Исламдық құқық һәм халықтық ғұрып

Исламдық құқық һәм халықтық ғұрып

Исламдық  құқық  һәм  халықтық  ғұрып
ашық дереккөзі
515
Дөңгелек үстелге жиналғандар осы жайында ой бөлісті
 

Бүгінде қоғамда діни жоралғыларға байланысты түрлі әңгіме көбейіп кетті. Тіпті ежелден қанымызға сіңісіп кеткен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға да тыйым салатын діни ағымдар төбе көрсете бастады. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Шынында, қазақ халқының ілкіден келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы қате ме? Жақында бірқатар дінтанушы ғалымдар «Дін және дәстүр» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізіп, жоғарыдағы сауалдарға жауап іздеді.

Мұхан Исахан, дінтанушы:

– Былтыр «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданып, Әбу Ханифа мәзһабын ресми мойындадық. Оны Елбасының өзі тілге тиек етіп, айқындап берді. Біз сол бағытта діни ұстанымның дамитынын көрсеттік. Қазақтың салт-дәстүрімен қоса ұстанатын діни көзқарасының бар екенін айтты. Біз әрқашан жат діни ағымдарға дәстүрлі ислам деген ұғымды қарсы қоямыз. Дәстүрлі ислам деген ұғымды қалай түсінуге болады? Рахымжан Әкімбеков, «Нұр» Қазақ Египет Ислам университеті прорек­торының діни істер жөніндегі көмекшісі: – Дәстүрлі ислам тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болған термин. Дәстүр – қазақтың тіліне, санасына сіңген нәрсе. Оның дәстүрлі ислам деп айтылуына себепкер болған нәрсе – қазақ мұсылман болғалы бері Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Қазақ руға, жүзге бөлінсе де, еш уақытта дінге бөлінбеген. Кеңестік үкімет үстемдік құрғанда біз дінімізді жақсы білетін сауатты адамдардан айрылып қалдық. Жаңа қоғам, исламға деген жаңа бетбұрыс пайда болды. Біреу Сауд Арабиясында, біреу Мысырда, тағы біреу Түркияда оқып, оқыған білімін алып келді. Әрқайсысы өзінікін дұрыс деді. Тіпті біреулер жат ағымды қазақты ыдырату үшін әдейі әкелді. Сол еліміз тәуелсіздік алған жылдары әртүрлі ағымдарға есік ашылып, өз арамызда келіспеушіліктер туындай бас­тады. Дәстүрлі ислам – бағзыдан ата-бабамыз ұстанған дін. Дәстүрлі қазақтың санасына сіңген исламдық бағыт. Неге біз соны әрі қарай жалғастырмаймыз? Дәстүр – Құранға, сүннетке сәйкес келсе, ислам еш уақытта салт-дәстүрге қарсы шықпайды. Сондықтан да салт-дәстүр бізбен өмір бойы өмір сүріп келеді. Қайрат Құрманбаев, «Нұр» Қазақ Египет Ислам университетінің докторанты: – Қоғамда әртүрлі ағымдардың, идеологияның кең тарауы дәстүрлі ислам деген сөз тіркесінің шығуына себеп болған шығар. Екіншіден, кез келген қоғамның салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болатыны заңдылық. Бұл Алла Тағаланың даналығының, құдыретінің паш еткен көрінісі. Бұл Құранда да айтылады. «Адамдарды халық етіп, тайпа-тайпа қылып жараттық» дейді. Яғни, әр түрлі халықтардың, ру-тайпалардың болуы заңдылық. Осы заңдылыққа сәйкес, әрбір халықтың өзінің ұлттық ерекшелігі, салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының болуы да заңдылық іспеттес. Әр ұлттың, халықтың ерекшеліктері қалыптасқаннан кейін оған қарсы шығу Алланың заңдылығына қарсы шығумен тең. Қазіргі таңда қоғамда, ислам мен салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты бір-біріне қарама-қарсы қойып жатқан түсініктер бар. Ал біздің сан ғасырлар бойы ата-бабамыз ұстанып келген діннің негізінде салт-дәстүрге қарама-қайшылық болмаған. Яғни, біте қайнасып бүгінге жетті. Алайда кейбір түрлі бағыттар салт-дәстүрдің тамырына балта шауып, келеңсіз жайттарға себеп болуда. Мұхан Исахан, дінтанушы: – Жақында Дін істері агенттігінің құрамындағы Исламтану орталығының зерттеушісі Тимур Козырев «Дәстүрлі Ислам деген не?» деген сұраққа: «Осы уақытқа дейін бұған аузы-мұрны бітеу нәрсе сияқты жауап беріп келдік. Бұл ислам мен шаманизмнің қосындысы», – дейді. Бұған келісесіздер ме? Кеулімжай Құтты, «Иман» журна­лының жауапты хатшысы: – Шынында да, тарихта ата-бабаларымыз дінді қабылдағаннан бері ешқашан өзара бөлініп, соғыспаған. Өкінішке қарай, егемендік алғаннан кейін шетелде білім алып келген жастар әртүрлі ағымдарды сіңдіре бастады. Біз бөлшектенуге сәл қалдық. Былтырғы қабылданған заң негізгі ұстанатын жолымыз Әбу Ханифа екенін көрсетті. Дәстүр мен ислам бір-бірінен ажырағысыз дүние. Мұхан Исахан, дінтанушы: –Дәстүрлі ислам мың жылдан астам уақыттан бері келе жатыр. Оны салт-дәстүрмен шатастыруға болмайды. Екінші мәселе – біздің мәзһәбтың ішінде жеті қайнар көз бар. Соның бірі – руф. Араб тілінен аударғанда жақсы әдет-ғұрыптар деген мағынаны білдіреді. ХІХ ғасырда шығыстанушы Радлов 6 мың шақырым аймақтағы ұлан-ғайыр жерді мекендеген қазақ халқының ойлау жүйесінің, өмір сүру ерекшеліктері мен ғұрыптарының бірдей екенін айтып, таң қалыпты. Әрине, бұл біздің рухани біртұтастығымызды көрсетеді. Әбу Ханифа мәзһабы – әлемдегі мұсылмандардың басым көпшілігі ұстанатын бағыт. Мысырдың мүфтиі елімізге келген сапарында «Әлемде төрт мұсылманның үшеуі Ханафи мәзһабын ұстанады» деді. Ханафи мәзһабында да аймақтық, ұлттық ерекшеліктерге байланысты бір-біріне ұқсамайтын жерлері бар. Осыған орай ғалымдар да әр түрлі пәтуа берген. Біз қандай Ханафи мәзһабын ұстануымыз керек? Орта Азияда Ханафи мәзһабы қоғамдық институт ретінде қалыптасқан. Көптеген ғалымдардың еңбектері Орта Азияның ерекшеліктеріне қарай жазылған екен. Түркияның кітапханасында 20 томдық пәтуалар жинағы бар. Тіпті мұндай жинақ Үндістан мұсылмандарында да бар. Қайрат Құрманбаев, «Нұр» Қазақ Египет Ислам университетінің докторанты: – Ханафи мәзһабы бойынша мұсылман жастардың арасында түсініспеушілік бар. Оны ислам дінінен бөлек бағыт ретінде қарастырады. Сахабалардың көзі тірісінде өмірге келген Әбу Ханифа мектеп қалыптастырып, теологиялық мәселеге қалам тартқан шығар. Алайда, мұсылман мектебінің аясында нағыз мүштәһит ғалымдар топ жарды. Ислам діні – өміршең дін. Әр қоғамның талаптарына жауап беру үшін әрбір салада бірнеше ғалымдар шықты. Араб әлемінде ислам құқығы негіздерін зерттеген ғалымдар докторлық диссертация жаза бастады. Олар ғұрыпты да ғылыми тұрғыдан қарастыруда. Зайырлы құқықтанушылардың қоғамға, сол кезеңге арнайы шығарып кеткен пәтуаларының аясы кең. Бұл адам мен адамның қарым-қатынасын зерттейді. Ислам құқығы дегенде көбінесе ғибадат жағын айтамыз. Мұның аясы кең. Оны ислам егжей-тегжейлі қарастырған. Мәселен, исламда «әуретіңді жап» дейді. «Қызыл, қара, көк киім ки» демейді. Адал ас іш дейді. Кез келген нәрсені жіпке тізу, нақтылау жағдайды қиындатады. Құранда «ғұрып» сөзі 56 жерде келген екен. Сол себептен тек Ханафи мәзһабы ғана емес, барлық ғалымдар да құқыққа негізделген. Көп жағдайда адам арасындағы қатынасты реттеуде ғұрып мәселесіне назар аударған. Орта Азиядан шыққан бір ғалым өзінің трактаттарында әдет-ғұрыпқа 70-тен астам бет арнаған. Демек, Ислам – жаратылыс діні. Хақ дін адамның жаратылысына қарсы келмеген. Мұхан Исахан, дінтанушы: – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ислам дінін насихаттай бастаған кезде қоғамдық қатынастарды реттейтін нормаларды енгізді. Хақ елшісі арабтардың ескі салт-дәстүрінің барлық заңына төңкеріс жасаған жоқ. Шірікке жетелейтін, күпірлікке әкелетін салт-дәстүрлерге ғана тыйым салды. Біздің Ханафи мәзһабында ғұрыпты дінге қайшы келетін және дінге қайшы емес салт-дәстүр деп екіге бөлген. «Салт-дәстүр исламға қайшы келмесе, оны Исламның ғылымы ретінде қарастырыңдар! Оған өзгерту не тыйым жасамаңдар. Оны үкім ретінде біліңдер!» деген. Сол сияқты қазір «беташар – шірік», «бесік той дінде жоқ», «құдалықтың өзі дұрыс емес» деп дау шығаратындар көбейді. Мұны қалай реттеуге болады? Рахымжан Әкімбеков, «Нұр» Қазақ Египет Ислам университеті проректордың діни істер жөніндегі көмекшісі: – Әбу Ханифа мәзһабында пәтуа аймақтық ерекшеліктерге байланысты болады. Неге біз кейбір мәселеде келіспеушіліктерді көбейтіп алдық? Мұның барлығына мамандардың аздығы себеп болуда. Бұрын идеологияны жүргізген адамдар өте сауатты болған. Олар хикметпен жұмыс істей білген. Шариғатта тыйым салмаған нәрселердің бәрін істеуге болады деді. Қазір «Ислам дәстүрінде сәлем салуға болмайды» деп айтқан адамдардың өзі діннен хабары жоқ. Елбасы дәстүрлі исламды дамыту керек деп айтты. Бұл теріс ағымдардың көзін құрту, тамырына балта шабу деген сөз. Ежелден келе жатқан құран оқыту, жетісін, қырқын өткізуге қарсы болып жатқандарды бір үстелдің басына шақырсаң, келмейді. Мұны неге сүйеніп айтты? Олардың сауатсыз екендігін көрсетуіміз қажет. Жалпы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Кеулімжай Құтты, «Иман» жур­налының жауапты хатшысы: – Заңы­мызды белгілеп алдық. Енді Әбу Ханифа мәзһабын кеңірек оқытатын болсақ, адасқандар жол табар еді. Исламның жеті қайнар көзінде – әдет-ғұрыпты басшылыққа алсақ, беташарда тұрған ештеңе жоқ. Ол үлкенге құрмет емес пе? Осындайда мың жылдан бері атам қазақ ақымақ болды ма деген сұрақ тауады. Әлде, діннен хабарсыз болды ма? Сол заманда да беташар, сәлем салу, басқа да әдет-ғұрыптар болды. Әлі күнге оңтүстіктің қазақтарында бұл әдет-ғұрып пен салт-дәстүр сақталып қалды. Сәлем салған келін «Бақытты бол!» деген бата алса, бұл да дұға ғой. Мұхан Исахан, дінтанушы: – Кез келген жаңа діни ағым өзін мойындату үшін алдымен бұрынғы келе жатқан құндылықтарды жоққа шығарады. Сол үшін радикалды діни ағымдар қазақтың рухани құндылығын қабылдамауға тырысады. Қайрат Құрманбаев, «Нұр» Қазақ Египет Ислам университетінің док­торанты: – Қайнар көз – әдет-ғұрыпқа ешкім қарсы шыға алмайды. Барлық ескі кітаптарда бұл мойындалған. Құран, сүннет әу бастан бірауыздан келісілген қайнар көз. Қоғамда әдетке айналып кеткен, дін түгіл адамның болмысы қабылдамайтын әдет-ғұрыптар бар. Шариғатқа қайшы келмейтін әдет-ғұрыпты ешкімнің мойындамауға хақысы жоқ. Күнделікті өмірде неке отбасына, өлімге байланысты орындалып отырған әдет-ғұрыптар, амалдар, іс-әрекеттер ниетке тәуелді. Біріншіден, біздегі сәлем салуда ешқандай діни сипат жоқ. Бұл жәй ғана құрмет. Іріткі салушылардың дәл осылай үкім шығаруға хақысы жоқ. Бұл өте жауапкершілікті талап етеді. Екіншіден, дін мамандары пәтуаны ауызша емес, ғылыми тұрғыдан зерттеп, жолға қою керек. Бізде діни пәтуалар жинағы жоқ. Бұл келесі ұрпақ үшін керек дүние. Егер сүйенетін ғылыми еңбек болса, бұл мәселе екінші рет дауға айналмайды. Мұхан Исахан, дінтанушы: – Заң ғылымында құқықтық тәрбие деген бар. Мемлекет зайырлы болғандықтан діннің нәзік мәселелеріне араласа алмайды. Мұнымен қоғамдық институттар айналысуы керек. Оны кім шешеді? Мүфтият, ғалымдардың бірлескен ортасы, әрбірден соң сіз бен біздің міндетіміз. Мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін көптеген формалар бар. Біз 1992 жылы заң қабылдағанда жалпақшешей формасын таңдап алдық. Діни ағымдар бір қоғамда өмір сүрсе де, бірақ олар қай кезде де бірін-бірі терістейді. Бұл қоғамның тыныштығын бұзады. Қазір соның зардабын тартып, таяқ жеп отырмыз. Әдетте мемлекет өзінің халқының басым көпшілігі сенетін діни бағытқа қолдау білдіруі керек. Алайда, бұл жүйеге бірден өтіп кетуге Қазақстанның ахуалы көтермейді. Ол үшін діни қауым қалыптасуы керек. Өкінішке қарай, бізде діни элита да қалыптасқан жоқ. Кейбір бейресми деректер бойынша, діни сайттарды тұрақты түрде 50 мың адам пайдаланады екен. Бірақ осыншама адамды бірден жазалау мүмкін емес. Қоғамдық институттар құқықтық тәрбие беруді қолға алу керек. Кез келген шындық іздеген адамды дұрыс жолға салуға болады. Рахымжан Әкімбеков, «Нұр» Қазақ Египет Ислам университеті проректордың діни істер жөніндегі көмекшісі: – Біздің діни элита қалыптасып болғанша, әр топтың артында қолдаушылар көбейеді. Былайша айтқанда, екінші Пәкістанға айналамыз. Өзім Мысырда білім алдым. Олар да теріс ағымды дамытып алды да, аяғы төңкеріске әкелді. Яғни, оны құрту оңай шаруа емес. Қайрат Құрманбаев, «Нұр» Қазақ Египет Ислам университетінің док­торанты: – Түсіндірме жұмысын жүргізу үшін элита қалыптасуы керек. Халық құлақ асатын көшбасшылар керек. Өзбекстанда да осы мәселе болды. Саяси жағынан қысым жасалды. Арнайы көшбасшылар шығып, халықты аузына қаратты. Бір тұлға шықса, ел сенетін еді. Динара Мыңжасарқызы: – Қазір теолог-ғалымдар дайындайтын оқу орындары көбейіп жатыр. Алайда, біз маман жетіспейді деп жатамыз. Ал сол діни білім алғандардың көбі қайда кетіп жатыр? Мұхан Исахан, дінтанушы: – Жоғары оқу орнын бітірсе де, бакалавриат дәрежесіндегілер ешқандай пікір айта алмайды. Магистратураны бітірген түлектер де ғылымның табалдырығын енді аттағандар. Исламтану бойынша докторантура енді ғана ашылды. Оның өзінде оған он ғана орын берілді. Білімді әрі білікті діни ғалымдар көбеюі үшін көп орын бөлінуі керек. Шетелде ғылымды, тілді терең меңгеруіне жағдай жасау қажет. Бізде діни кітапхана қалыптаспаған. Шетелдің кейбір кітапхана қорында 1 млн.-дай кітап бар. Біз шетелдің әдебиеттеріне зәруміз. Ал сол кітаптарды оқымасаң, элита деңгейінде қалыптаса алмайсың. Қазір мемлекет дінді зерттеуге арнайы гранттар бөліп жатыр. Оның тақырыбын көрсеңіз, күлкің келеді. Көбі қоғамдағы мәселелерді қанағаттандырмайтын тақырыптар. Сол грантқа ие болып жатқандар кімдер дейсіз ғой?! Төл дініміздің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген азаматтар емес. Сондықтан грантты қоғамдағы тартысты мәселелерге және сол саланың нақты мамандарына бөлу керек сияқты.
Дайындаған Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары