ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕНДЕП БАРАДЫ

ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕНДЕП БАРАДЫ

ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕНДЕП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
302

Iрiлi-ұсақты шенеунiктiң қызу науқанына қарамастан, Қазақстандағы жемқорлық кеңiнен етек алып барады. Үстiмiздегi жылдың 8 айында коррупциядан келген шығын 89,9 млрд. теңгенiң көлемiнде болған. Қоғамды iштен iрiтетен, мемлекеттiк қауiпсiздiкке қатер төндiретiн, елдiң келешегiне балта шабатын дерт — жемқорлықпен күрестi қалай тиiмдi жүргiзуге болады? Бiздiң билiк дәл осы сауалға тез арада жауап табуы тиiс.

Дүйсенбi күнi ҚР Қаржы министрлiгiндегi Салық комитетiнiң төрағасы Нұрлан Рахметов өз еркiмен отставкаға кеттi. Экс-шенеунiк министрлiктегi Корпоративтiк этика қағидаларына бағынған көрiнедi. Осыдан екi жыл бұрын қабылданған корпоративтiк кодексте пара алған әрбiр жемқор шенеунiктiң заңсыз әрекетiне оның бастығы жауап беретiндiгi жазылған. "Ең алдымен осы мiндеттi мен өз мойныма алып, өз еркiммен қызметтен кеттiм" деп ағынан жарылған Н.Рахметов соңғы екi жарым жылда өздерi тағайындаған қызметкерлердiң сұғанақтығына тосқауыл қоя алмаған түрлi аудандық, облыстық және қалалық салық комитеттерiнiң басшылары отставкаға кеткенiн көлденең тартады. Үстiмiздегi жылдың тамызында Алматы қаласындағы салық департаментi бастығының орынбасары Нұрғалиевтiң үстiнен жемқорлыққа қатысты қылмыстық iс қозғалған болатын. Нұрғалиевтi орынбасарлыққа тағайындаған — Рахметов. Оның қызметтен өз еркiмен бас тартуына да осы себеп болған. "Басқаша әрекет ету мүмкiн емес. Керiсiнше болған жағдайда, менi әрiптестерiм түсiнбес едi" деген ол. Экс-басшының өтiшiнiн министр Жәмiшев қанағаттандырды. Кейбiр бұқаралық ақпарат құралдарында Рахметовтың қадамын батырлыққа, мәрттiкке телiген материалдар жарық көре бастады. Менiңше, экс-шенеунiктiң адамгершiлiк және корпоративтiк қағидаға мойынсұнуы табиғи заңдылық болуы тиiс. Дамыған елдерде шенеунiк те, бапкер мен басқа да қызмет бабында жiберген кемшiлiгiн жою үшiн өз еркiмен жұмыстан кетiп тынады. Батыста бұл — қалыпты жағдай. Қазақстанда да солай болуы тиiс. Бiр жерден ақау шығарып, екiншi жердегi орынтаққа еш қымсынбастан жайғаса салатын кейбiр қазақ шенеунiктерiнiң "құлағына алтын сырға". Өкiнiшке қарай, бiрдi-екiлi басшының отставкаға кетуiмен Қазақстандағы жемқорлар саны азаймайды. Президент Н.Назарбаевтың қазақ қоғамын сыбайлас жемқорлықтан арылту туралы көтерген бастамасын iрiлi-ұсақты шенеунiктер iлiп әкетiп, қызу науқанға айналдырғанмен, елдегi коррупцияның қарқыны бәсеңсiр емес. Керiсiнше, үдеп барады.

Өткен аптада Халықаралық құқық қорғау ұйымы – Transparensy International жариялаған жылдық қорытындыда Қазақстан жемқорлықпен күрес мәселесiнде төменгi сатыдан орын алды. 180 ел қатыстырылған сауалнамада 148-орынға жайғасқан бiздiң елiмiз Тәжiкстан, Беларусь, Лаос пен Папуа-Жаңа-Гвинеямен бiрге. Ал оның алдындағы 147-сатыда Бангладеш, Кения, Сириямен "қол ұстасып", Ресей тұр. Дүниежүзiлiк беделге ие ұйымның өкiлдерi ТМД елдерi арасында тек Грузияда жағдайдың түзеле бастағанын айтады — 67-орын. Демек, қазақ билiгi жемқорлықты түбiрiмен жойған мемлекеттер — Дания, Швеция, Жаңа Зеландияның қатарынан көрiну үшiн көп тер төгуге мәжбүр. Әйтпесе, қоғамды iштен iрiтетiн, мемлекеттiк қауiпсiздiкке қатер төндiретiн және экономикалық, әлеуметтiк тұрғыда зиян келтiретiн сыбайлас жемқорлық — елдiң жарқын келешегiне төнген қауiп.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы қаржы полициясы 2008 жылдың 8 айында 7 626 қылмыстың бетiн ашқан. Бұл былтырғы 8 аймен салыстырғанда, 5 пайызға көп. Өкiнiштiсi сол, биыл ауыр қылмыс саны 52 пайызға артыпты. Тiркелген 4592 экономикалық қылмыстың басым бөлiгi өзгенiң мүлкiн заңсыз иемденген немесе жымқырған алаяқтардың еншiсiнде (37,7 пайыз). Сонымен қатар экономикалық контрабанда — 23,3%, жалған кәсiпкерлiк — 26,5%, салық төлеуден жалтарған азаматтар — 19,6%, мекемелер — 14%, заңсыз кәсiпкерлiк — 3,4% т.б. Қаңтар-тамыз айында жүргiзiлген есеп бойынша, коррупциялық қылмыстардан келген шығын 89,9 млрд. теңге көлемiнде. Ал сотқа тартылғандар iшiнде 22 әкiм, 7 сот, 22 iшкi iстер органының қызметкерi, 6 салық қызметкерi, 2 кеденшi мен басқа да мемлекеттiк құрылымдарда жұмыс iстеген жалпы саны 343 азаматтың үстiнен қозғалған қылмыстық iс сотқа жөнелтiлген.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары