Қыруар қаржы игерілмеген
Қыруар қаржы игерілмеген
Ауыл шаруашылығына мемлекеттен бөлінген қыруар қаражат игерілмей қалған. Базарлар мен дүкендер сөрелерінде самсап тұрған ауылшаруашылығы өнімдері – жатжұрттық. Шаруаларға берілген жер мақсатты түрде пайдаланылмайды. Тізе берсе, кемшілік көп. Құзырлы органдарды сынға алған Президент кемшіліктерді шұғыл жоюға пәрмен берді.
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінде ҚР Президент Әкімшілігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, Астана және Алматы қалаларының, облыс әкім орынбасарлары, аумақтық инспекция, облыстық ауыл шаруашылық басқармаларының басшылары, ҚР АШМ қарасты ұйымдар басшылары мен мемлекеттік емес ұйымдардың жетекшілері қатысқан кеңейтілген алқада министр Асылжан Мамытбеков биылдан бастап отандық және шетелдік гербицидтер субсидияланатынын жеткізді. Шенеуніктің айтуынша, отандық гербицидтерді сатып алған шаруаларға 50 пайызға дейін, ал шетелдік гербицидтерге 30 пайызға дейін субсидия төленбек. «Бұл аталмыш химиялық өнімнің баға теңсіздігін жоюға және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолжетімді етуге септігін тигізеді. Себебі олардың кейбірі елімізде өндірілмейді», – деп мәлімдеген министр «ҚазАгро» көктемгі егістік жұмыстарға 60 миллиард теңге бюджеттік несие қаржысын бөлуді қарастырып отырғанын және осы науқанға компанияның өз қаражатын жұмсау көзделетінін айтты. Сонымен қатар үстіміздегі жылы ҚР Мұнай және газ министрлігімен бірге 360 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіліпті: «Оның деңгейі 81 теңге көлемінде қалады. Бұл сұрақ мемлекеттік комиссияның қарауына жолданады».Ауылдағы шаруа қожалықтарын жылда тығырыққа тірейтін тағы бір түйткіл – қуаңшылық. Егін бітік шықты деген 2011 жылдың өзінде шаруалар гектарына 16,6 центнерден астық алған болатын. ҚР Статистика агенттігінің хабарлауынша, былтыр жиналған астық көлемі 2011 жылмен салыстырғанда аз. Мысалы, 12 млн. 864,8 мың тонна дәнді-дақыл алдыңғы жылға тиесілі көрсеткіштің небары 47,7 пайызына тең. Ал былтырғы бидайдың үлесі – 76,5 пайыз. Оның басты себебі – ауа райының қолайсыздығы мен қуаңшылық. Жуырда ҚР Президенті Н.Назарбаевтан дәл осы мәселеге қатысты сын естіген А.Мамытбеков олқылықтың орнын толтыруға құлшынып отыр. Оның кешегі алқа мәжілісінде «Қазақстан жыл сайын қуаңшылықты қаржыландыруға дайын болып отыруы қажет» деуі бекер емес.
Үкімет мүшелерімен өткізілген отырыста Президент ауа райы Қазақстанның табиғатына ұқсас Канада, америкалық Солтүстік Дакота және Қытайда бидай өнімділігі 25 центнерден асатындығын айтты. Ауыл шаруашылығына «Озық шетелдік тәжірибе неге енгізілмей отыр?» деп сұрады. Қуаңшылықтан келетін шығынды алдын-ала қарастыруды тапсырды. Елбасының сыны қамшы болған ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер 2020 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 4,5 есеге арттыру жоспарланып жатқанын айтуда. Ол үшін «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 8 жылда 3 трлн. теңге бөлу қарастырылған. А.Мамытбеков ауыл шаруашылығы өнімдерін 1,5 есеге арттырып, ішкі нарықтың 80 пайызын қамту үшін қосымша 10 трлн. теңге жеке инвестиция қажет дейді. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр кейбір ауыл шаруашылық дақылдарының көлемі көбейген. Мысалы, 101 пайызға артқан картоп – 3 126,4 мың тонна, 106 пайызға артқан көкөністер – 3 061,6 мың тонна, 132 пайызға артқан бақша дақылдары – 1649,9 мың тонна, мақта – 379,7 мың тонна болған. 2012 жылы Қазақстанның бірқатар аймағы қуаңшылықтан зардап шеккені белгілі. Осындай кемшіліктің алдын алу үшін бірқатар шара қолға алынып, жалпы құны 25,8 миллиард теңге болатын 676 несиенің қайтару мерзімі ұзартылыпты. Сақтандырушы компаниялар диқандарға шамамен 1,3 миллиард теңге көлемінде ақша төлеген. Елбасы тапсырмасына сәйкес, «ҚазАгро» тарапынан көктемгі егіс жұмыстарына 60 млрд. теңге бөлінбек.Жиналыста «Ауыл шаруашылығы министрлігіне ветеринарлық саланы халықаралық стандарттарға көтеруге тапсырма берілген еді. Онсыз етті экспорттауда сапа болмайды. 2012 жылдың басына жоспарланған 126 ветеринарлық зертхананың небары 27-сі салынған», – деп ашуланған Елбасы министрліктегі сөз бен істің үйлеспейтінін сынға алған еді: «Бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы саласы өңдеу саласынсыз бөлек өмір сүре алмайды. Қазақстанда мұндай жүйе әлі қалыптастырылған жоқ. Бұл біздің дәстүрлі, тарихи кемшілігіміз. Біз бірдеңелер жасап жатырмыз, бірақ ауыл шаруашылығы министрлігі нақты әрі толық жұмысты жасаған емес». Президенттің ашуланатын жөні бар, өйткені шикізат сатуға дағдыланған шаруалар қауымы үшін өңдеу саласының жолға қойылмауы – көп нәрседе қолбайлау. Соңғы үш жылда мемлекет сүт және ет фермаларын, жайылымдық алаңдар, жылыжайлар, көкөніс сақтау қоймаларын салуға орасан зор көлемде қаражат бөлген. Бірақ одан шыққан нәтиже шамалы. «Қандай пайда көрдік осыдан? Сараптама жасаған кім? Алға қойған мақсатымызға жеттік пе?», – деп Үкімет мүшелері мен ауыл шаруашылығы министрлігіне шүйліккен Н.Назарбаев Министрлер кабинетіне, әкімдер мен «ҚазАгро» кәсіпорнына өнім өндіру көлемін арттыруға пәрмен берген.Жердің арқасында жан бағып отырған ауылдағы ағайынның барлығы дерлік Жерді мақсатты түрде игеруге құлықсыз. Бұл туралы былтыр бірнеше рет мәселе көтеріліп, күн тәртібіне қойылған еді. «Шөкеевтің вице-премьер кезінде бірнеше рет тапсырма берген едім. Кәсіпкерлікті дамытуға бұл үлкен мүмкіндік. Осы түйткілді шешу керек», – деп мәлімдеген Президент құзырлы органдар мойнына тағы да бірқатар міндет жүктеді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ