ҰЛАҒАТЫ МОЛ ШАРА
ҰЛАҒАТЫ МОЛ ШАРА
Үстіміздегі жылы 12 ақпанда Астана қаласында «БӘЙБІШЕСІ ҚАЗАҚТЫҢ – ЕЛ ҚАМҚОРЫ» тақырыбында ұлттық салт-дәстүр, имандылық тағылымдары кеші өтеді. Айша қоғамдық қоры ұйымдастырғалы отырған бұл шара қасиетті Мәуліт мерекесімен тұспа-тұс келуі себепті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келуі, өмірі жайлы жыр-дастан оқылып, үздік Мәуліт оқушы жеңімпазға бас жүлдеге қасиетті Құран кітабы сыйға тартылмақ.
Қазақтың ұлттық киімдері үлгілерін күнделікті киіп жүруге лайықтап әкелген фирмаларға өз өнімдерін таратуға көмек жасалынады. Бұл байқауда да жеңімпазға жүлде бар.
Қатысуға ниет білдіргендер Астана қаласындағы қонақүймен қамтамасыз етіліп, Елордаға саяхат ұйымдастырылатын көрінеді. Ол үшін шараға қатысқысы келетіндер «Айша» қоғамдық қорына хабарласуы тиіс. Қордың жетекшісі Айша қажы: «Қыс айында сапарға шыға алмаған ағайынға айтарымыз, жер аяғы кеңіген жайдары жаз айы – 6 шілдеде «Ертеңім – Елім – Елбасым» атты имандылық тағылымдарынан ер азаматтар арасында жарыс өтетінін хабарлаймыз. Балуан, сері, ақын, молда жігіттерді сегіз қырлы, бір сырлы біліммен шеберлік сайысына шақырамыз. Бақ сынамақшы азаматтарға медресе құрылысын көтерісуге ертерек келіп, асарға қатысып, құрылыс өнерінен шеберліктерін сынға салса, игі», – дейді.
Алтынай Айдарқызы