ЖАРТЫ МИЛЛИОН ЖӘДІГЕР ЖИНАЛҒАН ҚОР

ЖАРТЫ МИЛЛИОН ЖӘДІГЕР ЖИНАЛҒАН ҚОР

ЖАРТЫ МИЛЛИОН ЖӘДІГЕР ЖИНАЛҒАН ҚОР
ашық дереккөзі
427

Бүкіл болмысында ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп, тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері ғана там-тұмдап хатқа түсе бастаған халық ауыз әдебиеті ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Бұған Ресей және Кеңес империяларының отаршылдық саясаты мен бодандық бұғауынан булыққан халқымыздың ұлттық санасының таяздығы ерекше әсер етті. Сондықтан атадан балаға құт болып дарыған аса бай фольклорлық мұраларымыз бен ауыз әдебиетінің асыл үлгілері атүсті жиналып, алаланып жарияланды. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін жазылып алынған аздаған мұралардың өзі бір орталыққа топтастырылмай, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Ауызша таралып, жад арқылы сақталып келген аталардың асыл сөздері бара-бара көмескіленіп, жад иелерімен бірге келмеске кетіп жатты. Кеңес кезеңінде рухани мұраларды дәстүрлі жеткізушілерге себепті, себепсіз кедергілер келтірілгенімен, жинау мәселесінде біршама жетістіктер болғаны ешкімге жасырын емес. Бүгінгі күні еліміздің сирек қорларындағы әдеби-мәдени жәдігерлердің сақталып қалуы – сол кезеңнің жемісі.

Қазақ қолжазбаларының бір орталыққа жиналуы Кеңес үкіметі орнағаннан кейін алғашқы фольклорлық-ағартушылық жұмыстың бір саласы ретінде жүргізілді. Осы игілікті істің басы-қасында белгілі фольклортанушы, қазақ халық әдебиетінің шынайы жанашыры Ә.Диваев жүрді. Оның 1920-1921 жылдары ұйымдастырған кешенді фольклорлық-этнографиялық экспе­ди­циялары мол жетістіктерге қол жеткізіп, жиналған материалдар Қазақстан ғылыми-зерттеу қоғамының аясында алғаш рет бір орталыққа топтастырылды. Бара-бара бұл іс-шаралар КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институтының қарауына өтіп, ғылыми тұрғыда қарқынды жүргізіле бастағаны белгілі. Кейін 1961 жылы аталған институт жеке екі құрылымға бөлініп, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының іргесі қаланғанға дейін ұйымдастырылған экспедициялардың барысында қазіргі қолжазба мұралардың қомақты бөлігі жиналды. Дәлірек айтқанда, Қостанай (1935, 1946), Жетісу (1937), Маңғыстау (1939), Семей (1939, 1940, 1946, 1947, 1958, 1959), Қызылорда – Арал (1940, 1942, 1954), Ақмола – Көкшетау (1946, 1950), Қарақалпақстан (1946), Батыс Қазақстан (1947, 1954, 1957), Омбы (1947, 1948, 1956, 1960), Оңтүстік Қазақстан (1953), Қарағанды (1955), Таулы Алтай (1956), Орынбор (1958), Талдықорған (1958), Шығыс Қазақстан (1958, 1959) экспедициялары Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, эпостық жырлардың, ақындар шығармашылығының, фольклорлық және ауыз әдебиеті үлгілерінің мол қорын жинауға қол жеткізді. Бұл ретте институттың Б.Жақыпбаев, З.Ахметов, М.Ахметов, С.Батырбеков, М.Жұматаев, Ә.Наурызбаев, И.Ұйқыбаев, М.Хәкімжанова, С.Бегалин, З.Зейтғаппарова, Ә.Әбдірахманов, Ж.Аралбаев, Т.Сыдықов, Д.Шалабеков, Ә.Бөрібаев, М.Мезгілбаев, Б.Уахатов, С.Ордалиев, Ж.Аралбаев, Қ.Байғұлұлы, Қ.Амантайұлы, Е.Есенжолов, Р.Малыбаев т.б. ғылыми қызметкерлері түрлі экспедицияларға қатысып, халық мұрасының толығуына атсалысты.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жеке отау құрғанда жаңа жасақталған құрылымдардың бірі – қолжазба бөлімі. Кейін бұл құрылым бірінші рет атауын өзгертіп, 2006 жылдан «Қолжазба» бөлімі болып жұмыс істеуде. Оларды әр кезеңдерде (1962-2011) М.Ғабдуллин, С.Сейітов, О.Нұрмағамбетова, Ү.Субханбердина, Ш.Ыбыраев, С.Қасқабасов, А.Сейдімбек, Ә.Нарымбетов, Ж.Тілепов, Б.Әзібаева, С.Қосан, Т.Әлібеков сияқты белгілі ғалымдар басқарып, қолжазба қорының қалыптасып, халық мұраларының жүйелі ғылыми негізде жариялануына, іргелі зерттелуіне зор үлестерін тигізді. Бұл үлкен қажырлылық пен төзімді талап ететін қарапайым да жауапты жұмыстарды әр жылдары М.Ғұмарова, Ш.Ахметов, Б.Ысқақов М.Бөжеев, Қ.Саттаров, Ф.Оразаева сынды жетекші мамандар, содай-ақ М.Шафиғи, Е.Байтоқов, тағы басқа ондаған ғылыми қызметкерлер қолжазбалардың жиналуына, жүйеге түсуіне, ғылыми басылымдарының баспаға дайындалуына, мәтінтану тұрғысында саралануына айырықша атсалысты.

Қолжазба бөлімі ашылған жылдардан бастап жұмыс жоспарлары мақсатты түрде жасалып, оларды іске асыру барысында КСРО елдерінің осы салаға байланысты бай тәжірибесі назарға алынды және солардың басшылығымен мамандардың біліктілігі арттырылды. Әсіресе, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург), Мәскеу, Қазан, Ташкент, Душанбе қалаларындағы Шығыстану, Қолжазба және сирек кітаптар институттарының жұмыс тәжірибелері зор септігін тигізді. Соның негізінде бөлім қызметкерлерінің алдына ұзақ жылдарға арналған бірнеше міндеттер қойылды. Олар:

1. Жаппай ел арасындағы фольклор және ауыз әдебиеті үлгілерін хатқа түсіріп, қолдағы сирек кітаптар мен қолжазбаларды жинау, оларды заман талабына сай сақтау, жүйелеу;

2. Қордағы және жаңа түскен қолжаз­баларды консервациялау, мұрағаттау, қайта қалпына келтіру, қайта көшіру, мағынасын ашу және транскрипциялау;

3. Фольклор және ауыз әдебиеті үлгілерін жанр бойынша жүйелеп, ғылыми сипаттамасын жазу;

4. Бұрын зерттелмеген, жарық көрмеген және белгісіз болып келген халық әдебиеті үлгілеріне мәтінтанулық зерттеулер жүргізіп, олардың ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдарын дайындау;

Қазан төңкерісіне дейін жарияланған қазақ тіліндегі басылымдардың (газет, журналдардың) әдеби нұсқаларын қайта шығару.

Бөлім қызметкерлері, ең алдымен, халық туындыларын жинап, барынша қолжазба қорын толықтыруға ден қойды. Осыған байланысты ілгергі дәстүр кешенді түрде жалғасын тауып, Қазақстан аумағында, Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Тәжікстан, Түркіменстан көлемінде ғылыми экспедициялар жасақталды. Еліміз тәуелсіздігін алып, қалыптаса бастаған жылдары Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран мемлекеттеріндегі қандастардың рухани мұраларын жинақтауға мүмкіндіктер туды. Әсіресе, 1998 жылғы «Қазақстандағы Халықтар бірлігі мен тарих жылына» орай Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі – Ғылым академиясы ұйымдастырған біріңғай (фронтальді) жинау экспедицияларына М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институттарының мамандары да атсалысып, халық әдебиетіне, салт-дәстүрге, тілге қатысы материалдардың мол қорын жинауға қол жеткізілді. Осы қиын да қастерлі жұмыстың басы-қасында Е.Ысмайылов, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, М.Ғұмарова, Е.Тұрсынов, Т.Бекхожина, Қ.Сидықов, Б.Ысқақов, Н.Төреқұлов, Б.Адамбаев, М.Байділдаев, М.Шафиғи сияқты ғалым, зерттеушілер болды.

Бүгінгі Қолжазба бөлімінің негізгі қорын 500 000-нан астам атаудан тұратын 1500-дей бумада жинақталған қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар т.б.) қолжазбалар және ХІХ және ХХ ғасырдың басында жарық көрген қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты литографиялық кітаптар, фотосуреттер, сондай-ақ жалпы ұзындығы 700 шақырымдай болатын 300-ге жуық аудиотаспа мен микрофильм, микрофишалар құрайды. Оларда қазақ халқының бай фольклорлық мұрасы – ғашықтық, қаһармандық, тарихи, романдық дастандық эпостары, ертегілері, айтыстары, жұмбақтары, мақал-мәтелдер, қара өлең, ғұрыптық, балалар фольклоры т.б. халық туындылары; авторлық ауыз әдебиеті үлгілері – ақын-жыраулардың, би-шешендердің, сал-серілер мен әнші ақындардың шығармашылығы сақталған.

Жазба жәдігерлер арасында М.Бай­жановтың, Т.Ізтілеуовтің, Ш.Жәңгіров­тің, С.Шормановтың авторлық қолтаңбалары сақталған, сондай-ақ Бұхар жырау, Ақтамберді, Шалкиіз, Жиембет жырау, Абай, Нұржан, Әбубәкір Кердері, Дулат, Мұрат, Шортанбай, Мәшһүр Жүсіп, Нарманбет, Албан Асан сынды ХV–ХХ ғасыр басында өмір сүрген ақын-жыраулар шығармаларының фотокөшірмелері мен қолжазбалары бар. Сонымен бірге Қазан төңкерісіне дейін жазылып алынған және басылып шыққан фольклорлық туындылардың Қазан, Уфа, С.-Петербург, Ташкент т.б. қалаларда араб қарпінде жарық көрген басылымдары жинақталған.

Қорды толықтырумен қатар бұрыннан сақталған, экспедициялар барысында қол жеткен, болмаса жеке жинаушылар тапсырған қолжазба мәтіндері мен музыкалық фольклор үлгілері алдымен, жанрлар бойынша, кейін А.Томсон тәсілімен, тоқсаныншы жылдардан бастап академик С.Қасқабасов пен профессор Ш.Ыбыраевтың әдістемесімен жүйеленді. Алғашқы жүйеде шығарманың карташаға жазып алынған жері, жылы, авторы (жыршысы, айтушысы, жинаушысы, тапсырушысы), жазып алушысы, атауы, жанры, көлемі түсірілсе, екінші тәсілде басылуы, хатқа түсуінің қысқаша тарихы, аннотациясы, жүйелеушісі туралы мәліметтер қосылған. Елімізде кітаптар мен қолжазбаларды жүйелеудің жаңа технологиялары қалыптаса бастағандықтан, 2012 жылдан мәтіндерді халықаралық стандарттарға сәйкес «РАБИС k» бағдарламасы негізінде жүйелеу көзделуде. Тағы бір айта кетерлік жайт, ағымдағы жылдан бастап қордағы жарты млн. астам мәтін сканер көшіргіші арқылы электронды сақтағышқа енгізіліп, CD-ROOM табақшаларына жазылып алу шаралары жүргізіле бастады (кезінде үнтаспалаларға түсірілген жәдігер (300) түгелімен осы табақшаларға көшірілді). Бұл керекті материалдардың электронды көшірмелерін пайдаланып, ал көне қолжазбалар мен кітаптардың сол қалпында сақталып, кейінгі ұрпақтарға түпнұсқа қалпында жетуіне мүмкіндік береді.

Мәтін тарихына ерекше мән беріп, әр шығарманың нұсқалары мен версияларын, түпнұсқалары және басылым көрген үлгілерін салыстыра зерттеп, қолжазба мұралардың негізінде ғылыми, ғылыми-көпшілік жинақтарды баспаға дайындаумен айналысты. Дәлірек айтқанда, 1962-2011 жылдар аралығында айтыстар, батырлар жыры мен дастандар және жекелеген жинақтар баспа бетін көрді.

Жаңа ХХІ ғасырдың алғашқы он бір жылында «Қазақ халқының мақалдары мен мәтелдері» (2001), академик С.Қасқабасовтың бастамасымен 2002-2003 жылдары «Бабалар сөзі» академиялық көптомдығының алғашқы жеті томы – «Діни дастандар»(1–3 томдар), «Хикаялық дастандар» (4–5 томдар), «Жұмбақтар» (6-том), «Шора батыр» жыры (7-том) жарық көріп, кейін бұл жоба «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында жалғасын тапты. 2004-2011 жылдары «Бабалар сөзі» жүз томдық сериясының сексен жинағы, нақтылап айтқанда, «Хикаялық дастандардың» – он үш, «Діни дастандардың» – жеті, «Ғашықтық дастандардың» – он бір, «Тарихи жырлардың» – он бір, «Батырлар жырының» – жиырма, «Ертегілердің» – бес, «Мақал-мәтелдердің» – бес, «Қара өлеңнің» – екі, «Жұмбақтардың», «Балалар фольклорының», «Мифтердің», «Монғолиядағы қазақтар фольклорының», «Мекендік аңыздар» мен «Шежірелік жыр-аңыздардың» – бір-бір томы басылым көрді. Бұл жинақтардың он екі томында Қытайдағы қазақтардың, бір томында Моңғолиядағы қазақтардың фольклорлық мұралары қамтылды.

Бұл жұмыс әлі де жалғасын тауып, ағымдағы жылы баспаға он том дайындау жоспарланған.

Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде бөлім қызметкерлері деректану мә­селелеріне де айырықша көңіл бөліп, Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген қазақ кітаптары мен баспасөз өнімдерінің библиографиялық көрсеткіштерін кешенді түрде жарыққа шығарумен айналысты. Бұл ретте библиограф-ғалым Ү.Субханбердинаның ерен еңбегін айырықша атап өткен орынды.

Кезінде академик М.Ғабдуллиннің басшылығымен іске асырыла бастаған «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» сериясын жазу бағыты да үздіксіз жүргізіліп келеді. «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасында» әр қолжазба мәтіннің жан-жақты сипаттамасы берілді. Атап айтқанда: а) қолжазбаның шифры; ә) парағы, беті, жол саны, беттің өлшемі; б) қолжазба мәтіннің атауы (қай әріпте болса, сол жазумен: араб, латын, кирилл); в) авторы, жырлаушысы, орындаушысы, жинаушысы, тапсырушысы (олар туралы мәліметтер); шығарманың қысқаша аннотациясы; г) басқы – аяққы сөздері; ғ) қолтаңбасы, қағазы, сиясы, әрпі; д) жазылған жылы, жері, беттелуі, мәтіннің орналасуы; ж) қалпына келтірілуі, ақауы, бумасы, нұсқалары, библиографиясы. Бұл мәліметтер әр қолжазба мәтіннің қысқаша сипатын ашып бере алады.

«Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» сериясының жұмысы әрі де жалғасын тауып, осы топтама еңбектің «Тарихи аңыздар» атты 9-томы жазылу үстінде. Жинақта көбінесе бұрын тыйым салынып келген шығармалар қамтылады. Осы үрдіс институттың келесі жоба-жоспарларына кіргізіліп отырған жағдайда, серияның 50 томын жариялауға болады деуге толық негіз бар.

Қолжазбалар қорында сақталған мәтіндер­дің тарихын зерттеу жұмыстары да – қазіргі әдебиет үрдісіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл ретте де бөлім қызметкерлері тарапынан біршама еңбектер жазылғанмен, мәтінтану ғылымын толық қалыптастыра алған жоқ. Дегенмен, осы салада басылым көрген «Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі» (1983), «Фольклор мәтінтануы: өткені мен бүгіні» (2009) сияқты ұжымдық монографиялардың маңызын атап өткен орынды. Фольклортанушы ғалымдар Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, О.Нұрмағамбетова, М.Ғұмарова, Ш.Ахметов, Б.Әзібаева, Е.Мағауин. Қ.Алпысбаева, Ж.Рақышева, А.Ақан т.б. қалам тартқан бұл еңбектерде қазақ мәтінтануының өткені мен бүгіні, ғылыми-теориялық мәселелері, фольклорлық және ауыз әдебиеті үлгілерінің жиналу, жүйелену, баспаға әзірлену үрдістері қарастырылған. Ш.Ыбыраев, Т.Әлібек, Қ.Алпысбаева, П.Әуесбаева секілді зерттеушілердің бірігіп жазған «Қазақ фольклоры текстологиясының кейбір мәселелері» (2004), «Кейбір халық әдебиеті үлгілерінің салыстырмалы текстологиясы» (2007), «Халық әдебиетін жинау, жүйелеу сақтаудың әдістемелік құралы» (2009) еңбектерде де аталған ғылымның көкейтесті мәселелері жан-жақты талданған.

Жоғарыда қысқаша аталып өткендей, бөлім қызметкерлерінің кейінгі жарты ғасыр көлемінде атқарған жұмыстары ұшан-теңіз болғанмен, әлі де істелер шарулар аз емес. Олар бөлімнің келешектегі жобаларына енгізіліп, қолжазба мұраның жиналуына, жүйеленуіне, мәтін тарихына, жариялануына, жалпы қолжазбатану ғылымын қалыптастыруға байланысты бағыт-бағыттары алдын ала жоспарланған. Бұл тәуелсіз қазақ әдебиеттануын дамытушы зерттеушілердің ХХІ ғасырдағы жаңа буынына жүктелетін зор міндет болып қалмақ.

Тоқтар ӘЛІБЕК,

М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институты Қолжазба бөлімінің меңгерушісі,

филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары