РЕСЕЙ САЯСАТЫ ЕҚЫҰ-ны АЛАҢДАТАДЫ

РЕСЕЙ САЯСАТЫ ЕҚЫҰ-ны АЛАҢДАТАДЫ

РЕСЕЙ САЯСАТЫ ЕҚЫҰ-ны АЛАҢДАТАДЫ
ашық дереккөзі
235

Ванкуверден Владивостокқа дейiн қашықтықты алып жатқан бұл қауымдастық мүшелерi дүниедегi ең қалыпты, орнықты ауқатты елдердiң қатарына жатады. Дегенмен дүниеде төрт аяғынан тең тұрған нәрсе жоқ екенiн ескерсек, Еуропаның да шешiлмеген мәселелерi баршылық көрiнедi.

Баяндамашылардың айтуынша соңғы жылдарда шалқып өмiр сүре бастаған Батыстың да бас ауыртар жайы көбейе түскен. Өйткенi, әлсiз елдердi тонап, оның байлығын бiр ғана аз қауым пайдалануы әлемдi шайқалтпай қоймайтыны айдан анық.

Әлем экономикасының ұстыны болып отырған Америка экономикасының шаңырағы шайқалып, оның әлi күнге дейiн дағдарыста болуы көпшiлiктi ойландырмай қоймаса керек.

Батыстағы шешiлмеген демография мәселесi, оңтүстiктен ағылған мигранттар, өркениеттер қақтығысы, мiне, қос Эванс көтерген мәселелердiң ұзын-ырғасы осындай.

Дегенмен, осындағы көпшiлiк белсене араласқан және олардың назарын аударған Ресей-Грузия қақтығысы болды. Бұл жөнiнде парламенттiк Ассамблеяның құрметтi төрағасы, Грузиядағы жағдай жөнiндегi арнаулы өкiлi И.Леннмаркер баяндама жасады. Ол қақтығыстың кешегi тарихынан бастап, бүгiнгi жағдайына дейiн терең талдау жасады. Оның үстiне қақтығысушы екi жақ та мәжiлiстегiлердi қосымша мәлiметтер мен ақпараттармен қамтамасыз етiп отырды.

Алғаш болып сөз алған Грузияның Сыртқы iстер министрi Ә.Ткешелашивили ханым бұл қақтығыстың сипатын асықпай байыппен пiсiрдi. Министрдiң айтуынша Ресей ә дегеннен Грузияға қарсы саясат ұстанғанын, сепаратистiк күштердiң барлығын көршiлердiң қаржыландырып отырғандығы, Оңтүстiк Осетия тұрғындарына Ресей азаматтығын берiп, паспорт таратқандығына тоқталып өттi.

"Бiз Ресей тарапынан болған әрбiр арандатушылықтарға аса үлкен төзiмдiлiкпен қарсы тұра бiлдiк. Өйткенi, бiз кiммен тiстесiп отырғанымызды бiлдiк. Әлiптiң артын бақтық. Осетия мен Абхазиядан көшiп кеткен 150 мың грузиннiң тағдыры бiздi ойлантпай қойған жоқ. Ақырында, мiне, осылай болып шықты. Ресей өзiнiң посткеңестiк елдерде әрi Еуропадағы жоғалтқан ықпалынан бас тартуы керек. Бiз Ресеймен келiссөзге келу үшiн кез келген үстел басына отыруға дайынбыз. Бiрақ ол тең дәрежедегi кездесу болу керек деп есептеймiз" дедi. Жас грузин министрдiң ағылшынша еркiн сөйлеуi, сұрақтарға жауап беру мәнерi Грузиядағы жаңа буын, мәдениеттi саясаткерлердiң пайда бола бастағанының куәсi болдық.

Ресей жағынан БҰҰ тұрақты өкiлi Виталий Чуркин сөз алды. Ол Кавказ өңiрiнiң тарихына тоқтала келiп, Тау халықтары барлық уақытта бiр-бiрiмен қақтығыста болғандығын, тек Ресей империясының тұсында ғана бейбiтшiлiкке қол жеткiздi деп салды. Сондықтан да олар ешқашан да грузиндермен тұра алмайды.

"Грузиндер этникалық тазарту жүргiзiп отыр;

– Саакашвили билiктi басып алғаннан кейiн;

– Иә, бiздiң самолеттердiң байқамай кiрiп кеткенi рас;

– Ендi сөз түсiнбесе қайтерсiз;

– Кейде билiк басына демократиялық жолмен келiп елдiң обалына қалатыны бар;

– Грузияда демократия орнайды деп ойлаймыз;

– 150 мың грузин ешуақытта да Осетияға қайтпайды". Басқа да толып жатқан, қарсы тараптың тұтас елдiң намысына тиетiн дәлелденбеген пiкiрлеме мәлiмдемелер Чуркиннiң аузынан айрықша тұқырту, қоқанлоққы, күш көрсету секiлдi мәнермен айтылуы көпшiлiктi тiксiнттi.

Елдiң ұлылығы оның шексiз территориясы немесе сансыз әскерiмен әлi күнге өлшенбейтiнiн түсiнбейтiн дипломаттардың бар екендiгi бiздi де таңғалдырды.

Бұдан кейiн сөз алған Украина парламентiнiң өкiлi Олег Белорус: "Мен бiр нәрсеге түсiнбеймiн. Ресей өзiнiң әскери шарасын "бейбiтшiлiкке мәжбүрлеу" деп атапты. Сонда қалай бейбiтшiлiкке мәжбүрлеу – достыққа мәжбүрлеу… Бұл немене, Ресей саясатының жаңа үлгiсi ме? Ең бастысы посткеңестiк елдердiң басым көпшiлiгi Ресейдiң Кавказдағы саясатын айыптады. Бiз¬дiң ойымызға белгiлi советолог Збигнев Бжезинскийдiң Ресей өзiне көршiлердiң барлығын неге жақтырмайды деген сұраққа жауап iздеуi керек" деген сөзi ерiксiз оралды. Пiкiрталас қызған сәтте мiнбеге Қазақстан делегациясының басшысы, Сенат төрағасы, ЕҚЫҰ Ассамблея төрағасының орынбасары Қ.Тоқаев көтерiлдi. Ол қақтығысушы жақтарды жалпылама айыптап, ары итерiп берi жығуды тоқтатуға шақырды. Сонымен қатар ең маңызды мәселеге ерекше тоқталды. "Мен тағы бiр қағидатты мәселенi, мемлекеттердiң территориялық тұтастығы мәселесiн қозғамақшымын. Қазақстан қашанда бұл қағидаттың халықтардың өзiн-өзi билеу құқынан басым тұруын жақтап келедi. Бұл саясат жалғаса беретiн болады".

Пiкiрталасқа шыққандар Ресейдi өктем саясаттан бас таруға шақырды. Ассамблея аяқталар тұста сөз сөйлеген ЕҚЫҰ Ассамблея төрағасы Ж.Соареш салиқалы пiкiр айтқаны үшiн Қ.Тоқаевқа алғысын бiлдiрдi. Келесi күнi тұрақты комиссия өзiнiң жұмысын одан әрi жүргiздi. Онда Вена қаласында өтетiн отырыстың күн тәртiбiн анықтайды.

Ш.ӘШЕНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары