ҚЫТАЙДЫҢ УЛЫ ЗАТТАРЫ

ҚЫТАЙДЫҢ УЛЫ ЗАТТАРЫ

ҚЫТАЙДЫҢ УЛЫ ЗАТТАРЫ
ашық дереккөзі
1002

Қытайдағы әрбiр бесiншi сүт зауытының өнiмiнде адам өмiрiне аса қауiптi химиялық зат – меламин бар. Бұл улы зат Қытайда шығарылатын кондитерлiк өнiмдер – кофе, печенье, шоколад, тiс пастасы сияқты т.б. өнiмдердiң құрамынан табылған.

Адамдарды бүйрек дертiне, несеп жолдарының қатерлi iсiгiне және бедеулiк пен белсiздiкке әкеп соғатын меламиндi адамдарды қырып-жою үшiн тағамдарға әдейi пайдаланды деген күдiк бар. Азия, Африка мен Еуропалық Одақтың бiрқатар елдерi қытайлық өнiмдерге заң жүзiнде тыйым салды. Қытайлармен “ауылы аралас, қойы қоралас” жатқан Қазақстанға төнген қатер мен қауiп қаншалықты?

Үстiмiздегi жылдың тамыз айында Қытайдан туындаған меламин дауы әзiр аяқталмайтын сыңайлы. Өйткенi, жанжал бәсеңдеудiң орнына, өршiп барады. Қазiргi таңда Азия мен Африканың көптеген елдерi мен Еуропалық Одақ Қытайдан импортталатын сүт пен сүт өнiмдерiне тыйым салып, аспанасты елiнен әкелiнетiн басқа да тағамдарды жiтi тексеруге кiрiстi. Күнi бүгiнге дейiн құрамынан өндiрiстiк химикат – меламин табылған сүттен ҚХР-да 8 сәби ажал құшса, 53 мыңнан астам бала ауруға шалдыққан. Әп дегенде Sanlu Group компаниясы кiнәлi деп табылып, 19 адам тұтқынға алынған болатын. Арада 3 апта уақыт өткенде ресми Пекин Mengniu Dairy Group, Yili Industrial Group, Bright Foods сияқты барлығы 22 компанияны қылмысқа қатысы бар деп айыптады. Өткен аптада Қытайдағы кондитер өнiмдерiн дайындайтын компания – Guanshengyuan iшкi нарықта өте танымал әрi үлкен сұранысқа ие White Rabbit (“Ақ қоян”) кәмпитiн сатуды доғарды. Сүттен дайындалатын бұл тәттiнiң де құрамынан меламин табылыпты. Жер шарының 50 елiне таратылатын “Ақ қоянды” экспорттауға тыйым салғалы бiраз уақыт болған. Сингапурлiк билiк кәмпит құрамынан улы зат табылғанын хабарлағанда, қытайлық компания мемлекеттiк тексерудi күтпестен, өнiмдi сатуды өз еркiмен доғарған көрiнедi. Ұлыбритания мен Канадада да “Ақ қоян” дүкен сөрелерiнен сырғытылған. Апта басында “Ақ қоянның” қатарын Пекиндегi Cadbury компаниясының шоколадтары толықтырды. Қытай, Гонконг, Тайвань мен Австралияға жөнелткен өнiмдерiн керi қайтарып алған бұл компания кәмпиттердiң құрамына меламиннiң қайдан және қалай енгенiн анықтауға кiрiсiптi. Әзiрге адам шығынына қатысты дерек те нақты емес. Sanlu Group кәсiпорнының 2007 жылы саудаға жiберген 130 мың тонна құрғақ сүт пен 1 млн. тонна сұйық сүттен түскен кiрiс 1,4 млрд. АҚШ долларына тең болған. Үстiмiздегi жылы компания өнiм өндiру қарқынын 20 пайызға арттырған көрiнедi. Демек, меламиннен уланғандар саны жуық арада белгiлi бола қоймас. Оның үстiне, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерде аспанасты елiндегi әрбiр бесiншi сүт зауытының өнiмдерiне меламиндi қосқаны анықталған. Бас дауға қалғандар арасында халықаралық деңгейде танымал болған мекемелер де бар. Мысалы, 20 қыркүйекте гонконгтiк бұқаралық ақпарат құралдары Nestle компаниясының өнiмдерiнен меламин табылғанын хабарлады: “Гонконгте Nestle компаниясының Қытайдағы бөлiмдерiнде өндiрiлген шикi сүт пен құрғақ сүттiң құрамынан меламин табылды” (Dairy news). Бiрақ соған қарамастан, швейцариялық кәсiпорын – Nestle өнiмдерiнен улы зат болуы мүмкiн еместiгiн, Гонконгтағы лабораториялық тексерулер өткiзген мемлекеттiк бақылау органдары компания өнiмдерiнен ешқандай меламиндi таппағанын мәлiмдедi.

Пластмасса дайындауға пайдаланылатын өндiрiстiк химиялық зат – меламиндi үздiксiз қолданса, бүйрекке тас байланып, тiптi, несеп жолдарының қатерлi iсiгiне, бедеулiк пен белсiздiкке әкеп соғады. Қытайлық мамандар сәбилердiң сүт құрамындағы меламиннiң кесiрiнен көз жұмғанын дәлелдеген. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген белгiсiз бiр дәрiгер ақ халаттылардың ауруханаға толассыз ағылған балаларды бiрнеше ауысыммен, тәулiгiне 500, кейде тiптi, одан да көп қабылдағандарын айтқан. Қытайлардың кейбiрi меламиндi халық санын азайту мақсатында әдейi қолданды деген күдiк айтуда. Улы сүттен әсiресе, Хэбей, Цзянсу, Ганьсу провинцияларының кiшкентай тұрғындары қатты зардап шеккен. Хэбейлiк бiр дәрiгер интернеттегi өз блогында Қытайдағы медициналық тексеруден өткен балалардың саны 300 млн.-ға жеткенiн, олардың 10 млн.-ға жуығы дертке шалдығуы мүмкiндiгiн айтыпты. Көпшiлiгiнде дерт әлi түгел анықталып болмаған.

Былтыр Америкада Қытайдан әкелiнген үй жануарларына арналған тағамдардан улы зат табылғанда, Вашингтон мен Пекин арасында мемлекеттiк деңгейдегi керiске ұласқан. АҚШ ит пен мысығын қорып, айқайға басып жатса, балаларын ауруға ұшыратқан қытайлық сапасыз тауарлар мен ойыншық, киiмдерге селт еткен қазақ билiгi болған жоқ. Өткен сандарындағы “Тұзы ауыр” жеңiл өнеркәсiп”, “Ойыншықтар әлемi қатерге толы” атты мақалаларда аспанасты елiнен әкелiнетiн балаларға арналған киiм-кешек, ойыншық, аяқ киiм, тiптi, төсек орындар мен мектептердегi парталардың балалар денсаулығына қауiп төндiретiнiн, осындай сапасыз тауарлардың кесiрiнен елiмiзде бүкiр, саңырау, майтабан сияқты дертке шалдыққан ауру ұрпақ қалыптасып келе жатқанын айтып, дабыл қаққанбыз. Бүгiнде тағамдар мен басқа да тұтынушылық тауарлардың сапасын анықтауда жиi қателiкке ұрынатынын қытайлық билiк мойындап отыр. ҚХР-дың 22 компанияны жазаға тартуы тегiн емес. Демек, Қазақстанға келiп жатқан сапасыз қытай тауарларын тез арада қатаң тексеруден өткiзу керек. Ал қазақстандық нарыққа бағытталатын шетелдiк, әсiресе, қытайлық заттарға қойылатын талапты заң жүзiнде күшейтiп, тиiстi шараларды жүйелi әрi жылдам қабылдаған жөн. Отандық сарапшылар ойыншықтар мен балалар тауарларына қатысты заң жобасын талқыға салу керектiгiн айтып, Үкiметке бiр емес, бiрнеше рет өтiнiш жолдады. Шыққан нәтиже жоқ. Азияның бiрқатар елдерi мен Еуропалық Одақ сүт пен сүт өнiмдерiнен бас тартып, қытайлық тауарларды қайтадан тексеруден өткiзiп әлекке түсiп жатыр. Қатаң тексерiстен еуропалық мемлекеттердегi қытайлық мейрамханалар мен асханалар да шет қалмады. Ресей қытайлар дайындайтын бiраз тауардан заңды түрде бас тартты. Өйткенi, Қытайдан келетiн балалар тауарлары мен ойыншықтардың сапасы сын көтермейдi. Америка қытайлық табиғи шырындар, балық, ойыншықтардың кейбiр түрiн шекараларынан аттатпайды. Ал бiздегi жағдай не болмақ? Дүкен мен базар сөрелерiнен көптеп орын ала бастаған қытайлық азық-түлiк түрлерiне қайтадан мемлекеттiк деңгейде тексеру жүргiзiле ме?

ҚР мен ҚХР президенттерi 2015 жылға қарай екi ел арасындағы сауда айналымының көлемiн 15 млрд. долларға жеткiзудi мiндет еткен. Алайда, ресми деректер 15 млрд. долларлық көрсеткiшке 2008-2009 жылдары-ақ қол жеткiзiлетiнiн айтады. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 10 млрд. доллар болыпты. Демек, нарықтағы қытайлық тауарларға сұраныс жоғары. Бiрақ олардың сапасына кiм кепiлдiк бере алады? Жыл басында Жапонияда қытайлық түшпарадан уланған-ды. Осыдан кейiн Токио аспанасты елiнен импортталатын тағамдардың 20 түрiне тыйым салды. 2002 жылы Қазақстанның Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиялық бақылау органы қытайлық құрғақ ашытқының құрамынан улы зат тапқан. Тексеру нәтижесiнде ашытқы құрамындағы тұзда ауыр металдар (мырыш, кадмий т.б.) көлемi 10-50 есе көп боп шықты. Сол кезде Үкiмет қытайлық ашытқыны елге әкелуге тыйым салып, ашытқының 262 келiсiн жарамсыз деп тапқан едi. Жапондардағыдай қатаң шара қолданылған жоқ. Былтыр адамдардың денсаулығына зиян деп табылған Қытай вагондарына қатысты туындаған даудың соңы да сиырқұйымшақтанып кеттi. Айтпақшы, Еуропаның көптеген елдерi Қытайда өндiрiлетiн тiс пасталарынан улы зат табылғандықтан, қолданыстан алып тастады. Ал бiздiң базарлар мен дүкен сөрелерiнде қытайлық тiс пасталары самсап тұр. Ендiгi жағдай не болмақ?..

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары