АМЕРИКАНЫҢ ТАҒДЫРЫ ҚЫТАЙДЫҢ ҚОЛЫНДА
АМЕРИКАНЫҢ ТАҒДЫРЫ ҚЫТАЙДЫҢ ҚОЛЫНДА
Қаржылық дағдарыстың екiншi толқынымен күрескен әлем экономиканы аман сақтап қалудың жолдарын iздестiрiп әлек. Дағдарыстың салқыны Қазақ елiне де тидi. Бiрақ бiздiң билiк сырттан несие алуға, мемлекеттiк қарыз көлемiн ұлғайтуға бейiл емес.
Америкалық конгресмендер АҚШ қаржы министрi Генри Полсон ұсынған америкалық экономика мен банк жүйесiн құтқаруға қатысты жобаны қабылдаудан бас тартты. Құрама Штаттардағы iрi компаниялардың қайтарылмаған қарыздарын 700 млрд. долларға сатып алуды көздейтiн жоспарды 205 конгресмен қолдаса, олардың 228-i қарсы дауыс бердi. Кеше Конгрес керi қайтарған құжатты Сенат талқыға салды. Егер америкалық бюджеттен 700 млрд. доллар бөлiнбесе, амеркиалық банк саласы мен экономиканың тағдыры Қытай мен басқа да дамушы елдер инвесторларының еншiсiне тимек. Қазiргi таңда АҚШ қаржы министрлiгiнiң Қытай алдындағы жалпы несиелiк мiндеттемесi 1 трлн. долларға жуық. Егер аспанасты елi мен Таяу Шығыс америкалық қор нарығына көмек қолын созбаса, Вашингтон осы кезге дейiн күшпен ұстап келген пайыздық ставканы көтеруге мәжбүр болады. Бұл қаржылық жүйеге төнген үлкен қауiп әрi ауыр соққы болмақ.
700 млрд. доллардың “жыры” халықаралық қор нарығына керi әсер еттi. Дүйсенбi күнi қор ашылысымен, Dow Jones – 780 пунктке бiр-ақ төмендесе, Нью-Йорктегi қор нарығында 3073 компанияның акциясы күрт арзандады. Жапондық Nikkey индескi 5 пайызға төмендеп, биржалық көрсеткiштер Австралия мен Жаңа Зеландияда 5,2 және 4,7 пайызға құлдырады. Сол күнi екi сағатқа кешiгiп ашылған ресейлiк биржада Мәскеулiк банкаралық валюта қорының (МБВҚ) көрсеткiшi 4,9 пайызға, Ресейлiк сауда жүйесiнiң (РСЖ) көрсеткiшi 0,63 пайызға төмендеген. Негiзi орыстардың биржалық индексi тамыз айында Грузия мен Ресей арасында орын алған қарулы қақтығыстан кейiн сыр бере бастады. Екi күн бойы есiгi тарс жабық тұрған МБВҚ мен РСЖ алаңында сауда бұрынғыдай қызбай отыр.
Әлемдiк нарықтағы мұнай бағасының арзандауы қор нарығына сын болды. Халықаралық сарапшылар әлемдiк банк жүйесiне төнген қауiптi көлденең тартады. Қазiр кәрi құрлықтағы қаржылық ахуал да аса мәз емес. Еуропалық елдердiң бiрқатары iрi қаржылық құрылымдарды құтқаруға жанталаса кiрiсiп кеттi. Нидерландтар, Люксембург пен Бельгия өзара келiсiмге келе отырып, еуропалық банктiк және сақтандыру саласының алпауыты – Fortis компаниясының белгiлi бiр бөлiгiн мемлекет меншiгiне сатып алуды ұйғарды. Ал Ұлыбритания ағылшындар елiндегi ең iрi ипотекалық банк – Bradford & Bingley банкiн мемлекеттiк меншiкке өткiздi. Германияда Банктер консорциумы Hypo Real Estate ипотекалық компаниясына шұғыл түрде несие бөлiп, компанияны банкроттан аман алып қалуға шешiм қабылдады. Америкалық Citi Group Құрама Штаттардағы үлкендiгi жағынан алтыншы орынды алатын Wachovia банкiн қанжығаға бөктердi.
Қазақстан банк саласы мен экономиканы құтқару мақсатында шет мемлекеттерден несие алмайды. Есесiне, Қытай мен Парсы шығанағындағы елдерден келетiн инвестициядан үмiттi. Бүгiнде Үкiмет шет мемлекеттерден тiкелей тартылатын инвестицияға жағдай жасауға тырысып бағуда. Оған қосымша, мемлекеттiң қаржылық қиындықтан құтылуына салықтан түсетiн төлемдер де кәдiмгiдей сеп болмақ. ҚР Премьер-министрi республикамыздағы екiншi деңгейлi банктердiң өкiлдерiне де iшкi қаржыландыру көздерiне арқа сүйеуге кеңес бердi. Мәсiмовтiң пiкiрiнше, елiмiздегi банк саласының жағдайы тұрақты, жыл басынан берi банктердiң ешқайсысы банкротқа ұшыраған жоқ, сыртқы несиенi уақытылы қайтаруда. Үстiмiздегi жылдың 9 айында банктердiң активтерi 4,3 пайызға, жеке капиталдары 11,04 пайызға артқан. Айтпақшы, дүйсенбi күнi елiмiзге келген халықаралық Fitch Ratings агенттiктерiнiң өкiлдерi Эндрю Кохун мен Ерал Йылмаз қазақстандық экономиканың бүгiнгi ахуалы, даму қарқыны, отандық екiншi деңгейлi банктердiң жағдайы туралы пiкiр алмасты. 2007 жылдың желтоқсанында Fitch Ratings агенттiгi Қазақстанның құнды қағаздар дефолтының ұзақмерзiмдiк көрсеткiш болжамын “тұрақтыдан” “жағымсызға” төмендеткен болатын. Қазiр Парламентте “Қаржылық тұрақтылық туралы” заң жобасы талқыланып жатыр. Банктер мен отандық экономиканы дағдарысқа ұшыратпас үшiн ҚР Президентi Үкiметке қаржылық қолдау жасауға дайын тұратын арнайы қор құруға нұсқау бердi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ