Шерхан ата

Шерхан ата

Шерхан ата
ашық дереккөзі
413

Бұл күн менің есімде мәңгіге сақталады. Тараз қаласындағы «Астана» ықшам ауданында сүйікті жазушым Шерхан Мұртаза үйінің алдында біраз тұрдым… Қорқыныш. Үрей. Сенімсіздік.

Екінші қабатқа көтеріліп қоңырауды бастым… Осылайша мен әп-сәтте өзім ынтық болған Шерағаңның әлеміне қадам жасамақпын. Именемін. Бойымды діріл билейді.

Маған Шерхан Мұртазамен бір дастарханда отыру бақыты да бұйырды сол күні. Шерхан атаның әңгімесін тыңдаудан басталған кездесу, «ата мен немеренің» әңгімесіне жалғасты.

Қонақ бөлмеде үлкен картина ілініп тұр. Ата оған ұзақ ойлана қарап отырды. «Тәңіртаудан бері шауып келе жатқан Ақбоз ат. Көзім нашар, бірде құйрығын, бірде басын көре алмай қаламын», – деді бір кезде. Мен оны өзімше түсіндім… Тәңіртаудан, Мыңбұлақтан үлкен өмірге шауып бара жатқан Ақбоз ат, ол – Шерхан Мұртаза. Естеріңізде ме, «Ай мен Айшада» вагонның төбесіне шығып, Шақпақтың желіне кеудесін тосып кетіп бара жатқан сәт… …«Оң қол жақта Қос Тұра, Қошқар Ата; Бет алдымда – Құлантау, Шақпақтау, Жабағылы, сол жақта Тәңіртау қалып барады. Манас қалып барады…» Бұл картинаға қарап, Шерхан ата болашаққа ұмтылған бозбала Шерханды, Мыңбұлақтағы бала Барысханды іздейтін шығар, бәлкім?! Атам қартаймапты, «уақыт, көп болса, бетіңізді әжімдеген шығар, ал жүрекке әжім түспейді…» – Оралхан Бөкей: «Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» деп еді. 80-ге келдіңіз. «Төменге қараңызшы, Шерхан ата, нені көресіз?!» – Оралхан сол екі ауыз сөзге ширек ғасыр бірге болған ғұмырымызды сыйдырып жіберді. Соңғы сөйлем… Сұрапыл сұмдық сұрақ. Төменге қараймын, Оралхан көрінбейді. Оралхан жақсы жігіт еді. Қатонқарағай деген жерден шақыртып алғанбыз. Оралхан деген жігіт… Ол жөнінде жазғаным бар еді. Әкесі трудармияда жұмыс істеген екен. Анасы да жақсы кісі еді. Қатонқарағайға барғанда көрген едім. Түркияға барайын деп тұрған жерінен Үндістанға кеткен екен. Сол жерде қайтыс болып кетті. Артында тұяғы қалды, әйтеуір… – «Бір кем дүниенің», «Ай мен Айшаның» жалғасын жазып жатырмын деген едіңіз. Аяқтап қалдыңыз ба? – Жоқ, қайда-а-а… Бітетін дүние емес ол, ол жазыла береді. Қолымда қаламым барда жазыла береді. Қолымнан қаламым түскен кезде ғана тоқтайды өзінен-өзі… – «Ай мен Айшада» «Ста­лин­ жолы» газетінің тілшісі Шойынбеков Нұртайдың колхозға келген іссапары жайлы айтылады. Сол кісі сіздің журналистиканы таңдауыңызға қаншалықты әсер етті? Кейін қайта кездеспедіңіз бе? – Әсері болса болған шығар, білмеймін… Ол кезде Бектөбе деген колхоз болатын. Қазіргі Амангелді деген ауыл. Таразға кіреберіс жерде қазір әуежай соғып тастады ғой. Сол жерде үлкен жайылым болатын, жылқылар жайылып жүретін. Соғыстан кейінгі жылдары Жуалыдан Сәли, Қали, Бөпетай деген нағашы аталарымыздың қолына көшіп келдік. Сол кезде болған оқиға ғой. …Ол түске жақын келді. Бір бөлмеде колхоз бастық – Күләйша. Екінші бөлмеде бас бухгалтер – Зәбира, босаға жақта мен отырамын. Менің қызметім – есепші. Колхозшыларға есеп жазамын. Қали атамның мені қолдап, қоқырайтып, кеңсеге отырғызып қойған түрі. Бір күні кеңсеге бөтен адам кіріп келді. Үстінде боз костюм, галстугі, боз қалпағы бар. Аяғында сары туфли. Қаладан келгені көрініп тұр. «Шойынбеков», – деді ол Зәбираға қолын ұсынып, «Сталин жолы» газетінің тілшісімін». Аққұба келген, әдемі кісі екен. Сөзі өте сыпайы. Газеттен келген тірі адамды көргенім осы. Орнымнан тұрып, аузым аңқайып, әлгі кісіге қараппын да қалыппын. Қалтасынан блокнот, қалам алды. Зәбираға сұрақты үйіп-төгіп бере бастады. Колхозда қанша мүйізді ірі қара бар, қанша көлік малы, қанша жылқы, қанша қой бар… Жер көлемі? Егістігі? Суармалысы? Қызылша? Жүгері? Сұрамаған пәлесі жоқ. Зәбира байғұстың маңдайынан тер сауғалап, мұрнынан тамшылады. Сөйтсем, ол заманда Сталиннен кейінгі құдірет газет екен. Сол кезде «Сталин жолы» колхозына атпен жеткізіп тастаған едім. Журналист қолымды қысып, «жазып тұр» деп еді… Кейін осы әңгімені әулиеаталық жазушы Кәрім Баялиевке айтып отырып, «Шойынбеков деген журналист бар ма?» деймін ғой. «Болған», – деді Кәрекең. Баяғыда қуғын-сүргін көріп, ылғи да «үш әріптің» назарынан зәрезап болып жүрген кісі еді, жарықтық…». – Жанболат Аупбаевтың сіз жайлы жазған очеркінен Мәскеуде өткен студенттік өміріңіз жайлы оқыдық. Ауылдағы қазақ баласын Мәскеудің қарбалас өмірі қалай қарсы алды? – Білмеймін, оқымадым онысын. Оқыдық қой ел сияқты. Мәскеуде оқыған жалғыз мен емес. Солардың біреуі болып жүрдім. Бітірдім 1955 жылы. Ол кезде полиграфия институты еді. Сталин қайтыс боларының алдында Полиграфия институтының редакциялық-баспалық факультетін Мәскеу университетінің журналистика факультетіне қосу жөніндегі шешім шығарып кетіпті. Сол қаулының күшімен МГУ-дің студенті болып шыға келдік. Онда екі бөлім болды. Журналистика бөлімі және баспа бөлімі. Мен баспагерлік бөлімінде оқыдым. Қысқаша айтқанда осы. – «Ай мен Айшада» Мұхамеджан Қаратаевтың әдебиеттен сабақ бергенін жаздыңыз. Ол кісіні сабақ үстінде тұтқындап алып кетеді. Алты жыл өткен соң, Алматыда жолықтым деп әңгіме аяқталады. Сол кездесу қалай болды? Сізге сабақ бергенін білді ме кейін? – Ол кезде Қазақ Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасы деген баспа болды. Көкбазардың жанында орналасқан еді редакциямыз. Оқу бітіріп келгеннен кейін сол жерге қызметке келдім. Сонда біраз уақыт қызмет істедім. Көбінесе қартаң кісілер жұмыс істейтін. Мұхамеджан Қаратаевтың айдаудан босатылып келген беті, менің оқу бітіріп келген бетім. 18 жыл Колыма жақта айдауда жүрген ғой, жарықтық. Ілияс Есенберлин де жұмыс істеді сонда. Ол музыка жайлы дүниелерді шығаратын, музыкалық шығармалардың ноталарын тексеретін редактор болатын. Сол кісілермен бір кабинетте отырып жұмыс істедім. Сабақ бергенін кейін білді ғой. Мен өзім айтып таныс­тым. Бір-екі жылдан кейін ол кісінің қызметі жоғарылап, баспа директорына дейін көтерілді. Академик болды. Баяғы заман қайта келіп, қатарға қосылып үлкен қызметтер атқарды. Академик Мұхамеджан Қаратаев! Академиктігіне қайта оралды ғой, әйтеуір… Қаратаевтың қолында оқыдық, қолында өстік. Соны көрген бас қой. – Нұртөре Жүсіп: «Шерағаң секілді батыл болғымыз келеді, бірақ бола алмаймыз. Шерағаң секілді қайсар болсақ дейміз, қайсар бола алмай келе жатырмыз. Шерағаң сынды қайраткер болсақ дейміз, ол да қолдан келмей тұр» дейді. Айтыңызшы, Шераға атанудың сыры неде? – Иә, сыры дейсің бе? Білмеймін, білгенімше, қолымнан келгенше жаздым ғой енді. Сол ғана менің сырым. Басқа қандай сыр болады менде?! – «Тарих жаңа буыннан, жалтақ­та­май, жасқаншақ болмай өсіп келе жатқан ұрпақтан үміткер». Жастар осы үмітіңізді ақтады ма? – Е-е, дұрыс. Сондай үмітіміз бар. Солар шындықты жазады, жалтақтамай, жасқанбай, бүлдірмей, бұзбай шындықты жазатын солар деп сенемін. Құдай соған жеткізсін. Бір заманда еврей халқы Мысыр перғауындарының құлдығында болғаны тарихтан белгілі. Перғауынның тұтқынынан қашып шыққан еврей елін Мұса пайғамбар 40 жыл бойы шөл дала – құмның ішімен ары-бері алып жүре беріпті. Мақсат – құлдықтың қамытын кигендердің тұқымы таусылып болсын деген ғой. Құлдық психологиясынан азат, жаңа тәуелсіз ұрпақ өссе, соны Иерусалимге алып бармақ. Ол сол мақсатына жетті де. – 1994 жылы «Қазақстан» телерадио корпорациясын басқарған кезіңізде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сізге қатаң ескерту жасаған екен: «Орысша хабар азайып, қазақша көбейіп кетіпті» деп. – Үлкен сын айтқаны айт­қан. Әр тоқсанда бүкіл облыс әкім­дері мен күллі республикалық ме­ке­­мелердің басшылары арнайы жиынға шақырылатын. Бұл жиынды Нұрсұлтан Назарбаев өзі өткізетін. «Қазақша хабарлар күрт көбейіп, орысша хабарлар азайған» деген сын айтылды. Телерадио дегеніміз не? Ол – уыз! Уызына жарымаған, уызға жарымай өскен бала не болады? Балаларға арналған қазақша хабарларды көбейткеніміз де сондықтан. «Қазақтың радиосы мен қазақтың телеарнасында «қазақша көбейіп кетті» деген не сұмдық?! Қазақстанда қазақша ешқашан көптік етпейді дегенмін. Ағылшындардың «Біздің Англияда ағылшынша көбейіп кетті» дегенін естідің бе? Болмаса өзбектердің, француздардың? Естіген емессің және естімейсің де! – Сізге көп рет «ұлтшыл», «ұлтшылдардың ұлтшылы» деп кінә таққанын білеміз. Қалай ойлайсыз, осы ұлтшылдық бізге жетпейтін сияқты ма? – Ұлтшыл болу деген – ұлт мүддесін ойлау ғой. Оны орындамасаң не болғаның?! Жағдай өзі соған алып келеді. Содан ұлтшыл боласың. Ұлтшыл атанасың. Ұлтшылдықты аңсап, соған беріліп кеткенім жоқ. Барлығын істейтін уақыт. Уақыт билігі деген болады. – Әзілхан Нұршайықовтың «Мен журналистпін» атты еңбегі секілді кітап жазу ойыңызда бар ма? – Қайдағы, оқулық жазбақ тұрмақ… Қазір оқи да, жаза да алмай жүрмін. Көзім нашарлап қалды. – Ата, шебер журналист қандай болуы керек? – Құдайдан болады ол, айна­лай­ын. Құдай жәрдем береді адамға, өзі көмектеседі. Жүрегіңе нұр құяды, ақылыңа ақыл қосады. Содан жақсы журналист болып шыға келесің. – «Көкірегімде адам айтып болмас ағыл-тегіл арман. Қанша қусаң да жете алмайтын асыл армандар…» деп жазасыз. Арма­ны­ңыз не? – Е-е, арман деген көп қой, айна­лайын. Көзім жұмылған күні бітеді армандарым. Әйтпесе, тола ғой армандар. Армансыз адам қалай өмір сүретінін білмеймін мен. Көп арман деген…   *** «Ризасың ба, айналайын?! Риза болсаң да, болмасаң да осы енді», – деді Шерхан ата қоштасарда… Ризамын, Ата. Сізбен кездес­кенім үшін, естелікке толы ғажап күн үшін, мендегі бала арман үшін, болашаққа деген сенім үшін. Ризамын, Ата. Сөредегі том-том кітаптарыңыз үшін, Шерхан Мұртаза деген Ұлы есім үшін. Ризамын, Ата, Шерхан Мұртаза болғаныңыз үшін…
Сәния Әбдіғапар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің 4-курс студенті

Серіктес жаңалықтары