Балқаш аз жылда Аралдың кебін кимек

Балқаш аз жылда Аралдың кебін кимек

Балқаш аз жылда  Аралдың кебін кимек
ашық дереккөзі
250

Экологтар осылай дейді

Ертіс пен Ілеге ауыз салған қытайлардың кесірінен Балқаш пен Зайсан көлдері құрғап, Алатаудағы мұздақтардың 95 пайызы еріп кетуі мүмкін. Қазақстанның өзге аймақтарында ауызсу тапшылығы туындап, Балқаш Аралдың кебін киеді. Бұл қатердің алдын алу үшін Қазақ үкіметі тез арада Қытаймен келісімге келуі тиіс.

Қазақстанға экологиялық тұрғыда қауіп төнген сияқты. Өйткені мамандар пікірінше, Балқаш көлі таяуда Арал теңізінің кебін кимек. Сондықтан қазақ үкіметі Іле мен Ертіс өзендерінің суын тиімді пайдалануды реттеу туралы келісімге келмесе, жағдай қиын. Бұл алдағы 10-15 жылда Алматыға су тапшылығын тудырып, Орталық Азия аймағын да тығырыққа тірейді. ЭКОСОС экологиялық жобасының жетекшісі Бақытжан Базарбектің айтуынша, аспанасты елінде Іле мен Ертіс өзендерін Батыс Қытайдағы ауыл шаруашылығы жұмыстарына пайдалану жүзеге асырылуда. Осы мақсатта ұзындығы 300 шақырымға созылатын Қара Ертіс – Қарамай мен Қазақстанның негізгі су көзінің бас жағынан су қоймалары, плотина мен Су-электр стансасы салынуда. Қытайдың Іле өзеніне қатысты жоспары тағы бар.

Эколог мамандар Іле мен Ертіс суын басқа арнаға бұру аса қауіпті екенін әу бастан айтып келеді. Мысалы, Б.Базарбектің пікірінше, «Шекарааралық Іле мен Ертіс өзендерінің суы сарқылса, Балқаш пен Зайсан көлдерінің арнасы кебуі мүмкін. Сондай-ақ «Іле Алатауы» Ұлттық табиғи бақтағы, Жоңғар Алатауы мен Тарбағатайдағы ормандардың жойылып кетуіне әкеп соғады». Әлбетте, айтып келгелі тұрған апаттың зардабы ормандардың жойылуымен шектеліп қойса жақсы. Өйткені егер Балқаш қайықтары қайраңдап қалған Аралдың кебін кисе, Алматы халқының басына да бұлт үйірілмек: көлдің суы тартылып, түбіндегі мыңдаған тонна тұз Алматы мен Шығыс Қазақстан облысының аумағын түгел жаппақ. Тұзды боранның кесірінен Алматы қаласы мен Алатаудағы барлық мұздақтарды 95 пайызға ерітуі мүмкін.

Егер ол аз десеңіз, «Су ағындары Алматыны Жер бетінен мүлде жоқ қылып жіберуі ғажап емес» (Б.Базарбек).

Осылайша, егер Алматыны су шайып кетсе, солтүстік өңірдегі Ертіс-Қарағанды каналының есебінен ауызсуға қарық боп отырған Қарағанды, Теміртау, Екібастұз қалалары сусыз қалады. Қазірдің өзінде сарапшылар судың азайып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Ал Қара Ертіс – Қарамай жобасы толық іске қосылғанда, қытайлардың суды тұтыну қарқыны бес есеге дейін артпақ. Демек, Өскемен, Павлодар мен Семей халқы ауызсусыз қалады. Кенезесі кепкен Ертістің суы тізеге дейін күрт төмендейді.

Ертіс өзенінің проблемасы энергетикалық дағдарысқа ұласады. Өйткені суы сарқылған өзен Бұқтырма мен Шүлбі су-электр стансаларының жұмысын тоқтатпақ. «Өкінішке қарай, Қытай әлі күнге 1992 жылғы Шекарааралық су ағындарын қорғау және пайдалану туралы Халықаралық конвенция мен 1997 жылғы Халықаралық конвенцияға қосылған жоқ. Қазақстан мен Қытай арасында шекарааралық өзендерді пайдалануға қатысты 4 келісім бар, бірақ суды жинауға қатысты ережелер ол құжаттарда көрсетілмеген. Бақытжан Базарбектің айтуынша, басты түйткіл: аталған келісімдерді екіжақты түсінуге болады. Оның үстіне, өзіне келгенде өгіз қара күйісі бар Қытай Қазақстанның мүддесін ескеруге аса құлшына қоймасы белгілі: «Қабылданатын келісімдерден нәтижеге қол жеткізу үшін үшінші жақ – Ресейді тартқан жөн. Әрі Ертістің суалуы Ресейге де қатысты. Обь өзеніне келіп құйылатын судың 80 пайызы Ертіс жақтан жетеді. Саяси тұрғыда қытайларға ықпал етуге де РФ қауқарлы. Екіншіден, шекарааралық өзендер түйткілін Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде талқыға салу қажет. Бұл мәселе ұйым кездесулерінде көтеріліп жүрген жоқ». Осылайша, эколог мамандардың кейбіреуі Қазақстан, Ресей мен Қытай арасындағы көпжақты келiсiмдердi қабылдауға кеңес береді. Бар қиындық аспанасты елінің шекарааралық өзендер мәселесiн реттеуге қатысты басты құжат – халықаралық конвенцияны («Шекарааралық өзендер ағысы мен халықаралық көлдердi қорғау мен қолдану жөнiндегi хельсинкилік конвенция») қабылдамаудан шығып отыр. Егер құжат қабылданса, кез келген шекарааралық өзендi пайдалануда сол өзенге қатысы бар тараптар тең құқыққа ие болады, сонымен қатар олардың әрқайсысының мойнына жүктелетiн мiндеттерi айқын көрсетiледi және тараптардың барлығы өз мiндеттерiн орындауға заң бойынша мәжбүр болады. Сарапшылар өндірісі ерекше қарқынмен дамып келе жатқан Қытай Халықаралық конвенцияны мойындауға құлықсыз екенін айтады. Соңғы жылдары орталықазиялық аймақтағы Сырдария мен Әмудария өзендерiнiң су қорын пайдалануда да мүдделі тараптар арасында дау-дамай жиі туындап жүр. Мысалы, бір кездері Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстаннан су-энергетикалық ресурстарын сатып алудан бас тартқан болатын. Бұл қырғыздардың су қоймаларындағы су қорының шамадан тыс артуына әкеп соғып, Қазақстанның оңтүстiк аймақтарын су басу қаупi төндi. Дау барысында қырғыз ағайындар да қарап қалмады, Қырғызстанға тасымалданатын жанар-жағар майға жеңiлдiктерді талап еттi. Қырғыздар қит етсе, Тоқтағұлдың суымен қорқытуға құмар қазақ бауырларын.

Ауызу тапшылығы мен экологиялық апаттардың алдын алу ортақ Су-энергетикалық консорциумын құрумен жүйеленсе керек-ті. Бұл суға қатысты туындайтын мемлекетаралық дауларды реттеуге және шешуге мүмкiндiк береді. Өкінішке қарай, ЕурАзЭҚ шеңберiнде осы жобаны iске асыруға Қазақстан қанша құлшынса да, өзге серiктес мемлекеттер мүдделi емес. Кезінде өзбектердiң ЕурАзЭҚ құрамынан шығатыны туралы мәлiмдемесi де консорциум құруға деген талпынысты орындатпай тастаған. Есесiне, кейбiр мәлiметтер бойынша, су тапшылығы күннен күнге артып келе жатқан Қазақстандағы су қоры соңғы 50 жылда 20 млрд. текше метрге дейiн аза­йыпты. Әрі шекарааралық өзендер суының сапасы туралы ақпараттар алмасу мәселесi де қанша жылдан берi кейiнге ысырылып келедi. Кенезесi кепкен Арал теңiзiндегi су қорын көбейту, сақтау және тиiмдi пайдалануға қатысты орталықазиялық 5 мемлекет арасында келiсiмдер де жасалмады. Халықаралық және отандық сарапшылар қауымы шекарааралық өзендер суын халықаралық құқық пен өзара ынтымақтастық қағидаларына сүйене отырып, пайдалану мәселесiн орталықазиялық мемлекеттер тез арада шешiп алмаса, су дауы ушыға түсетінін ескертіп отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары