«Синергияның» сыр-сипаты

«Синергияның» сыр-сипаты

«Синергияның» сыр-сипаты
ашық дереккөзі
471

Қазақ пен түріктер арасындағы сауда айналымы 2015 жылға қарай 10 млрд. долларға жеткізілуі тиіс. Тәуелсіздік жылдарында түріктер отандық экономикаға 7 млрд. доллар көлемінде инвестиция құйыпты. Бұл да соңғы меже емес. Өйткені екі бауырлас халық арасындағы серіктестік пен ынтымақтастық байланыс уақыт өткен сайын нығая түседі. Бұл – Н.Назарбаевтың таяудағы кездесуде түрік шенеунігіне айтқан тұжырымы.

Түркияның Сауда палатасы мен тауар биржасы одағының президенті Рифат Хисарчикоғлымен кездескен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық серіктестік туралы пікір алмасты. «Қазақстан мен Түркия арасындағы өте жоғары деңгейдегі қатынасқа біздің қатты мән беретінімізді білесіздер. Менің былтыр Түркияға жасаған іссапарымның барысында бірқатар мәселеге байланысты келісімге келдік. Енді соларды жүзеге асыру маңызды. Сонымен қатар оларды орындаудың басты бағыттары жайлы ақылдасу жұмыстарын да жалғастыра берген жөн», – деп мәлімдеген Елбасыға алғысын білдірген Хисарчыкоғлы елімізге келу себебін, екі елдің әскерлері арасындағы серіктестікті белсенді жүргізуді қалаған ниетінен туындағанын айтты. «Біз үшін сізді Түркияда қабылдау үлкен мәртебе болды. Сіздің басшылығыңыздағы Қазақстан үлкен табыстарға қол жеткізді және біз тілектес ел ретінде мұны мақтан тұтамыз. Қазақстанның экономикалық табыстарына көңіліміз толады әрі «Қазақстан-2050» стра­тегиялық бағдарламасындағы мақсат­тарға қол жеткізуде үлес қосуға дайынбыз» деп ағынан жарылған түрік бауырымыз ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Премьер-мнистрі Реджеп-Таийп Ердоғанның екі ел арасындағы сауда айналымын жақын арада 10 млрд. долларға жеткізу туралы келісімін іске асыруға белсене кірісіп жатқандарын жеткізді. Оның айтуынша, түрік іскерлер қауымының бір топ өкілі жуырда инвестициялық жобаларымен бірге Қазақстанға келетін көрінеді. Сонымен қатар қазақ пен түрік кәсіпкерлері индустриалдық-инновациялық аймақтарды дамыту, «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатамен бірлесіп, көлік және тасымал саласындағы жобаларды іске асыруды қолға алмақ.

2012 жылы Анкарадағы кездесуде Н.Назарбаев жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысына қатысып, жиын қортындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылған болатын. Сонымен қатар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдолла Гүлдің қамқорлығындағы «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының 2012-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Түркияның Мемлекеттік қызметі директораты арасындағы ынтымақтастық меморандумы қабылданды. «Синергия» сөзі грек тілінен аударғанда «син» – бірге, «ергос» – іс-қимыл, яғни бірлескен іс-қимыл дегенді білдіреді. Биыл мамыр айында бұл бағдарламаның жобасы мақұлданды, ал 2012 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен экономикалық «Жаңа синергия» бағдарламасының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылған.

Іссапар барысында Елбасы өзін ыстық ықылас, достық пейілмен қарсы алған түрік бауырларға ризашылығы мен жүрекжарды ақ тілегін толқи тұрып жеткізген еді: «Біз бүкіл түркі халқының атажұртында тұрып жатырмыз. 1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін біз Ресей патшалығының, одан Кеңес Одағының боданы болдық. 150 жылдың ішінде қазақ деген халық өзінің ұлттық салт-дәстүрін, тілін, дінін, дәстүрін ұмытуға аз қалды. Жаратқанның қолдауымен 1991 жылдың 16 желтоқсанында күндізгі сағат төртте біздің Парламентіміз тәуелсіздік жариялады. Бір сағаттан кейін марқұм Тұрғыт Өзал бізді құттықтады. Түрік мемлекеті дүниежүзі мемлекеттерінің ішінде ең бірінші болып біздің тәуелсіздігімізге қуанды, біздің тәуелсіздігімізді таныды. Мұны біздің халық ешқашан ұмытпайды».

Ресми деректерге сүйенсек, Тәуелсіздік алған 21 жылда Түркия отандық экономикаға (азық-түлік, құрылыс, денсаулық сақтау т.б.) 7 млрд. доллар көлемінде инвестиция салған. Бұл көрсеткіш қабылданған келісімдерге сәйкес, бүгінгі 4 млрд. долларға теңгерілетін екіжақты сауда айналымы 2015 жылға қарай 10 млрд. долларға қарай жеткізілуі тиіс. Былтырғы кездесуде Ердоған: «Құрылысшыларымыз қазіргі күнге дейін Қазақстанда 17 млрд. долларға жақын құрылыс жұмысын орындады», – деп мәлімдей келе, алдағы уақытта туризм саласына баса назар аударуға ұсыныс жасады: «Туризм саласына қазақстандық іскерлердің инвестиция салғанын көріп отырмыз, бірақ бұл аздық етеді және біз қазақ іскерлерінің Түркияға салатын инвестицияларының көлемін арттыра түсуін қалаймыз. Қос тарапты инвестициялардың құйылуы елдерімізді мықты бір экономикалық деңгейге көтереді. Сонымен бірге, біздің алдымызда екіжақты инвестиция салуды түрлендіру тұр. Тек бұрын қолға алынып жүрген жобалардан тыс өзге де салаларға инвестиция тарту маңызды». Ресми деректер бойынша бүгінде Қазақстанда 20-дан астам қазақ-түрік лицейі, қос университеті және белсенді жұмыс істеп жатқан 400-ден астам түрік компаниясы бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары