнен насихаттау арқылы, ұлттық тәрбиеге баса назар аударады. Яғни, бұл кiтаптың маңыздылығы балаларға қазақ тiлiн үйретiп қана қоймай, сонымен бiрге экологиялық құндылықтарымызды сақтауға ұмтылғандығымен ерекшеленедi.

Мемлекеттiк тiлдi үйренуге арналған қос оқулық та оқырман түсiнiп, тұщынып оқитын дүние болсын деймiз. Бәрiне уақыт төрешi.

Жадыра НАРМАХАНОВА

Серіктес жаңалықтары