ДЕШТІ-ҚЫПШАҚТЫҢ ҚИЫН КҮНДЕРІ
ДЕШТІ-ҚЫПШАҚТЫҢ ҚИЫН КҮНДЕРІ
…Ерте көктемде Созақ сахарасында айтақыр боп жатқан аумаққа көл-көсір жауын жауса тамыры мен дәні қайда жасырынып жатқаны белгісіз неше түрлі өсімдік лезде тіріліп кетіп, гүл жайқалып, аралардың ызыңы естіліп,бір қияннан киіктер келіп,қасқырлардың қарасы көбейіп, сайын даланың тіршілігі қайнайтын.Ежелгі қазақ даласында ғайыптан-тайып төбе көрсетіп,тарих сахнасына шығып,мемлекет атанып,қалалар салып,тіршілік еткен құрылымдар белгілі бір кезеңдерде өз міндетін атқарып біткен бейтаныс әлемдей сағымдана ойнап барып уақыт көкжиегіне сіңгенде, болмаса басқа дүркіреген,дүрліккен дүниенің құрамында жаңа сапада төбе көрсеткенін тарихтың қалың кітабынан кезіктіргенде әлгі Созақ сахарасында өз көзім көрген тұңғиық, тылсым сырлы құбылыстар менің көз алдымнан көлбеп өте бастайтыны бар…
Біз сөз еткелі отырған Әбілхайыр хан әлемі сөз жоқ, біз әлі де байыбына толық бара алмай жатқан «Қазақ хандығының» алтын қақпасына ат басын тіреуімізге септігін тигізетіні жасырын емес.Себебі біздің мемлекеттігіміздің алтын дәні Әбілхайыр қырық жыл басқарған Дешті-Қыпшақ мемлекетінің құрсағынан өніп шыққанын жұрттың бәрі біледі.
Әрине, көптеген тарихшылар Қазақ хандығын Ақ Орда, Көк Орда, тіпті Алтын Ордадан бастағысы келетінін әр жерде байқап жүрміз.Оның көптің көңілін кәдімгідей-ақ еліктіре жөнелетіні де бар. Әйтсе де олар Алтын Орданы Бату құрғанын ұмытып кете береді.Керей мен Жәнібек хандардың арғы аталары болып келетін Орыс ханның «Қазақ хандығын» құру емес, Алтын Орда мемлекетінің алтын тағына таласқанын, сол мақсат-мүддеде ғұмырын сарп қылғанын естен шығарып алуы көңілді кәдімгідей қабаржытады Арғы қазақ, Ғұн, Сақ, Көк Түрік болып тарих табалдырығын аттаған, саны ешқашан сарқылмаған халқымыздың ежелден Алтай тауларын, Ібір-Сібірдің ұлан-байтақ жерін мекендегені,құтты қонысқа айналдырғаны жасырын емес.Бүгінде де ежелгі атаулары ұмытыла қоймаған Байкөл, Енесай, Төмен, Селебе соның айғағы.Түркілік тектен тараған хакас, бурят, саха т.б. сияқты жұрттар да дін аман.Таулы Алтай автономиялық республикасында өмір сүріп жатқан қазақтармен кезкелген уақытта қауыша аласыз…
Батыс Сібір аудандарының халқы солтүстік, орталық облыстар, ішінара Шығыс Қазақстан облысы халқымен тұрақты қатынаста болды.
ХІІІ ғасырдың шегінде, Шыңғыс ханның шапқыншылығы кезінде көптеген тайпалар Батыс Сібір территориясын паналады.Олар Ертіс пен Обьтің орта бойындағы жайылымы мол жерлерге қоныстанды.Көшпелі өмір салтын ұстанған халық бұдан кейін де, құрғақшылық жылдары сол жаққа үдере көшіп барумен болды.Әсіресе солардың арасында қыпшақтар көбірек кездесті. Кейіннен керейттер де келді. «Сібір шежіресінің» баяндауы бойынша онда ең әуелі Тайбұға династиясы қанат жайды. Олар «Чимги-Тұра» атты қала салды.Ол кейіннен Тюмень деп аталатын қалаға айналды.Тарихи деректер Тайбұғаның ең соңғы тұяғы Сейтақ (Сеид-Ахмад) болды деп төрелік береді.
Моңғол шапқыншылығынан кейін Батыс Сібір Жошы ұлысының құрамына енді және Шайбани әулетінің батыс тармағының жері деп аталды.Әйтсе де есте болатын нәрсе, бұл жерлер бір қиянда болғандықтан, негізгі билік тайбұғалық түркілердің қолында еді Өздері хан атана алмаса да, солардың дегені болатын.Моңғолдық «тәртіп», «өмір салты» аса дендеп ене қоймады.Бірақ олар қалай болғанда да Алтын Орда мемлекетімен байланысын үзген емес.Олардың тарихта ерекше аталатын тұсы – 1398 жылы Едігеден естен тана соққы алған Тоқтамыс ханның сол жаққа жылыстап барып, аз-кем тыныс алуы.Ол тайбұғалықтардан қолдау тауып, Обь, Том, Чулым өзендері аралығынан үлеске жер де алады.Бірақ көп ұзамай өлтірілді.Тайбұғалықтар Едігенің емеурінін бірден түсініп, қайтадан Алтын Ордаға алым-салық төлей бастады.Едіге 1419 жылы дүниеден өткеннен кейін Жошы ұлысының шығыс иеліктерінде саяс күрес бірден қызып сала берді.Оған Ақ Орда хандары араласты.Шығыс Дешті-Қыпшақтан Ақ Орда ханы Барақ тықсырып шыққан шайбани ұрпағы Махмұд-Қожа сол жаққа қашып барып,біраз уақыт хан болды.Қадырғали Жалайридің жазуында: «Едігенің баласы Мансұр мырза оны хан көтерді. Оның бірі – хан, бірі – би болды».
Хандықтың астанасы Қызыл Тура болыпты.
Ал енді бергі қазақ даласында да қым-қуыт жағдайлар орын алып жатыр еді.Оны мына картадан көруге болады.
Арал теңізінен солтүстікке қарай Шайбани әулеті Жұмадық ханның ұлысы,бұдан батысқа таман Ғази би иеленген Ноғай ұлысы(маңғыт),Шайбани әулеті Мұстапа хан Атбасарда,алТобылда Шығыс Дешті-Қыпшақтан Ақ Орда ханы Барақ тықсырып шыққан шайбани ұрпағы Махмұд-Қожа.
Бұл қарапайым көшпелі өмір салтын ұстанған халыққа ауыр тиді.Оларға бір орталыққа бағынған, тыныштыққа негізделген мемлекетті құратын ерекше тұғырлы тұлға керек болды. Ол көп ұзамай табылды.Жошы әулетінің Шайбани ұрпағы, Дәулет-Шайх оғланның баласы Әбілхайырдың жұлдызы жанды осы тұста. Ол ұзын саны 71 ру-тайпалардың көсемдерінің қолдауына ие болып, 1428 жылы Алтын Орда аймағынан алыс, Ібір-Сібір елінде, Чимги-Турада ақ киізге отырғызылып, хан сайланды.Оны қаумалаған халықтың арасында қият, маңғыт, шынбай, итжан, табғұт, дүрман, күшші, отаршы, найман, өкіреш-найман, тубай, таймас, шат, хытай, барақ, ұйғыр, қарлұқ, кенегес, үйшін(үйсін),қоңырат, күрлеуіт, ички, ички-маңғыт, тұман, (таман-тама) және басқа да тайпалар болды.
Кейіннен іргесін аулақ салып, бұлғақ туғызғанмен, Едігенің немересі Уақас би Әбілхайырдың хандық тұғырға көтерілуіне үлкен роль ойнады.Әбілхайыр болса өзін хан сайлағандардың мүдделеріне сай тірлік қылуы тиіс еді. Дәл сол кезеңде басқа аймақтарда жауынгерлік рух сақталмағанмен,Шыңғыс хан заманынан қалған басқа елді жаулап алушылық қабілет әлі де күшін жоймаған болатын.Әбілхайыр соны дер кезінде пайдалана білді.
Бүгінгі күннің биігінен көз салғанда Әбілхайырдың теңдесі жоқ әскери қолбасшы болғанын бірден аңғарамыз.Ол қырық жыл хан болғанда бір-ақ рет, онда да құйындай ұйытқыған, «торнадо» тектес («ұшарын жел, қонарын сай білетін») ойраттардың екпінді қолын басқарған Үз-Темір тайшыдан ғана ойда-жоқта жеңілгені еді. Өзге кезде қан майданда әрқашан үстем шығып отырғанын көруге болады.
Әйтсе де кеткен кемшіліктер де ұшан-теңіз деуге келеді.Оның ең басты кемшілігі – жұртты қаһармен, «қылыштың жүзімен,найзаның ұшымен біріктіремін және тастай қып ұстаймын», –деуі еді.Ол алып мемлекетті құрғанымен,оны сақтаудың шараларын жасай алмады. Мысалы, билік бір орталыққа тым шоғырланып, төмендегілер «хан не айтады» деп қарап отырған құрылым бірте-бірте өмір сүру қабілетін жоғалтып, кез келген уақытта тарихтың оқыс бұрылысында басын қатерге тігетіні Әбілхайыр құрған Дешті-Қыпшақ мемлекетінен бізге сабақ ретінде қалғаны айдай шындық.Мұны көрмеу көрсоқырлық болар еді.Әрине, ханның мұрагерлері болуы мүмкін, әйтсе де ол «Монамахтың бөркіндей» аса ауыр салмаққа төтеп беруі неғайбыл екені Әмір Темір құрған империядан, аяғы төңкеріске тірелген Романовтар тарихынан тайға таңба басқандай анық көрінеді.
Көптеген кісілер Қазақ хандығының қалай 550 жылдан астам тапжылмай өмір сүргенін, тіпті орыс, қытай империясының қыспағынан аман шығып, нешеме сұмдықты – аштықты, репрессияны, тың көтеру деген желеумен жерді жаппай иелену шараларын ұйымдастырған «советизмге» бой бермей,бүгінгі тәуелсіздік таңына аман-есен қауышуының сырын халқымыздың қажыр-қайратынан, оның терегей-теңіз төзімінен, болса да батырлығынан, ерлігінен, еңбекқорлығынан т.б. іздестіреді. Әрине, бұл дұрыс! Оған ешкім де қарсы бола алмайды. Әйтсе де біз бір нәрсені – ұлы хандар Керей мен Жәнібек өмірге ендірген ТІН , ТІЛ, ДІЛ ЖӘНЕ ДІН бірлігінің күш-қуатына, өмір сүру құштарлығына, өзін-өзі сақтай алатын қасиетіне мән берер емеспіз.
Керей мен Жәнібек хандар әуелде Әбілхайырдан ауа көшкенде осы «ұлы төрт бірлікті» өзіне ере шыққан елмен бірге сәтімен бөліп ала білді. Тіні – Түркілік, Тілі мен Ділі (жаратылысы) – қазақтық , Діні – ислам болды.Қазақты түрлі апаттан сақтаған дүниенің төрт бұрышындай осы қасиеттер екені даусыз шындық. Ұлы мемлекет қайраткері, көзсіз батыр, теңдесі жоқ қолбасшы Әбілхайыр тіршілік теңізінде желқайықтай сырғығанымен, елім, жерім, халқымның күні ертең қалай болады деген ауыр ойдың адамы болмай шықты. Сонымен Әбілхайыр хан сайланысымен-ақ «қол жиып,қару ұстанып», өз бауыры Шайбани әулетінен шыққан Махмұд Қожа ханды Тобылдың жағасында тоз-тозын шығарады.
Күшіне мінген Әбілхайыр көп ұзатпай Жошы балаларының бірі Тоқа Темірдің ұрпағы Махмұд хан мен Ахмед ханды Сырдарияға жақын маңдағы Екіретүп деген жерде екпінді шабуылмен есеңгіреткені сонша,әлгі екеуі Қажы-Тарханға(Астрахан) тығылуға мәжбүр болады.Әбілхайыр олардың астанасы Орда-Базарды иеленеді.Мұнда оның атынан «құтпа» оқылып, оның есімі шекілген ақша соғылады.
Дегенмен Әбілхайырдың билігі мойындала қоймады.Көптеген Жошы әулеті,оның ішінде Ибақ-хан (Шайбанилық Қожа Мұхаммед ханның немересі, Береке сұлтан (Темір шайхтың немересі) оған мойынсұнғысы келмеді.Орыс ханның шөберелері Жәнібек пен Керей бірден қарсы шықты.Қырдағы ірі шонжарлардың бірі Мұстапа хан оны мүлдем тыңдағысы келмеді.
Әбілхайырдың қатты қаһарланғаны сонша, Мұстапа ханды талқандап, оның мал-мүлкін әскеріне олжа ретінде таратып берді.
1446 жылы қалың әскермен келіп, Керей мен Жәнібекті атақонысынан,ту тіккен қаласы – Сығанақтан сырып тастады.Сыр бойындағы моншақтай тізілген Үзкент, Аққорған, Сауран сияқты қалаларды басып қалды. Орда-Базардан Сығанаққа ауысып, оны өз астанасына айналдырды. Қарт Қаратаудың теріскейіндегі стратегиялық маңызы зор көне Созақ қаласын Бақтияр сұлтанға,Сығанақты Манеадан оғланға, Үзкентті маңғыт Уаққас биге бере салды.
Осы арада кеңестік тарихнаманың таптаурын жолымен кеткен кейбір тарихшыларымыз аса ірі қателікке бой ұрғанын аңғармай да қалды.
«Асан (Қайғы) «қазақ және ноғай ордаларының» берік одақ болуын жақтаған,Жәнібектің Жетісудағы Есен-Бұға иелігіне көшіп кетуіне қарсы шығып, бұл орайда Жәнібектің әрекетін былай деп қатаң айыптаған:
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң тойынды.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың.
Ойылдан елді көшірдің…
(Қазақ ССР тарихы.Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы.Алматы.1983 .Шығарушы Қазақ ССР Ғылым Академиясы.Ш.Ш.Уәлиханов атындағы археология және этнография институты.Бес томдықтың 2-томы. «Көне заманнан бүгінге дейін»)
«Шығысым- Батыс боп кетті» деп Абай атамыз айтқандай, осы бір оңбай қателесу бүткіл тарихты шатастырғанын көріп отырмыз. Мысалы,Әбілхайыр хандығының өмірінде болған ұлы оқиғалардың бірі Қара Қыпшақ Қобыланды батыр мен арғын Қоданның баласы Ақжол бидің арасындағы тартыс.Бұл тарихи әдебиеттерде:
«Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді , құлыным?!
Сексен асып, таянғанда тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ме жұлыным.
Адасқанын жолға салдың бұл ноғайлы ұлының!
Аққан бұлақ, жанған шырақ, жалғыз күнде құрыдың.
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным?!-
деп басталатын аса ұзақ, әрі өкінішке толы жырда айтылады.
Қазақтың ғұлама ақыны Шәкәрім Құдайберді ұлы өзінің «Түрік,қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» кітабында бұл туралы : «Сонда қазақтың ханы әз Жәнібек еді.Әбілхайырға қарап тұрушы еді.Әз Жәнібектің шын аты Әбусағид еді.Тоқай Темір нәсілінен Барақ ханның баласы еді.1455 жылы Әз Жәнібек хан немере інісі Шаһгерей ханмен тамам қазақты алып, Әбілхайырға өкпелеп, Шудағы Шағатай нәсілінен Есен-Бұғаның баласы Тоқлуқ Темірханға қарады.
Әбілхайырға өкпелеген себебін біздің қазақ былай айтады.Бізде осындағы арғындардың арғы атасы Дайырқожа ханның (Әбілхайырдың) сүйікті қазысы екен.Әділ айтқандықтан «Ақжол» атаныпты.Және Қара Қыпшақ Қобыланды батыр да Әбілхайырға сүйікті екен.Екеуі іштей жауласып жүргенде, бір күні далада Қобыланды батыр Дайырқожаны өлтіріп кетіпті.Әз Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша «қысас» қып өлтіруге сұрапты.Әбілхайыр хан берейін десе, көп қыпшақ бұзылатын болған соң, бере алмай үш кісінің құнын алып, бітім қыл деген соң, Әз Жәнібек хан өкпелеп кеткені, біздің қазақта мақал боп жүрген «Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным?!»—деген Дайырқожаның сүйегін айналып жүріп жылаған әкесі Қыдан тайшы деген кісінің сөзі,аты Қыдан еді».
Бұл оқиға негізінен 1450 жылдары болған еді. Мұны құтты қонысынан,атажұртынан, болса да атасы салдырған әрі көркейткен Сығанақтай сәулетінен айырылған Әз Жәнібек хан Әбілхайырмен болатын саяси қақтығысқа әдемі пайдалануға болатынын бірден ұғынады.Ол бірден арғындардың жағына шығып, Ақжол бидің жоқтаушысына айналады.Сол арқылы орасан зор бедел жинайды.Бір жағынан Әбілхайырды өз биі мен батырына әлі келмейтін науетек қып көрсетеді.Ол бұған дейін Әбілхайыр тарапынынан болып жатқан әділетсіздікке үнсіз келісіп жүрген Керей ханмен тығыз байланыс орнатып, өз жағына шығарып алады. Келешекте өз алдымызға ел бола қалсақ, бас хан сен боласың деп сендіреді.Шынында да солай жасайды.Оны «Таңбалы тасқа» қалдырған жазуынан оқуға болады.
Қазақша мәтіні былай: «Қыпшақ,алшын,арғын,қаракесек,үйсін,табын иллахи қар рәсиге һамиша хаһа рахмет қыл сен алтауын,екінші түрде айтқанда, «О,Ием,үмітіне жету үшін осы алтауына рахметіңді бере көр!»
Араб әрпімен жазылған. Тапқан А.И.Шренк пен Х.Бекхожин.Олар оны Л.Кузнецовпен бірлесіп көшіріп алған.
Оны «Записки Семипалатинского отдела русского географического общества,Вып.ХУІ.16-927 г» жариялаған.
Оны бізге жеткізген академик Әлкей Марғұлан. «Тамғалы тас сыры», «Қазақ тарихы» журналы,1993 жыл.№3,28-бет.
Осылайша ішкі қақтығыста Әз Жәнібек Әбілхайырды біршама әлсіретеді.Соның әсерінен 1456 жылғы Көк Қашан түбіндегі Үз Темірмен болған шайқасқа баяғы ру-тайпа көсемдерінің бар болғаны 17 ғана қатысып,Әбілхайыр жаудан жеңіліп, сағы сынады.
Әз Жәнібек қанды қырғынға қатыспағандарды «енді бастарыңа зауал туады» деген сөздермен ұйытып, Асан Қайғыны ұраншы ете отырып, Моғолстанға көшуге көндіреді.Олардың артынан ізбе-із қуа шығуға Әбілхайырда қауқар болған жоқ.Әуелде не боп, не қойып жатқанын түсінбейді, жағдайды білгенде бәрі кеш екенін біледі.12 жылдан кейін, алдына сап қойдай қуалап әкелуге сырнайлатып-кернейлетіп, сап құрып шыққанда қапияда жантәсілім етеді…Арада тағы 12 жыл толмай жатып, бүткіл иелігі «Қазақ хандығының» құрамына өтеді.
Кезінде Әбілхайыр Әмір Темір иелігіндегі елдерге ықпал етіп,хан тағына Әмір Темірдің екінші ұлы Мұхаммедтен туған Мираншах мырзаның баласы Әбусейітті қуғында жүрген жерінен алдыртып,Самарқанның алтын тағына отырғызды.Осы еңбегіне Ұлықбектің Жошының тұқымынан алған Шахарбек атты бәйбішесінен туған Рабиу (Рабиға)-Сұлтан-Бегімді Әбілхайырға ұзатады.Оның күмбезі қазіргі таңда Түркістанда,Әзірет сұлтанның мавзолейінің алдында тұр.
Әбілхайыр ханның дүниеден өтуі туралы да хикаят жеткілікті.Оның бір тармағын белгілі қаламгер Ілияс Есенберлин «Алмас қылыш» романында былай өрбітеді: «Кенет тағы бір хабар жетті.Бұл жолы жақсылық хабар болды.Қырық жылдай бүкіл Дешті Қыпшақ, Мауереннахр, Қорасан, Үндіні тітіреткен Әбілхайыр хан о дүниеге сапар шегіпті. Бүкіл атақ, алтын тақ, Шығыс елінің тең жартысын жылатып отырып жинаған дүние-қазына ұлы ханның өмірін ең болмаса бір күнге созуға жарамапты.Есіл ер Жейхун мен Сейхун дарияның ортасындағы етрақ (сары далада) жеті күн кезекпен күйіп-жанып ақыры қайтыс болыпты. Шірік талдай сарғая бастаған денесін ыстық күнге бұзылып кетпесін деп, Бахтияр баһадүр мен Қарашың батыр бал толтырылған алты құлаш астауға сап, Созақ мединасына алып келіпті.Бұл шаһар қазақтардың қолында болса да, өлімге дауа бар ма,алтын сырмен атын жазып, арнаулы қара мәрмәр тасынан мазар ойып,құрметтеп жерлепті»(270-бет).
Бұл ,әрине,шындыққа жанаспайды, әдеби болжам деуге келеді.
«Әбілхайыр ханның Қазақ хандығының құрылуына, Жәнібек пен Керейдің билігінің нығаюына бөгет жасауға ұмтылуынан ештеңе шыққан жоқ. 1468 жылы қыста Әбілхайырдың Жетісуға жасаған жорығы оның өліміне байланысты үзілді»(«Бахр ал-асрар,л.132 -133 бб.МИКХ,с.358-361. Ахмедов Б.А. «Государство кочевых узбеков,с.149).
Яғни, оқиға қыстың көзі қырауда болған.Екіншіден, оқиға Жейхун мен Сейхун дариясының ортасындағы «етрақта» емес, Жетісу жерінде өткен.Егерде оқиға шынымен-ақ Жейхун(Әмудария) мен Сейхун(Сырдария) аралығында өтсе, Әбілхайырдың денесін несіне қарт Қаратаудың теріскейіндегі Созаққа апарып әуре болады? Ал Әбілхайырдың денесі шын мәнінде Сығанақ қаласында жатыр.
Қадырғали Жалайыридің «Жамиғ ат-тауарих» кітабының 53-бетінде мынадай дерек бар:«Абылхайыр Ташкент, Түркістан өлкейтінде патша еді. Оның қабыры Сығанақта тұр…».)(«Обаған»,Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев. Оразмамбет кітапханасы.23-бет).
«Алмас қылыш» романындағы «Бұл шаһар (Созақ) қазақтардың қолында болса да, өлімге дауа бар ма, алтын сырмен атын жазып, арнаулы мәрмәр тасынан мазар ойып, құрметтеп жерлепті» дегендегі сөздер де шындыққа келіңкіремейді. Себебі Созақты дәл сол 1468 жылы Әбілхайырдың өзі тағайындаған Бахтияр сұлтан билеп тұрған болатын. Міне,қараңыз: «1470 жылдың қысында Түркістанға әскерлерімен «Керей хан жау боп келді»(Таварих-и гузида-йи нусрат –наме,л.95 б.Шайбани-наме,л.4 б.МИКХ.с.19-20, 99-100), «Ал қазақ ханы Жәнібектің балалары сұлтандар Махмұд пен Еренші Созақ пен Сауранды алды» («Қазақ ССР тарихы». 2 -том,270-бет).
Демек осыдан Әбілхайыр Жетісуға жасаған жорығы кезінде кенеттен қаза болып, Сығанаққа барар жолда біршама уақыт Созаққа «аманатқа» жерленгенін байқаймыз.Мұны Созаққа, Бабай Түкті Шашты Әзізге әкеле жатқанда Едігені де бір жаз Ұлытаудың шыңына сақтағанынан білуге болады.
Ал романда сөз болатын «бал толтырған алты құлаш астау» – ол Әмір Темірдің денесін Отырардан Самарқанға апарарда қолданылған…Оны қолдану тәсілі мынадай: өлген адамның тәнін үстіне қойған сәт,ол өз салмағымен біртіндеп бата бастайды.Барған жерде сумен шайқап жібергенде, сол қалпы бұзылмаған күйде шыға келеді.Себебі бал ешқандай ауа өткізбейді.
Әбілхайыр ханның үстіне күмбез тұрғызылған, бірақ бірте-бірте құрдымға айналған Сығанақ қаласымен бірге көзден ғайып болыпты.
Тарих тағылымнан тұрады.Мәселе бір адамды елден аластағанмен әңгіме бітпейді.Темүжинді әкесі өлген соң жұртқа тастап кеткендер кейіннен қатты өкінген.
Қазақта «Іздеушісі бар ма екен?!» – дейтін тосын әрі сыры терең сөз бар.Бұл болмаса, тарихта қалуың екіталай. Сол себепті ұстаз өзіне отбасы мүшелерінен бөлек шалымды шәкірт даярлауға тырысады.Қаламы ұшқыр қаламгерлер халқын қуат көреді.Жиған мал-мүлкіне сенетіндер де бар. Осы ретпен талдау жасағанда, Дешті Қыпшақ мемлекетін 40 жыл уысында ұстаған осы Әбілхайырды әзірге керек қылатын ешкімді көріп отырғанымыз жоқ.Мысалы Шағатайды ең болмаса «Шағатай тілі» іздейді. Шыңғыс ханды қазақ ете алмай қапа боп жүргендер қаншама… Едігені «Ер Едіге» атты сұлу да сырлы жыры тұрғанда ескермеу есі кеткеннің ісі болады.
Бір кереметі сол,Әбілхайыр заманынан бір ұлы ескерткіш қалған.Ол Созақта, «Ақбикеш мұнарасы» деп аталады.Ол туралы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» кітабында: «Бір топ қуғыншы Әділ шаһты таулардың ішінен (қарт Қаратау) іздеп,ақыры Ақ Сума(Ақсүмбе) деген жерден ұстап, өлтірді. Ақсүмбе Қарашық тауына (Қаратау) бағана тәріздес етіп салынған қарауыл қарайтын төбе.Осы жерден Дешті-Қыпшақ даласын бақылап отыратын…» (88-бет).
Бұл – атақты Алты Алаштың ардағы атанған Сұлтанбек Қожановтың туған,кіндік қаны тамған жері.Зәуімен жол түсіп бара қалсаңыз, батыс жағындағы биікке көтерілесіз.Жауған жаңбырдан, соққан желден морып құлауға айналған «Ақбикеш мұнарасына» сұқтана қарайсыз.Дешті-Қыпшақ дәуірінен қалған жалғыз жәдігерге жолыққаныңызды жан-тәніңізбен сезінесіз.Қиялыңызға қанат бітіп, қай-қайдағыны ойлай бастағаныңызды білесіз.Әрине, көз алдыңыздан қазақ мемлекетін қалай болғанда да тарих табалдырығынан аттатқан Әбілқайыр хан бейнесі көз алдыңыздан көлбең қағып өте шықса, әжеп емес…