Астана гүлденіп, Алматы айтақырға айналып бара жатыр

Астана гүлденіп, Алматы айтақырға айналып бара жатыр

Астана гүлденіп, Алматы айтақырға айналып бара жатыр
ашық дереккөзі
359

Осыдан 17 жыл бұрын елордамыз Алатаудың баурайынан Арқаның төсіне қоныс аударғанда Елбасымыз Қазақстанның бас қаласын жасыл желек көмкерген орман қалаға айналдыру туралы жоспарымен бөліскен еді. Президенттің бұл мақсатына сенгендерден гөрі күмәнмен қарағандар, қиял-ғажайыпқа балағандар көп болды. Бірақ аз ғана уақыттың ішінде Елбасының арманы ақиқатқа айналып, Астанамыз орман көмкерген, гүлмен кестеленген ару қалаға айналды. Саябақтар, жасыл дәліздер, қала айналысындағы жалпы аумағы 14827 гектарды құрайтын «жасыл белдеу» Астананың көкке ұмтылған әсем ғимараттарымен жарыса қаулап келеді. Бірақ бірі ақ, бірі қара алтынымен мәшһүр болған, біреуі аң-құсымен, бірі тау-тасымен танылған еліміздің өзге өңірлері жасылға бай дей алмаймыз. Оталған орман, өртенген тоғай, көктемей қалған көшет, қураған саябақтардың саны еселеніп барады.

Астана гүл-қалаға айналып келеді

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың айналасындағы «жасыл белдеудің» даму барысымен танысып, орманды алқапты әуеден тікұшақпен шолып шыққаннан кейін жылдар бойы төгілген тердің зая кетпегенін, болашақ ұрпаққа аманат болып қалар теңдесі жоқ байлыққа қол жеткізгенімізді айтты. «Бір кездері біздің жоспарымызға күмәнмен қараған еді. Бірақ біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды. Орманда арнайы жидек ағаштары отырғызылып, аң-құс пайда болды. Егілген ағаштар елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына қажетті жағдай туғызып отыр», – деді Президент.

Елорданың «жасыл белдеуін» ұл­ғай­ту жұмыстары одан әрі жалғаса бер­мек. Алға қойылған мақсат – 2020 жылға қарай оның көлемін 100 мың гектарға жеткізу. Межелі уақытқа дейін «жасыл белдеу» аумағындағы жұмыстарды үш бағытта жүргізу көзделген: қалыптасқан зоналар алаңындағы көшеттерді көбейту, қала шекарасындағы бос аумақтарға ағаш көшеттерін отырғызу, демалыс аумақтарын жасау.

«Жасыл белдеудің» жедел дамуына екі жылдан соң бас қаламызда өтетін айтулы шара – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің де айрықша үлесі бар екенін айта кеткен жөн. Қазір қала айналасындағы орманды алқаптың аумағы 15 мың гектарға жуық болса, 2017 жылы 32 мың гектарға жеткізілмек. Яғни ЭКСПО кезінде қаланың 71 мың шақырымды құрайтын жалпы аумағының 40 пайызы табиғи парктер мен орман-тоғайлардың еншісінде болады.

Бас қаланың жасыл қорын қалып­тастыру мен күтуге жауапты мекеме – 65 жылдық тарихы бар «Астана-Көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамы. Алғаш рет 1950 жылдың қазан айында Ақмола қаласында жол құрылысын, саябақтар мен гүл бақтарын салу және күту жұмы­сымен айналысатын жол және көгал­дандыру кеңсесі болып құрылған кәсіпорынға жүктелген бүгінгі міндетті бұрынғымен салыстыруға да келмейді. Өйткені бұрын облыс орталығы болған қаланы көгалдандыратын коммуналдық шаруашылық пен бүгінгі егемен елдің елордасын абаттан­дыратын шаруашылық арасындағы жауап­кершілік жүгі жер мен көктей. «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ-тың басқарма төрағасы Жарқын Жұмағұловтың айтуынша, қазір Астанадағы 9 саябақ, 81 гүл бағы, 2 желекжол, жалпы аумағы 445 гектарды құрайтын барлығы 92 жасыл нысан осы кәсіпорынның қамқорлығында. Шаруашылық қызметкерлерінің міндеті – 336 мың түп ағаш және бұталарды, 144 шақырым көгалды, 662 гектар көгал алаңдарын және 170 мың шаршы метр гүлзарларды күтіп-баптау.

Арқаның құбылмалы ауа райы көшет біткеннің көктеуіне қолайлы дей алмаймыз. Сортаңдау топыраққа кез келген ағаштың тамыр жайып, жай­қалып кетуі қиын. Сондықтан бұл өңірге егілетін жасыл желектер, ағаш және гүл түрлері табиғат талаптарына сай мұқият таңдалады. Бұл міндетті атқару үшін «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ құрамында екі орман тәлімбағы жұмыс істейді. Жалпы көлемі 349,5 гектар аумақты алып жатқан бұл тәлімбақтар посткеңестік кеңістіктегі осы мақсаттағы ең ірі орталықтың бірі саналады. Бүгінде онда 39 түрлі ағаш-бұта тұқымы өсіріледі. Солардың ішінде бұрын-соңды Арқа даласына тамыр жайып көрмеген 16 ағаш-бұта және гүл тұқымы жергілікті жағдайға жер­сін­діру арқылы елордада өндірістік ауқымда өсіріле бастады. Олардың қатарында ұсақ жапырақты жөке, үшкір жапырақты үйеңкі, долана, болле терегі сияқты ағаштарды, қызыл бүр­ген, ақшатыр, раушан сияқты гүл­дер­ді атауға болады.

Соңғы 10 жыл ішінде Астанаға 1 миллион түптен астам ағаш көшеттері мен бұталары отырғызылған екен. Биылғы жылдың жоспары – 5086 дана ірі өлшемдегі ағаш көшеттерін отырғызу. Межелі мақсатқа қол жеткізу үшін «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып, тал егуді жалғастыра бермек.

Астананың орман-тоғайын, гүл­зары мен бау-бақшасын санамалап, мақ­тана түскіміз-ақ келеді. Еркімізге салса, өзге аймақтардағы оталған орман­дарды, бүгінде орындары қап-қара күлге айналған кешегі сұлу тоғай­ларды қайта еске түсіріп, жанға бат­қан жараның аузын тырнамай-ақ қойсақ дейміз. Бірақ жасылы азайып, тынысы тарылған өлкеде өмір сүретін адамның да, жан-жануардың да болашағы бұлыңғыр екенін ойлайсың да, көзді жұма салуға қақың жоқ екенін түсінесің.

c1z6zHuI

 Алматы айтақыр болып барады

Бір кездері ит тұмсығы батпайтын ну ормандардың қазір құр елесі ғана қалған. Әсіресе, елдегі орман алқабының қырық пайыздан астамын алып жатқан Алтай аймағы мен қайыңы мен терегі көз қызықтырар солтүстік облыстардағы орман көз алдымызда құрып, жойылып барады. Еліміздің эколог мамандары қанша рет дабыл қақса да, табиғатқа жанашырлық танытуға келгенде әлі де селсоқпыз. Басқаны жылы жапсақ та, кешегі күнге дейін талайды жасыл желегімен баураған Алматының жасыл желексіз қалуына жол беруге болмайды. Соңғы 5 жылда ару қаламыздағы ағаштың саны 100 мыңға азайғанын біреу білсе, біреу білмес. Өткен жылы Алматы қаласы әкімдігі таратқан мәліметке сүйенсек, 2010 жылы Алматыда 1 470 000 ағаш болса, қазір 1 360 000 түп қалған. Егер осы қарқынмен жалғаса беретін болса, 60 жылдан соң Алматы ағашсыз қалуы мүмкін екенін болжап та қойды мамандар. Қазірдің өзінде экологиясы сын көтермейтін қаланың 6 онжылдықтан кейінгі тірлігін елестетудің өзі мұң. Мәселен, бүгінде Алматы ауасының құрамындағы оттегінің үлесі 17 пайызға әзер жетеді екен. Экологтардың шырылдайтындайы бар. Өткен жылы белгілі эколог Мэлс Елеусізов қалада шамамен 30 мыңнан астам ағаш кесілгенін, оның салдары қандай болғанын айту үшін бірнеше ақпарат құралының есігін қақты. Оның: «Алматыда Кеңес Одағы кезінде егілген ағаштың жартысынан азы қалды. Кесілген ағаштың орнын толтырып жатыр ма, жоқ па – оны ешкім бақыламайды. Норма бойынша оталған бір ағаштың орнына он ағаш егу керек болатын. Бұл норманы үнемі бақылап отыратын болса, Алматының айналасы қазір орман болып кетер еді», – дегені есте. Расында да, «қаладағы ағаштардың 80 пайызы 125 жылдық тарихы бар ескі ағаштар, оларды бағалы тұқымды ағаштарға алмастыру қажет» деген желеумен Алматыда ағаштарды жаппай отау жиі белең алып кетті. Кесілген ағаштың санынан жаңыла қоймаспыз, бірақ оның орнына қанша көшет егілгені, қаншасы көгеріп, нешесі қурағаны туралы ақпарат сараң.

Солтүстік Қазақстан облысының сыңсыған қайыңды орманын да балта ұстағандар кезгіштеп жүр. Өткен аптада жасыл желек жаппай оталды деп жергілікті тұрғындар «КТК» арнасынан жәрдем сұраған болатын. Орманды жаңғырту үшін жалға алған компания аймақты көгертумен емес, керісінше 3 жыл бойы ағаш кесумен айналысып келеді екен. Тіпті соңғы кезде кесілген бөренелерді тасып үлгермей жатқан көрінеді. Орманды отап жатқан «Углежог» серіктестігі келісім бойынша жасыл желекті жаңартулары керек. Яғни 1 гектар кессе, 2 гектар ағаш отырғызуға міндетті. Алайда, 3 жыл қатарынан жұмыс істеген мекеме бүгінге дейін қара жерге бір көшет қадамаған. Шабылған жерге ағаш өзі шығады деп міз бақпай отыр екен. «Бір тал кессең, он тал ек» деген ата-баба өсиетін ұмытқан сияқты. Жергілікті билікке шағымданғанымен, тұрғындар Айыртаудың баурайындағы қайыңды орманды қаскөйлерден құтқара алмапты. Құзырлы органдардан күдер үзген солтүстікқазақстандықтар енді бұл серіктестік өкілдерімен сот залында сөйлеспек.

Оталған ағаш отынға ғана жарайды

Еліміздің түкпір-түкпірінде аяу­сыз оталған ормандардың пайдаға асқаны, бір үстел, болмаса бір жапырақ қағазға айналғаны некен-саяқ. Ағаш шикізатының біздегі жағдайын әлем елдерімен салыстыруға келмейді. Мәселен, Канада жылына 227 млн. куб орман кесілсе, соның тек 2 пайызы ғана сапасыз болып шығады екен. Ресейлік орманшылар отаған 180 млн. куб орманның 30 пайызы, Швейцарияда кесілген 6 млн. куб орман-тоғайдың 1,5 пайызы ғана іске жарамсыз екен. Ал Қазақстанда оталған 200 мың куб ағаштың 70 пайызы отынға айналатын көрінеді.

Шығыс Қазақстанның ағаш өңдеу, жиһаз және орман ассоциациясының президенті Владимир Резановтың айтуынша, бүгінде жартылай шіріп кеткен ағаш ешкімге де қажет болмай қалған. «Шенеуніктер ағашты сатуға тыйым салсақ, оны сақтап қаламыз деген жаңсақ пікірде болды. Қазір бармақтарын тістеп отыр. Еуразиялық эконо­микалық қауымдастық комиссия­сы өткен жылдың наурызында бұрын жария­ланған мораторийді алып тас­тады. Енді кез келген ағаштан жасалған есік-терезелерді сыртқа шығаруға болады. Бірақ бізде шекара асыратын да ештеңе қалмады. Өйткені қолда бар ағаштың бәрін ауру меңдеген. Кезінде бір ғана Шығыс Қазақстанның өзінде 400-ге тарта ағаш өңдейтін кәсіпорындар болған. Қазір соның тек алтауы ғана қалды. Алтаудың тек үшеуі ғана барынша өңдеуге қабілетті. Мәселен, орман шаруашылығындағы әлемдік державалардың бірі – Финляндияда 1 куб дайын өнім үшін 1,2 куб шикізат жұмсалса, біздегі ағаш сапасыз болғандықтан, кемінде 2,5-3 куб ағаш жұмсауға тура келеді», – дейді Резанов.

Тілсіз жаудың тырнағы батты

Қазақстандағы жасыл аумақтың күрт қысқаруына себепкер болған тағы бір фактор – орман өрттері. Ресми деректер 2013 жылмен салыстырғанда 2014 жылы орман өрті 2,5 пайыз артқанын көрсетті. Яғни 2013 жылы 108 орман өрті болса, былтыр 250 өрт тіркелген. Ең сорақысы, олардың басым көпшілігі табиғат аясында демалушылардың салғырттығынан тұтанған. Тілсіз жау келтірген шығын көлемі 20 миллион теңгеден асып жығылыпты.

Орман өртінен, әсіресе, шоқ-шоқ қайыңы мен терегі көз қызықтыратын Арқа төсі көз аша алмай тұр. Өткен жылы Ақмола облысында жүздеген гектар орман алқабы отқа оранды. Облыстық төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, Ақкөл ауданында болған ірі өрт өңірге орны толмас шығын әкелген. Найзағай ұшқынынан тұтанған алау әп-сәтте 141 гектар жерді шарпып, 95 гектар қалың орманды тып-типыл еткен болатын. Төтенше жағдай өрт сөндірушілері мен көмек қолын созған ерікті адамдар 10 мың гектарға жуық алқапты ғана тілсіз жаудың тырнағынан аман алып қалды.

Былтырғы тілсіз жау дендеген кезеңде Қостанай облысында 26 орман өрті тіркеліп, 969 гектар жер қара өртеңге айналған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, өрт қаупі бар кезең басталысымен облыстық жедел штаб, дала, орман өрттерінің алдын алу және оны жою жөніндегі қалалық және аудандық штабтар құрылып, өрттің алдын алу, төтенше жағдайларда өртті ауыздықтау жөнінде көптеген жұмыстар жүргізілген. Алайда, аймақта табиғи өрттің саны да, одан келетін шығын да азаймаған. Далалық алқаптарда 264 рет от тұтанып, 1919 гектар жердің қу шөбі жанған. 2013 жыл мен 2014 жылдың деректерін салыстырған мамандар бір жыл ішінде орман өрті 1,8 пайызға, ал ағашы жанған алаңның көлемі 38 есеге ұлғайғанын анықтады. Ал орман алқаптарының өртінен келген шығын 3 есе көбейіпті.

Қай облыста қанша өрт тіркеліп, орманды алқаптың қанша қысқарғаны, жергілікті бюджетке қанша шығын келгені туралы табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануға жауапты мекемелер жыл сайын, жыл сайын емес-ау, тоқсан сайын есеп беріп отырады. Орманды өрттен қорғау үшін қолға алған шараларына сын болар деп, төтенше жағдайлардың бірін айтып, бірін жасырғанның өзінде, ұсынған деректері көңіл қуантарлық емес. Табиғаттың аянышты халін қайта-қайта еске салып, жүректі ауырта бергенше, кейде шенеуніктердің Отаршиев сияқты есептен жаңылып қалғаны да жақсы ма деп қаласың. Жуырда ғана бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан ОҚО табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұхит Отаршиевті айтып отырмыз. 12 маусым күні ол «Оңтүстік» ақпарат орталығында ағымдағы жылдың бес айында атқарған жұмыстары бойынша есеп берген болатын. Облыста орманды алқап аумағының 2800 гектарға артқанын, ағымдағы жылдың 5 айында орманды өрттен қорғау шаралары күшейтілгенін ауыз толтырып айтқан басқарма басшысы журналистің «Биылғы жылы қанша орман өрті тіркелді?» деген сұрағына келгенде мүдірген. «Жалпы орман өрті азайған. Алдағы жылдармен салыстырғанда орман өрті едәуір азайған. 2014 жылы бізде жалпы 6 орман өрті орын алған. Ал 2013 жылғы мәлімет есімде жоқ. Бірақ қателеспесем 2013 жылмен салыстырғанда 30 пайызға кеміген болуы керек. Ал биылғы деректерді алмаппын», – деп кібіртіктепті Отаршиев. Басшының өз саласына қатысты маңызды ақпараттан бейхабар болуы журналистердің де, жергілікті тұрғындардың да наразылығын тудырды. Ашуға жеңдірген жұртқа: «Жаны ашымастың жанында бастарыңыз ауырмасын» дегіміз келді еріксіз.

Науқаншылдық пен енжарлық

Оталған орман, өртенген тоғай, қуарған тал-дарақтың орнын толтырудың, түрлі газдармен ластанып, адамның денсаулығына қауіп төндіре бастаған ауаны тазартудың, оның құрамындағы оттегі үлесін арттырудың бір ғана жолы бар – жас шыбық отырғызу. Көктем шығысымен еліміздің барлық қалалары, ауыл-аймақтары осы шаруаға белсене кіріседі. Аймақ басшылары бастап, тұрғындар қостап, жаппай ағаш егу науқанының көрігін қыздырады. Еңбектеген балаға да, еңкейген қартқа да бір-бір шыбықтан ұстатып, егіс алаңына алып барады. Атқарылған ауқымды шаруа елеусіз қалмасын, бірі қағазына, бірі бейнекамерасына жазып алсын деп журналистерді де шақыртады жан-жақтан. Барамыз. «Пәлен ағаш егілді, түген адам қатысты» деп мақтаймыз, мақтанамыз. Бірақ байғұс шыбықтар жерге шаншылған күннің ертеңіне-ақ ұмыт болады. Оның қаншасы жапырақ жайып, саялы ағаш болғаны, қаншасы қурап, нешесі малдың азығына, нешесі отынға айналғаны ешкімді қызықтырмайды. Тіпті өңірлердегі көгалдандыру жұмысымен айналысатын мекемелер де егілген тал-дарақты күтіп-баптауға, табиғаттың тосын мінезінен, адамның қаскөйлігінен, малдың аранынан қорғауға енжар. Бұқаралық акция, бір мезеттік науқанның ойдағыдай өтуін ғана көксейтіндіктен шенділер ағаштың жергілікті жерде өсімтал түрін таңдауға, желектің тез бой көтеруіне қолайлы орын мен уақыт белгілеуге де бас ауыртқысы келмейтін сияқты. Өңірдің экологиясына жаны ашымаған күннің өзінде бюджеттен бөлінген қыруар қаржының ысырап болмауын неге ойламайды? Әр шыбық – ақша, төгілген тер. Әлде оның сұрауы жоқ па?

Бұл кесел еліміздің барлық өңіріне тән. Сондықтан аймақтардағы әріптестердің осы тақырыпты қозғамағаны кемде-кем. Жуырда «Егемен Қазақстанның» Солтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі Нұрсайын Шәріптің мақаласын көзім шалып қалды. «Ағаш егу еріккеннің ермегі ме?» деп қойыпты тақырыбын. «Қыршынынан қиылған» жас өскіндердің қайда, қашан, қалай егілгеніне дейін көрсеткен. Бірер мысал: «Биыл жазғытұрым К.Сүтішев көшесіне, нақтырақ айтсақ, Мир көшесімен қиылысатын жердегі “Самовар” дәмханасынан “Рахмет” сауда үйіне дейін ардагерлердің қатысуымен бірнеше түп ақ қайың егілді. Әрбір ағаштың арақашықтығы 2 метрге жетер-жетпес қана. Жапырақтары жаңа ғана шыға бастаған ағаштардың бұтақтары қазірдің өзінде бір-біріне тиюге жақын тұр. Акция аясында егілген ағаштар ертең-ақ өспей ме?! Сол кезде қалай болады? Бұл мәселенің бірінші жағы ғана. Екіншіден, ағаштар, басқа жер құрып қалғандай, электр және телефон байланысы желілерінің дәл астына егілген. Соңыра бойлап өскен кезде оларды тағы да Абай көшесіндегі қайыңдардай шолтитып кесіп тастамақ па?», – дейді журналист. Жас өскіндердің ертеңіне тілші де, тұрғындар да алаң. Сол көшеттерді бірнеше жыл аялап өсірген тәлімбақтың еңбегі ақталса, қазына қаржысы желге ұшпай, шыбықтардың «бағы жанса», суықта пана, ыстықта сая болар мәуелі ағашқа айналса деп тілейді. Біздікі де сол тілек.

Серіктес жаңалықтары