ФИЛАРМОНИЯ ӘНШІСІ

ФИЛАРМОНИЯ ӘНШІСІ

ФИЛАРМОНИЯ  ӘНШІСІ
ашық дереккөзі
242

Бақбергеннің не айтқаны есінде жоқ. Бірнәрселерді түтіндетті, түтіндетті-ай келіп. Қалалық жер басқармасынан өкілдер келді деді ме-ау; жиырма сотық атшаптырым ауланың ана басына бір шығып, мына басына екі шығып, адымдап өлшеді деді ме-ау; әрбір ағашты шекесінен шертіп санады, есепке алды деді ме-ау; акт толтырды, сосын Шырынкүлді әкімдікке шақырды деді ме-ау… Бұл не қылған бітпейтін акт, бұл не қылған бітпейтін шақырту?! Шырынкүл табалдырықтан аттай беріп, мына «суыт» хабарды естіген сәтте Сырдың күләбі қауыны секілді ашудан тарс жарылғысы келіп тұрды да өзі-өзін әзер тежеді. Бес-алты минут өтті-өтпеді ме, тіпті түк болмағандай қалыңырақ грим жаққан әжімді жүзіне жасандылау күлкі жүгіртіп, Бақбергеннің алпамсадай иығынан бір нұқыды да, биік басқышты тырп-тырп басып, төргі бөлмеге өтіп кетті. Кімге тиісерін және білмеді. Бақбергенге ме, әлде бірнеше жылдан бері Шырынкүлді де шаршатып, облыстық филармонияның білдей бетке ұстар әншісін әуре-сарсаңға салғандары үшін ара-тұра өздерінің де жер-жебірлеріне жетіп, осы үйдің табалдырығынан жүрексіне аттайтын басқарманың шикіөкпе өкілдеріне ме? Түсіне алмады.

Ал шынтуайтына келгенде Бақбергеннің бұ мәселеге қатысы шамалы. «Жүрген бір бейшара ғой» деуге де дәті шыдамады. Көзбе-көз астамшылыққа ұрынатындай сезінді. Бар болғаны ол осы үйдің күзетшісі, үйдің ғана емес, бір жағынан Шырынкүлдің де күтушісі. Осы күнгінің тілімен айтқанда оққағары.

Шырынкүл кімнің аузына қақпақ қояды, кімнің аузын жабады. Өздеріне ыңғайлы екен, айтсын, айта берсін. Бір жағынан сонысы дұрыс. Бұл ағайынның өнер адамдарын ағаш атқа теріс мінгізіп, сыртынан айтақтайтындары жаңа ма. Бұған дейін де болған, бұдан кейін де жалғаса беретін сыңайлы.

Бақберген де еркек, еркек болғанда да еңгезердей. Қара жұмысқа қақталған шойындай дене бітімін көргенде кейбір әйел байғұстардың көздері шоқтай жанып, ындындары құрып, демдері үзіліп қалатындай әсерленетіндігі … оу, онсыз да белгілі ғой. Белгілі болғанда да тура қолмен қойғандай, осындай еркекпен түн ләззатын бірге бөліскен шіркін Шырынкүлдің не арманы бар деп бір қайырады; дүние жетеді, аста-төк молшылық дәуренде әйелдерге жетпейтіні анау ғой деп, ұят та болса амалдары қайсы, жүректері қан жылап екі қайырады. Бұған келгенде бұл маңайда Шырынкүлдің алдына түсетін ұрғашы жоқ. Бақ-дәулеті де, үлде мен бүлдеге оранғаны, жыл сайын сызылып шетелге курортқа баратыны… бәрі-бәрі құрып кетсін, Бақберген секілді атан жілікті азаматпен бір түнді бірге бөліскен ай-хай дәуренге не жетеді?! Жетпейді. Ойпыр-ай, сонда Шырынкүлдің Бақберген секілді еркекті төсекте қалай ыңғайлайтындығын өзі білсін, ал құдайдың тапа-тал түсінде мұрны тесілген тайлақтай ізінен сүмеңдетіп қоятын не сиқыры бар, а?!

Екі қапталы жуан санға дейін жырылған жібек көйлегін көлбеңдетіп Шырынкүл үйден шықты ма, құдай салмасын, тетігін бұрап жіберген ойыншық мәшине секілді қолды-аяққа тұрмай Бақбергеннің ойға-қырға шапқылаған түрін көрсеңіз. Қиял-ғажайып ертегі ғой кәдімгі. Және заматында такси шақыртып, сусылдаған жібек көйлегінің етегі жуан санға дейін түріліп, артқы орындыққа жайғасып жатқан Шырынкүлден «қайда барасыз, қашан келесіз?» деп бір ауыз сұраса не дейсіз. Сұрамайды, несін сұрайды? Екі қапталы жырылған әдемі көйлекті Шырынкүл филармониядағы кезекті концерті өтетін күні ғана киеді.

Екі балағын түріп алған Бақберген екі шелекті қаңбақ құрлы көрмей көтеріп алады да, ауладағы жапырақтары алақандай-алақандай, балтырлары түп-түзу аққайыңдардың түбіне түгелдей су құйып шығады. Сірә, өкпек желмен әнтек тербетіліп, бір түрлі ыңылдап ән салып тұрғандай елестейтін мына аққайың жапырақтарының қоңыр күзге дейін жап-жасыл боп тұрғандығы да осының арқасы. Өзгелердікі баяғыда-ақ солып, жапырақтарынан жұрдай боп сидиып қалған. Ал Шырынкүлдің «ранчосы» кірсе шыққысыз.

«Оңбаған!» – Зыр қағып жүрген Бақберген жер қатынастарынан келетін өкілдерді де сыртынан сыпыртып бір боқтайды. Ұртын толтырып және боқтайды. Үнемі шартақтың есігін өзі ашатын болған соң Бақберген олармен де таныс-біліс боп қалған. Олар да қайдан білсін, өзгелер секілді Бақбергенді Шырынкүлдің күйеуі ғой деп ойлайды. Біраз бұйымтайларын түбі әйеліне айтатын болар деп мұның құлағына сыбырлайды. Бүгін бе, ертең бе, мына қайыңдар түбі бір оталады. Қырқылады. Жап-жасыл жапырақтар жермен жексен болады. Өледі. Яғни Бақбергеннің еңбегі де далаға кетеді. Бірақ осы уақытқа дейін адам баласын ренжітіп көрмеген Бақберген көздері қиып, мына аққайыңдарды аралауға кімнің батылы барар екен деп те ойлайды. Ақыр аяғында олай болмайтын шығар деп содан үміттенеді. Ал жер қатынасынан келетіндерді тыңдасаң жүрегің тас төбеңнен шығады: «Әрбір сотыққа мемлекет миллиондап ақша төлеп отыр ғой… Ал сіздің әйеліңіз Достоевскийдің кейіпкерлері секілді үнемі ағысқа қарсы жүзеді. Бітіп тұрған істі әрі созғылайды. Үкіметтің құрығы ұзын. Олар айтқанын бәрібір орындайды…»

Орындасын, – он мәрте артығымен орындасын. Оған Бақбергеннің қатысы қанша. Су тасып, зыр жүгіріп жүргенде әлдебір әңгімелердің үзік-үзік бөлшектері еріксіз ойға оралады. Сірә, бір кездері Шырынкүл Сүлейменованың әке-шешесі облысқа белгілі ауқатты адамдар болған. Қала орталығынан қос қабатты үй салған. Совет өкіметінің кезінде, партияның гүрлеп тұрған уақытында-ақ жиырма сотық аумақты қоршап, құжаттарын мөрлеп, заңдастырып үлгерген. Былай қарасаңыз, бәрі ақылға сияды. Кей-кейде Шырынкүлдің арзанқол шылымның қою түтінін будақтатып отырып, «мен ООН-ға арыздансам да жеңіп шығамын» деп көкірек ұратыны бар. ООН-ға арыздана ма, Еуроодаққа арыздана ма, о жағын Шырынкүл біледі-дағы. Оған қарсы жер басқармасындағылар да сала құлаш дәлелдемелер келтіреді. Өткен ғасырдағы талай құндылықтар өзгеріске ұшыраған, тіпті бір елдің, бір қаланың аты өзгертіліп жатқанда Сүлейменованың жиырма сотық жерін мемлекет меншігіне алу деген не тәйірі?! Және тегіннен-тегін сұрап тұрса бір жөн-ау. Заңға сәйкес алты сотық Сүлейменованың меншігіне беріледі. «Егер мен Сүлейменова Шырынкүл болсам қалған ғұмырымда жұмыс істеп нем бар. Ақшаны банкке салып, соның дивидендімен-ақ күнімді көрмеймін бе. Филармонияның ауыз жарымас айлығына телміріп, ертеңді-кеш соған бола салпақтап…» Айтқандары ащы өзегіңе түседі. Аргументтері түз гранитіндей шымыр. Жел мен жаңбырға мүжілмейді. Тосындау әңгімелерді аузын ашып, мүлгіп тыңдайтын Бақберген ара-тұра солардың да ығына жығылып бара жатқандығын аңғармайды. Қаражаттың көлемін сан мәрте ішінен қайталайды, біреулер естісе ұрлап алатындай қипақтайды.

Еркек, ендеше еркектік мінез танытып қойғаны да артық болмас. Шылымын бұрқыратып жанында шіреніп Шырынкүл тұрса бір сәрі. «Айтамын, ол әйелдің көзін жеткіземін бір нәрсеге!» Сөзінің соңын лепті сөйлеммен аяқтайды. Жер басқармасындағылар Бақбергеннің осы уәдесінен үміт сәулесін көргендей, көрікті одан әрі қыздырады: «Шырынкүл тәтеміздің бізді де түсінуі керек қой бір жолға. Бос жатқан жер жау шақырады. Халық үшін ешнәрсемді аямаймын десе ғой, атақ-абыройы одан әрі аспандар еді. Шырынкүл Сүлейменова туралы газеттер жабыла жазар еді. Шығармашылығына арналған деректі фильм түсірілер еді. Тапсырысты біз берер едік қала әкімімен ақылдасып… Сіздерден жасыратын не бар, қала күннен күнге көркейіп келеді. Бір сүйем жер ауадай қат. Осы алаңға тұрғындардың тілегі бойынша екі қабатты супермаркет салынады. Бас жоспар бекітілген. Ал осы жайлардан толықтай хабардар бола отырып, сіздің әйеліңіз Достоевскийдің кейіпкерлері секілді үнемі ағысқа қарсы жүзеді…»

«Айтамын!» дейді Бақберген дауысын одан әрі үстемелеп. «Әкесін көзіне көрсетіп!..» деген тіркес тіл ұшына еріксіз оралса да, амалсыз ішке қарай жұтып кеп жібереді. Қайдағы айтқан. Шырынкүл сыртқы есіктің қоңырауын басысымен есі шығады. Көкейіндегінің бәрі ұмытылады. Сәл жасандылау кейіпке түскен Бақберген сүйекке сіңген рөліне лезде көшіп алады. Газ плитасына шай қояды, ауызүйге дастарқан жаяды. Дастарқанды да тәтті тағамдармен жайнатып жібереді. Соның арасынша «Шырынкүл шаршап келген болар, ванна қабылдаймын десе…» деп үлкен үйге жапсарлас салынған шағын моншаның ішін тазалап, қазандық суын ысытып та үлгереді.

***

– Сен, сен бері жақындасаңшы!–деді Шырынкүл биік басқышта тұрып, патсайы халатының төменгі түймелерін салып жатқан күйі. Бақберген шынымен естімеді ме, әлде естігісі келмеді ме, қаз-қатар қойылған ағаш кесінділеріне өткір балтаның жүзін кірш еткізді. Құлаштап күш жұмсап та жатқан жоқ, ала жаздай күн көзінде тұрып даңғырлап кепкен жаңқалар балта тиген сәтте қақ жарылады. Шырынкүлге солай көрінді. Бел-уарына дейін жартылай шешініп тастаған Бақбергеннің шиыршық атқан дене бітіміне немкеттілеу қараудың өзі ғажап! Олай өткен, былай өткен төмен етектілердің шартақтың тесігінен сығалап, Бақбергенге өлердей ғашық болып қалатындары осы тұс. Қара жұмысқа өлген ғой жарықтық! Ал қырлы стақанды жұтқызып жіберсең, іші-бауырын от жалағандай шүңірек көздерінен жалын ұшқындап, сен айтып, сен нұсқамасаң да атқарылуға тиісті төңіректегі бар жұмысты түбірімен төңкеріп тастайды. Тас көмірді жылы күздің басында түсіріп алғандары мақұл. Міне, есік алдындағы тау боп үйілген көмірді Бақберген ондайда түске жеткізбей сарайға кіргізіп, көзіне құйылған терді қолының сыртымен бір сылып тастап, қайта айналып келгенде ауланың ішін жылан жалағандай сыпырып-сиырып, су сеуіп жатады. Оу, мұндай еркекті қайдан табасыз, дүниені түгел шарласаң да таба алмайсыз!

Бұған келгенде Шырынкүлдің сырт көз үшін «бақыттымын» дейтін де жөні бар. Жатқан-тұрғаны жөнінде біреулерге есеп бере ме. Мейлі, жұрт солай-ақ ойласын, Бақбергеннің алпамсадай кеудесіне басын қойып, ұзаққа созылатын түнгі ләззаттан соң талықсып барып, ұйқыға кететін Шырынкүлдің қымбат шақтарын қызғанса қызғана берсін. Ал сырттай салыстырыңыз: бөксесі былқылдап, баланың басындай қос анары дірілдеп, аһылап-уһілеп, қу тізесін құшақтап, таңды әзер атыратын Шырынкүл қандай; түннің бір уағында ұйқысынан оқыс оянып кетсе бітті, керіліп-созылып моншаға кіріп, ыстық ванна қабылдап, бас-аяғына Бақбергеннің қарулы қолдарымен өзі шаршағанша массаж жасататын Шырынкүл қандай! Екеуінің арасы жер мен көктей. Шырынкүлге әрине, соңғысы ұнайды. Соңғысы!

Шырынкүлдің даусын естімегендей, немесе Сүлейменоваға аздап өкпесі бардай, басын көтерместен өз шаруасымен айналысып жатқан Бақбергенді де аздап түсінуге болады ғой. Оу, Бақберген де ет пен сүйектен жаралған пенде. Оның да дүрсілдеген жүрегі бар, оның да атша тулайтын сезім-түйсігі бар. Бір сарынды тіршілік те кісіні жалықтырады. Шаршадым демесе де соған ұқсас күй кешеді. Ал оның емі аспанда емес, жерде. Ауызғы бөлмедегі шкафтың бір бұрышында жасырынып тұр. Тып-тыныш. Жартылай ішілген жартылықтан бір стақан жұтқызса Шырынкүлден асқан данышпан болар ма?! Жер бетіндегі жалғыз қамқоршысы – Шырынкүл. Басқалардан түңілген. Түгелдей. Керек десеңіз ағайын-туғандарын да көргісі келмейді.

Бір кездері басы балшыққа кіріп, салынып та ішкен. Сол балшықтан суырып алған Адам – Шырынкүл! Өле-өлгенше осылай деп айқайлап өтеді. Егер біреулерге дәлелдеу керек болса. Әрине, Шырынкүлге салсаң ішпе, аузыңа алма, со пәледен ақи-тақи құтыл дейді. Дұрыс-ақ, ақыл оныкі. Шырынкүл әжімді жүзіне қалыңырақ жағылған гримді қол орамалымен сүрткілеп тұрып, Бақбергенді тағы шақырды: – Сен бүгін бір түрлісің ғой өзің?

– Қайдағы…

– Ендеше бері жақында.

Бақберген өткір балтаны ағаш діңгекке кірш еткізді де кіршеңдеу жейдесін асығыс-үсігіс кие салды. Бұрын бүйтпейтін. «Денемнің тер сасығандығын сезсе Шы­рын­күл мұрнын шүйіріп жүрер» деп алдымен асық­пай жуынып, тазаланып, сосын барып Шырынкүлдің жанына жақындайтын. Ал Шырынкүлдің жанына жақындау Бақберген үшін бір керемет әлем. Алғашында әдемі әтір иісті ауаны іштей, Шырынкүлге сездірмей, көздері күлімдеп құмарта жұтады. Жұта бергісі келеді. Шырынкүл де өмірдің ащы-тұщысын қатар татып тұшынған пәле ғой. Бақбергеннің жынынан айрылған бақсыдай төменшіктеп, мүләйімси қалған түріне қуақылана езу тартып, жеңіл халатының екі етегін желге керіп, олай-былай еркінсіп жүрер еді.

«О, бейшара, бейшара болмасаң, өстермісің?! Осынша сұлулық аурасына көзбе-көз қиянат жасағандай не басыңа күн туды?!» – Бақберген әтір иісін құмарта жұтқанымен жұтқыншағына әлдене кептеліп қалғандай, екі иінінен әзер-әзер дем алды. Бұл арадан ыңғайын тауып кетіп қалғанша асығады. Түк болмаса «ой-бой, итке тамақ құйылмапты ғой» деп апыл-тапыл тұра жүгіреді.

Үстінен тер сасымақ түгілі, тағы бір нәрсе болса да бұ жолы еркектік мінез көрсетпекші-тін Бақберген. Қабағы түсіңкі. Несін міндетситіндігін қайдам, аяғыма жығылып, жалынып-жалбарынсын дей ме, әлде шынымен мәнісі болмай жүр ме. Филармония басшыларымен келісе алмай, сөзге келіп қалды ма… Филармония басшылары да өңшең кеуделерімен көк тіреген біреулер. Бақберген талайын тасыған, талай басшыға жүргізуші болған. Қала орталығындағы қызыл кірпіштен қаланған облыстық филармония үйінің ішінде не болып, не қойып жатқандығын, ол маңға ат ізін салмағалы біраз жыл өтсе де, бес саусағындай жақсы біледі. Бәрі-бәрі көз алдында сайрап тұр. Былайғы жұрт қайдан білсін, облыстық филармония тазалықтың Тәж-Махалы, адалдықтың, мәдениеттің Мекке-Мәдинесі ғой деп бағамдайды. Дұрыс олардыкі. Жалпы, елдің осы түсініктен ажырамағаны абзал. Бірақ соры қайнаған Бақберген ондағы көзге көрінбейтін ыбыр-жыбыр тіршіліктің бәрін біледі. Білгенімен не пайда. Қолынан келетін қайраны шамалы. Кешкілік хрусталь залдағы концерт өтіп жатқан тұста ғой филармонияның тотыдай таранып, күндізгі кір-қоқыстан арылып, рухани храмға айналатындығы. Түске дейін адамдар арасындағы өзекке түскен өрт мың градустық температурада бұрқ-сарқ қайнайды. Гастрольге шығатындарды іріктеудің өзі дау-дамай, шетелге жолдама берілсе, оның аяғы арыз жазуға ұласып, обләкімдікке барып бір-ақ тіреледі. Мың жерден осы филармонияның отымен кіріп, күлімен шықса да олары кейде ескеріліп, кейде ескерілмей, аларын алып, берерін берген кісілерше әндері талай ұрпақты тәрбиелесін, жеме-жемге келгенде Шырынкүл, не Шырынкүл секілділер еріксіз екінші планға ысырылады. Бетінің қызылы, қойнының қызуы қайтпағандар алдыңғы тізімге ілігеді. Оның бер жағында облыстағы бір дөкейдің «қамқорлығына» зәру, анау айтқандай даусы аспандап тұрмаса да сол кісінің арқасында шетелдік гастрольден қалмайтын «әнші» алдыңды орайды. Филармония басшыларының кабинеттеріне де еркін кіріп, еркін шығатындар жетерлік. Өкшеңді басқан, тәрбиелесең санатқа ілігіп кетердей қабілет-қарымы бар жастарды көзің қиып, қайтіп кеудеден итересің. Міне, осы түйткілдер қордаланып келеді де, Шырынкүлдің де шәт-шәлекейін шығарады, жүйкесін жұқартады. Сыртқы дүниемен шаруасы болмайды, самсоз. Бұл сырқат екі-үш аптаның көлемінде және тарқамайды. Соның әсерінен қасында қара боп жүрген Бақберген де еленбей, турасына көшкенде ұмытылып кетеді. Ұмытады. Бірақ Шырынкүлден басқа тірі жаннан ондай рақымшылық күте қоймайтын Бақберген оны тірілей ұмыта алар ма?! Былай қарасаңыз өзі түкке де тұрмайтын шаруа. Шаңнан сілкініп, әл шақыру ғой оның аты. Күн аралатып бір с­тақан жұтқызып тұратын. Рұқсатсыз кісінің мүлкіне қол жүгірту – Бақбергенге бұйырмаған батылдық. Әйтпесе кім біліп жатыр, ауызүйдегі шкафтың ішінде тұрған орта жартылықтан бір сіміріп, тойған қозыдай томпиып жүре бермей ме.

Соңғы кездері Шырынкүлге де өкпе­лейтін себебі сол. Ал үй маңайындағы қат-қабат шаруаның тігісін жатқызу үшін адам жалдаса қайтер еді. Шырынкүлдің шашының түгі жетпес. Еңбекті ара-тұра бағалау деген болмас па?!

– Иә… жер басқармасындағылар таныс әндерін тағы гулетті ме?

– Солай…

– Не солай?

– Өзіңіз біліп тұрсыз ғой, біліп тұрып менен сұрайсыз. Несіне сұрайсыз?!

– Алты сотықтың құжаттарын қолға ұстатты ма?

– Жоқ, сізді әкімдікке шақыртты. Сонда шешеміз деді бар мәселені.

– Шешер. Ерегістірмесін, ерегістірсе бар-ау, тірілей айрылмаймын бұл жерден! Ағаштарды әкем өз қолымен өсірген.

– ?

– Сосын не деді?

– Сол ғой, сол…

– Мәнісің жоқ қой бір түрлі. Ауырып тұрғаннан саумысың?

– Жо-ға, ауырғаннан сақтасын.

– Жә, бопты, енді түсіндім. – Халатының екі етегін жел кернеген Шырынкүл ауызүйге кірді де, айналмай қайта шықты. Қолында қырлы стақан. – Сенің денсаулығың үшін! – Саусағының ұшымен әнтек шертті.

– Сіздің де!..– Бақберген жерік асына енді қол жеткізгендей, көзін тастай жұмды да дем алмастан тартып жіберді.

– Пах! Қалай?

– Тамаша!

– Қыртыс-тыртысың енді жазылатын шығар.

Шайнаманың орнына Бақберген гүрзідей жұдырығын иіскеді.

– Тіске басатын бір нәрсе керек пе?

– Жоқ-а, дәмі кетіп қалар. – Бақбергеннің жүзіне қызыл арай жүгірді.

Тамағыңды қанша жұтынсаң да, бұдан артық дәмету күпіршілік. Норма. Бүгінше осыны сіңіріп алыңыз.

– Қап, мына бос жатқан жерге картоп егіп тастау керек пе еді?–деді Бақберген біраздан соң өзі жарған ағаш діңгектің біріне құйрық қойып жатып.

– Ексең қайда қалдың?!–Шырынкүл биік басқыштың белағашына сүйенді. –Саған осыны қой деп ем, сенің бірақ қоятын түрің жоқ. Қайдағы бос жатқан жер?! Бұл жер әкемдікі, бәрі заңдастырылған.–Дауысы сәл қатая түсті.

– Мейлі ғой.

– Тағы не деді?

– Ағаштарды түгел санап шықты.

– Бұлары жаңалық, әрине.

– Әр ағашқа төленетін ставкалары бар екен.

– Байитын болдық десеңші! Ағашта нелері бар, а?! Аққайыңдар кіріп пе екен бір жерлеріне!

– Мен… мен қайдан білейін.

***

Сүйекке сіңген әдет қой қашаннан. Ел ұйқыға кетті-ау, төңірек тынышталды-ау деген мезетте Шырынкүл әжімді жүзіне гримді қалыңырақ жағып, екі қапталы жуан санға дейін жырылған гүлді көйлегін көлбеңдетіп, ырғала билеп, биік басқышпен төмен түсіп келе жатады. Жолай дәу төбеттің үйшігіне бұрылады. О пақыр да бұған әбден үйренген. Қарғы бауды саусағына ілген бойда Шырынкүлдің соңынан бүлкілдеп ере береді.

Шырынкүл жұлдызды аспанға бір қарап алады да, бақтың ішіне бойлай түседі. Барған сайын жүрісі баяулайды. Алдымен өкпек желдің сүйемелдеуімен болар-болмас ыңылдайды. Дауыс ырғағын өстіп жөнге түсіреді. Жау қуғандай бірден жоғарғы ырғаққа көшуді жаны қаламайды. Солай үйренген. Сахна мәдениетін бір кісідей ішке сіңірген. Әншіге сахнаға шығудан артық бақыт бар ма! Шырынкүлдің де мына өмірден еншілеген бар олжасы осы. Егер айына екі-үш мәрте сахнаға шығып, репертуарындағы халық әндерінің құлақ күйін келтіріп, тыңдаушыларының алдына жарқ етіп шыға келмесе, артық-кемі жоқ, тағдыры шынымен тұйыққа тірелер еді. Қарадай-қарап мүжілер еді. Біреу мойындар, біреу мойындамас, ал турасына көшкенде Шырынкүлді мына жарық дүниемен байланыстырып тұрған әлсіз тін сол ғана. Ән болғанда да өңшең халық әндері. Халық әндерінің майдан қыл суырғандай жымдасқан маһамы қандай, мәтінінің ұйқасы қандай! Сонау атам заманнан халықпен бірге жасасып, бірге мұңайып, бірге қуанып келе жатқан Шырынкүл репертуарындағы осынау әндердің бірінің осы қалайы жоқ. Өзгелерде несі бар, сахнаға шыққан сайын Шырынкүлдің жүрегі есебін тауып әйтеуір, бір дір ете түседі. Сонша жылдан бері қайталап жүрген әнді қапелімде ұмытып күлкіге қалмайын дей ме, әлде дауысы белгілі биіктікті бағындыра алмай мыңқылдап тұрмайын дей ме, сахнаға шығар алдында кәдімгідей толқиды. Өзгелер секілді гримерден сахнаға жүгіріп шықпайды. Жүрегімен тілдеседі, жүрегімен сырласады. Сахнаға шығар алдында өмірде кездесетін пенделік атаулының бәрінен айығып, жүректің қан айналысын әнге ыңғайлайды. Ал таза жүректің көпшілік алдына шығарда бір дір етуінің өзі заңдылық. Бір діріл. Жүрек дірілдемеген жағдайда ән аспандамайды, зәу биікке ұша алмайды. Төмендеп, төмендеп барады да тұмсығымен топыраққа шаншыла құлайды. Мұның соңы бәрібір жақсылыққа апармайды. Дауыс диапазонына біртіндеп кірбің түседі. Жүрісінен жаңылған жорғадай болмайтын жерден сүрінеді. Көпшіліктің талғамы дегеніңіз де қан-жыны аралас салыстырмалы бірнәрсе. Мың жерден сұңғыла болса да, бәрібір таза, шынайы дауысты тап басып айыра алмайды. Оның үстіне Шырынкүлдер сахнаға шыққалы қай заман. Алғашқы тыңдаушыларының өзі ақсақал жасына жетті. Құлаққа сіңісті, үйреншікті дауыс болған соң әрі әншіге мұнан асқан құрметтің қажеті қанша деп алақандары дуылдағанша қол соғады.

Біртіндеп бұған да етің үйренеді. Дауысың жараған аттай ауыздығымен алысып тұрмаса да тәуекелге басып, жұрт алдына шыға келесің. Әнді иінін қандырып орындаған секілдісің. Тыңдаушыларың еденді дүрсілдетіп ұшып тұрады. Демеу ғой, әрине. Сені ерекше құрметтейтін тыңдаушыларыңның болғаны қандай жақсы. Бірақ не пәлесінің барын қайдам, жүрек бұрынғыдай дірілдемейді. Жүрек бар болғырға бәрібір ме сонда?! Айт, айта түс, өстіп-өстіп түзеліп кетесің ғой деп сыңарезуленіп, бір бұрыштан сықылықтап күлетін тәрізді ме. Күлкісінің ащысын!

Алда-жалда мұндай күйге түсіре көрме­ңіз деп сан мәрте ішінен жалбарынады. Дегенмен шекарадан асып қайда барады. Шырынкүлдің де сахнамен қоштасатын күні туады әлі. Ерте ме, кеш пе, шығармашылық тоқыраудың аласат қоңырауы даңғырасын үздіксіз қағады. Мұның тілейтіні – сол сын сағатты дәл уақытында ұстап қалса… Әлі де тыңдаушыларыма керек екенмін-ау деп, соған малданып сүйретіліп жүре бермесе… Мәңгілік не бар?!

Адам-ау, не құдіретінің барын қайдам, мына жиырма сотық бақ ішінде Шырынкүл бұрын-соңды бастан кешпеген бөлек күйдің бүлкіліне түседі.

Ал төсекке жантаяр алдында сәл мұңая­ды. Өлшеулі өмір өтіп барады осылай. Байды да, баланы да әншілік өнерге басы бүтін айырбастаған-ды. Бәрін өнер үшін құрбандыққа шалды. Ал осы күндері бұлай өмір сүру күлкілі. Әпендісің, не психикалық ауытқуға ұшырағансың. Есі бар адам бұлайша өмір сүрмейді. Біреудің етегінен ұстайды, некесіз болса да бала тауып алады. Не сөкеттігі бар, ертеңгі алданышың, өміріңнің жалғасы, әм қызығың.

Етегінен ұстаған еркегі Бақберген. Жас­тайынан бірге өсті, бір жерде қызмет істеді. Филармония басшыларының талайын тасыған. Кейінгі келген жас директор өзі секілді жас жүргізушіні қабылдады да, Бақбергенді көзбе-көз қысқартуға іліктірді. Пенсияға үш-төрт жылы қалғанда қаңғытып жіберді. Неге екендігін кім білсін, Бақберген де өмірі үйленбеген. Саяқ. Осы қаладағы ағайындарымен де араласпайды.

Бір жылдан соң Шырынкүл онда да ойламаған жерден, күзді күні көмір базға бара жатқан жолда, қалаға жылу тартатын үлкен тұрбаның маңынан әбден араққа салынған, түрі бұзылған, үсті-басы кір-қожалақ Бақбергенді көріп қалды. Қайтар жолда таксимен үйіне әкелді. Жуындырды, киіндірді, жататын орын сайлады. Сонан бері де қанша уақыт… Шырынкүл әйел, әйел болғанда қандай! Айнаның алдына барып, баланың басындай домаланған қос анарын алақанымен салмақтап-салмақтап тұрады да, көздері жасаурап теріс айналады. Шыдамайды. Оу, Бақберген еркек емес пе?! Еңгезердей еркек. Сол еркегің ауызғы бөлмеде жатыр әне, ұйқыны соғып. Шырынкүлдің баланың басындай қос анарымен де шаруасы жоқ. Шырынкүл дене мүшелері анық көрінетін іш көйлегімен Бақбергеннің жанынан арлы-берлі өтеді әтірін бұрқыратып. Бақбергенде үн жоқ. Мынаның ақыл-есі бүтін бе? Айла-амалы таусылған Шырынкүл бірде Бақбергенді монша жағуға жұмсады да, өзі тыр жалаңаш шешініп, ваннаға түсті. Ұзақ шомылды. Сосын… арқамды ысқылап бер деп Бақбергенді шақырды. Еркектің иісіне өлердей құмартты. Добалдай қолын сипалап, күн тимесіне дейін жақындатты…

Ертеңінде Бақбергенді жатқан орнынан таба алмады. Келер, оралар деп екі-үш күн күтті. Араға апта түсті. Қалаға жылу тартатын үлкен тұрбаның жанына барса, басы кеудесіне құлаған Бақберген отыр бар дүниеден түңіліп. Таксиге салып алып келді. Сонан бері осы үйде…

***

Көрші облысқа гастрольге кеткен Шырынкүл Сүлейменова қайтып оралғанда қала орталығындағы өз үйін танымай қалды. Аққайыңдар түгел оталған. Бағана басындағы супермаркеттің макеті ілінген жарнама ызғырық желмен арлы-берлі тербетіледі.

Арзанқол жартылықты ортаға алған Шырынкүл ертеңінде шылымның қою түтіні астында Бақбергенмен әзілдескен болып, қайдағы-жайдағы көди-сөди әңгімелер айтып отырды.

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

Серіктес жаңалықтары