Ғалым Боқаш, шығыстанушы-журналист: Батыстан — үлгі, Шығыстан — өнеге

Ғалым Боқаш, шығыстанушы-журналист: Батыстан — үлгі, Шығыстан — өнеге

Ғалым Боқаш, шығыстанушы-журналист: Батыстан — үлгі, Шығыстан — өнеге
ашық дереккөзі
895

Кезінде бұл азаматты біз «Мезгіл» сараптамалық бағдарламасынан көретін едік. Одан қала берді «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген терең талдаулары да оқырманды елең еткізген. Оның негізгі мамандығы – шығыстанушы. Бірнеше тілді білетін Ғалым Боқашты университет қабырғасында бард ақын ретінде танығанымыз да бар.

Әл-Фараби атындағы мемлекеттік университеттің шығыстану факультетін бітірген соң, болашақ ғалым өзінің білімін Пәкістанда жалғастырып келді. Бір жылдары Алматы қаласында Иманғали Тасмағамбетовтың орынбасары болып әкімшілік қызметті де атқарды. Бүгінде шығыстанушы ғалым Прагада тұрады. Ғалым Боқашпен әңгімеміз ғаламтор желісі арқылы өрбіді.

– Сыртта жүргеніңізге көп уақыт болды. Батыс елдері мен бүгінгі Қазақстанның жағдайын іштей салыстырасыз ба? Не байқайсыз?

– Мына сұрағыңыз Батыс елдерінің бірінде тұратын қазақпен арамызда болған әңгімені есіме түсірді. Жергілікті халықтың кейбір өкілдері туралы айтып отырып: «Бұлар бетіңе күліп тұрып, артыңнан білдіртпей көріңді қазып кетеді», – деді. Мен айттым: «Бәрібір қару кезеніп, жеті атаңнан боқтап тұрып, өз көріңді өзіңе қаздыратын, сосын басыңа белгі де қоймай, сұраусыз атып кететін большевиктермен салыстыруға келмейді ғой», – деп. Батыста жүріп өзімнің адамзат тарихындағы ең қатыгез саяси режимдердің бірінде туып, ер жеткенімді, осы фактордың дүниетанымыма өте қатты ықпал еткенін түсіндім. Либералдық құндылықтар мен адамның жеке бостандығын құрсаулауға қатысты СССР деген – бір алып түрме, я еңбекпен түзеу лагерін еске түсіретін ел ғой. Тарихта дәл осындай аз мерзім ғана үстемдік еткеніне қарамастан адамның саяси, мәдени және экономикалық бостандығын осыншама шектеп, қорлап, таптап тастаған зорлықшыл империялар өте аз. Кейде большевиктік және сталиндік режимдерге қатысты көзқарасым пост-советтік кеңістікте тұрып жатқан кейбір адамдардың Батысқа қарсы ксенофобиясына ұқсап кеткен жоқ па деп өзімнен сұрап қоям. Бірақ олай емес екенін және жақсы білем. Қазіргі Батыс елдерінде көріп жүрген жайттар советтік өткеніміз туралы неліктен мұндай қорытынды жасағанымды жиі есіме түсіріп тұрады.

«Паспортыңызды үйде ұстаңыз. Егер біреу құжат талап етсе, 48 сағат ішінде факспен жіберуге хақылысыз. Банк карточкаңыз жеке куәлік есебінде жүре береді», – деп кеңес айтқан полицияны осы Батыста көрдім.

Лондонның Хакни ауданында көлігі от алмай қалған қара нәсілді жүргізушінің машинасын артынан итеріп жүрген жол полиция қызметкерлерін алғаш байқағанда аң-таң болғаным бар.

Алты айдан артық мерзім елде тоқтаған кез келген адамды тегін емдейтін, баласын тегін оқытатын социализмге, ауруханадағы пациентке ұстанған дініне сәйкес бөлек ас дайындайтын қамқорлыққа да Ұлыбританияда куә болдым.

Дәстүрлі діни киім киіп, жүзін жасырып тұрған мұсылман әйелге ізетпен сәлем беріп, бет-әлпетін паспортындағы суретімен салыстыру үшін арнайы кабинаға кіргізіп, әйел офицер шақыртып тексеріп тұратын «Хитроу» әуежайындағы төзімділікке де көзім үйрене бастады.

Честерге барған бір сапарымда жол бойына дамылдап, картоп егілген алқаптарды қарап тұрғанбыз. Қасымдағы мәскеулік студент қыз: «Мына таразы, орама қап пен пошта жәшігін көрдің бе?» деп күледі. Сөйтсем, әрбір фермер өз егістігінің тұсына таразы орнатқан, оның қасында резеңке етік, қолғап, күрек тұр. Жанында целлофан қаптардың орамасы жатыр. Бақсақ былай екен, ары-бері өтіп жатқан адамдар тоқтайды да, етік пен қолғапты киіп, керегінше картоп қазып алады, қапқа салады, онысын таразыға өлшейді де, көрсетілген баға бойынша ақшасын әлгі кішкене пошта жәшігінің ішіне тастап жүре береді. «Қазақстанды білмеймін, бірақ Ресейде мына таразы мен ақша былай тұрсын, дұрыстап қорымаса, мынау картоп алқабының өзінен түк қалмайды ғой», – деп сықылықтап күледі әлгі қыз.

Мұндай өркениет пен төзімділік көріністері тек Ұлыбританияға ғана емес, дамыған Батыс елдерінің көпшілігіне тән. Шығыс елдерінің ішінде дәл осындай әлеуметтік-экономикалық еркіндік пен дамуды Жапониядан ғана байқадым. Баяғыда туған ауылымның мәдениет клубының маңдайшасына КПСС съездерінің шешімдерін ұран ретінде тоқсан сайын жаңартып іліп тұратын. Солардың ішіндегі бір ұран ұзағырақ ілініп тұрды, есімде қатты қалып қойыпты. «БӘРІ ДЕ АДАМ ҮШІН, АДАМНЫҢ ИГІЛІГІ ҮШІН!» деген жазу еді. «Құдай-ау, бәрі керісінше болыпты ғой» деймін сталинизмнің зорлығы мен Брежневтің «гүлденген кезеңінде» де өзгермеген аллюминий ыдыс пен «Большевичканың» костюм-шалбарын еске алып. СССР әскери өндірістің ыңғайына бейімделген жоспарлы экономика еді ғой. Шынайы азаматтық өндіріс те, азаматтық қоғам да болмаған. Қазіргі Қазақстанда ахуалдың совет заманымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарғанын байқайсыз. Бірақ саяси, әлеуметтік және экономикалық еркіндік салтанат құруы үшін, адам құқықтары басты құндылыққа айналуы үшін еліміздің маңдай түзеген бағыт-бағдары неосталинизм жолына түскен Ресей емес, қазіргі Батыс болса деп тілеймін іштей.

– Әуелі Шығыста білім алдыңыз. Сосын Батыс университетінде оқыдыңыз. Жалпы, сіздің ойыңызша, осы екі құрлықтағы өркениеттің айырмасы неде?

– Батыс пен Шығыстың табиғатын салыстырып, философиялық тұжырым жасаған ойшылдар көп. Халифат заманындағы мұсылмандар арасында тараған «жабайы франктар» туралы түсініктен бастап, Ренессанс кезеңіндегі Еуропада сомдалған «қатыгез магометшіл» образының бай тарихы және бар. 20-ғасырда үшінші әлем елдерінде «руханияты зор, тарихы терең, киелі Шығыс пен механикалық даму мен коммерциялық капиталға ғана сүйенген жансыз Батыс» туралы риторика күшейді. Бұл үрдіс соның алдындағы заманда отарлаушы Батыс империяларының ориентализмі қалыптастырған «экзотикалық Шығыс» туралы кемсітуге толы, жасанды бейнелер галереясын еске түсіреді. Бірақ, 20-ғасырдың екінші жартысында Батыстың саяси және академиялық ортасы Шығыс туралы жаңсақ ұғымдарын барынша тазартып, жаңалаумен болды. Бұл уақытта Совет Одағының ықпал ету аймағына түскен советтік және социалистік Шығыс елдерінде Батысқа қарсы ксенофобия мен оксидентализм керісінше асқына түсті. Бұл ксенофобия Таяу Шығыстағы діни радикализммен араласқанда ерекше бір жеккөрініш пен конспирацияға толы дүниетаным қалыптасты. Оның жаңғырығы пост-советтік Қазақстанға да жетті. Кейбір большевик менталитетті, я әсіредіншіл азаматтар негативтік құбылыстардың бәрін «Батыстың елді ішінен іріту үшін жасаған қастандығы» деп тәпсірлеуге құмар.

Ал адамзат тарихы мен өркениетін Батыс-Шығыс деп үзілді-кесілді бөліп қарастыруды жөн санамаймын. Интеллектуалдық болсын, материалдық болсын, барша құндылықтар Шығыстан – Батысқа, Батыстан – Шығысқа үздіксіз көшіп, жетіліп, дамып отырған. Қазір жаңа технология мен ақпарат төңкерісі заманында Батыстан үйренеріміз көп болып тұр. Бұл да бір өткінші кезең. Ертең Шығыстың қандай мәртебеге ие боларын және ешкім болжап білмейді. Оның үстіне қазіргі Батыс елдері адамзат тарихындағы ең бір алапат миграциялық толқынның астында қалды. Экономикалық-саяси еркіндік пен діни төзімділік аңсаған жанның көпшілігі дамушы елдерден Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкаға ағылып жатыр. Мысалы 2010 жылы Лондонда туған нәрестелердің үштен бірінің ғана ата-аналары таза ұлыбританиялықтар болып шыққан. Күні ертең мұндай мультикультуралистік Батыс қоғамының «батыстық» сипатынан тек географиялық ерекшелігі ғана қалуы мүмкін.

– Жиырма бірінші ғасырда қазақтың Батыстан нақты үйренері не?

– Меніңше, ең әуелі Батыстың академиялық білім беру стандарттарына көшу арқылы жас буынға рационалдық ойлау жүйесін сіңіру қажет. Әсіреқызыл сөз бен ұраншылдықтан айығатын заман туды. Нақтыланған дерек емес, дақпыртты тұтынуға бейім, қандай да бір оқиға мен құбылыстың ақ-қарасын қисынға салып анықтаудың орнына конспирациялық теория негізінде үкім шығара салғысы келіп тұратын большевиктік сананың дертінен айығудың бір жолы осы болар еді. Өзі түсінбейтін нәрсенің бәріне күдіктеніп, конспирация көзілдірігімен қарау – советтік менталиттеттің басты белгілерінің бірі. Бұл менталитеттің пост-советтік елдер былай қалсын, Батыс мемлекетінде тұрғандарына біраз уақыт өтсе де, көптеген отандастардың бойынан кетпегенін, керісінше асқынып, құбыжық бір дүниетанымға айналғанын да байқап жүрмін. Большевиктік сана Қазақстан қоғамындағы кәсібилену процесін тежеп тұрған құбылыс. Ақпараттық кеңістік мен академиялық салаға да, саяси институттар (билікшіл һәм оппозицияшыл) мен діни ортаға да кері әсерін тигізіп тұр. Сол себепті мұндай қоғамда төзімділік, секуляризм мен либералдық көзқарасты насихаттаушы аз-кем адам ең сүйкімсіз жандарға айналады.

«Батыстың пайдакүнем, жансыз, суық ақылынан Шығыстың терең руханиятқа суғарылған ыстық жүрегі артық» дейтін фәлсафаның енді қандай да бір даму концепциясының ұстыны бола қоймасы анық. Бұл – кезінде сол Батыстың артта қалған шығыс бөлігінде пайда болған фәлсафа. «Суық ақылды» Францияның ғылыми, мәдени және әскери үстемдігіне, ағартушылық дәуірінің жаңалықтарына қарсы реакция ретінде Шығыс Пруссияда туған неміс романтизмі мен Шеллингтің натурфилософиясын Батысқа қарсы риторика ретінде кім қолданбады десеңізші? Орыс славянофилдері де, 1940 жылдардағы жапон романтиктері де, нацистік Германия идеологтары да, лениншіл большевизм мен сталиншіл социализм насихатшылары да, Африка мен Таяу Шығыстағы кейбір саяси һәм діни тұлғалар да біліп, я білмей сол романтизм мектебінің идеяларын пайдаланды. Енді ойлап отырсақ, «іріп-шіріп, құрудың аз-ақ алдында тұрған» Батыстан үстем түсуі тиіс «органикалық Шығыс Пруссияның» өзі қайда, славянофилдер дәріптеген «орыстың рухы» («русская душа») мен «киелі Русь» қайда, жапон романтиктерінің «синто-мемлекеті» қайда, нацистердің «Үшінші рейхы» қайда, лениншілдердің «гүлденген коммунизмі» қайда, Әли Шариати мен Усама бен Ладеннің «пұтпарастық пен жәһілдікті жеңген жиһады» қайда? Ал осы аталғандардың бәрі нысанаға алған «іріп-шіріген суық ақылды, жәһіл Батыстың» символдарының бірі, ағылшын тілді әлемдегі ең көне оқу орны Оксфорд университеті 1096 жылдан бері ешкімге соғыс жарияламай-ақ, ешкіммен жауласпай-ақ аман-есен баз қалпында тұр.

Абайдың «шығысым батыс болып кетті» деген сөзі бүгін ерекше мағынаға ие болған сияқты көрінеді. Өйткені кезінде ортағасырлық Шығыста дами бастаған гуманистік қоғам мен бекзат ғылым туралы идеалдарды бүгін Батыс жүзеге асырып жатыр. Және ең қызығы сол ізгі реформаларды жүзеге асырушылардың ішінде Батыстың тұрғыны болып кеткен тегі шығыстық адамдардың, мұсылмандардың үлесі көбейіп барады. Сол себепті расында да «шығысым – батыс, батысым – шығыс боп кетті» деуге негіз бар.

Әлбетте Батыс қоғамын тұтастай идеалға айналдыру, я көшіріп алу қисынсыз нәрсе. Батыстың өз мәселелері де жеткілікті. Мұндай кемшіліктерді кез келген ақпараттық ілікті себеп етіп қазақстандық аудиторияның есіне үздіксіз салушы кремльшіл, я басқа пропагандалық және ксенофоб БАҚ та жетіп артылады дегендей. Өзіне тән қаншама проблемалары бола тұра Батысқа қатысты үнемі бір нәрсе ойда тұруы тиіс, бұл елдерде ең басты мәселе шешілген – адамның саяси құқықтары мен экономикалық еркіндігін үкімет енді қайтып жөн-жосықсыз шектей де, қорлай да алмайтын ахуал қалыптасқан.

– Сіздің Оңтүстік Шығыс Азияның саясатын, әсіресе Моғол империясы туралы көбірек зерттегеніңізді білеміз. Қандай тың деректер таптыңыз?

– Оксфорд университетінің шығыстану факультетінде MPhil дәрежесін алу үшін оқыған негізгі пәндерім Оңтүстік Азияның (Үндістан, Пәкістан, Бангладеш) қазіргі заманғы саяси тарихы, бұқаралық ақпарат құралдары, Моғол империясының тарихы, классикалық парсы тілі болды. Бұған дейін ҚазҰУ-дің шығыстану факультетін «үндітану» мамандығы бойынша бітіргем. Бұл – сол оқуымның заңды жалғасы іспетті. Диссертациям Моғол империясындағы сарай саясаты мен діни мәдениет, оның ішінде ханзада Дара Шүкенің (1615-1659) өмірі мен қызметіне арналды. Бұл ханзада мұсылмандық мистицизм мен адвайта ведантаның ұқсастықтарын сипаттап, «Қос теңіздің қосылуы» атты кітап жазған. Бұдан басқа да оншақты кітабы бар. Дара Шүке (аты Шукох, Шикух деп та жазылады) санскрит тілін еркін меңгеріп, индуизмнің Упанишадтарын, «Йога-Васиштха» мен «Бхавагад-гита» сияқты кітаптарын парсы тіліне бірінші болып аударған мұсылман зерттеуші. Еуропаның алғашқы индологтары индуизмді Дара Шүкенің аудармалары арқылы зерттеп біле бастады. Моғол империясы сияқты мультикультуралистік ел тұрғындары үшін Акбардың реинкарнациясы болып көрінген, өз заманынан озық тұрған интеллектуал. Сөйте тұра, әкесі император Шах Джаханның қолдауына ие бола тұра, бірнеше мәрте тақ иегері болып жариялана тұра, сарай интригалары мен әскер ісін жетік меңгере алмағандықтан, «адам тану» қасиеті мен саяси көрегендігі кемшін түскендіктен інісі Аурангзебтен жеңіліс тапқан. Бұл екеуінің Самугархтағы ғаламат соғысы (1658) Оңтүстік Азияның ғана емес, мұсылман әлемінің даму бағытын айқындаған тарихи сәт болды деп санайтындар көп.

Ағылшын тілді академиялық ортада индология (үндітану) сияқты жан-жақты зерттелген салада жаңалық ашу өте қиын. Ғылыми жетекшім болған профессор Розалинд О’Хэнлонның көмегімен Дара Шүкенің эклектизмі мен діни синкретизмін зерттеу кезінде бұрын-соңды ескерілмеген, ханзада жақын араласқан Бенарес (Варанаси) пандиттері мен санскрит ғалымдарының аты-жөндерін түгендеп, хаттарына назар аударттым. Оксфорд университетінің әйгілі Бодлиан кітапханасы мен Лондондағы Британ кітапханасында өткізген уақытымды Моғол империясы мен Қазақ хандығының қарым-қатынасы туралы тың деректер табуға да жұмсадым. Болашақта бұл ізденісімді Үндістанда да ары қарай жалғастырсам деген жоспарым бар. Нақты тапқан деректерімді әзір жариялай алмаймын. Әлі де мұқият түрде салыстыратын жайттар көп. Кез келген зерттеуші үшін ең бастысы түпнұсқа құжаттармен жұмыс істеу. Үндітанушы ретінде Моғол империясы кезеңін зерттегенде урду және хинди тілдерінің еш дәртке аспай қалатынын түсіндім. Классикалық парсы, оның ішінде моғол парсысын барынша игеруге тырысып жатырмын.

– Тарихи зерттеулер жасауда біздің тарихшыларымыздың пікірі бірізді бола бермейді. Біз қазақ тарихын жазуда неден қате жіберіп жүрміз?

– Пост-советтік елдердің тарихнама методологиясындағы кемшіліктер туралы көп айтылып та, жазылып та жатады. Кезінде гуманитарлық ғылым саласын біржола саяси идеологияға жығып берген жүйенің салқыны бірте-бірте кетуі тиіс деп ойлаймын. Мұндай қалыптан шыға алмаған кейбір тарихшылар белгілі бір объектіні, я құбылысты тану үшін емес, өзі алдын-ала қалыптастырып алған образды, я түсінікті қорғап шығу үшін «зерттеумен» айналысады. Зерттеу объектісіне өзі ес-түссіз ғашық болып, оның насихатшысына айналып кететін адамдарды көргенде кейде олардың рационалдық танымы мен академиялық дайындығына күмән де келтіресің. Кез келген зерттеуді Ленин мен Сталиннен үзінді келтіріп бастайтын советтік әдет те бүгін жаңаша қылаң беріп тұр. Академиялық саланың ғалымы билік пен партияның саяси риторикасынан өзін бейтарап сақтауы керек. Үкімет пен партия саяси риториканы пайдалану арқылы бір сәттік, бір кезеңдік қана жеңісті мақсат тұтатын уақытша институттар. Ал академиялық зерттеуші – жазбасы мәңгілікке қалатын, барша саяси-экономикалық, әлеуметтік мүдделерден тәуелсіз тұратын рационалдық пайымдау иесі. Бірақ бес саусақ және бірдей емес. Қазақстанда әлеуеті күшті зерттеушілер баршылық деп ойлаймын.

– «Сырт көз – сыншы» демей ме? Қазақ журналистикасының бүгінгі бағыт-бағдары туралы не айтар едіңіз? Қазақ журналистері қаншалықты өткір мәселелерге қалам тартып жүр деп ойлайсыз?

– Қазақстандағы ақпарат кеңістігіне тән мәселелердің бір шетін мана айтып өттім ғой. Сол жайттың көпшілігі қазақ журналис­тикасынан да байқалады. Бұл өзі түбі жоқ әңгімеге түрткі болатын тақырып. Ең маңызды мәселе – қазақтілді БАҚ кәсіпқой журналистика жолына түсуі үшін шынайы сөз еркіндігін азаматтық жауапкершілік пен этикалық кодекске сәйкес пайдалана алатындай қабілетке және бәсекелестік арқылы сапасы үздіксіз күшейетін жекеменшік форматқа ие болуы тиіс. Онсыз ақпарат таратудың анық жанрлары дамымаған күйі қала береді. Жекелеген талантты журналистердің әр жерден бір жарқ етуі қазақстандық БАҚ-ты төртінші билікке айналдыра алмайды.

– Бір кездері «Қазақ әдебиетіне» шыққан мақалаларыңызды сүйсіне оқушы едік. Қазір неге жазбай кеттіңіз? Әлде біз білмейтін жазбалар сіздің өзіңіздің жеке архивіңізде сақтаулы ма?

– Лебізіңізге рақмет. Қазір жаңа айтқан ғылыми зерттеу жұмыстарын шамам келгенше ары қарай жалғастырып жатырмын. Одан бөлек Батыстағы саяси-экономикалық ойдың дамуынан хабар беретін бірнеше кітапты аудару да ойымда бар.

– Шет елде білім алған жастардың елге оралғысы келе бермейді. Ақша аздықтан шығар деп ойлайын десек, шетте білім алатындардың көбі қалталы азаматтардың балалары. Онда олар неге өзге елде «сұлтан» болғанды қалайды?

– Меніңше, қалталы азаматтардың шетте оқыған балалары керісінше елге қайтып оралуға мүдделі. Өйткені ықпалды ата-анасы мен туыстарының арқасында жерде қалмайтынын біледі. Қазақ жастары жаппай шетелде қалып жатқан үрдісті және байқамадым. Кейбір қалып жатқандары – білікті маман ретінде Батыста көбірек пайда табатынын және пайдасын тигізетінін түсінгендерге ұқсайды.

– Сіз ше? Сіздің елге келіп, қызмет атқарғыңыз келмей ме?

– 2009 жылы соңғы мәрте алған білімім мен жинаған тәжірибемді Қазақстанда өз мамандығыма қатысты салада пайдаға асыруға ықыласты екенімді білдірдім. Көп кешікпей саяси топтар арасындағы өзіме тікелей қатысы жоқ ақпараттық соғыстың нысанасына айналудан да, конспирациялық теориялардың кейіпкері болудан да жалықтым. Сол себепті қазіргі атқарып жатқан онлайн журналистикадағы қызметім мен жоспарлаған ғылыми зерттеулерден енді ешқайда бас та бұрғым келмейді.

– Қазақ ұлтшылдығы туралы жиі мәселе қозғалады. Сіз өзіңізді ұлтшылмын деп санайсыз ба? Қазаққа патриот болу үшін не қажет?

– Ұлтшыл болудың саясаткерлердің арасында сәнді тенденция екенін білемін. 20-ғасырда ұлтшылдыққа қанбай қалған, «халықтар лабораториясында» өткен бір ғасырға жуық уақытта ұлттық даралығы айқындалмай қалған елміз ғой. Бәлкім Батыста тарихқа айнала бастаған этникалық ұлтшылдық идеясының 21-ғасырда бізде әлі қызу талқылануы тарихи заңдылық та шығар. Саясаткер емеспін. Қарапайым азамат ретінде айтарым: ес біле салып «Рекорд» радиоласындағы күйтабақтан құлағыма сіңген «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» пен «Алдаркөсе» образдары, әріп тани салысымен көкірегімде жатталған «Ер Төстік» пен Абайдың поэтикалық суреттері, Мұхтар Мағауиннің көркем сөзден сомдаған эпикалық тарихи картиналары мен Бердібек Соқпақбаевтың шыншыл әлеуметтік шығармалары, табиғатымның ажырамас бір бөлшегіне айналып кеткен Құрманғазының «Кішкентайы», Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» мен Әшімтайдың «Қоңыр қазы», тыңдаған сайын көңіл босататын Кененнің «Ой, бұлбұлы», Әсеттің «Ақырғы сөзі» мен Бүркітбайдың «Ой, Ғайшасы», я рух сергітіп, жан жадырататын Шәмшінің вальстері, Тұрсынжан Шапайдың нео-дәстүрлі әндері мен Мамырдың этно-рок жанрындағы тректері, есейе келе зерделене түскен атамның сипаттауындағы Мұхаммед пайғамбардың, діни дастандарда айтылатын Кербаланың шөліндегі Құсайынның және хикметтердегі Әзірет Сұлтанның бейнесі ұлттық жадымды үздіксіз суғарып тұрады. Патриот болу деген осы жадыны баламның көкірегіне орнату деп түсінем. Тек қазақша сөйлесе де, мен үшін қастерлі саналатын бұл жадыны түсінбейтін дүлейлерді көрдім. Қазақша енді үйреніп жүрсе де, бұл образдарды менен де терең түйсінетін жандарды кезіктірдім. Сол себепті кез-келген елдегі лингвистикалық, я этникалық әсіреқызыл ұлтшылдықпен келісе алмай қала беретінім бар. Менің ұстанымымды ағартушы қазақ патриотизмі деп атасаңыз да болады.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары