САНДЫҚ ТҮБІНДЕ САРҒАЙҒАН КУПОНДАР

САНДЫҚ ТҮБІНДЕ САРҒАЙҒАН КУПОНДАР

САНДЫҚ ТҮБІНДЕ САРҒАЙҒАН  КУПОНДАР
ашық дереккөзі
449
Тәуелсіздік жылдарының басында жаппай жекешелендіру науқаны басталып, жұрт әрі-сәрі күй кешті. Өндіріс және кен орындарын жекешелендіру үшін үкімет кепілдігімен «Инвестициялық жекешелендіру купондары» таратылып, оларды сол кезде құрылған 169 инвестициялық жекешелендіру қоры жұрттан жинап алуға білек сыбана кіріскен болатын. Әрқайсысы көшелерге салақұлаш жарнамаларын іліп, ақпарат құралдары арқылы: «Купондарыңыз біздің қорға салыңыздар! Біз сіздерге оны кейін жүз еселеп қайырып береміз!», – деп уәделерін үйіп-төгіп, жарияға жар салғандары да жұрттың әлі жадында. Аңғал жұрт өздері қалаған, өздері сенім артқан қорларға купондарын салды. Нақтырақ айтсақ, бұл науқанға республиканың 11 миллион адамы қатысып, купондарын сол жекешелендіру қорларына берді. Сол қорлардан айналдырған бір жылдың ішінде 1707 акционерлік қоғам құрылып, халық шаруашылығының нысандары мен басқа да байлық көздерін ту-талақай өзара бөліске салғаны да қалың бұқараның есінде. Арада он шақты жыл өткен соң нарық қыспағынан қиыншылық көрген жұрт тіршілікке бір септігі тиер ме екен деп қорлардан купондарын сұрай бастады. Бұл кезде акционерлік қоғамдар купондарды қаржылай қайтарудан қашып, неше алуан қулықтарға барған. Тіптен біразы «Банкроттық туралы» заңды пайдаланып, қоғамдарын таратылды деп ақпарат таратты. Ал біразы бастапқы атын басқаша қойып, жұртты адастырып-шатастырып та жатты. Ұзын сөздің қысқасы олар «іс бітті, қу кеттінің» керін келтірді. Тек «Бутя капитал» ғана азын-аулақ болса да купон төлемін қайтарған. Сол кездегі депутат Владислав Косарев сайлаушылар талабымен бұл мәселені Парламентте қозғап, купондардың қайтарымы туралы Үкіметтің есіне салған еді. Ал Үкіметтің бір құлағына кірген сөз екінші құлағынан шығып кетіп отырды. Косарев сөзін өткізе алмаған соң ақпарат құралдарының өкілдеріне сол кездегі жекешелендірілген іс-шаралардың бәрі де азғантай ғана топтың мүддесінен туғанын айта келіп: «Қазақстан тарихындағы жекешелендіру өткен кезеңді де, соған орайластырыла жүргізілген іс-шаралардың бәрін де ХХ ғасырдың алаяқтығы деуге болады. Ең басты қателік – ұйымдастыру тетіктері сауатты жүргізілмеді. Әу баста купонды акцияға айналдырып, оның иесін белгілі бір кәсіпорынның акционеріне айналдыруға болар еді. Егер Үкімет әртүрлі қожалықтарға бөлініп кеткен кәсіпорындардан акционерлік қоғам ұйымдастырып, түскен табысты компанияның өркендеуіне жұмсауды талап еткенде, бәрі де басқаша болатыны сөзсіз еді. «Банкроттық туралы» заңнан кейін өздерін күйреді деп жариялаған кейбір топтар акцияларын шетелдіктерге сатты немесе «Банкроттық туралы» заң бойынша атауын өзгертіп, басқа кәсіпорындарға айналып шыға келді», – деп ашынып айтты. Қазірдің өзінде бірнеше инвестициялық қорлар жұмыс істеп жатыр. Халықтың олардан дивиденд талап етуге қақы бар. Бұл жөнінде Косарев: «Егер Үкіметте ынта-ықылас болса, дивиденд қайтаруына болады. Оған біздің еліміздің қаржылық, экономикалық әлеуеті жетеді»,– дейді. Жекешелендіру купондарының қай­тарымы туралы мәселе ақпарат құрал­да­рында ауық-ауық көтеріліп келеді. Өкінішке қарай, жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, Үкіметтің бұған көңіл бөлер түрі жоқ. Ал купон салушылардың біразы өмірден өтіп те кетті. Қаржыдан қысылып, денсаулығын емдете алмай жүргендер қаншама. Экономикалық шолушылар көрші Ресейдің купондар арқылы жекешелендіруді бізден анағұрлым сауатты жүргізгені туралы ақпарат құралдарында жазып та, айтып та жүр. Ресейліктер купондарын бірден ақшаға айналдырған немесе өз қалауларымен белгілі бір тұлғаға сыйлап жіберу құқықтарын толық пайдаланған. Ал бізде ондай мүмкіндіктер болған жоқ. Акционерлік қоғамдар әлеуетін көтеріп алған соң ғана қайтарылады деген соң тұрғындар солардың келешегіне үміт артып қала берді. Рас, оның үстіне сол уақытта купондарды акцияға айырбастауға Үкіметте қажетті қаражат болмады. Қазір жағдай басқаша. Ел экономикасы еңсесін көтеріп алды. Енді Үкіметке жекешелендіру купоны мәселесін қайта қарап, халық алдындағы уәделерін орындау ләзім. Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті инвестициялық жекешелендіру қорларының акционерлік қоғам болып қайта құрылғанын, олардың 1990 жылдардағы түп төркіні инвестициялық жекешелендіру қорларының құқықтары мен міндеттемелерін толық орындауға тиіс екенін мойындайды. Үкімет инвестициялық жекешелендіру купондары негізінде құрылған акционерлік қоғамдар қызметінің құқықтық негізін ретке келтіру жөніндегі қажетті шараларды қабылдаған. «Акционерлік қоғамдар» туралы 2003 жылғы 13 мамырдағы ҚР заңына енгізілген өзгерістер бойынша инвестициялық жекешелендіру қорлары толыққанды акционер ретінде жұмыс істеу құқығына ие болды. Заңның «Жай акциялар бойынша дивидендтер» деп аталынған 23-бабында мынандай анықтама бар. 1.Егер қоғамның жарғысында осындай төлем көзделген болса, қоғамның жәй акция­лары бойынша тоқсан немесе жарты жылдық қорытындылары бойынша дивидендтер төлеу тек қана акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен ғана жүзеге асырылады. Қоғамның жай акциялары бойынша жыл қортындысы бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімді акционерлердің жылдық жалпы жиналысы қабылдайды. Қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылдап, оны қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялауға құқылы. 2. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл шешім бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс. Бұл ретте жария компаниялар осы шешімді өздерінің корпоративтік веб-сайтында да жариялауға тиіс. 3. Қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы шешімде мынадай мәліметтер: 1) қоғамның атауы, орналасқан жері, банк және өзге де реквизиттері; 2) дивидендтер төленетін кезең; 3) бір жай акцияға шаққандағы дивидендтің мөлшері; 4) дивидендтер төлеудің басталатын датасы; 5) дивидендтер төлеудің тәртібі мен нысаны болуға тиіс. Бұл өз кезегінде әрбір салымшыға өзінің акционерлік құқығын пайдалануға, қажет болса, дивиденд төлеуіне мүмкіндік береді. Заң инвестициялық жекешелендіру купондары салымшыларының құқықтарын қорғайды. Акционерлік қоғам тарапынын заң бұзушылыққа жол берілген жағдайда акционер сот орындарына өтініш беруге құқылы. Алайда тұрғындар заңға шорқақ болғандықтан өз талаптарын қоя алмай келеді. Оның үстіне көптеген салымшылар қай қордың акционері екенінен де бейхабар. Өйткені жоғарыда айтылғандай, біразы өз аттарын өзгертіп жіберген және сол өзгерістері туралы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті ақпарат құралдарында хабар жарияламаған. Олардың басқа компаниялармен альянс құрып кеткендері қаншама. Дегенмен «іздеген жан табады» демекші, олардың қазіргі мекен жайын аталмыш комитеттен сұрастырып білуге болады. Тек салымшы акционер талмай ізденсе болғаны. Ал халық Үкіметтің акционерлік қоғамдардан купондар төлемін қайтару жөніндегі пәрменін күтуде. Акционерлер жиырма жылдан бері сандық түбінде сарғайып жатқан купондарына қайта-қайта қарап, қоғамдардан өздеріне тиесілі дивиденд алып қаламыз ба деген үмітпен отыр.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары