Теледидарға телмірткен телесериалдар

Теледидарға телмірткен телесериалдар

Теледидарға  телмірткен телесериалдар
ашық дереккөзі
248

Уақыт… Біз уақыттан ұтылып жатқанымызды іштей сезсек те мойындағымыз келмейді. Көбіне алтын уақытымыздың қалай өткенін білмей де қаламыз. Таңертең тұрғанда бірінші атқаратын ісіміз – теледидарды қосу. «Әр елдің салты басқа…» дегендей, әр елдің әдеті де әр түрлі. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, қазақ теледидар қосса, түрік ағайындар таңғы аста газет қарайды екен. Ал өзбек халқы ұлттық музыка қосса, кейбір халық ақшаларын санайды екен. Еуропа халықтары мүлде бөлек, олар таңғы асты тыныштықта ішкенді ұнатады екен.

Сонымен, қазақ телміре қара­ған теледидарда не бар? Көбіне, қа­рапайым халық телесериалдар­ды жібермеуге тырысады. Уақыттың аз ғана бөлігі арнайы бағдарламалар мен жаңалықтарға бөлінсе, көп бөлігі сериалдарға арналады. Сериал қарамай қайтсін, кей арналарда олардан өзге ештеңе жоқ. Дәл қазір жүріп жатқан сериалдардың рейтингін тізіп көрейік.

Тек қана қазақ тілінде хабар тарататын «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы «Кешір мені» және көрермен көзайымына айналып, артынан өзі де, көрерменді де адастырған «Денизді» көрген жөн бе, «Хабар» арнасындағы суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын, жеңілуді ешқашан білмейтін кейіпкерлері бар «Көкжалдар мекенін» таңдайсыз ба? Мүмкін «КТК» арнасындағы сылаңдаған «Сыланы» көрерсіз. «31-арнадағы» «Любовь и Наказание» атты телехикаясы тағы бар. «Астана» арнасы да «Иффет» пен «Сырлы Стамбулды» көрсетіп, сериалдар жарысынан қалмауды құп санайды. «Еларнадан» берілетін кәріс филімдеріне бөлек жеке тізім керек сияқты. Соңғы кездері үнді сериалдары да көгілдір экраннан көріне бастады. Демек, кәрістерге қызығып, түріктерге телміріп, енді үнділерге де үңілетін кез туды.

Бұл сериалдар халықтың уақыт өткізуіне себеп болып отырса да, бір жағынан қазақ киногерлеріне үлгі алуға мүмкіндік берген сияқты. Қарап отырсаңыз, қазақтар да сериал түсіруді қолға ала бастады. Әзірге бастамасы жаман емес. Ең алғаш шыққан төл туындыларымыздың бірі болып «Тоғысқан тағдырлардан» бастадық. Бертін келе «Ағайындылар», «Жаным», «Үй болу қиын», «Болашақ», «Туған елдің түтіні», «Әке серті» т.б. Әрине, әзірге сериалдарымыз дамып кеткен жоқ, бірақ жайлап өсіп келе жатқаны рас.

Біздің сериалдарымызда көбіне шынайылық кемшін түсіп жатады. Жасандылық басым. Кино екені көзге ұрып тұрады. Немесе театрдағы қойылым сияқты. Ал жоғарыда айтып өткен түрік, кәріс, үнді сериалдарындағы шынайылық сүйсінтеді. Тіпті кино емес, өмірде болып жатқандай дерсіз, сол оқиғалардың ішінде өзіңіз де жүргендей сезінесіз. Сондықтан көз алмай қарайсыз.

Біздің және бір кемшілігіміз, өз идеямыз жоққа тән. Еліктеушілікке, көшірмеге бейімбіз. Тек түрік сериалдарына еліктеп шытырман оқиғаларды түсіргенше, кәріс-үнді сериалдарындай тарихи сериалдар түсірген жөн емес пе?! Төл тарихымызды таныту жағынан сөзсіз ұтар едік. Қазақтың тарихын, тілін, ділін, дәстүрін танытатын сериалдар көптеп түсірілсе, одан киногерлер де, көрермендер де ұтылмас еді. Бұлай дейтініміз, табысты сериалдар түсіретін режиссерлер болса, фильмнің сәтті шығуы, көрерменге жол тартуы, рейтингін жоғарылатып, аудиториясын кеңейткен сайын пайда түсіріп отыратыны жасырын емес. Ал құнды да тарихи сериалдарды көрген көрермен ең болмағанда тарихын танып, салт-дәстүрін білуге мүмкіндігі болар еді.

Әр нәрсенің өз аудиториясы бар екені де рас. Сондықтан да табысты сериалдар аудиториясын ешқашан жоғалтпайды. Ал біз қазаққа тән туынды жасауға талпынуымыз қажет.

Ақбота Мұсабекқызы,

ХҚТУ-дің студенті

Серіктес жаңалықтары