Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары: ТҮРКІЛЕР КӨК БАЙРАҚТЫҢ ТҮБІНЕ ЖИНАЛДЫ

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары: ТҮРКІЛЕР КӨК БАЙРАҚТЫҢ ТҮБІНЕ ЖИНАЛДЫ

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,  Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары: ТҮРКІЛЕР КӨК БАЙРАҚТЫҢ  ТҮБІНЕ ЖИНАЛДЫ
ашық дереккөзі
221

style=’text-align: jutify;’>

Өткен аптаның бейсенбісінде қырғыз елінде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің екінші Саммиті өтті. Саммитке түркітілдес елдер басшылары қатысып, Бішкек декларациясына қол қойды. Осыған орай Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәліге бірер сауал қойған едік.

– Дархан аға, өткен аптада Елбасы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің екінші Саммитіне қатысты. Бұл Саммитте қандай мәселелер қозғалды?

– Иә, тамыздың 23 күні Бішкек шаһарында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің екінші Саммиті өтті. Алатауды жапсарлай қонған айырқалпақты туғандар да біз сияқты ырымшыл халық қой. Саммит өтетін күнді мереке ретінде қабылдап, ораза айтпен жалғастыра қойыпты. Жалпы алғанда, алқалы жиын жақсы өтті. Алғашқы Саммиттің былтыр Алматы қаласында өткенін білесіз. Содан бері Кеңеске Қазақстан төрағалық етіп келді. Биыл Қазақстан төрағалықты Қырғыз еліне тапсырды. Былтырғы Алматы Саммитінің тақырыбы экономика мәселелеріне арналған еді. Биылғы Бішкек Саммитінің тақырыбы білім беру, ғылым және мәдениет салаларына арналды. Тамыры бір, тарихы ортақ, тілі жақын түркі әлемін мәдени құндылықтар етене байланыстыратын болғандықтан, бұл түсінікті де. Сондықтан жиында қабылданған шешімдердің көбі де осы салаларға қатысты болды. Білім мен мәдениет – туыс елдерді бір-біріне жақындастыра түсетін салалар. Білім арқылы, соның ішінде тарих пен әдебиет ғылымын ортақ игеру арқылы жады жаңғырады, ортақ тарихи сана қалыптасады. Терең тарихи сана – мақтаныш сезімін орнықтырады, өзіңе деген сенімді арттырады. Бұл да тәуелсіздікті тұғырлы етуге қызмет етеді. Түркі әдебиетіндегі ортақ тұлғалардың барлығы да біздің ортақ мақтаныштарымыз. Бұл – үлкен байлық, сарқылмас қазына. Әдебиет пен тарих арқылы біз тамырлас қана емес, тағдырлас екенімізді айқын аңғарамыз. Бір-біріміздің өнерімізді жақыннан тану, әдебиетімізді көбірек оқу арқылы біз тамырластығымызды айқын сезініп, бір-бірімізге жақындай түсеміз. Әрине, бұл жақындық тек жалаң сезімге немесе арзан ұранға ғана құрылмауы тиіс. Тамырластықтың терең ғылыми байламға, тоқтамды уәжге негізделгені жөн. Сондықтан 2010 жылы Елбасының бастамасымен Астанада ашылған Түркі академиясына халықаралық статус беру – бұл Саммиттің негізгі шешімдерінің бірі болды. Төрт мемлекеттің қолдауын алып, төрт құбыласы түгенделген Халықаралық Түркі академиясы әлемдік түркология ілімінің дамуына зор үлес қосады деп үміттенеміз. Сонымен қатар Түркі мәдениеті және мұрасы Қорын құру туралы келісім мен Түркі кеңесінің Қаржылық ережелер туралы келісімге де қол қойылды.

– Түркі мәдениеті және мұрасы Қоры қайда құрылады?

– Бастапқыда, 2006 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев әлемдегі түркі мұрасы мен мәдениетін бірігіп игеру туралы бастама көтерген еді. Бұл идея 2009 жылғы Нахчыванда өткен Саммитте қолдау тапты. Ал 2010 жылы Стамбулда өткен Саммитте Әзірбайжан Президенті И.Алиев түркі мәдениеті мен мұрасы қорын құру туралы айтты. Осы жолы да Әзірбайжан тарапы Қор туралы құжаттарды реттеп әкелді. Әзірбайжан астанасы Бакуде құрылатын бұл Қор түркі әлеміндегі мәдениет, өнер, білім салаларындағы жобаларға қаржылай жәрдем береді, ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясына қол­дау көрсетеді.

– Қаржылық ереже тікелей Кеңеске қатысты келісім бе?

– Иә, бұл келісімге қол қою арқылы мемлекет басшылары Кеңестің қаржылық ережесін бекітті. Өзіңіз білесіз, кез келген ұйымның толыққанды жұмыс істеуі үшін қаржылық мәселелері де шешілген болуы тиіс. Оның бюджеті, мүше-мемлекеттердің жарнасы сияқты жайттар осы ереже арқылы айқындалды. Сондықтан осы маңызды келісімге қол қою арқылы Түркі кеңесінің құрылу кезеңі де аяқталды деуге әбден негіз бар.

– Саммитте Кеңестің туы бекітіліпті, оны кімдер қабылдады?

– Бұл ту бір жағы түркі ынтымақ­тас­ты­ғ­ының рәмізі сияқты. Тудың көк түсі – Қазақстан байрағынан алынды. Таяуда ғана Лондон төрінде желбіреп, күллі түркінің мерейін асырған көк байрақ Бішкекте Түркі кеңесі туының түсіне айналды. Бұл – бір жағынан, көк түстің тұтас түркіге ортақ екенін білдірсе, екінші жағынан Қазақстанның Кеңесте алар орнын да айқындап тұр. Тудың ортасындағы күн – қырғыз, ай – Түркияның, жұлдыз – Әзірбайжанның байрағынан алынды. Бұл рәміздердің барлығы да күллі түркі жұртына ортақ рәміздер. Осы ретте тудың қалай қабылданғаны жайлы да айта кетейін. Кеңестің туының жобасын бұдан бұрын ақсақалдар кеңесі мақұлдаған еді. Ақсақалдар кеңесінде Қазақстанның өкілі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков туға байланысты өзінің маңызды ескертулерін жасады. Содан кейін оны біз Аға лауазымды тұлғалар кеңесіне ұсындық, ол жерде мақұлданғаннан кейін барып Сыртқы істер министрлерінің қарауына шығардық. Саммиттің алдында төрт елдің министрлері байрақты бірауыздан қабылдады.

– Ортақ байрақтың қабылдануын түркі елдерінің тұтасуы ретінде қабылдауға бола ма?

– Өзіңіз білесіз, іргелі ұйымдардың ортақ тулары, белгілері мен рәміздері болады. Мәселен Еуроодақтың өз туы бар. Бұл байрақ та сондай. Ал ұйым түркі дүниесіндегі тәуелсіз төрт мемлекеттің терезесі тең ретінде құрған ұйымы.

– Екінші Саммитте Бішкек Декларация­сына қол қойылады деген еді. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Иә, әрбір Саммиттен кейін ортақ Дек­ларация қабылданатыны белгілі. Бішкекте де сондай маңызды құжат қабылданды. Декларацияда келесі жылы Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына арналған Ыстықкөл Форумын өткізу, түркі университеттер одағы мен түркі елдері жазушылар одағын құру, түркі әлеміндегі мәдени мұраларды ЮНЕСКО тізіміне бірігіп ұсыну, «Көшпенділер ойынын» өткізу сияқты шешімдер қабылданды. Әрине Саммитте мемлекет басшылары білім және мәдениет салаларымен бірге сыртқы саясат, экономика, қаржы, кеден, көлік және тасымалдау салаларындағы ынтымақтастық пен ықпалдастықты арттыру бойынша да маңызды келісімдерге қол жеткізді.

– Келесі Саммит қай жерде өтеді?

– Мемлекет басшылары келесі ІІІ Саммитті 2013 жылы Әзірбайжанда өткізуді ұйғарды. Оның қай айда және қай қалада өтетіні тараптардың келісімі бойынша алдағы уақытта анықталады.

– Декларацияда Сізді Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары лауазымына ресми түрде тағайындаған бап та бар екен, жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз. Жалпы, Түркі кеңесі туралы айта кетсеңіз?

– Елбасының ұсынысымен құрылып, 2010 жылдан бастап қызметіне кіріскен бұл құрылымды түркі тарихында терезесі тең түрде құрылған тұңғыш ұйым деуге әбден негіз бар. Бұл ретте Түркі кеңесінің құрылуын тамырлас елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың биік белесі деп атауға болады. Стамбулда орналасқан Кеңестің тұрақты хатшылығы Саммит шешімдерінің орындалуын қадағалайды, жаңа жобалар ұсынады және оларды жүзеге асыру мақсатында мүше мемлекеттер арасында үйлестіру жұмыстарын жүргізеді. Кеңестің құрылуына ұйытқы болған Нахчыван келісімінде бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында түрлі бірлестіктер арасындағы байланыстарды дамыту туралы айтылған. Сондықтан Кеңес тиісті министрліктермен тізе қоса отырып шығармашылық бірлестіктер арасында да байланыстар орнатуға жәрдем береді. Өзіңізге мәлім, қазір түркі әлемінде Анкарада ТҮРКСОЙ, Бакуде ТҮРКПА, Астанада Түркі академиясы жұмыс істеуде. Кеңес осындай құрылымдардың арасында үйлестіру қызметін атқарады.

– Ұйымның басым бағыттары қандай?

– Түркі әлеміндегі интеграция ең әуелі экономикалық ынтымақтастыққа негізделген. Экономиканың қарқынды дамуы, елдеріміздің әлеуетінің артуы интеграцияның өміршең болуына да қызмет етеді. Сондықтан елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қатынастар мейлінше арта түсуі тиіс. Біздің тарихи тамырластығымыз өзара байланыстарымыздың терең дамуына серпін береді. Ортақ тарихи сана мен ортақ мәдени байланыстар етене туыс елдерді жақындастыра түседі. Әрине, тамыры бір туыстығымызды айқындайтын тіл де маңызды. Түркі әлеміндегі тілдік жақындастықты зерттеу және ортақ терминдерге байланысты принциптерді айқындау үшін Кеңес жанынан терминологиялық комиссия құрылу үстінде. Міне, осындай шаралар түркі әлемін жақындастырады. Сондықтан, Түркі кеңесі де осы бағыттарды басымдық ретінде қарастырады.

– Кеңеске қанша мемлекет мүше?

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіне қазірше төрт мемлекет мүше. Олар Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Әзірбайжан мемлекеттері.

Алқалы жиынға неше елдің өкілдері қатысты?

Саммитке Қазақстан, Қырғыз және Түркия Республикаларының Президенттері мен Әзірбайжан Республикасының Премьер-министрі қатысты. Айта кетерлік жайт, жиынға Түркіменстан Ғылым Академиясының Президенті қатысты. Бұл да жақсылықтың, жақындасудың бір нышаны деп ойлаймын.

– Биылғы жылы Астана қаласы – түркі мемлекеттерінің рухани астанасы мәртебесіне ие болды. Осы орайда, қандай игілікті шаралар атқарылуда?

Астана қаласының мұндай мәртебені түркі әлемінде алғашқы болып иеленуінің бірнеше себебі бар. Олар: әсем қаламыздың келбеті мен көркі, Қазақстанның аймақтағы және түркі әлеміндегі жетекші рөлі, Елбасымыздың түркі әлемінде мойындалған айқын беделі. Астана бүгінде саяси орталық қана емес, әлемдік деңгейдегі рухани, діни, мәдени шаралар өтетін маңызды ордаға да айналып келеді. Сондықтан болса керек, ТҮРКСОЙ-дың шешімімен Астанаға 2012 жылы осындай мәртебе берілді. Жыл аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бас­тамасы және қолдауымен көптеген шаралар, кездесулер, көрмелер, фестивальдер өткізілуде. Шырайлы шаһардың халықаралық деңгейде кеңінен танытылуы, насихатталуы үшін де мұндай шаралар қажет.

Әңгімелескен

Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары