БАКУДЕГІ БАСҚОСУ

БАКУДЕГІ БАСҚОСУ

БАКУДЕГІ БАСҚОСУ
ашық дереккөзі
174

түркі бірлігін нығайтуды көздеді

Таяуда Бакуде бас қосқан түркі елдерінің сауда министрлері бірқатар ұсыныс айтты. Түркі бірлігіне сеп болатын түрлі бастамаға кремльдік саясат кедергі жасайтыны сөзсіз. Демек тарихы, мәдениеті, тілі мен ділі бір түркі бірлік мәселесінде қандай ұстанымда болуы шарт?

Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы жөніндегі кеңеске мүше елдердің сауда министрлері Кеңес шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастық пен оны кеңейтудің келешегі туралы кеңесті. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы жөніндегі кеңес 2009 жылдың 9 қазанында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен әзірбайжандардың Нахчыван қаласындағы Түркітілдес елдер басшыларының саммитінде құрылған болатын. Түркі мемлекеттерінің Еуропалық Одаққа балама ретінде ұйым құруын мақсат еткен бұл ұсыныс қызу қолдау тауып, жан-жақты ынтымақтастық орнатыла бастады. Ал аталған Кеңестің сауда министрлері алғаш рет 2011 жылы Астанада бас қосты. Кеңестің Бас хатшысы Халил Акынджы бастаған Бакудегі кездесуге Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия мен Қырғызстанның мемлекеттік және жекеменшік саласының 100-ден астам өкілі қатысты. Шараға қазақстандық делегацияны бастап барған ҚР Сауда және экономикалық даму министрі Бақытжан Сағынтаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы жөніндегі кеңеске мүше елдер арасындағы байланыс пен серіктестікті дамытудың мүмкіндігі мол екенін атап өтті. Инвестициялық ахуалды жақсарту, экономиканы дербестендіру, транспортты, яғни тасымал жолдарын дамыту мен кәсіпкерлікті өркендетуді міндеттеген 4 жұмыс тобы жүргізген шараның нәтижесінде 23 тамызда Бішкекте өткізілген Түркітілдес елдер кеңесінің саммитіне бірқатар ұсыныстар әзірленді.

Әзірбайжандардың сауда министрі Шахин Мұстафаевтың мәлімдеуінше, Кеңес құрамындағы мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі 1 трлн. долларға теңгерілген. Соңғы бір жылда ұйымға мүше елдер арасындағы сауда айналымы 55,5 пайызға артып, 2012 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 35 пайызға өскен. Бұл орайда түріктердің сауда министрі Зафер Чаглаян Кеңес шеңберінде Инвестициялық агенттік құруды ұсынды.

Түркі тарихы, мәдениеті, тілі мен ділі сияқты ортақ құндылықтарды ту еткен Кеңес Еуразиядағы аймақтық және халықаралық байланыстарды нығайтуды көздейді. Кремльдік саясаттың сойылын соғатындар «түркітілдес елдер Кедендік одақ пен Еуразиялық одақтың келешегіне балта шаппақ» деп аттандауда. Оның бас­ты себебі бұған дейін түріктерді ең басты стратегиялық серіктесі ретінде іштартқан Әзірбайжан халықаралық сахнада Түркияны өзінің одақтасы деп жариялады. Кезінде Гейдар Әлиевтің: «Бір ұлт – екі мемлекет» деп көтерген ұранын әзірбайжандар енді орталықазиялық аймақтағы басқа мемлекеттерге де насихаттағысы келеді. Бұл орайда Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да олармен ұстанымы бір. Өйткені түркі елдерімен бірлікті күшейтуде бірнеше ұсыныс айтқан ол түрлі ұйымдардың құрылуына ықпал етті. Бакудегі кездесулердің бірінде қырғыздардың президенті Алмазбек Атамбаев та түркі халықтарының біртұтас экономикалық кеңістігін құру туралы мәселе көтерді. Қап тауының етегі мен Орта Азияға деген ықпалын күшейтуге мүдделі Анкара да бұл ұсынысты қолдауда тым белсенді. Еуропа мен Азияны жалғастырып тұрған алпауыт ел мұнай мен газ тасымалдайтын жолдарды барынша көбейтіп, елдегі көмірсутегі тапшылығын жоюға тырысады. Мәселен 2012 жылдың алғашқы алты айында түріктердің BOTAS мемлекеттік компаниясы Түркияға әртүрлі шикізат көзінен 25,24 млрд. текше метр газ импорттаған. Былтырғы көрсеткіш 22 млрд. текше метрмен шектелгенін ескерсек, биыл ресми Анкара «көгілдір отын» импортын 3 млрд.-қа өсірген.

Өзгелер қош көрген Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы жөніндегі кеңеске мүшелікке өтуге әзірге өзбектер мен түркімендер аса құлшынып отырған жоқ. Табиғи газ қоры жағынан алғанда ортаазиялық аймақтағы Ресейден кейін екінші орында тұрған Түркіменстан түркілердің экономикалық ынтымақтастығы мен серіктестігінде басты рөлді атқаруға қауқарлы. Бірақ мүдделі емес. Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Өзбекстанның «ауылдары аралас, қойлары қоралас», яғни шекаралас жатқанымен, Әзірбайжан не Түркиямен шекара сызығын бөліспейді, ортада Каспий теңізі жатыр. Түркі бірлігіне келгенде өзбектер мен түркімендердің кежегелері кері тарта беретініне де бір себеп – осы.

Түркияның Қазақстанмен арадағы сауда айналымы – 3,9 млрд. доллар, Әзірбайжанмен – 3,4 млрд. доллар, Қырғызстанмен – 232 млн. доллар. Халқының саны 105 млн.-ға жуық, ұлттық кірісі 1 трлн. доллармен бағаланған және жалпы сауда айналымы 545 млрд. долларға тең аймаққа бұл өте аз көрсеткіш екенін айтқан түрік министрі Чағлар сандық көрсеткіштерді арттыруға тоқталды. Ал қазақ министрі Сағынтаев Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы Кедендік одақ түркітілдес елдердің ынтымақтастығының артуына жағдай жасайтынын мәлімдегенмен, аталған ұйымға қатысты кез келген қадам алдымен сүзгіден өтетіні айқын. Яғни Мәскеу өз мүддесіне қайшы келетін бастамаларға балта шабатыны сөзсіз. Өйткені орталықазиялық аймаққа тиесілі мұнай, газ, басқа да табиғи қорларды еуропалық нарыққа бағыттау арқылы пайдаға шаш-етектен кенеліп отырған Кремль оңай олжадан өз еркімен бас тарта қоймайды. Өткенде РФ президенті Путинмен кездескен түрік премьері Ердоған Кедендік одаққа мүшелікке өтуге қатысты өтініш айтқан. Путин бұл ұсынысты қабылдамады. Негізі Одақ құрамына енуге қытайлар да құлшынып отыр. Бірақ қытай әріптесімен кездескенде Владимир Путин Одаққа аспанасты елінің қабылданбайтынын ашық айтты. Орталық Азияға саяси, экономикалық, рухани тұрғыда ықпал жүргізуде Түркия мен Қытай сияқты алпауыт елдердің бәсеке тудыратынын ол жақсы білгендіктен, бас тартты. Мұндайда талай қазақтың бойындағы құлдық психология, Ресейге қарай жалтақтай беретін үркектік, отандық ақпарат кеңістігін жаулап алған ресейлік ақпараттық саясат туралы сөз қозғау артық сияқты. Ал түркілердің бірлігіне келсек, рухани, сая­си, шекаралық т.б. кедергі көп.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары