Домбыра ұстаған қос қазақ
Домбыра ұстаған қос қазақ
Өткен жылдың аяғында Бішкекте және туған жері Ыстықкөл облысында қырғыздың әйгілі халық сазгері, күйші-қомызшы Қарамолдо Орозовтың 130 жылдық мерейтойы белгіленді. Оған қатысты іс-шаралардың аясында Қырғыз ұлттық кітапханасында сазгердің өмір жолын бейнелеген құжаттар және суреттер көрмесі де ұйымдастырылған болатын. Осы көрмедегі суреттердің ішінен көзіміз топ адамдардың арасында домбыра ұстаған екі кісіге түсті.
Біреуінің Кенен Әзірбаев екенінде дау жоқ. Бұл суреттер қырғыздың белгілі музыка зерттеушісі, Қырғыз Республикасының халық әртісі Балбай Алағұшовтың жеке мұрағатынан алынғандықтан, біз Балбай ағадан екінші кісінің кім екенін сұраған едік. Өкінішке қарай, ағамыз оның кім екенін тап басып айта алмады. «Койчубаев па екен, бірақ, фамилиясының «К» әрпінен басталатыны анық», – деді жарым ғасырдан астам қырғыз ұлттық өнеріне зер салып жүрген ғалым. Суреттегі кісіні 1934 жылы өмірден озған атақты әнші Әміре Қашаубаевқа да ұқсастыра алмадық. Оның үстіне зерттеуші айтқан жылға да сәйкес келмеді.
Ғаламтор арқылы іздестіріп, домбыра ұстаған екінші кісіні тапқандай болдық. Бірақ ғаламторда оның суреті жоқ екен. «Смағұл Көшекбаев. 1904 жылы туған. Жауынгер-композитор, домбырашы. КСРО композиторлар одағының мүшесі. Ұлы Отан соғысында, 1945 жылы Германияның Торн қаласындағы шайқаста қаза тапқан. Дәулескер күйші Дина Нұрпейісованы ел арасынан та-уып, үлкен сахнаға алғаш алып шыққан азамат». Смағұл Көшекбаев 1940 жылы Мәскеу консерваториясының жанындағы қазақ студиясының композиторлық курсын бітіріпті. Атап айтсақ, Қарамолдо Орозов та осы жылдары Мәскеудегі консерваторияда ұлттық аспаптар бойынша композиторлық курста оқыған. Балбай Алағұшовтың айтуынша, бұл сурет 1940 жылдары Мәскеуде түсірілген. Сол жақ шеттегі қомыз ұстаған Қарамолдо Орозов. Ортадағылар С.Виноградов пен Н.Шукман. Олар курстың мұғалімдері болса керек. Оң жақ шеттегі қырғыздың тағы бір атақты күйшісі Атай Ооганбаев. Сол жақта тұрғанды Балбай аға біле алмады. Ортада тұрған Кенен Әзірбаев. Оң жақ шетте тұрған – біз жорамалдап отырған Смағұл Көшекбаев. Интернет мақалаларының кейбірінде аты Ысмағұл деп те жазылыпты. Мүмкін, бұл сурет қазақстандық өнертанушылардың қолында бар да шығар. Олай болса,төрелігін айта жатар. Суретке байланысты дүдамал жайт туындамай қоймайды. Бұл Кенен Әзірбаев қатысқан 1936 жылғы Қазақ мәдениетінің Мәскеудегі күндерінде түсірілген сурет емес пе? Жоқ, әлде, Кенен Әзірбаев 1940 жылы да Мәскеуге барған ба? Сурет Фрунзеде (Бішкекте) де түсірілуі ықтимал. Дүлдүл ақын Кенен Әзірбаев Фрунзеге талай рет ат басын тірегені мәлім. Ал енді Смағұл Көшекбаев туралы олай деп айту қиын.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»
Қырғызстандағы тілшісі