А.Мұхамедиұлы: Қазақ хандығы туралы сериалға демеуші қажет

А.Мұхамедиұлы: Қазақ хандығы туралы сериалға демеуші қажет

А.Мұхамедиұлы: Қазақ хандығы туралы сериалға демеуші қажет
ашық дереккөзі
497

Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақ хандығы туралы сериалдың айналасындағы байбаламды басу үшін БАҚ-қа мәлімдеме жасады. BNews.kz порталының студиясында өткізген онлайн конференция барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі жоба үшін бөлінген қаржының неліктен жетпей қалғанын түсіндірді. «Былтыр болжамдық жоспар құрып, алдымызға Қазақ хандығы туралы он сериялы телехикая түсіру мақсатын қойған едік. «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы 1 млрд 120 млн теңгенің сметасын құрып, режиссер Рүстем Әбдірашев, продюсер Арман Асенов, сценарийст Смағұл Елубаев бастаған түсірілім тобы осы жұмысқа кірісіп кетті. Мен, әрине, бұл шығармашылық топты жақсы сыйлаймын. Олар түсірілім жұмыстары бір павильонның айналасында, белгілі бір ғимараттарда жүзеге асатын, тарихи оқиғалармен, монологтармен сүйемелденетін жай ғана телесериал емес, ауқымы әлдеқайда кең сапалы көркем фильм түсіргілері келеді», – дейді ведомство басшысы. А.Мұхамедиұлының айтуынша, бастапқыда жобаны «Қазақ хандығы қашан құрылды?», «Керей мен Жәнібектен кейін болған хандар кім?» деген сияқты сұрақтарға жауап ұсынатын танымдық оқу құралы ретінде қолданылатын деректі материал етіп түсіру жоспарланыпты. Бірақ шығармашылық топ тар шеңберден шығып, үлкен көркем фильм түсірмекші екен. Ауқымды дүниенің шығыны да шаш-етектен. «Қазақфильм» ұсынған жаңа смета бойынша қосымша 1 млрд 125 млн теңге қажет екен. Бұл сома бөлінген қаржыдан екі есе артық. Қаражат тапшылығы қос бүйірден қысып тұрса да, министр БАҚ-ты «масқара, түсірілім жұмыстары тоқтап қалыпты» деп байбалам салудың негізсіз екенін ескертті. Оның сөзіне сенсек, «Қазақ хандығы туралы фильм түсіруге қаржы жеткіліксіз» деген ақпарат оған демеуші тарту мақсатында таратылған. «Талқылау кезінде, 5 млн. долларды құрайтын бюджеті олардың көздеген декорацияларын құруға, жарқын костюмдер тігуге, «массовкадағы» әскердің сауыт-саймандарын әзірлеуге жетпейтіні айтылған болатын. Сондықан олар қоғамның көмегіне жүгініп, демеушілер тартуға бола ма деген ұсыныс айтты. Мен, әрине, келісім бердім. Сондықтан, «Қазақ хандығы туралы фильм түсіруге қаржы жеткіліксіз» деген мәлімдемелері оған демеуші тарту мақсатында жасалған болуы керек деп ойлаймын», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Министр жобаның ұлт тарихы үшін маңызы зор екенін айтып, қалталы азаматтарды түсірілім тобына қаржылық қолдау көрсетуге шақырды. Фильмге демеуші іздеу жұмысына өзі де белсене кірісіп кеткенге ұқсайды. Демеуші табылмаған жағдайда министрлік өндірістегі кей жобаларды уақытша тоқтатып, оларға бөлінген қаржы осы сериалға бағыттамақ. Ведомство басшысы мерейтойға арналған туынды қайткен күнде де өз мерзімінде дайын болатынына сендірді.

Серіктес жаңалықтары