ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ХАРТИЯ

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ХАРТИЯ

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ХАРТИЯ
ашық дереккөзі
270

Ресей көптен берi еуропалық нарыққа газ тасымалдайтын елдерге халықаралық деңгейдегi газ картелiн құру туралы ұсыныс айтып жүр. Өткен аптада ресейлiк БАҚ-та Еуразиялық энергетикалық хартия құру туралы мәселе көтерiлдi. "Жел тұрмаса, шөп басының қимылдамайтынын" ескерсек, бұл да Кремльдiң саяси ойындарының бiрi болуы бек мүмкiн.

Грузия мен Оңтүстiк Осетиядағы 5 күндiк соғыстан кейiн кәрi құрлық Ресейдi айналып өтетiн мұнай мен газ құбырын салуға қатысты iзденiстерiн күшейте түстi. Орталық Азия аймағындағы Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан мен Өзбекстан сияқты табиғи ресурстарға бай елдердiң мұнайы мен газы еуропалық нарыққа Ресей аумағы арқылы тасымалданады. Транзиттiк мемлекет ретiнде Ресейдiң ұпайы түгел. Мысалы, қазақ, әзiрбайжан, түркiмен мен өзбектiң "қара алтынын", "көгiлдiр отынын" арзан бағаға сатып алады да, оны Батысқа бiрнеше есе қымбатқа қайта сатады. Белгiлi бiр бөлiгiн iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандыруға пайдаланады. Ортада тасымалдаушы елдер мен делдалдардың көп болуы көмiрстуегi иелерiне де, тұтынушыларға да тиiмсiз. Осы себептi, Греция әзiрбайжан газын батыстық нарыққа тiкелей тасымалдауға қатысты Бакумен келiсiмге келдi, Түркiменстан мен Әзiрбайжан кешегi Қап тауының етегiнде болған соғыстан кейiн РФ жерiн айналып өтетiн Nabucco газ құбырының жобасын жүзеге асыруға келiстi, Венгрия аталған жобаға қатысу, қатыспау туралы мәселенi форумда талқыға салатын болды. Осылайша, орыстармен "Оңтүстiк ағын" (South Stream) жобасы бойынша серiктес боп келген Афина мен Будапешт ресейлiк жоспарға бәсекелес жобаны қолдайтындығын бiлдiрдi. Сондай-ақ, гректер мен түрiктер Түркия-Грекия маршрутын да қарастырып жатыр. Кәрi құрлыққа тартылатын көмiрсутегiлер ағыны негiзiнен Түркия арқылы өтетiндiктен, бүгiнгi Анкара саяси және экономикалық тұрғыда аса белсендi. ЕО мен Мәскеумен қатар тығыз қатынас орнатқан Түркияға әзiрге ешкiмнiң айтар өкпесi жоқ.

Орталық Азиядағы жас тәуелсiз мемлекеттердiң барлығы дерлiк Ресеймен стратегиялық серiкетстiгi мен одақтастығын сақтай отырып, ұлттық мүдделерiн жүзеге асыруда дербестiкке ұмтылады. Энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, көмiрсутегiлердi тасымалдауда және сатуда балама жолдарды көптеп табуға ұмтылу соның дәлелi. Бiрақ балама жолдарды табу мәселесiнде экономикалық тұрғыдан гөрi саяси астар басым. Шикiзатқа бай посткеңестiк елдер Ресей мен АҚШ, Батыспен қарым-қатынастағы тепе-теңдiктi сақтай отырып, "арба да сынбайтын, өгiз де өлмейтiн" қағидаға сүйенуi тиiс. Кремль алғашқыда ер-тұрманын бауырына алып тулап баққанымен, түбiнде көнуге мәжбүр болады. Былтыр орталықазиялық елдердiң газ бағасын өсiруге қатысты қойған талабына алғашқыда қырын қараған кремльдiк монополист — Газпром көп уақыт өтпей-ақ келiстi. Тұтынушыларын "Бiз газды бәрiбiр арзанға сатып алып, Батысқа қымбатқа қайта сатамыз. Сондықтан iшкi нарықта газ, жылу тапшылығы болмайды" деп жұбатты…

Кезiнде Газпромға басшылық еткен Рэм Вяхирев түркiмендерге "бiзге газ сатпайтын болсаңдар, алдымызда тiзерлеп келiп, кешiрiм сұрайтын боласыңдар" деп доқ көрсеткен. Шамданып әрi намыстанып қалған түркiмендер бiрнеше жыл бойы Кремльге бiр тамшы газ тамызбай қойды. "Көгiлдiр отынды" тәлiбтерге қарай бағыттаған түркiмендер Ресейге аса тәуелсiз еместiгiн, орыстардың алдына "тiзерлеп бармайтындығын" дәлелдедi. Бүгiнде Ашхабад үшiн қытайлық нарық та қол созым жерде. Соған қарамастан, РФ мүддесiмен санасудан қашпайды. Кейiнгi кездерi Nabucco жобасына қыатысуға үгiттеген түрiктер түркiмендердi жиi жағалап жүр. Анкарадағы кездесуде Бердiмұхаммедовтi Ердоған мен Гүл ұзақ үгiттеп баққан. Алайда, Түркiменбашының "тақ мұрагерi" оларға илiкпей қойды. Бiрақ Түркiменстан еуропалық құбырдан ресми түрде бас тартқан жоқ. Қазақтар да, түркiмен мен әзiрбайжандар да егер Nabucco шын мәнiсiнде қолға алынып, жоба жүзеге аса бастаса, орыстарға деген тәуелдiлiктен құтылуға қуана келiсерi хақ. Айтпақшы, Nabucco газ құбырына қатысуға Иран да ықылас бiлдiрдi. Экономикалық тұрғыдан келсек, онша пайдалы емес. Өйткенi, елдiң газ қоры оңтүстiк бөлiкке шоғырланған. Nabuccoға қосылу үшiн құбырды елдiң ана басынан мына басына дейiн тартуға тура келедi. Демек, Тегеранның ұсынысы геосаяси ойындарға қатысты. Баку-Тбилиси-Жейхан құбырын тарту кезiнде "қолын мезгiлiнен кеш сермеп қалған" Кремль олқылықтың орнын толтыруға, ондай қателiктi ендi жiбермеуге жанталасуда. Мәскеудiң бұл саясатын орыстардың ұлтшылдары мен саясаттанушылары да қостайды. Мысалы, апта басында Орталық Азиядағы қиындықтарды зерттейтiн маман, ресейлiк саясаттанушы Юрий Солозобов БТД кезiнде жiберген кемшiлiктер қайталанбас үшiн Ресей өзiнiң серiктестерiне Еуразиялық энергетикалық хартияның жобасын ұсынуы керек деген пiкiр айтты: "Еуропалық Одақ пен Орталық Азия бiр-бiрiмен тығыз байланыс орнатуда. Ең алдымен Каспий теңiзiндегi орталықазиялық елдерге тиесiлi көмiрсутегiлердi ресейлiк маршруттарға балама жолдармен тасымалдау туралы мәселе қызу талқылануда. Ресей Баку-Тбилиси-Жейхан құбырын жүзеге асыру кезiнде жiберген кемшiлiктерiн қайталамауы тиiс. Күн тәртiбiне белсендi түрде араласып, өзiндiк ұстанымын белсендi түрде бiлдiрiп, бiзге жағымсыз да тиiмсiз жолдарды тойтарып тастау қажет". Орыс саясаттанушысы Мәскеуге Еуразиялық энергетикалық хартияны ұсын деп кеңес бередi. Кремль кез келген жобаны өзiнiң ұлттық мүддесiне сәйкес құрады. Өзгенiң мүддесiмен санасуға құлықсыз Мәскеу энергетикалық тасымалды дербестендiруге ұмтылған орталықазиялық мемлекеттердiң саясатына кедергi жасауға құмар. Бұған дейiн Кремль мұнай тасымалдаушы мемлекеттерден құрылған ұйым – ОРЕС-ке балама ретiнде газ тасымалдаушы елдердiң картелiн құруға ұсыныс айтқан. Мәскеудiң ұсынысы Қазақстан мен Орталық Азия үшiн қаншалықты тиiмдi? Еуразиялық энергетикалық хартияды Қазақстан құптай ма, жоқ па? Энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде Еуропалық Одақтың қажыры мен қауқары қаншалықты? Сарапшылар пiкiрi.

Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы:

– Энергетикалық хартия құру – күмәндi жоба. Өйткенi, Қазақстан мен Ресей стратегиялық серiктес бола тұра, әлемдiк нарыққа шығатын жол, энергетикалық қорларды тасымалдаудың балама жолдарына келгенде, қарама-қайшылықтар мен келiспеушiлiктер бар. Бұл Әзiрбайжан, Түркiменстан мен Өзбекстан сияқты өзге де орталықазиялық елдерге қатысты. Ресей "Газпром" мен басқа да iрi мұнай, газ компаниялары арқылы Орталық Азияның энергетикалық ағынын уысында ұстауға мүдделi. Ал орталықазиялық мемлекеттер бұл бастаманы қолдамайды. Энергетикалық мүдделер тұрғысынан қарастырсақ, қазiргi саясат сенiмсiз. Осы себептi, Қазақстан Ресеймен арадағы қатынастың тығыздығына қарамастан, энергоқорды тасымалдау жолдарын диверсификациялау саясатын жүргiзе бередi және хартия шеңберiндегi қатаң талаптарға бағынуға құлшынбайды. Қазiргi кезде Қазақстанның басқа да жолдары бар. Мысалы, Батыс Еуропа-Батыс Қытай жобасы. Ортада делдалдардың болмауы екi елге де тиiмдi. Сонымен бiрге былтыр "ҚазМұнайГаз" компаниясы румындардың "РомПетрол" компаниясының 75 пайыз акциясын сатып алған. Биыл жыл соңына дейiн Констанца қаласынан мұнай сақтайтын жаңа әрi қазiргi заманға сай терминал салады. Келешекте Констанца қаласынан Италияның Триест қаласына дейiн созылатын мұнай құбырының құрылысы салынуы әбден мүмкiн. Яғни, "ҚазМұнайГаз" бiртiндеп еуропалық нарыққа ене бастады және көмiрсутегiлердi тасымалдаудың балама жолдарын табуға ден қойды. Әрине, Қазақстанның дербес әрекет етуге ұмтылуы Ресейдiң қытығына тиюi мүмкiн. Бiрақ, қайталап айтайын, энергоқорларды тасымалдаудың жолдарын iздеу – табиғи құбылыс. Кремль ерте ме, кеш пе, көндiгуге мәжбүр. Еуропаға келсек, бiрiншiден, Nabucco құны тым жоғары жоба болғандықтан, жүзеге аса қояры күмәндi. Екiншiден, Каспийдiң құқықтық мәртебесi әлi анықталған жоқ. Үшiншiден, Nabucco акционерлерiнiң арасына жiк түстi. Келiспеушiлiктердiң кесiрiнен француздардың Газ де Франс компаниясы жобаға қатысудан бас тартты. Еуроодақ кезiнде Одесса-Броды-Гданьск жобасына Қазақстанды тартуда белсендiлiк танытқан. Бiрақ тасымалдауда ортадағы делдалдардың көптiгi Қазақстанның көңiлiндегi күдiкке себеп. Констанца-Триест жобасынан басқа нақты әрi тиiмдi жолды айту қиын. Оның үстiне, Грузияның Батуми портындағы "ҚазМұнайГаз" сатып алған мұнай терминалы бар. Осы порт арқылы Қазақстан Қара теңiзге шыға алады. Алайда, көмiрсутегiлердi тасымалдаушы – Қазақстан мен тұтынушылар арасында делдалдардың көп болуы энергоқорлар құнының жоғары болуына әсер етедi. Осы себептi, Қытайға қарай тартылатын құбырға баса назар аударылатын сияқты.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

– Қазақстан энергетикалық қорларды тасымалдауда көпвекторлы саясатты жүргiзуi тиiс. Қандай мемлекет арқылы тасымалдау тиiмдi болса, сол бағытқа ден қоюымыз керек. Кремль кейiнгi кездерi өзiнiң энергетикалық қуаттарын Орталық Азия елдерiн бағындыруға, өзiнiң әлемдiк ықпалын арттыруға басымдық ретiнде пайдаланып отыр. Қазақстан оған жем болып қалмауы керек. Екiншiден, ресейлiктердiң энергетикалық хартиясына ойланбастан келiсе салуға да болмайды. Себебi, бiздiң стратегиялық одақтасымыз тек Ресеймен шектелмейдi. Менiңше, Еуропалық Одаққа мүше елдерге көбiрек көңiл аударып, олардың технологиялық жетiстiктерiн өндiрiске енгiзуге асығуымыз қажет. Мұндай бастамаға Кремльдiң қырын қарайтыны белгiлi. Дегенмен, өзге мемлекетке жалтақтай берудi азайту керек. Кейiнгi кезеңде жасырын түрде Орталық Азияны, әсiресе, Қазақстанды бағынышты етуге, қысым жасауға бағытталған шаралар жүргiзiлуде. Мұнай мен газ құбырларының барлығын Ресей жерi арқылы өткiзуге тырысуда. Ресейдi стратегиялық одақтасмыыз ретiнде мойындай отырып, энергетикалық ресурстарды тасымалдауда баламалы жолдарды табуға ұмтылуға мүдделiмiз. Мұнай мен газды делдалдарсыз, тiкелей Батыс Еуропаға сатуды қолға алатын кез жеттi. Бұл орайда бiзге Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры өте тиiмдi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары