Өз қазанында қайнаған қазақ театры

Өз қазанында қайнаған қазақ театры

Өз қазанында қайнаған қазақ театры
ашық дереккөзі
523

Қазақ театры әлемдік сахна өнерінің ажырамас бір бөлігі десек, бүгінгі таңдағы дүниежүзілік театр­ларда өтіп жатқан процесстерден не хабарымыз бар деген ой көкейімізге оралары сөзсіз.

Өзіміздің азды-көпті тәжірибемізге сүйене ой қозғасақ, соңғы онжылдықта қазақ театрында орын алған шығармашылық тоқыраудың іргесі әзірге сөгілген жоқ. Салатын әніміздің сазы да өзгермеген, баяғы мәселелер: драматургия, режиссура, актерлік шеберлік түйіткілдері, әрине, театр сынының жоқтығы тағы бар. Қазақта драматургия жетерлік, бірақ оны қоятын режиссер де, ойнайтын тәуір актер де жоқ деп бір-бірімізбен керілдесіп жүргенімізде әлемдік театр әлдеқайда алға жылжып кетіпті. Тіпті, он-он екі жылға ілгері жүр деп те айта аламыз. Әрине, ардақты ағаларымызға, ақсақалдарымызға бұл ойымыз ұнамауы мүмкін. Бірақ мәселе жеке пікірдің ұнауы немесе ұнамауында емес. Біздің көздеген мақсатымыз, жас режиссерлерді, драматургтерді жаңа пошымдағы, заманауи театр қалыптастыруға шақыру болып табылады. Бұл талпынысымыз қазіргі қалып­тасқан театрлық жүйеге қарсы шығу емес, себебі дәстүрлі театрлар қашанда керек. Олар біздің тіліміз бен діліміздің мызғымас ұстыны. Дәстүрлі театрдың өз көрермені бар, жақтаушылары мен қорғаушылары да қашанда қасынан табылмақ. Бірақ осынау дәстүрлі спектакльдерді көріп дағдыланған көрермендерді жаңа формадағы тың қойылымдарды қабылдауға, түсінуге қол ұшын созу біздің негізгі міндетіміз екені сөзсіз. Соңғы жылдары кәсіби маман ретінде бірқатар халықаралық театр фестивальдеріне, форумдарына қатысып, оң-солымызды бағдарлай отырып, отандық өнерге басқа көзқараспен қарайтынды шығардық. Өз басым белгілі режиссер Болат Атабаевтың қазақ театрының бүгінгі шығармашылық жайы туралы айтқан «Аттанын!» ескере бермейтінмін. Барлығы салыстырмалы тұрғыда байқалады екен. Біз де алыс-жақын шет елдердегі сан түрлі жанрдағы спектакльдерді көрген соң, ол кісіні аздап түсіне бастадық. Соңғы жылдары қазақстандық театрлардағы (қазақ, орыс, кәріс, ұйғыр, т.б.) қойылымдардың бір-біріне ұқсап кетуінің себебі неде, неге бізде соны ізденістер жоқ деген ойлар әрдайым қаумалайтын болды. Шындығын айтсақ, актерлерге де, режиссерлерге де осы тең қалыптылық, бірсыдырғылық ұнайтындай. Академиялық, облыстық орыс, қазақ театрларының барлығы дерлік бүгінде шығармашылық дағдарыста екенін мойындамасқа болмас. Бұл тоқыраудан шығудың жолы ізденістер, жаңа театрлық бағыттар екені сөзсіз. Шет елдік тәжірибеге көңіл бөлу елімізде әлі де аз. Және шет елден үйренуді өз абыройларына нұқсан деп санайтындар да арамызда баршылық. Бірақ өзге ел театрларының жақсысын алғанның не айыбы бар? Қазақ менталитетіне, болмыс-бітімімізге лайықты тұстарын екшеп алуға неге болмасын деген ой тұрады жадымызда. Сонымен дөңгеленген дүниеде қандай ізденіс іздері кестеленіп жатыр дегенге жауап беріп көрсек, әлем қазіргі таңда постмодернистік театрға бет бұрған. Постмодернизм әдебиет пен кино саласында әлдеқашан дамып кеткені баршамызға аян. Тоталитарлық кеңестік жүйе құлаған соң пайда болған шығармашылық еркіндіктің нәтижесінде батыстық ашық қоғамның постмодернизмі темір құрсаудан босанған жас мемлекеттерге бет алды. Ең алдымен, әрине, көршілес Ресейге ебін тауып еніп кетті. Оларда постмодернистік театрдың пайда болғанына азды-көпті, он жылдықтан асыпты. Постмодернистік театр эстетикасының негізгі ерекшелігі, ол өз бойына көпшілік талғамына арналған және дегдарлы мәдениеттің қосындысын біріктіретіндігінде. Қалыптасқан тарихи-мәдени жағдайды обьективті тұрғыдан топшылауға деген талпыныстан туған постмодернизм эстетикасы біртіндеп қазақ жеріне де аяқ басты. Қазақ театры да постмодернистік ағымның ізденістеріне даярлығын байқатуда. Ресейде бүгінгі театрлық процесстің алғы шебінде «Драматургия мен режиссура орталығынан» шыққан «жаңа драма» көшбастап тұр. Өз кезегінде бұл орталықтан «SounDrama» сынды театрлық бағыт бөлініп шыққаны белгілі. Сонымен қатар, «жаңа драма» Украина, Белорусь, Армения, т.б. елдерде де өз қолдаушыларын тауып отыр. Әлеуметтік мәселелерді арқау ететін бұл «жаңа драманың» кейіпкерлері көбінесе жүйкесі ауру кісілер, іздеушісі жоқ кейуаналар мен қариялар, немесе наркомандар, түрмеде жазасын өтеушілер т.б. болып келеді. Бұл пьесаларда айтылатын өзімізді қоршаған ортаның ащы шындығы жаныңды түршіктіреді. Бейпіл сөз де, былғаныш ой да бар мұнда. Бүкпесіз, бұлтарсыз шындық. Бейне бір теледидардан кезекті қайғылы сюжетті көріп отырғандай әсер етеді. Бұл жанрды «вербатим» деп те атайды. Яғни, бір адамның басынан өткен тағдырын деректі тұрғыдан баяндау десек болады. Бұл драмалар көбінесе камералық сахнаға арналып жазылады. Қазіргі әлемдік театрларда сахналанып жүрген пьесалар біз үйренген драматургиялық шығарма емес. Олардан қисын (логика) іздеп бас қатырудың қажеті жоқ. Драманың аристотельдік жіктеуін кездестірмейсіз. Көбінесе адам санасының астарындағы (орысша айтсақ, «подсознаниесіндегі») беймаза ойлар сюжет ретінде алынып, кей кездері мәтін мен іс-әрекет арасында байланыс жоқтай әсер қалдырады. Бір қарағанда мәнсіз болып көрінетін, мағынасыз тартыстар, қайталанатын диалогтар, бір ізді дарамтургиялық әрекеттің жоқтығы, себеп-салдарсыз іс-қимыл, барлығы да бір мақсатқа бағындырылады, яғни пьесаның ерекше атмосферасын тудыруға жұмылдырылған. Барлық күш адамның санасына әсер етуге бағытталады. Оны ойланту, толғанту, шамына тию, ашуландыру немесе керісінше қуанту. Қысқасын айтқанда, спектакльді көріп болған соң оны қойған шығармашылық топпен келісесің немесе қарсы шығасың. «Қабылдадым», болмаса «қабылдамадым» деген оймен шығасыз. Пьесалар көлемі жағынан ұзақ емес. Кейіпкерлердің қарасы да санаулы. Кейіпкерлердің мінез ерекшеліктері де мүсінделмейді. Олар көбінше бір бояумен беріледі. Көбінесе қара немесе қоңыр-сұр басымдылық танытады. Осылайша, «жаңа драма» қоғам өмірін, адамзат тағдырын өз шығармашылық талабының өресінен қарастыратын өнер құбылысы деуге болады. Әзірше, Қазақстанда өз «жаңа драмасын», қазіргі кезең театрын тудыратын, жас таланттардың басын біріктіріп, шығармашылық ойларын жүзеге асыратын орталықтар жоқ. Мәселен, жас маман қолына диплом тие сала театрға барғанымен дәстүрлі спектакльдерге қатысуға құлқы бола бермейді. Өз бетінше ізденіс жасағысы келеді. Бірақ қалыпты көзқарасы қалыптасқан ұжым мүшелері оны баласынып, сенімсіздік білдіреді. Кей кездері жастар қателесуден ұялып, өздері де тартыншақтап, жатырқап, аяғында ізденіске деген құлшынысы суып, дәстүрлі театрдың ежелгі шырмауына түскенін аңғармай қалады. Сөйтіп, ертегілерді қоюмен, ойнаумен ғана шектелетінін талай байқап жүрміз. Өкіншіке қарай, елімізде ре­жис­­сер­лік-актерлік шеберлікті шыңдайтын, эксперименттердің ал-уан түрін жүзеге асыратын лабораториялар жоқ. «Эксперименттік-ізденіс орталықтары», «театр-лабораториялар», «ашық кеңістіктер» әлемнің кез келген мемлекетінде кездеседі. Олар, көбінесе, Театр одақтарының, арнайы білім беретін оқу орындарының жанынан құрылады. Театр-лабораториялары негізінен заманауи технологиялардың сахналық өнерге енуін ғана емес, сонымен қатар суреткер ретінде не толғандырады, бүгінгі театр дегеніміз не деген сауалдардың аясында ізденістер жасайды. Жастарға шығармашылық еркіндік беріледі. Мәселен, елімізде «режиссерлік оқулар» («режиссерские читки») үрдісі дамымаған. Ал басқа мемлекеттерде бұл тәсіл әлдеқашан көрерменнің қызығып көретін дүниесіне айналыпты. Режиссерлік оқулар дегеніміз не деген заңды сұрақ туады. Бұл К.Станиславский қалыптастырған, «үстел маңы дайындығына» аса жақын. Режиссер өзін қызықтырған пьесасын актерлерге әкеліп, рөлге бөліп оқиды. Оқып болған соң әркім пьесаға деген өзінің көзқарасын білдіреді де, кіші-гірім пікірталас басталады. Пьесаның авторы, яғни драматург режиссер мен актерлердің қайсыбір пайымдауларын қабыл алса, сол сәтте-ақ пьесаға өзгерістер енгізеді. Кей кездері бұл дайындыққа көрермендер де қатысып, олар да өздерінің пікірлерін айтып жатады. Осылайша, режиссер, актер, драматург қана емес, театрдың төртінші элементі және басты элементі болып табылатын көрермен де бұл процесске етене араласады. Көрерменді театрға тартудың бір жолы ретінде осы тұрғылас амал-айлаларға баруды біздің жас режиссерлеріміз де қолға алса болар ма еді?! Қазақстанда әлемдік театрдағы жаңалықтардан шет қалмай, өзінше ізденіс иірімдерін өрнектеп жүрген өнерпаздар қауымы жоқ емес. Әрине, оның бастауында Б.Атабаев тұр. Оның «Көшкін» спектаклі немістің көрнекті театр қайраткері Б.Брехтің сахналық ізденістеріне негізделген көркем шығарма. Деректі театр (Театр.Doc) жанрында алғашқылардың бірі болып бақ сынаған Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы қазақ музыкалық-драма театры. Ұжымның «Перзентхана» драмасы деректі театрдың эстетикасында жасалған еді. Сондай-ақ, «Жаңа драманың» белсенді өкілдері О.Богаевтың «Ылдиға қарай жол» (Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры) және Н.Мошинаның «Дүние-ғапыл» («Арда» театры, көркемдік жетекшісі – А.Маемиров) пьесалары қазақ сахнасына жетіпті. Бұл қойылымдардың көркемдік өресі жеке әңгіме, бірақ олардың театрға қойылуының өзі үлкен табыс. Қазіргі таңда театр режиссерлеріне кәсіби-шығармашылық қолдау қажет-ақ. Бұл біріншіден, эксперименттер жасайтын театрлық лабораторияның болуына байланысты. Театр-лабораториясының міндетті түрде сахнасы болуы керек; Екіншіден, режиссерлердің шет елдік (Батыс Еуропа, ресейлік) театрлық фестивальдерге қатысып тұруына мүмкіндіктер жасау; үшіншіден, ондай фестивальдерді екі жылда бір рет Қазақстанда өткізу; әлемдік деңгейдегі режиссерлердің қатысуымен еліміздегі режиссерлердің біліктілігін көтеру курстарын ұйымдастыру қажет және бұл курс 1-2 күнге емес, 1-2 апта көлемінде өтуі керек. Егер осы айтылған ойлар назарға алынса, қазақстандық театрларда ізденіс іздері болатынына сенімдіміз.
Меруерт Жақсылықова, театртанушы

Серіктес жаңалықтары