Білмір сөздің шешені

Білмір сөздің шешені

Білмір сөздің шешені
ашық дереккөзі
1403
Марқұм академик Зейнолла Қабдолов хақында

Сонау бір жылдарда арманы биік, өмірдегі өз орнын таңдауға ұмтылған әрбір жас жеткіншектің жүрегіндегі аялаған сыры Қазақ ұлттық университеті деген атаумен астасып жататын. Көкірегі ояу әрбір жас сол қасиетті қарашаңырақта оқып жүргендігін қиялға бергісіз түсінде көрсе, өңінде оны бір сәтте естен шығармайтын. Әсіресе мектепті аяқтауға таяп қалған тұста бұл үдей түсіп, есті алатын еді. Бізде сондай күйді бастан өткердік. Өскен ауылымызда «жазу-сызу» жағынан атақты адамдар жоқ болса да, жасымыздан әдебиетті сүйгендіктен соның айналасында боламыз-ау дегенді әу бастан-ақ шешіп қойғанбыз. Жұрттан жасырып, бірдеңелерді шұқылап қоятынымыз және бар. Ол басқаға жарамаса да, аудандық газетте анда-санда жарық көріп қалады. Соған да мәзбіз. Бірақ негізгі діттегеніміз ұстаздық. Содан болар ҚазМУ-ге арман жетелеп келгенде, біраз нәрсенің басын шалып қалған жайымыз бар-тын. Нақтылай айтсақ, ҚазМУ-ге түскенде сонда сабақ беріп жүрген 4 ұстаздың еңбегімен таныс болып келгенбіз. Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев, Рымғали Нұрғалиевтің кітаптары болатын.

Зекеңнің «Әдебиет теориясының негіздері» атты жоғары мектепке арналған оқу құралы біз мектеп бітірер 1970 жылы қолымызға түскен-ді. Әдебиет пен әдебиеттанудың бүге-шігесін түсіндіретін еңбек іздегенге сұраған дегендей өзіне бірден баурап алды. Бірте-бірте басқа кітап бір төбе, бұл кітап бір төбе екенін іштей сезіне бастадық. Әрине, бәрін бірден түсіне қалдық десек, өтірік болары хақ. Бірақ ғылыми еңбектің көркем әдебиеттей өзіне ерекше қызықтырғаны шындық. ҚазМУ атты қасиетті қарашаңырақтың ғалым-ұстаздың кітабы арқылы өзіне бұрынғыдан да тарта түскені жасыра алмас шындық болатын. Түрлі себептерге байланысты мектепті аяқтағаннан соң көп жылдан кейін арман болған ҚазМУ-дің табалдырығынан аттадық-ау әйтеуір. Онда да «дайындық курсы» атты алғашқы баспалдағы. Біздің бағымызға қарай өзіме ең сүйікті әдебиет пәнінен қазақтың біртуар қызы Алма Қыраубаева сынды асыл ұстаз сабақ беретін болып шықты. Жас ұстаз жанын салып үйретуден жалықпаса, біз үйренуден қашпадық. Алма апай дана ұстазымыз Зейнолла Қабдолов тауып айтқандай «Өз жанын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын» ұстаз-тын. Сол жылдары ол кісі көбі біраз жыл жұмыс істеп келіп, қарайыңқырап қалған «қитабан» ауыл балаларының ұлы сөз өнерінің қыр-сырын меңгеруіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Алма апай оқытқан алты ай ішінде, сабақтағы тиісті сұраққа жауап бердік, берілген тақырып бойынша ғылыми жұмысқа тартылып, өзімізше тұңғыш ғылыми ізденісімізді жасадық, шығармашылығымызға қатысты алғашқы қолжазба жинағымызды шығардық. Ақын-жазушылармен бірнеше кездесулер өткіздік. Кездесу демекші, «дайындық курсындағы» алғашқы кездесуіміз Зейнолла Қабдоловпен болғаны жадымызда жатталып қалды. Оқу басталғанына біраз уақыт өтіп, өз-өзімізге келе бастаған тұста Алма апай кімдермен кездесуді қалайтынымызды сұрады. «Әр кәллада бір қиял» дегендей, ананы-мынаны айтып жатырмыз. Тіпті біреулер ешкім білмейтін жақындарын атап қалды. Біз берген тізімде кімдер жоқ дейсің. Академик Марғұланнан бастап, Оралханға дейінгі аралықтағы танымал тұлғалар жүр. Апай тізімді сараптай келе, бізге бір кісінің атын атап, сол кісімен кездесуге қалай қарайсыздар деген ұсыныс тастады. Ол Зейнолла Қабдолов еді. – Мына тізімдегінің кемі жоқ. Бәрі де кездесуге тұратын тұлғалар. Бірақ біз алғашқы кездесуді профессор Зейнолла Қабдоловтан бастайық. Неге екенін білмедім, Сіздер ол кісіні тізімге енгізбепсіздер. Ал нағыз кездесетін жан сол кісі. Ол кісі – «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтіндей адам. Ақын десең ақын, жазушы десең жазушы, ғалым десең ғалым, ертең Сіздерге әдебиеттанудың ең қиын салаларының бірі – әдебиет теориясынан дәріс оқитын ұстаз. Сондықтан ол кісіні сырттай ғана біліп қоймай, жақсы танып, ой бөлісіп, сыр ашысып алғандарыңыз жөн. Оның үстіне дайындықта тек филологтар, журналистер ғана емес, тарихшылар, заңгерлер, басқа да мамандық иелері оқиды, олар Сіздердің қандай ұстаздан білім алатындарыңызды біле жүргені жөн. Сондықтан кездесуге Зейнолла ағайды шақырайық, – деді апай бізге. Келісілген күні Зейнолла ағайды қазақ тілінен сабақ беретін Мырзатай (Серғалиев) ағай мен Алма апай қарсы алып, біз жиналып отырған дәрісханаға ертіп келді. Алғаш көруіміз. Келбетті кісі екен. Кейін қарай жатқыза тараған, сәл-пәл қылаң ене бастаған қалың шашы, жарқыраған кереқарыс маңдайы, аясы кең, аласы мен қарасы үйлесім тапқан, сынай қарағандай көрінетін ой тұнған жарық жанары, етегі сәл кеңдеу маңдайдан тіке түскен биіктеу қырлы мұрын, үнемі әдемі жымиыс танытып тұратын жымдасып келген еріндері кең келбеті мен ашық жүзінен сондай бір жарасымдылық табады екен. Ортадан жоғары бойлы, мығым денелі, маңғаз жанның кеңпейіл болмысын осынау көрікті келбеті айқындап тұрғандай. Таңдана да таңырқай қарап отырдық. Кездесуді Алма апай жүргізді. Ағайды таныстырып, сөз берді. Зекең бірден отырған жұртты өзіне баурап алып, кемерінен асқан кемел ойлар ағысының тереңіне тарта жөнелді. Көсемдік те, шешендік те бір бойынан жарасым тапқан ұстаздың сол кездесудегі жүзі әлі көз алдымда. Сөз тиегі ағытылған сайын ол бірте-бірте асқақтап бара жатқандай еді. Ойдан ой туғызып, түйсінуден тұжырым жасап, тұжырымнан түйін түйіп, сөзбен сөзді түртіп оятып, бейнелі сөзді мың құбылта ойнатып, айтар ойдың ажарын ашып, әсерлі етіп жеткізеді екен. Шынын айтқанда, Зекең сөйлеген сәтте бейне бір сырлы саз тыңдап отырғандай әсерде боласыз. Бірде алыстан шалып, ой тұңғиығына шым батырса, бірде санаңа жарқ еткізіп сәуле шашып, шуақты әзілмен жан жадыратып, ойлы толғамның жетегіне еріп, алыстап бара жатқан сені ортаға қайта қосады. Бәріміздің де Зекеңе дейін өлеңді дәл солай керемет көркем оқуға болады деу ойымызда болмаса керек. Басқаны қайдам, сол күнге дейін менің ұғымымда өлеңді тек әртістер ғана әдемі оқиды деген ой қалыптасқан-ды (Олжас, Мұхтарларды кейін көрдік қой). Зекең өзінің өмірі туралы естеліктерінде де, әдебиет, әдебиеттану ғылымы, шығармашылық лабораториясы жайлы сөз еткен тұстарында да ойын көбіне өлеңмен әрлеп, әсерлі жеткізеді екен. Әрбір өмір сәті, әрбір ой-танымға қатысты қаншама өлеңді жатқа біледі десеңізші! Зекең сол кеште сөз арасында оқыған Ғали Ормановтың: Аттанып ауыл анадан, Оқуға кеттім қалаға. Жабыла маған қараған, Жаутаңдай кеттім далаға. Жаман тұмақ, жалбыр тон, Жалпылдап кетті үстімде, Жанайын деген бір шырақ, Жалтылдап кетті ішімде – деген өлең жолдары сол күйі есімізде жатталып қалды. Өйткені бұл өлең жолдары Зекеңнің ғана бозұлан кезімен емес, біздің де сол кездегі жай күйімізбен астасып кеткен-ді. Зекең жүректегі сағыныш сазын тап басып, сағыныш уытын «жалтылдаған шырақпен» қайтарып еді. Кездесу шын мәнінде біз сияқты ауыл жас­тарына ауыз ашып, көз жұматындай қызықты өтті. Арасында өзіміз дайындаған концерттік бағдарламаларымызды ұсынып отырдық. Осындай үлкен залда, даңқты адамның алдында алғаш рет өнер көрсетіп тұрған «ұялшақ» әртістерді Зекең кейде әуезовшілеп, кейде «өзінше кетіп» (Зекең көп қолданатын тіркес), жан жұбанар жұмсақ сөздермен көтермелеп отырды. Ол кісінің құптауын естіген сайын біздің жігіт-қыздар қызына түсті. Кездесуге ҚазМУ-дің біздің алдымызда ғана «дайындықта» оқыған қыз-жігіттері де келген екен. Араларындағы Аманхан Әлімов сынды жанып тұрған талантты жас ақындары өлеңдерін оқып, Зекеңді бір серпілтіп тастады. Бір сәт кезек сұрақ-жауапқа да берілді. Жазбаша берілген сұраққа ұстаз өте жауапкер­шілікпен қарап, әр сұраққа тиянақты жауап қайырды. Жауаптағы дерегі де, дәлелі де бір-бірімен айқұшақ табысып, арасынан қыл өтпестей бірлікте бүтін дүние болып ұсынылып жатты. Кейбіреулердей орағыта өту, айналып кету сықылды жатаберіс, жалтарма жауаптар кездеспейді. Әр ой орнын, әр сөз қиюын тауып, нені айтса да, біліп айтатын біліктілік пен зиялылық көзге ұрып тұр. Ұмытылмастай есте қалған бір жәйт. Зекеңе «Қазіргі жастардан қандай талантты таныдыңыз?! Кімдерден үміт күтер едіңіз?» деген сұрақ қойылғанда, ол кісі көп ойланбас­тан: «Соны мен дәл бүгін тауып тұрмын десем сенесіздер ме?! Ол мына менің талантты шәкіртім Аманхан. Өзі мен оқитын әдебиет теориясы пәнінен бестік баға алған еді. Бүгін міне, ақындығынан да менен бестік баға алып тұр. Осылардан үміт күтемін. Аманхан әлі поэзия биігінен көрінеді», – деді. Зал ду көтерілді. «Аққайың» атты өлеңін оқып, ұстаз алдында мерейі өскен Аманхан үшін біз де мәзбіз. Аманханда сірә да ес қалмаған болуы керек, орнында тыпыршып зорға отыр. Несін айтасыз, сол күн мәңгі есте қалды. Алғашқы рухани байыған күніміз болды бұл күн. Ол кезде қаптап жатқан фотоаппарат жоқ, сол кездесуден бір ғана сурет сақталып қалыпты. Зекеңді ортаға алып түскен екенбіз, көздің қарашығындай сақтап жүрмін. Жалпы, Зекеңнің шешендігі оның таби­ға­тын­дағы үш қасиетпен етене табысып жатады. Олар білімге тереңдік, ойға ұтқырлық, сөзге тапқырлық. Білімге тереңдік арқау болып отырған тақырыпты ашудың телегей теңіз кеңдігіне алып шықса, ойға ұтқырлық қажетті тақырып аясындағы танымның ойға сыншылдықтың тезіне шыдас берер беріктігін танытады, сөзге тапқырлық айтар ойды асыл сөздің алтын буына талғампаздықпен суарып, көркем ойды көрікті сөзбен мың сан құбылтып, жарқырата жеткізу. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы ғалымдық шешендікті «білмір шешен» деп атап, білмір шешенннің сырын былайша ашқан екен: «Осы айтылған мақсаттарға қарай шешен сөздің тілі уытты, лепті, әсерлі, қанды қайнатып, жүрек тулатып, естен айырып, ерікті алып кететін күшті, көрнекті, сәнді, мәнді тіл болады». Жалпы кейіннен аңғарған бір жағдай, Зекеңнің сөйлегені мен жазғанның арасында көп айырмашылық бола бермейтін. Сөйлеп тұрғанда, көркем образбен бейнелей айтқан әр сөзі тасқа басқан маржандай болып санаңда жатталып, «тас бұлақтың суындай сылдырлап» үндестік тапқан өңкей келісім кеудеге кеп қонақтап жатар еді. Зекең дәрісін тыңдаған уақытта жатталып қалған тағылымды сөздерден үзінді келтіре кетейін. «Қазақ әдебиеті – қазақ атаулының ғасырлар бойғы тағдыры мен талайының, тұрмысы мен тіршілігінің көркем шежіресі ғана емес, халықтық қасиеті, ұлттық пас­порты, адамдық һәм азаматтық келбеті – мүсіні мен мінезі, автопортреті». Бұл қазақ әдебиеті туралы толғаныс. «Қанатты кісі еді ғой, шабытсыз сөйлемейтін. Көл-көсір білім, ақыл-ой, шәкірттерін әлдебір абзал ой, асыл мұрат аясында әлдилеп, әлдеқайда алысқа, биікке көтеріп әкететін. Әр шәкірт сөз өнерінің қиян-қилы құпияларын танып, шетсіз, шексіз сыр мен сезімге маңып, аспандай кең әсемдік әлемінде самғап, парлап кете баратын». Бұл ұстазы Мұхтар Әуезов туралы тебіреніс. «Жақсы шығарма әрқашан жас, шебер игерілген тақырып қашанда маңызын жоймайтыны мәлім. Сондай-ақ ірі идеяға апарар тақырып ұсақ болмауы да мүмкін. Мысалға Шәңгерейдің «Ұршық» деген өлеңін алуға болады. Ұршық кәдімгі жіп иіретін ұршық. Осында не тұр? Түкте тұрған жоқ, ұп-ұсақ қана нәрсе. Ал оқып қаралық, өлең бір-ақ шумақ: Ағаш едің құрма өскен, Ұршық болдың шуда өскен. Бір қалыпта тұрмақ жоқ, Шығармалық мұны естен. Тамаша! Кішкене нәрседен ақын үлкен философия туғыза білген. Мұндай үлкен идеяға әкелген тақырыпты, әрине, ұсақ деуге болмайды». Бұл ақын-жазушы шығармасының басты ұстанымын танытатын шығарманың идеясы туралы тауып айтылған толғам. «Әдебиет – өнер. Өнердің түрі көп емес пе: кескін өнері (живопись), мүсін өнері (скульп­тура), сәулет өнері (архитектура), т.б. Ал әдебиет қандай өнер? Әдебиет – сөз өнері. Мүсіншінің құралы – саз, суретшінің құралы – бояу, әншінің құралы – үн, бишінің құралы – қимыл болса, әдебиетшінің құралы – тіл… Бейнелеу, сәулет, мүсін өнерлері затты, нақты болғанымен жансыз, қимылсыз, ал әдебиет кез келген шындықты қимыл, қозғалыс үстінде құбылта, құлпырта көрсете алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін – бар өнердің басы… десек, асырып айтқан болмаймыз. Қазақ халқының «өнер алды – қызыл тіл» деген білгір тұжырымы да тегіннен-тегін тумаған-ды». Бұл енді сөз өнері туралы танымның тарамы. Алты жылдан кейін «Сөз өнері» деген атпен Ұстаздың «Әдебиет теориясының негіздері» кітабының екінші басылымы жарық көрді. Кітап сондай әдемі болып шықты. Қоңыр түсті кітаптың сыртындағы алтынмен зерлеп жазылған Зекең қолтаңбасын танытатын «Сөз өнері» атты астарлы атауы білімнің алтынды қазынасына шақырып тұрғандай бедерлі де бернелі екен. Бәріміз кітаптың бір-біреуін сатып алып, ұстазымыздан қолтаңба алдық. Қолымыздан тастамаймыз. Бір күні сабақта отырып, Зекең оқып жатқан тақырыпты кітаппен салыстыра қалмасым бар ма?! Мұндай таңқалмаспын! Зекең кітаптың үтір, нүктесіне дейін жаттап алған сынды. Сонда ғана барып Зейнола Қабдоловтай дана ұстаздың «Сөз өнерін» үлкен жауапкершілікпен, «жүз ойланып, мың толғанып», әдебиет теориясының өзекті мәселелерін жан жүрегінің сығындысы етіп жазып шыққанына көз жетті. Сондықтан да ол ұстаз жадынан өшпестей орын алып, кез келген сәтте көз алдына келе қалар сананың сәулелі суреті болып сақталып қалған. Ұстаз өткен сабақтың бір тартымдылығы ол кісінің жадта сақтау қабілетінің аса жоғары деңгейде болуынан деп білем. Қолында түйір қағаз болмайтын. Теориялық тұжырымдарына қажетті мысалдарды, мейлі ол қарасөз, мейлі өлең болсын, жатқа айтатын. Әсіресе өлеңді жатқа өте көп білетін-ді. Және әдемі оқитын. Лекциясын мінберге шығып бастағанмен, шабыты келген сәтте аудиторияны айналып жүріп оқитын еді. Сол сәтте аудиторияда тек шыбынның ызыңы естілгендей тыныштық орнап, жүзінде нұр ойнаған ағайымыздың күмбірлеген қоңыр даусы жан-жүйемізді баурап алатын. Жанарымыз назарымыз сол кісіде болып, әрбір айтқан сөзі құс қанатындай сусылдап келіп кеудеміздің түкпіріне қонақтап жататын-ды. Сондай сәттерде Зекеңдік жалынмен оқылған, өзі аударған Назым Хикметтің : Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап. Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ! тақілеттес өлең жолдары айрықша бір құдіретке ие болып шыға келер еді. Күреске, жеңіске шақырғандай, ерекше рух беретін. Болашаққа, жарық күнге ұмсындырғандай, өмірдегі жақсылыққа, бақытқа жету өз қолыңда дегендей, арманның үміт отын жарқылдата жандыратын. Қадыр мен Қуандықтың (Шаңғытбаев) өлең жолдарын ой-танымның орамына айналдыруы ше. Табиғаттан бабамыз ала берген секілді, Дарқандықты қазаққа дала берген секілді. Кең тынысты тынымсыз желден алған секілді, Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді, – деп басталатын Қадырдың өлеңін шабыттана оқи келе: «Осы өлеңде халықтың тамаша қасиетін, табиғаттың өзіндей табиғи мінезін танытатын ірі идеяны автор жалаң уағызбен емес, өзінің шындықты суреттеу тенденциясымен ұқтырып отыр. Жақсы шығарманың идеясы тақырыптан тек қана осылай тумақ», – деп нақтылар тұжырымға түйін табатын. Болмаса: Күйдірген хан мен қазыңды, Күндеген талай патшалар Ұрлаттым алтын тәжімді! Қай жақтан табам бәтшағар? Жоғалды алтын балдағым, Салып ем көзін лағылдан, Қапа боп жанды қармадым! Қақты екен қандай қағынған, Күл-талқан болды шар айнам. Інжуден еді жиегі, Сұқтанған еді-ау талай жан! Өзегім от боп күйеді, Айырылдым алтын алқамнан, Жақұтпен үзіп, ойдырған. «Есік» деп жазған бар таңбам, – Көрдіңдер қайсы ой-қырдан? Пері боп ұшты ғашығым, Дертіне дәт қып төзбедім: Есігім – есіл асылым, Түскендей ағып көздерім!.. деп Қуандықтың шуақты өлеңін нәшіне келтіре оқи келіп: «Осы өлеңді оқыған адамның жан жүрегін тебіренте қалатын күш пен әсер ақын сәтті тапқан сұлу метафораларда жатыр. Әр шумақ есіктің өзі емес, әр түрлі балауын баптайды да жоқтайды: патшалар кие алмаған гауһар тәж бен лағыл көз балдақ, жиегі інжу шар айна мен жақұттан үзіп ойдырған алтын алқадан айырылу, шынында да, адамның іші күйгендей оқиға. Осының бәрін ақын сіздің ойыңызға ұлғайған метафоралар арқылы ұялата келіп, ең соңында «Есігім – есіл асылым, түскендей ағып көздерім», – деп аһ ұрғанда сіз де амалсыз күрсінесіз», – деп теориялық пікірді үлкен тебіреніспен жеткізіп, ойды мәңгілік ұмытылмастай қылып түйіндейтін. Асылы, Зекең шешендігінің құны осы сөз сиқырын ой-танымға меңгерткен эстеттік стильде жатыр. Шын мәнінде, Зекеңнің «білмір шешендігі» тілге тамсандырып, ойға өріс ашады, тілге еліттіріп, тұжырымға тұщынтады, тілге сүйінтіп, танымға табындырады. Жарқылы өткір сөз құдіреттің санаға түсірер сәулесі мол болмағына еш күмән жоқ… Мені бірінші курста Алма апай жетектеп әкеп Тұсынбек ағайдың ғылыми үйірмесіне қосқан-ды. Өзі ғылыми жетекшім болды. Тақырыбым «Біржан-Сара» айтысының зерттелуі» деп аталатын. Дайындық курсында берілген бұл тақырыпты әуелде алғым келмей, басқа бір «жөні түзу», атақтылау тақырып сұрап барғанымда Алма апай: «Өмірхан, бұл тақырыптың қызықты жайлары бар. Айтысты болды, болмады деген пікірталастар өте көп, бәрін салыстыра қарастырып, бүгінгі сол айтыстан хабары бар адамдардан дерек жинап, өз ойыңды білдірсең, ұтары көп болады», – деп ақыл-кеңес берген-ді. Кейін тақырыптың ішіне енген соң көп нәрсенің байыбына жетіп, өзім де ізденіске түсіп кеттім. Әсіресе ұстазымыз Ыбырайым Мамановтан көп жайтқа қанықтым. Осы тақырыппен үлкен конференцияға шықтым. «Студенттердің сәуір конференциясына» кафедра меңгерушісі ретінде профессор Зейнолла Қабдолов төрағалық етті. Мұндай жиынға алғаш қатысуымыз, көңіл күпті, ертерек баяндамамызды жасап кетсек деген ойда жүрміз. Сол күні жатақханада ақын Мұхтар Шахановпен кездесу өткізетін болғанбыз. Мен ұйымдастырушылардың бірі едім. Зейнолла ағайға жағдайымды жеткізіп, алғашқылардың бірі болып баяндама жасап кеткім келетінін айттым. Аға рұқсат берген соң баяндамамды жасап, ұстаздар қойған сұрақтарға жауап беріп, сынақтан өттім. Шіркін-ай, сол кездегі ұстаздарды айтсаңшы! Студенттер конференциясының төрінде Зейнолла Қабдолов, Бейсембай Кенжебаев, Тұрсынбек Кәкішев, Ханғали Сүйіншәлиев, Сейділда Ордалиев, Алма Қыраубаева сынды ұстаздарымыз отыр. Бәрі білгір де білікті. Әрқайсы өздері зерттеп жүрген дәуірдің белгілі мамандары болғандықтан, әр баяндама жан-жақты талқыланады. Осы кісілердей ұстаздыққа, ғылымға адалдықты кейінгілердің бойынан таба алмай жүрміз ғой. Олар студенттермен ерінбей, жалықпай жұмыс істеуші еді. Адал еңбектің адамдары еді ғой. Мен баяндамамды жасап болған соң, жиынның аяғын күтпей, кездесудің дайындығына кетіп қалдым. Кешке конференция біткен соң кездесуге курстасым Дос Көшім келді. Ол: «Ой, не дейсің, екеуміз айды аспанға бір-ақ шығардық. Бірінші курс болсақ та, бірінші, екінші орынды екеуіміз алдық, саған бірінші, маған екінші орын берді», – деді. Бірінші курстан төртінші курсқа дейін бәленбай студент қатысқан конференцияда бірінші, екінші орын алу шынында да үлкен табыс еді. Қуанышта шек жоқ. М.Шахановпен кездесуді өте тамаша өткіздік. Содан соң жеңісімізді «жуып» отырып, Достың әңгімесін тыңдадық. Оның айтуы бойынша, қанша дегенмен әр ұстаз өзі жетекшілік еткен шәкіртін алға тартады ғой. Сонда менің жұмысым жөнінде жетекшімнен басқа Тұрсынбек Кәкішев, Сейділда Ордалиев өте жақсы пікір білдіріпті. Қорытынды сөзінде Зейнолла ағай да көтермелеп сөйлеп, жоғары бағалапты. «Бірінші курстығына қарамай осы балаға бірінші орынды берейік, талабы керемет, біраз жұмыс тындырыпты, алдағы ізденістеріне жол ашайық», – деген ойларын алға тартыпты. Ұстазың солай бағалап жатса, қалай қуанбассың?! Ол кісі шынында да адалдыққа жығылып тұр. Әрине, ол конференцияға Зекеңнің өзі дайындаған студенттер де қатысқаны шындық, соған қарамай Зекең «Өзім дегенде, өгіз қара күшім барға» салмай, төраға ретінде әділеттің ақ жолынан айнымай әділдік көрсетіп тұр емес пе?! Бұны маған бірінші орын бергені үшін емес, жалпы әділ шешімнің иесі екендігіне куә болғандықтан айтып отырмын. «Қасым Аманжолов лирикасы» бойынша баяндама жасаған Дос Көшім жұмысының әділ бағалануына да Зекеңнің шарапаты тиді. Досты қайдам, өзімде сенім пайда болды, оны Алма апайым қуаттай түсті. Соның арқасында келесі жылы Республикалық конференцияда жүлделі орын алсам, екі рет Республикалық олимпиаданың жеңімпазы, бір рет Мәскеуде өткен бүкілодақтық студенттер олимпиадасының жеңімпазы атандым. Сөйтіп сол нәтижелердің арқасында ақыры Мәскеуге ауысып, МГУ-ді бітіріп шықтық. Ол кісімен әр кездесуің бір мереке болатын. Айналасына нұр шашып, бәрін өзіне үйіріп, ортаның берекесін кіргізіп отырушы еді. «Қайғыға жаны ашып келетін көп, біреу жылап келеді, біреу сынап келеді. Ал адамның қуанышына қуанбау, ол – қасіреттің зоры. Біреудің қуанышына қуанбаған адам – адамның қоры», – дейтін-ді Зекең. Бұл сөздерде айтар ақылдың асыл мәйегі жатқан жоқ па? Ауыздан шыққан сәтінде-ақ әр адамға ой салатын толғам бұл. «Алатау» телеарнасында штаттан тыс редактор бола жүріп, Зекеңе «Ұлағатты» түсіру жайымен кездескен тұсымыз 86-ны өткізген аласапыран 1987-нің күзі болатын. Елдің еңсесі түсіп, енді не болар деп елеңдеп жүрген кез еді. Зекеңмен кездесіп, қалай түсірудің жайын ақылдасып, қажетті материалдарды алатын болып келіскен соң, үлкен дайындыққа кірісіп кеттім. Алдымен Зекең шығармашылығын түгел қайта оқып шықтым. Ғылыми, әдеби-сыни еңбектерімен жақсы таныспын, сондықтан шығармашылығына баса көңіл аудардым. «Ұшқыннан» «Біз жанбасаққа» дейін түгел тесіле оқып шықтым. Сонау ертеде шыққан «Адам», «Сыр» атты әңгімелер мен очерктер жинағын түгелдей қадала қарап шықтым. Сондағы бір байқағаным, шығармашылық тұлға ретіндегі ең басты ерекшелік Зекеңнің тілінде, бейнелеу мен бейнелі сөздің асқан шебері болуында екеніне көз жеткіздім. Ол мейлі ғылыми еңбек жазсын, мейлі очерк жазсын, көркем әңгіме, көлемді шығарма жазсын сөз ойнату, сөзбен ойды түрткілеп ой ояту қасиетінен әсте жаңылмайды екен. Көркем шығармалары мен әдеби сындарына бұрынырақ қанық маған очерктері қатты әсер етті. Ойлы очерктердің тілі төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр. «Батырға оң-солы бірдей демекші», шешен тілді көркем сөздің шебері шығармашылықта жанр таңдамайды екен ғой! Қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген тәрбиелік сөз бар. Тауып айтылған. Мен де сондай күйді басымнан кешірдім. Зекең очерктерінен алған әсерімнен айыға алмай жүрген кезім, ол кісімен бірге сұрақ-жауаптарды дайындап отырып: «Аға, журналистиканы бекер-ақ тастап кеткен екенсіз. Сізден керемет журналист шығатын екен», – деп қалыппын. Ол кісі маған оқыс бұрылып қарады да, бір сәтке тынысын кең алғандай үзіліс жасап барып: «Оны енді сізге аманат еттік, қарағым»,– деп ары қарай әңгімесін жалғастырып кетті. Мұндай сәттегі Зекеңнің салмақтылығы мен парасаттылығына таңданбасқа болмайды. Басқа біреуге айтылған сөз болса, ашуланар, тіпті болмаса қатты кейіп, қағытып тастар еді. Жоқ, Зекең өйткен жоқ, жауапты өзіме салмақ сала қайтарды, әрине, астарынан мысқылдың сызы сезіледі. Бірақ ащы емес. Мен тілімді тістей қойдым. Балалық-ай дейтіндей жас емеспіз, балалық қалса да, ірге бөле қоймаған шалалық-ай деген өкініш өзегімді өртеп барады. Әлгі сөзді кімге айтып отырмын, өмірдегі өз орнын баяғыда тауып орныққан, бүкіл бір ұлт руханиятының биігіне көтерілген ғалым, жазушы, ұлттың рухани ұстазы іспеттес жанға әлгіндей сұрақ қойғаным жөн бе? Ақымақтық деген осы да. Ол кісі үшін журналистік қызмет сонау бір жастық шақтың елесіндей дүние ғой. Руханияттың ғалым, жазушы, ұстаз сынды үш саласының тізгінін қатар ұстаған Зекеңе ішкі жан дүниесіне бойлау мақсатында тағы бір ыңғайсыздау сұрақ қойып қалдым. «Аға, осының біреуін ғана негіздеп алып кеткенде қалай болар еді. Қазір қайсысына басымдық бересіз?». Сәл ойланып қалған Зекең маған Абай өлеңімен жауап берді. «Қарағым, Абайдың «Сегіз аяғында» бар ғой «Екі кеме құйрығын, Ұста, жетсе бұйрығың» деген. «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп» екі жаққа үңілуді, тіпті шамаң келсе үш жаққа үңілуді Абай бізге мақсұт етіп кеткен жоқ па?! Мен де сол қағиданы ұстанған шығармын. Ал үшеудің ешқайсысын да алға шығармаймын. Өйткені ол үшеуі тым алшақ емес, бір-бірімен тығыз байланысты. Ақындық-жазушылық – ғылымымның асыл арнасы, ғалымдығым ұстаздығымның жол ашары, ал ұстаздық адамдық, азаматтық ар-ұжданымның айқын таңбасы. Ұлы Мұхаң да сондай еді. Бірақ ол кісінің бізден артылықшылығы бойындағы туа бітті үш қасиет бірінен-бірі асып түсетін-ді. Ол сол үшеудің де асқар шыңына көтерілді». Ұлық болсаң кішік бол деген осы да. Өзгелерді мақтауға келгенде сұлу сөздің небір көркемін тауып, алдына жан салмайтын Зекеңде өзін мақтағанды ұната қоймайтын мінез бар еді. Ол тек өз ұстаздары, олардың асыл қасиеттері, тағылымы мен тәлімі туралы сөйлеуге ғана жаралған жан болатын. Олар туралы әр айтқан сөзі сол сәтінде қанатты сөз болып қалықтай жөнелетін. Ұстаздың кейінгілер аузынан тастамайтын «Мүсіреповті мақтаудың қажеті жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек» деген бірауыз сөзінің құдіреті қандай десеңізші. Ұлылықты қастерлесең, осылай қастерле! Зейнолла ағаймен оқу ғимаратында да, анда-санда ол кісінің үйінде де кездесіп, ағаның соңынан ергенімізге мәз болып, бірге сыра-сусын ішуге де жарап қалған кездеріміз болды. Кейде әңгімеміз ғылымға қарай ауысып кететін сондай бір тұста Зекең менің ғылымым не боп жатқанын сұрап қалды. Мен осыған дейін бірнеше тақырыптың басын шалғанымды, қазір Марат Барманқұловтың үгіттеуімен телеөнерден тақырып алғанымды айттым. «Қарағым, менің ұғымымда сен әдебиетке жақындаусың. Әдебиет туралы да, телеөнер туралы да бірді-екілі мақалаңды көзім шалып қалғаны бар. Студент кезіңде шығарған мақалаңды да көріп едім. Әдебиеттен тақырып алғың келсе, ойда жүрген тақырыптарыңды ойланып келші. Ақылдасып көрейік», – деді Зекең ойлы жанарын тіктей қарап. Бір апта уақыт берді. Айтқан уақытында екі тақырыпқа 7 беттен 14 төрт беттік план-проспекті (ол кезде тәртіп солай болатын) жасап алып бардым. Біреуі Шыңғыс Айтматов шығармашылығы туралы болатын. Ол кісі менің қырғыз ағайындармен «айылдас» екенімді, екі тілде бірдей оқи беретінімді білетін, бірден Шыңғыс Айтматовқа тоқталып, «Шыңғыс Айтматов шығармашылығындағы қазақ тематикасы» деген тақырыпты бекіткізді. Сөйтіп академик ағаның жетегімен аңсап жүрген әдебиеттану әлеміне қарай бет бұрдық. Аспирантураға түсуін түскенмен бәрі 100 пайызға өзгеріп кетті. Аспиранттардың тақырыбын бекіту сәтінде ардақты ұстазым Тұрсынбек Кәкішұлы: «Бұл жігітті маған бер. Шыңғысты зерттейтін қырғыз-орыс көп, бір қазақ тақырып алмай қалғаннан оның ештеңесі кеміп кетпес, Өмірханды білем, мұны алаш әдебиетіне салу керек», – деп отырып алғаны. Тұрсекеңдей әріптес досының «Мұндай жігіттерді Алаш әдебиетіне салайық» деген бір ауыз сөзіне жығылып, әрі дос көңілін қимай, Зекең бізге Тұрсекеңді жетекші етіп бекітті. Сөйтіп бір қиырдан бір қиырға ұрындық. Шынында да сол тұста Шыңғыстан гөрі Алаш тақырыбы өзекті еді. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты сол тақырыпты зерттеудің алғы шарттарын қалыптастырып та қалған. Қазақ әдебиеті кафедрасы одан қалай тыс қалуы керек. Зейнолла Қабдоловтың тың шешім қабылдауына түрткі болған ғылым мен кафедараның мүддесі. Мұның бәрін маған Зекең кейін түсіндірді. Кафедра отырысы біткен соң қабылдауына ренжи кіргенімде: «Қарағым, бәріміздің ортақ ісіміз ғылымды көтеру. Тұрсынбек дұрыс айтып отыр, Алаш тақырыбы қазір ұлтымызға өте қажетті шаруа. Тарихшылар қазір оны құлшына бастап кетті. Академиядағы жас жігіттер бұл тақырыпты бөліп алыпты деп естіп отырмын. Бізде оған баратын адам жоқ болып тұр еді. Тұрсынбек сені ұсынды. Саған сеніп отыр, қалай қимайын. Айналып келгенде кафедраның ортақ ісі ғой. Бұрынғы жұмысым қалып қалды деп өкінбе, жазған-сызғаныңды кейін бір керегіңе жаратарсың. Мынаған бел шеше кіріс. Жалпы алаштық әдебиетке ортақ мәселені алма, сол алаштықтардың біреуінің жеке творчествосын ал. Менің ойымша Ахмет Байтұрсыновты алғаның дұрыс. Ол әдебиетіміздің бас кітабын жазған кісі ғой, жұмысыңа менің де көмегім болады. Әңгіме кімнің жетекші болғанында емес, сенің нәтижелі еңбек еткеніңде. Меніңше Ахаң саған абырой әпереді. Тың тақырып қашанда адамға өмірлік ғылыми азық. Осыны ұққын. Менен кетіп қалдым деп қамықпа, бірге жұмыс істейміз. Қашанда көмекке әзірмін, қарағым», – деп шығарып салды. Бәсеңдеу болып қалған көңілім, ағаның парасатты әңгімесінен кейін, сәл де болса көтеріліп қалды. Ертесіне Зекеңнің ақыл-кеңесінен кейін екі ұстазым бірлесіп, тақырыпты «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» деп бекітіп берді. Тақырып бекітудің тағы бір қызығы бар. Ғылыми еңбегімізге материал жинап жүрген күндердің бірінде, біздің кандидаттық жұмыс барысына дайындаған жоспар-проспектімізбен жақсы таныс Зекең өзіне шақырып алып, жұмыс жайын сұрай отырып, бір өтініш айтты. «Шырағым,– деп бастады сөзін Зекең өзінің қашанда адамды аялай отырып, майдалай сөйлейтін әдетімен. – Ахаң мұрасына барғанда, оның көсемсөзін, аудармасын, поэзиясын, әдеби мақалаларын жан-жақты тереңдей қарастыруға күш салғын, ал бұған «Әдебиет танытқышты» араластырма. Ол үлкен теориялық еңбек қой. Атап өтерсің, ойыңды айтарсың. Бірақ оны көп төңіректеп қалма, онда өзің ұстанған негізгі бағыттан айырылып қалуың мүмкін. Мұны айтып отырған себебім, ана Шолпан – Ахметтің қызы сұранып, Армиял Тасымбековке (ол кезде марқұм Армиял жазықсыз жазаланған қазақ қайраткерлерінің жарлары мен ұрпақтары туралы мақалалар жазып жүрген болатын) Ахаң жайлы тақырып беруімді өтінген-ді. Сондықтан «Әдебиет танытқышты» сол кісіге жеке тақырып етіп берейік деген оймен, өткенде кафедрада бекіттіріп жібердік. Ізденгіш жігіт қой, бір нәтиже шығарар. Ал Сіз мұралық тұрғыдан кетерсіз. Сонда Ахаң жайлы екі әдемі еңбек жазылады», – деп маған күлімсірей қарады. Меніңше Зейнолла Қабдоловтай асыл ұстаздың тағылымы мен тәлімі әр шәкірттің жүрегінде мәңгілік сақталады. Ұлт бар да, ұрпақ бар да ұлы ұстаз ұлағаты ғасырдан ғасырға жаңғырып жетіп отырары хаһ.

Серіктес жаңалықтары