Бақыт ТҮМЕНОВА: МИНИСТРЛЕРДІҢ ЖИІ АУЫСУЫ МЕДИЦИНАНЫ ДІҢКЕЛЕТТІ

Бақыт ТҮМЕНОВА: МИНИСТРЛЕРДІҢ ЖИІ АУЫСУЫ МЕДИЦИНАНЫ ДІҢКЕЛЕТТІ

Бақыт ТҮМЕНОВА: МИНИСТРЛЕРДІҢ   ЖИІ  АУЫСУЫ МЕДИЦИНАНЫ ДІҢКЕЛЕТТІ
ашық дереккөзі
135

Науқас жан дәрігерге дертіне дауа іздеп келеді. Қиналған жанына араша тілеп келеді. Бірақ Қазақстандағы медицина саласы өз міндетіне адал ма? Адамдардың ақ халаттыларға деген сенімі неге азайып кетті? Жыл сайын мемлекеттен бөлінетін қыруар қаржының қызығын кімдер көруде? Ауырып келгендерден дәрігерлердің ақша дәмететіні несі? Медицина саласындағы қордаланып қалған проблемалар туралы «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Бақыт Түменова ханыммен сұхбаттасқан едік.

«Өз бетінше емделу – аурудың асқынуына сеп»

– Өзіңіз білесіз, елімізде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі іске асырыла бастағалы біраз болды. Бірақ халық арасында аталған жүйеге сын айтатындар азаяр емес. Осы мәселеге қатысты ойыңыз қалай?

Жалпы жүйе талаптарына сәйкес, науқастың республика бойынша емдеу орнын өзі таңдауы өте тиімді. Бірақ тиісті орындар бұл жүйені толығымен іске қоса алмай отыр. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен Қазақстандағы әр азаматтың емделуіне қыруар қаржы бөлінеді. Түптеп келгенде, аталған ақша – халықтың салық арқылы жиналған қаражаты. Мемлекет тарапынан бөлінген бұл қаржы әр науқастың дертінен құлан-таза айығуына жұмсалуы үшін аурухана мен емханалар арқылы игеріледі. Өкінішке қарай, елімізде ауруханаларға баса назар аударылатындықтан, бөлінген қаржының көпшілігі ауруханаларға бағытталады. Біздің халықтың менталитетіне тән нәрсе: басы ауырып, балтыры сыздай қалса, үйінде жатып алып, өз бетінше емделуге әуес. Осыған сәйкес, науқастар дерті әбден асқынып кеткеннен кейін ғана дәрігердің көмегіне жүгінетіндіктен, ауруханаларға баса назар аударылуда. Менің айтарым, адамдарды салауатты өмір салтын сақтауға шақыра отырып, дертті асқындырып алмауға, дер кезінде дәрігерге қаралуға үндеу қажет. Өйткені медицинада шарықтау шегіне жетіп, әбден асқынып кеткен дертпен күрескеннен гөрі енді басталып келе жатқан аурудың алдын алған оңай. Өкініштісі сол, аса маңызды осы мәселені дер кезінде Үкімет түсінбеді, уақытты жіберіп алды. Енді сол кемшілікті жою мақсатында жұмыс істеп жатыр. Яғни, дерттің алдын алуға ұмтылуда. Науқастарға ауруының алдын алып, емделуі үшін емдеу орнын өзі таңдау мүмкіндігі берілуі және мемлекет тарапынан бөлінген қаржының таңдаған емдеу орнына науқастың өзімен бірге баруы – соның айғағы. Әрі аталған жүйе ауру адамның сеніміне, таңдауына сай болуға мүдделі емханалар арасындағы бәсекелестікті арттырмақ. Бүгінде емханаға қаражат жергілікті басқарушы орыннан бөлінсе, ауруханаға қаражат орталық бюджеттен бөлінеді. Меніңше, осы жүйені өзгерту керек.

– Қазақ қоғамы аталған жүйеге дайын болу үшін не істеу керек еді?

– Үкімет алдымен отбасылық амбулаториялардың санын көбейтуі керек болатын. Егер отбасылық амбулаториялар саны жеткілікті болғанда аурулар үйіне жақын маңдағы сол амбулаториялардың көмегіне жүгінетін еді. Мұндайда «Жедел жәрдемнің» де қажеті аз. Қазақстандағы отбасылық амбулаториялардың аздығынан халық қаладағы санаулы емханаларға қарай шұбырды. Тұрғындар отбасылық амбулаторияларға жүйелі түрде тексеріліп жүрсе, науқастың дертін ондағы дәрігерлер жақсы білетіні анық. Ал қазір науқастардың таңдау мүмкіндігі енгізілгенімен, ауыра қалған жағдайда таңдаған емханаңыздан дәрігер келіп қарауға аса құлшынбайды. Уақытылы қол ұшын бермейтін емханадан не пайда?! Осы себепті, емхана таңдау еркіндігі тек қана қағаз жүзінде ғана қалды. Түптеп келгенде, бұл жүйе отбасылық амбулаторияларға арналған. Сондықтан жүйе жұмыс істей алмай, БҰДС жүйесінің басты қағидасы саналатын таңдау еркіндігі шектеліп тұр. Естеріңізде болса, 1995 жылдың соңына қарай отбасылық амбулаторияны көбейту қолға алынып, 2000 жылдары қалада 1600-дей амбулатория құрылды ғой. Солардың барлығы да уақыт өте жойылып, бүгінде 20 шақтысы ғана қалды. Бізге тән әдет, халықаралық тұрғыда мойындалған осындай жүйелерді құлшына қолға алғанымызбен, одан ары қарай жалғастырылмай қалады. Министрлердің ауысуымен жүйелер жойылып, бәрі аяқсыз қалады. Осының кесірінен медицина саласындағы қиындықтар қордаланып қалды. Жаңа министрлердің бәрін басынан бастауы қазақ медицинасының түбіне жетті. Бүгінде «медицина саласындағы жаңа реформа» деген ұғымның қорқынышқа айналуы сондықтан.

– Ауруханадан гөрі емханаларға көңіл бөлу мәселесінде халықаралық тәжірибе қалай?

– Осы мәселе 1978 жылы Алматы қаласында өткен конференцияда көтерілген еді. Көп кешікпей-ақ ауруханаға емес, емханаларға басымдық беру тәжірибесі көптеген елдерде ең озық жүйе ретінде қолданыла бастады. Ал Қазақстан мұны 2011 жылдан бастап қолға алды. «Ештен кеш жақсы» деген бар ғой, енді осыны жақсылап іске асыруға көңіл бөлу керек. Ол үшін бірінші кезекте емханаға қаражатты барынша көп бөліп, оның функционалдық қызметін арттыруға күш салған абзал. Егер емханаларымыз жоғары деңгейде жұмыс істей бастаса, ауруханаға қарай ағылатын науқастар азаяды. Бір жағынан алғанда, қаржылық тұрғыда тиімді. Өйткені, ауруы асқынған науқасқа кететін шығын шаш-етектен болатыны белгілі.

– Азаматтардың денсаулығын жақсартуға байланысты жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қырауар қаржы бөлінеді. Бірақ халықтың денсаулық сақтауға қатысты көрсеткіші жақсарар емес. Сіздіңше, мұның себебі неде?

– Егер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, халық денсаулығын жақсартуға бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің 7-8 пайызына тең болуы тиіс. Ал Қазақстанда аталған көрсеткіш небары 3-4 пайыздың төңірегінде. Қазақстан халқы тіпті сол 3-4 пайыздың да қызығын, пайдасын көріп жатқаны шамалы. Меніңше, ең алдымен мемлекеттік міндетті сақтандыру жүйесін енгізу қажет. Тағы бір вариант, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында мемлекеттен бөлінетін ақшаны әр азаматтың есепшотына аударатын жүйе қалыптасуы керек. Басты талап – осы ақша тек халықтың денсаулығын жақсартуға арналады. Бір жағынан осы тәсіл адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына сеп болады. Ауырмаған азамат есепшоттағы ақшаның бір бөлігіне тісін жөндетуге құқылы. Сонымен қатар туған-туысы немесе досы ауыр сырқатқа ұшырап, шет елдердегі ауруханаға баруға мәжбүр болса, есепшотындағы ақшаны өз еркімен сол науқасқа беруге мүмкіндік тудыру керек. Себебі, кішкентай балалар сырқаттанып, жедел арада шетел медицинасына жүгіну қажет болған жағдайда тұрмысы төмен ата-ана емделуге ақша таппай қиналып жатады. Ал әлгіндей жүйе енгізсек оларға қаржы жинау қиын болмас еді. Осы мақсатта денсаулықты мемлекеттік міндетті сақтандыру жүйесін енгізу керек. Мемлекет тек жұмыспен қамтылмаған азаматтарды сақтандырса, жұмыс істейтін азаматтарды жұмыс істейтін мекемесі жалақысынан ұстап отыру арқылы сақтандыруы тиіс. Өкінішке қарай, адамдар өз денсаулығының қадіріне жете бермейді. Сондықтан болашақта міндетті медициналық сақтандыру жүйесін іске қоссақ, көптеген кемшіліктің алдын аламыз. Тағы бір жайт, еліміздегі әрбір адамның мүмкіншілігіне қарай денсаулығын сақтандыруға жағдай туғызуымыз қажет. Егер қалтасынан қаржы шығарып, жыл сайын өз денсаулығын сақтандырып отыратын болса, босқа шығындалуды қаламайтындар денсаулығына жауапкершілікпен қарауға мүдделі болады.

– «Аман-саулық» қоғамдық қорына дәрігерлердің үстінен шағым айтып келетіндер көп пе?

– Өте көп. Өкінішке қарай, дәрігерлерге қатысты заң бұзушылықтар жиі орын алады. Мысалы, былтыр жыл соңында алматылық Светлана Ефремованы Алматыдағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасына әкелгенде шұғыл ота жасалу керек болады. Алайда аурухана дәрігерлері тегін емделуге арналған орынның жоқтығын, отаны ақылы түрде жасауға болатынын айтады. Жаны қиналған адам, әрине, мұндай ұсынысты қабылдауға мәжбүр. Бірақ отадан кейін ақшаны төлеуге науқастың жағдайы келмегендіктен, аурухана әкімдігі оны сотқа береді. Бір қызығы, Ефремова ауруханаға түскен кезде тегін орын болған, тек оның бар екенін дәрігерлер ұмытып кетіпті-міс. Былтырғы тағы бір қайғылы жайт, құрсағындағы балаға 34-35 апта болған жас келіншек Алматыдағы перинаталдық орталықта көз жұмды. Себебі, аяғы ауыр әйелге дер кезінде кәсіби тұрғыда медициналық көмек көрсетілмеген. Тағы бір жайт, бір науқас келіншекке дер кезінде медициналық көмек көрсетудің орнына, Алматыдағы №4 және №7 аурухана дәрігерлері ауруды екі ортада әбден сенделтуінің салдарынан ол комаға түсіп кетті. Жезқазғанда ішкі құрылысында ақау бар Константин Черкашин деген балақайды дәрігерлер «дені сау, ешқандай кінәрат жоқ» деп тауып, емдеуден бас тартты. Ал анасы бірнеше айдан бері ұлының дене қызуы жоғары екенін айтып шыр-пыр. Мұндай аурудың қиындығы сол, 50-60 пайызында ішектер бітеліп қалады. Алматыдағы №7 ауруханада грыжасына ота жасалған бір жігіт дәрігерлердің кесірінен соқыр боп қалған. Отаға дейін тепсе темір үзетін жігіт қазір бірінші топтағы мүгедек. Сол ауруханада ішегіне ота жасалған бір қарт адам есін жинай алмай, комаға түсіп кеткен. Тізе берсеңіз, мұндай жағдай өте көп. Туберкулездің ашық түріне шалдыққан бір азаматты дәрігерлер қабылдаудан бас тартып, бір-біріне сілтеген жайт та кездесті. Екі ортада сенделген әлгі науқас қоғамдық көлікте адамдармен тығыз араласып, бір ай бойы далада жүрген. Заң бойынша мұндай науқастарды дереу оқшаулап, тегін емдеуге кірісу қажет.

– Дәрігерлердің кәсіби қателігін тауып, оны дәлелдеу қиынға соқпай ма?

– Өкінішке қарай, біздің басты проблемаларымыздың бірі осы. Азаматтар тарапынан келіп түсетін шағымды қарау кезінде тәуелсіз сарапшылар жетісе бермейді. Бізде «тәуелсіз сарапшы» деген аты ғана. Тәуелсіз сарапшы тағайындалды деп айтады, шын мәнінде ол сарапшының өзі бір ауруханада дәрігерлік қызмет атқарады. Айналып келгенде, «қарға қарғаның көзін шұқымай», бәрі сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Ал дәрігердің қателігін сол мамандықтағы адам ғана таба алады. Басқа ешқандай маман дәрігердің қателігін таба алмайды. Сондықтан науқастар тарапынан түскен арызға медициналық сараптама жасау кезінде міндетті түрде қоғамдық сарапшы да тағайындалғаны жөн дер едім. Біздің «Аман-саулық» қоғамдық қорымызға үш жарым жылдың ішінде 14 мыңнан астам шағым келіп түсті. Науқастар мен медицина қызметкерлері арасындағы түйткілді мәселелерді шешу мақсатында алдағы уақытта да жедел желі жүйесі жұмыс істей бермек.

«Ақ халаттылардың біразы сенімнен айрылған»

– Сіз сырқаттанған азаматтардың медициналық тексеруден өтпей-ақ, емді өз беттерінше қабылдауға әуестігін айттыңыз. Мұның себебі неде?

– Меніңше, бұл медициналық тұрғыда адамдардың сауатсыздығынан әрі денсаулықтары мен өз тағдырларына немқұрайды қарауынан. Тағы бір түйткіл, телеарналардан дәрі-дәрмекке қатысты жарнама берудің кесірінен адамдар ауруын асқындырып, кейде тіпті, қатерлі ісікке әкеп соғуы әбден мүмкін. Еліміздегі рак ауруларын зерттеушілер, сондай-ақ, ҚР Президентінің халыққа Жолдауында да осы мәселе көтерілген. Өйткені бізде адамдар дәрігерлердің көмегіне өте кеш жүгінеді. Бұған дәрі-дәрмекті қадағалаусыз сату мен жарнама да белгілі бір деңгейде ықпал етеді. Мысалы, жарнамадағы «ішіңіз кеппесін десеңіз», «жөтелдің алдын алғыңыз келсе», «ауруды сезінбеуді қаласаңыз» деген сияқты сөздері дерттің қалай өрбитінін суреттеп, адам ағзасындағы аурудың күшейе түсуіне сеп болады. Жарнамадағы дәрі-дәрмек көмектесуін қойған сәтте адамдар дәрігерге жүгіреді. Бірақ бәрі кеш. Өзін-өзі емдеймін деп жүргенде ауруды тым асқындырып алған, дерт емдеуге келмейді, дәріге бағынбайды.Сондықтан алдымен дәрігерлерге барып, тексеріліп алу және дәрігер ішуге кеңес бермеген дәрілерді қабылдамау керек. Өйткені жарнамада жөтелге қарсы қолданатын дәрі ұсынылады. Бірақ жөтел неден пайда болды? Ағзаның қай жерінен ақау шықты? Мүмкін бұл туберкулез шығар? Мүмкін қатерлі ісік болар? Бәлкім өкпенің қабынуы ма? Ендеше осыларды анықтап алмай тұрып, неге жөтелге қарсы ем қабылдауға асығамыз? Кез келген дәрінің пайдасы да бар, зияны да. Ал жарнама берушілер мен дәрі-дәрмекті сатушылар бұған бас қатырмайды да. Өйткені ақша табуға мүдделі.

– Бірақ дәрігерге тексерілуге барсаң, олардың біразы есіктен есікке сүйреп, сол арқылы пайда табуға дәнігіп алған. Адамдардың дәрігерлерге деген сенімі де азайып кеткен сияқты, қалай ойлайыз?

– Бұл жерде дәрігерлердің рухани құндылығы туралы айту керек. Дертке ұшыраған адам дәрігерге жаны мен тәні қиналып, аурудан араша тілеп келеді. Рухани тұрғыда медет іздеп келеді. Полициядан, әкім қарадан не шенеуніктен ондай қамқорлықты күтпес еді. Өкінішке қарай, дәрігерлер арасында күнкөріс қамын күйттеп кеткендер көп. Олар үшін алдына дертіне дауа іздеп келген көңілі жарым аурудың құны көк тиын. Керісінше, аурулардан барынша пайда тауып қалуға тырысады. Жұмысына немкетті қарайтын дәрігерлер ауру жандардың ертеңіне, келешек тағдырына немқұрайлы қарайтыны белгілі. Ауруынан жазылудың орнына керісінше, бірнеше дертті қоса жамап алатындар немесе кәсіби тұрғыда біліксіз маманның кесірінен ауруын асқындырып алатындар қаншама. Міне, осындай келеңсіздіктер салдарынан жалпы медицина қызметкерлеріне деген сенім азайып, тіпті, мүлде жоғалудың алдында тұр.

– Сенімді қалпына келтіру үшін не істемек керек?

– Мамандардың біліктілігін жоғарылату керек. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары орта және жоғары оқу орындары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Олардың басым бөлігі ақылы болғандықтан, білім сапасы күрт төмендеп кетті. Студенттік жылдарын ойнап жүріп өткізгендер сынақтарды «сүрінбей» тапсырып, дипломдарын кедергісіз алды. Шәкірттерге білім беретін ұстаздар қауымының өзі әлсіз еді. Араларында бір академик, бір профессоры жоқ жоғары оқу орнында қандай сапа болуы мүмкін?! Жоғары білімді дәрігерлерді дайындайтын институт, университеттер тек мемлекеттік болуы тиіс еді. Ақшаға білім алатын жерлерде коммерциялық мүдделер бірінші кезекке шығады да, сапа мен кәсіби біліктілік мәселесі екінші кезекке ысырылады.

«Дәрі ішіп, дерт жамайтындар көп»

– Қазіргі кезде жарнамаланатын дәрілерден пайда табуды әдетке айналдырған дәрігерлер бар. Олар ауруларға кейде тиімсіз әрі қымбат дәрі-дәрмекті ұсынады. Мұның өзі көпшілікті тұйыққа тіреп отыр.

– Мемлекеттік ауруханалар мен емхана­лардағы дәрігерлер адамдарға қандай ауруға медициналық көмек тегін көрсетілетінін және қайсысына ақылы екенін айқын түсіндіруі тиіс. Егер тегін ем алуға құқылы азаматқа белгіленген дәрілер жақпаса, онда комиссия шешімімен, дәрілердің тізімі өзгертіліп, ауруды тегін емдейді. Тағы бір вариант, дәл сол ауруды шетелдік қымбат дәрілермен емдеуге болады. Егер пациент тегін емделгісі келмесе, ақылы қызметті қаласа, оның құқығы бар. Қымбат дәрі-дәрмекті өз қаржысына сатып алады. Бірақ заң бойынша аурухана қызметкерлері алдарына келген адамдарға алдымен мемлекеттен бөлінетін тегін дәріні ұсынуы қажет. Өкінішке қарай, дәрігерлердің барлығы бірдей өз қызметіне адал емес. Олардың арасында адамдар тегін ем-дом қабылдауға құқылы екенін жасыратындар көп. Сонымен қатар тегін берілетін дәрілердің тиімділігі мен кемшілігі қандай? деген сұраққа да дәрігерлер шынайы жауап беруі керек.

– Кейде дәрі-дәрмектер арасында қолдан жасалған, халықаралық талаптарға сай келмейтіндері де сатылымға шығарылатыны жайлы мәселе көтеріледі. Мұндайда сапасыз дәрінің сұрауы кімнен болуы тиіс?

– Аурулар ішіп жүрген дәріден жағымсыз әсерлер пайда болса, дәрігерлер дабыл қа­ғуы тиіс. Яғни, кез келген дәрігер фарма­цевтикалық инспекцияны ескертуге міндетті. Осының негізінде инспекция арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, мәселенің ақ-қарасын анықтайды. Мысалы, «Диклофенак» дәрісіне қатысты айтылған наразылықтардың дер кезінде инспекцияға жетпеуі салдарынан арнайы тексеру 1 жылға кешікті. Себебі дәрігерлер бірден дабыл қағуға аса мүдделі емес. Ақша төленбейтін, уақыт алатын түкке тұрмайтын тірлік сияқты қарайды. Сондықтан елімізге келетін және өндірілетін, яғни, сатылымдағы барлық дәрі-дәрмекті жүйелі түрде тексеріп тұру керек. Жаңа дәріні ойлап табу үшін орташа есеппен алғанда, 10-15 жыл қажет. 200-500 млн. долларды шғынды қажет етеді.

– Сіз әйелдердің зейнетке шығу жасын 58-ден 63 жасқа көтеруге қарсы шығып жүрсіз. Не себепті?

– КСРО кезінде Қазақстандағы әлеуметтік ахуал әлдеқайда жоғары еді. Әлеуметтік тұрғыдағы аса маңызды мәселелердің бірі – ана мен баланы қорғау мәселесі өте қатты көңіл бөлінетін. Мәселен бала туғаннан кейін аналарға бала күтімі үшін 3 жылға дейін мемлекеттік демалыс берілетін, 1 жасқа дейін әлеуметтік жәрдемақы тағайындалатын. Бұдан басқа да жақсылықтары көп еді. Меніңше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де әлеуметтік саладағы басты бағыттардан таймауы керек. Екіншіден, посткеңестік елдердегі бірқатар мемлекетке қарағанда, бізде жұмыссыздық деңгейі жоғары. Әйелдер қауымы 50 жасқа толған кезден бастап-ақ тұрақты да жалақысы көңілге қонымды жұмыс табу қиын. Балабақшалар саны тым аз, Еуропадағы секілді бала күтушіні жалдау тым қымбат. Әрі кез келген ата-ана оң-солын танып үлгермеген балаларын көлденең көк аттыға сеніп тапсыруға жүрексінеді. Жұмыс істейтін келіншектер отбасындағы негізгі міндеттері – кір жуу, тамақ істеу, баланың тәрбиесі, тәртібі мен оқу үлгеріміне жауап беруі керек. Қысқасы, Қазақстандағы әйелдердің жағдайы қиын. Осы себепті де зейнеткерлік жасты 63-ке көтеруге түбегейлі қарсымын.

– Бұл бастаманы қолдаушылар «әйелдер­дің өздері қартайғанша жұмыс істеуге бейіл, сондықтан олардың құқығына қол сұқпай, зейнеткерлікті ерлермен теңестіру қажет» деген уәж айтады. Сіз не дейсіз?

– Мен келтірген дәлелдер бұған қатысты емес. Бірақ салыстырмалы түрде алсақ, әйелдердің өмір сүру ұзақтығы еркектерге қарағанда, кем дегенде 10 жылға артық. Өйткені еркектердің арақ ішетіні, темекі тартатыны бар, көбінесе ауыр жұмыста жүретіндіктен, өндірістік жарақаттарды жиі алады т.б. Менің айтатыным, Қазақстандағы әйелдердің тұрмыстық жағдайы жоғары емес, сондықтан зейнетке шығатын жасты ұлғайту да жөнсіз. Келіншектердің 46 пайызы ауылды жерлерде тұрады, көп балалы аналар саны да жылдан жылға артып келеді, қалалардағы жұмыссыздық та әйелдер үшін – қосымша ауыр соққы. Менің «КСРО кезінде қол жеткізген жетістіктерімізден бас тартпау керек» дейтінім сондықтан. Неге біз қит етсе, Еуропаға еліктегіміз келеді? Кей жағдайлардағы еуропалық елдерден оқ бойы озық тұруымыз қажет.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары