АРАҚҚА АРНАЛҒАН ЖАҢА ЗАҢ
АРАҚҚА АРНАЛҒАН ЖАҢА ЗАҢ
Бүгiнде Грузия, Молдова, Қытай, Өзбекстан, Франция, Чили, Италия мен Ресейден келетiн арақ-шарап отандық өнiмдердi сөрелерден ығыстырып тастаған. Себебi, Үкiмет тарапынан қойылатын талап қатал.
Iрiлi-ұсақты дүкендер мен базарлардың "сәнiне" арналған арақ-шарап ендi көрiнген жерде емес, арнайы дүкендерде сатылуы мүмкiн. ҚР Қаржы министрлiгiндегiлердiң хабарлауынша, дайындалып жатқан "Арақ-шарап өнiмдерiнiң айналымы туралы" жаңа заң жобасында алкогольдi сусындарды арнайы орындарда ғана сатуды мiндеттеу көзделуде. Яғни, егер арақ-шарап сататын шағын дүкен болса, өзге тұтынушылық өнiмдерден аулақ ғимаратта болуы керек. Ал үлкен супермаркет немесе гипермаркеттерге келсек, 40 градустық сусын толы бөтелкелер арнайы бөлiмдерден сатылуы тиiс. Мамандар пiкiрiнше, күнделiктi тұтынатын тауарлардың жанында iшiмдiктiң қатар тұруы бекер емес. Өйткенi, дүкенге нан сатып алуға келген адамдар сыраның шөлмегiн қолтықтарына қалай қыстыра шыққанын өздерi де байқамай қалады. Ал заң жобасындағы арақ-шарапты өзге тауарлардан аулақтау маркетингке тиесiлi осындай қулықтың алдын алады.
Ресми мәлiметтерге сүйенсек, жыл сайын арақ-шараптан республикалық бюджетке 6 млрд. теңге көлемiнде кiрiс кiредi. Егер заңды айналымын қамтамасыз етiлсе, 6 млрд. кiрiстi 10 млрд. теңгеге дейiн өсiруге мүмкiндiк бар екен. Жуырда Үкiметтен шет мемлекеттерден келетiн арақ-шарапты шектеудi өтiнген Қазақстандық арақ-шарап өнiмдерiн өндiрушi және сатушылардан құралған ассоциация — "ҚазАлко" өкiлдерi Дүниежүзiлiк сауда ұйымының құрамына ену үшiн және өндiрiстегi технологияны жаңалап, өнiм көлемiн ұлғайтуға мүмкiндiк беретiнiн айтты. ҚР Статистика жөнiндегi агенттiк таратқан мәлiметтерде үстiмiздегi жылдың басынан берi өндiрiлген iшiмдiк көлемi былтырғымен салыстырғанда едәуiр азайғаны көрсетiлген. Мысалы, өндiрiлген коньяк — 14,3 пайызға, арақ – 13,2 па¬йызға, шарап – 36,2 пайызға, сыра – 0,1 пайызға төмендесе, этил спиртiн өндiру керiсiнше, 28,5 пайызға жоғарылаған. Мамандардың кейбiрi этил спиртiн өндiру көлемiнiң артуын iшiмдiкке қажеттi шикiзат – астықты алдын ала сатып алумен түсiндiредi. Мамандар пiкiрiнше, бұл отандық нарықтағы шетелдiк тауарлардың көптiгi мен тұтынушылардың қаржылық қиындыққа тап болуының кесiрiнен. "Дионис" шарап зауыты" ЖШС басшысы Р.Мнацаканян шетелдiктердiң отандық өнiмдердi дүкен сөрелерiнен ығыстырып тастағанын, егер мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлмесе, елiмiздегi жүзiм өсiру шаруашылығының құлдырап бара жатқанын айтады. Бүгiнде жатжұрттық арақ-шараптың көлемi былтырғымен салыстырғанда, 20 пайызға, ал құны 35-40 пайызға өскен.
Негiзi қазақстандық өнiм сапасы жағынан халықаралық стандартқа сәйкес. Бәсекелестiкке төтеп беруге қауқарлы. Бұған дейiн бағасы кез келген отандастың қалтасы көтеретiндей деңгейде болатын. Бiрақ былтырғы әлемдiк қаржылық дағдарыс, жанар-жағар май тапшылығы, тасымалдық шығындар мен Жер шарына төнген ашаршылық қаупiнен кейiн қазақстандық арақ-шарап өнiмдерiнiң құны шарықтап шыға келдi. Тағы бiр маңызды жайт, 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары мен көшелердегi билбордтарда алкоголь өнiмдерiн жарнамалауға тыйым салатын заң күшiне енгенi белгiлi. Отандық кәсiпкерлер осы заңның өндiрiске керi әсер еткенiн айтады. Есесiне, спутниктiк жүйе арқылы ресейлiк арақ-шарап үздiксiз жарнамалануда. Өскелең ұрпақтың санасын улап, келешегiне балта шабатын арақ-шарапты насихат құралдарында дәрiптеуге тыйым салу құптарлық iс. Дегенмен, өзгенiң өнiмiн отандық нарыққа дендей енуiнен ұтылатынымз хақ. Ал пайда табуға талпынған қазақстандық өнiмге ресейлiк нарықтың есiгi тарс жабық. Сапаға қатысты талаптарды жиi көлденең тартатын орыстар қазақтардың өнiмiн шекара маңына жолатпайды. Қазақстандық мамандар елiмiзге Грузия, Ресей, Молдова, Қытай, Өзбекстан, Франция, Чили, Италия мен басқа да шет мемлекеттердiң келетiн өнiмдерге де сапаға қатысты талаптарды күшейту керектiгiн айтады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ