1054
Көңіл
Көңіл
Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты
Көңіл деген нәзік.
Кейде оның нәзіктігіне мән бермейсің. Ол туралы ойламайсың да. Өмірдің ағыны өзен сияқты алды-артыңа қаратпайды.
Күтпеген жерден – сәл нәрседен көңіліңнің көтеріліп, қанат бітетінін қайтерсің. Сонда барып санаңда бар сәуле жылт етіп сыбыр етеді: – Көңіл шіркін! Одан әрі өзің жерде жүрсең де, ойың көкте жүреді.
Өзің де көңіліңе қарайсың. Көңіліңе қарап сөйлейсің.
Өмір де көңіл күйін тыңдайды. Көңіл күй болса бірде марқайып, бірде мұңаяды. Сыры тіл ұшына үйіріледі, суреті адамдардың бет-әлпетінде жүреді.
Біздің заманымызда көңілге қарап жатқан ешкім жоқ. Елемейді, ескермейді. Көпшілік көңіл дегенді білмейді. Кейбір жеке пенделер болмаса. Бұның мәнісі: көпшілік – керуен, жеке адам – жүрек. Керуен – қоңырауына ілеседі, жүрек – көңілімен тілдеседі.
Осыларды ойға алу көңілдің арқасы. Бұған қарап көңіл дегенді мәдениеттілік десек те болады екен.
Мәдениеттілік мөр емес, сыр. Сыры да, сыны да кетпейтін сыр. Мәдениетті адам соны пір тұтады. Оны алыстан-ақ танисың, көңіліңе қондырасың.
Шіркін, көңіл соның бәрін біліп тұрады, түсініп тұрады.
“Ол – мәдениетті жан”, – деп қоясың. Мынаны ескеріңіз: әрбір адамның өзіне тән мәдениеті бар.
– Біліміне қарай емес пе?– Жоқ.
– Байлығына қарай емес пе?– Жоқ.
– Мансабына қарай емес пе?– Жоқ.
Өйткені адам тегінде бар қасиетпен қалыптасады. Мәдениеттілік жайлы том-том кітаптың түйіні осы. Бұл табиғат сияқты табиғи тұжырым.
Бізде мәдениетті адамдар көп пе, аз ба? Ешкім айта алмайды.
Бәлкім аз шығар. Білетінімізді айту ләзім… Көңілдегіні жасыра алмайсың.
Оны тап қасыңнан тани білсең тіпті қуан. Қадірле. Қолын қыс.
Әрине, қолыңды алар жан табылып жатса…
*** Мәдениет философиясының мәні – ой. Ғажабы, біздің ойымыз бір бөлек, өміріміз бір бөлек. Екеуі де екі тілде сөйлейді. Екеуіне ортағы – үміт. Үміттің сыйынары – “биылдан келесі жылы жақсы болады, бүгіннен болашақ асып түседі”. Үмітке үлескен болжамда бірбеткей. “Мәдениет – мәдениеттілік кітаптың еншісінде қалмақ”.
Өмірде ойға орын қалмағанда осылай болатын шығар. Дәтке қуаты – дүниеде бұлай ойламайтындар да бар. Солардың бірі – Ол.Бірде ол көшеде кетіп бара жатқан жолымда кездесті. Күтпеген едім, қайырылып келіп сәлемдесті. Есендесуден кейін:– Газеттегі “Өреңізді” оқыдым, – деді биязы үнмен, – жақсы екен, жақсы айтыпсыз…Жай емес, шын көңілмен қуанып айтып тұр.
Мұндай шынайылық сирек құбылыс. Жақсы лебізіне жаным жылыды. Оның досына мұндай тілектестігі таңсық көрінді. Біртүрлі әсер берді. Досы жайлы биік ойда екен, қадірін де қатты қорғайды екен. Досы жайлы жақсы сөзді бейне бір өзіне айтылғандай қабылдауы тәнті етті.
Қуана білмейтін заманда қуана білетін жанның қарсы алдыңнан шыға келуі қандай ғажап. Ол осылай қуана білу арқылы өзгеге өнеге дәнін сеуіп жүргенін сезбейтін де шығар. Азаматтық парызым деп санайтын шығар.
Мен оны мыңнан бірде кездесетін мәдениеттілік деп есептедім. Бұл көңілімді бір көтеріп тастады.
Ол шаруасымен асығып бара жатты. Адам өміріндегі басты бір шаруаны тындырып тастағанын білген жоқ.
Мәдениеттілік дегеннің өзі осындай “Мені” жоқ парадокс болса қайтесің?!
***
Біз мәдениеттілікті үнемі іздеп жүреміз. Көбіне сонымен жолығу абстрактылы ұғымға саяды. Бірақ кейде ұяты бар біреуі: “Қабылдау бөлмесіне барыңыз”, – деп жөн сілтеп те жібереді.
Қуанып келгенде көңіл су сепкендей басылады. Кәдімгі мұздай су. Төбеңнен бүркеді.
Жауап та сұп-суық сыптағай:
Болмайды!
Қолы босамайды!Қабылдай алмайды! –деп сені бір сымдай қылып жатқанда телефондағы пақырларға:– Ол кісі жоқ, ол кісі жиналыста, ол кісі бүгін болмайды!.. – деп өтірікті боратып жатады.
Осы кезде барып сен бұл бөлмеден мәдениет пен мәдениеттіліктің әлдеқашан безіп, бошалап кеткенін көресің.Түңіліп тұрып жүре бересің.
Ішіңнен: “Әркімнің өз мәдениеті бар-ау”, – деп түйесің.
Түйгенің өзіңде кетеді.
***
Адамның өзіне керек емесі есте қалмайды. Есте қалатыны қайтқан құстар сияқты ойға оралып тұрады. Өтсе де көңілде сақталады.
Бұл жай да осылай еске түседі.
Өткен жылдың шілдесі болатын. Апшыны қуырған аптап. Көлеңкенің өзі қаталап тұрғандай.
Ғимараттардың сырты күйіп тұр, іші кірсең – шыққысыз. Қоңыр-салқын. Қабылдау бөлмесі де қоңыржай. Көмекші де қоңыр қозыдай. Иманы бетіне шығып тұр. Өзі кеуілді, сөзі бейілді.
Әрине, әдеп алдыңнан шыққанда жанәлемің жайлау. Арқа-басың жеңілдеп сала береді.
Бәрін жеңілдетіп, бәрін оңайлатып, бәрін қалыпты етіп тұрған оның мәдениеті екенін ұқтым. Ұқтым деу аз, көрдім. Кішілігі мен кісілігі жарасып тұр.
Әлбетте, жарастық жақсы әңгімеге жол бастайды. Жылы амандасудан кейінгі ізетпен орын ұсынуы ішкі түйсіктің қалауынан көрінді. Дағдысы болар, қарсы келіп күлімсірей отырысынан дала пейілдің дастарханы жайылғандай болды.
Мұндайға әңгіме тиегі өзінен өзі ағытылады. Айтар сөз де емен-жарқын шығады. Өмірінің мәніне айналған журналистиканы жанындай сүйетіні, проблемасымен күйетіні көрініп-ақ тұр.
– Біз студент кезімізден-ақ Сіздерді жақсы білеміз, – деп алыстан қайырып келіп, бұйырмыстың бұйрығымен оны бүгін айтудың реті келіп отырғанын жеткізді. Қошаметке қоңданып қопаңдап қалдық.
– Рахмет. Жас ұлғайған сайын сәлем мен жылы сөздің қадірі артады екен. Соны бастан кешіп жатырмыз, – деген ілтипат лепесімізді өзі іліп әкетті.
– Бұл сөзіңіз бір ойымды оятып отыр. Қартаюдың да ұлттық философиясы бар деуге болады. Соған бір дәлел дәйек айтайын. Мәскеуде оқып жүрген кезіміз. Досымыз екеуміз аптасына бір рет дүкенге барып, ет сатып алып асып жейтін қалыбымыз бар еді. Бір күні дүкенде тұрсақ, ұзын-шұбар кезектегі бір үлкен қазақ кісі бізге қарап: “Сендер қазақсыңдар ма?” – деді. “Аға, ет сатып алып тұрғанымызға қарап-ақ қазақтығымыз көрініп тұрған жоқ па?” – деп күле жауап бердік. Көңілденіп арқа-жарқа сөйлесіп, ақыры танысып алдық. Әлгі үлкен кісі бір күні бізді үйіне қонаққа шақырды. Әйелі орыс екен. Өзі мәскеулік боп кеткен қазақ. Қайраты барда ештеңені елемей жүре беріп, қайтарға жолы қалмаған. Сонда сол қарттың: “Жігіттер, естеріңде болсын. Әр ұлт өзінше қартаяды екен. Менің білгенім орыс – орысша, қазақ – қазақша қартаяды екен. Олай дейтінім, орыс қартайған сайын оқшауланып, оңашаланып, өз тапқанын өзі жеп, өзімен өзі үйінен шықпай қартаяды. Ал қазақ қартайған сайын көпті аңсап, сөйлескенді, араласқанды, әңгімелескенді, тіпті сәлем мен сөз дәметіп, көптің алдында болуды қалайды екен. Сондықтан ғой: “Әлгі пәленшенің баласы ма, ол маған сәлем бермей кеткені несі?” – деп кейіп жататыны. Жігіттер, осыны біле жүріңдер” дегені бар еді. Сол рас екен. Осы жайттарды облыста, ауданда әкім боп жүрген кезімде көзбе көз көрдім де, кездестім де.
Өмірде көргендер көп, бірақ көргенін көңіліне түйгендер аз ғой…Әрине.Меніңше оны жарата білу жағы кемшін боп жатқан сияқты.
Бұл да ақиқат.
Адам үлкеннің үлгісі мен тәжірибесін синтездеп пайдалана алса, қателеспейтін сияқты, – деді ол ойдың қармағын алысқа лақтырып.– Қателеспеу мүмкін емес нәрсе, бірақ көп қателеспеуге болатын шығар. Тіпті оны кім қалай түсінеді дейтін жағы да бар екен. Біртуар білімдар қайраткеріміз Ілияс Омаровқа: “Сіздің дұшпандарыңыз бар ма?” – деп тікелей сұрақ қойғанда, Ілекең: “Менің дұшпандарым – менің қателіктерім”, – деген екен.
– Қандай жауап! Қандай мәдениеттілік! – деді ол қайран қалып.
Иә, ешкімді де дұшпан көрмейді, бәрін өзіне артады. Оның барлық жеңісі осыдан тұрады…Барлық жеңісі дейсіз бе?– Иә, солай. Жаңағы мәскеулік қарт айтқандай мен де айтайын. Жеңістің де түр-түрі бар. Оған жету оңай емес. Бірақ бір жолы бар, ол – жақсылықтан айрылмау. Өйткені өмірде бәрін тек жақсылықпен жеңесің, бәрін жақсылықпен шешесің, бәріне тек жақсылықпен жетесің. Бұл да жігіттердің есінде болатын нәрсе…– Дұрыс айттыңыз, – деді блокнотына түртіп жазып жатып.
Тыңдай біліп, осылай түртіп қою да, меніңше жай сыйлағандықтан жоғары, мінәйі мәдениеттілік. Бәрі де сол болмашы нәрседен басталады ғой. Бәлкім сол елеусіз түртіп қоюдан елеулі идея туып кетсе ше?!Бұл өмірде бәрі мүмкін.
Бәрінен үміттіміз.
***
Іште кеткен үмітіміз игілікті болды. Ол шын мәнінде жақсы идеялардың жанашыры болып шықты. Кәсіби мамандығының бір қырын оң жамбасына алып ойнатып шығарыпты. Онысын өз басынан өткерген күймен сабақтастыра сыр етіпті. Айтар идеясы айқын: “Ақын Қадыр Мырза Әлидің: “Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған”, – деген өлең жолдарын ақпарат құралы өкіліне қарата айтсақ, бүгінгі журналистке ақыл да, асаулық та, ұшқырлық, табандылық пен тапқырлық та аса қажет екенін сеземін”, – дейді. Сөйтіп сүйрік идея “Солай болғанды” өзі бастап береді.
Соның екі-үш оқиғасы оқушының есінде қаларлықтай. Мұнда оның тек тыңдай білу емес, айта білу мәдениеті де алдымыздан өтеді.
***
“…Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алып жүрген кезімізде, – деп бастайды ол әңгімесін, – ІІІ курстан соң бір топ студентті Ресейдің Краснодар өлкесіне “Советская Кубань” газетіне өндірістік практикаға жіберді. Бара сала газет редакциясынан балық өсіретін зауыттың жай-күйін жазу жөнінде шұғыл тапсырма алдым. Ертеңінде өзге қала болған соң көрсетілген Горячий ключ елді мекенін біраз іздеңкіреп қалып, алдын ала келісілген уақыттан сәл кешігіңкіреп жеттім. Зауыттың ауласына асыға кірген бойым сол екен, алдымнан көнетоздау джинси киген, үстіне жеңіл футболка ілген бір жігіт “Вам кого?” деп алдымнан кес-кестеп шықты. Кіре берісте тұрғандықтан және тым қарапайымдау кейіпіне қарап оны кәсіпорын күзетшісі деген ұйғарымға келдім де, “өзімнің өте асығыс екенімді білдіріп”, директордың бөлмесіне тура тарттым. Қабылдау бөлмесіне кіріп, хатшы қыздан сұрасам: “Директор пошел встречать какого-то журналиста”, – дейді. Сонда ғана әлгі зауыт директоры екенін түсіндім.
Алматыда журналистік қызметте жүргенде бір топ жазушылармен бірге Шығыс Қазақстан облысына іссапарға бардық. Мақсатымыз – шекара заставасын аралап көру, қорғаныс қабілеті жайында мақала жазу. Заставадағылар ел тыныштығын күзетудегі қырағылық шараларының барлығын ауызбен айтып, нақты әрекеттермен көрсетуге кірісті. Соның ішінде шекара бұзушыларды үйретілген иттермен ұстаудың тәжірибесін іс жүзінде көрсеткілері келетінін жеткізді. Ол үшін біріміз арнайы киім-масхалатты (маскировочный халат) киіп, “шекара бұзушы” ретінде иттің алдында жүгіруіміз керек. Бірақ бәріміз арылдасып тұрған қабаған итке таланып қалудан жүрексініп, батылымыз жетпей тұрған сыңайлы. Десе де шекарашылар ертең біз кетісімен “журналистер сын жазғанда бәрі батыр көрінгенмен, өмірде қорқақтау болады екен” деген ойда қалады-ау деген намыс жанып барады. Сөйтіп, мен келісімімді беріп, етек-жеңі қабат-қабат шапанды киіп жүгіре жөнелдім. Үйретінді иттің босатылғанын, артымнан тілі салақтап жақындап келе жатқанын сезіп келем. Сол сәтте журналистік қызығушылығым артып, осы иттің өзіне қарсы жүрсем не болар екен деген ой сап ете қалды. Жалт бұрылып, кері жүргенім сол екен, аласұрып жүгіріп келе жатқан шекарашы ит қатты састы, егесіне қарай шаба жөнелді. Біраз дүниелерін көрсетіп, абыройлары асыңқырап қалған шекарашылар иттерінің ойда-жоқта жасаған “иттігіне” күйіп әлек болды.Бір жолы Оңтүстік Қазақстан облысына ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов арнайы сапармен келді. Шыңғыс ағаны ақын Мұхтар Шаханов ертіп жүрді. Бәріміз топ болып қос қаламгерге өңірдің тарихи жерлерін аралатып көрсетіп жүрміз. Отырар қаласының орнында болып, әйгілі Арыстан бабқа тәу етуге ат басын бұрдық. Дәстүр бойынша бәріміз кесенеге аяқ киімімізді шешіп ішке кірдік, әулие баба рухына бағыштап құран оқыттық. Сол кезде ұлты орыс журналист Зинаида Савина деген қыз діни наным-сенімі бөлек болған соң ішке кірмей, рәсім аяқталғанша сыртта күте тұратынын айтты. Әріптесіміз қарап тұрмай адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс ағамыздың ұлылығының жұқанасы жұғар деген ниетпен оның аяқ киімін киіп көрмекші болыпты. Ең ерекшесі осы-ау деген дұрысын таңдап киіп, бір сәтте болса да аяқ киім егесінің рухын сезгендей күй кешіпті.
Жұрттың бәрі жапа-тармағай кесенеден шығып, жаяулатып аяқжолға түседі. Сол кезде әлгі журналист, ақын қыз өзі киген туфлиді көзбен іздей бастайды. Шыңғыс Айтматовтың аяғында – мүлдем басқа туфли.
Жалма-жан өзі киген туфлиді де тауып қараса, егесі осы жолдарды жазып отырған пақырыңыз болып шықпай ма?!”
Осы жайлардан-ақ мінез көрінеді. Мінез – мәдениеттіліктің бір мәйегі.
***
Мәдениеттің жасушыларын жасайтындардың бірі – журналистика. Оның жаны – жақсы идеялар. Идеяның жолын ашу – кәсіби қалауы, жанашырлық үлгісі, сағыныштай боп жүретін оның ішкі іңкәрлігі.
***
Әлбетте біздің романтикаға бүйрегіміз бұрып тұрады. Оның қасиеті бойыңа да, ойыңа да бір желпініс бітіреді. Сөзін білмесең де оның ғажайып әуеніне елітіп кетесің. Ішкі мәдениетің тазарып, жасара түседі.
Көңілің көкке ұласады. Күнің нұрлана түседі.Ол – менің кейіпкерім соған қуанады.
*** Мәдениет туралы көп айтылады, көп жазылады. Бірақ Мәдениетті Адам еленбей қалады.
Тіпті айналамызға қарайықшы. Көріне ме?Мейлі солай-ақ болсын.Бәрібір, біз олармен жиі жүздесеміз, тіпті сырласамыз да…Өйткені олар… Ол – көңілде қалады, көңілде жүреді.
Ол – менің кейіпкерім – Дархан Мыңбай.
***
Арамызда мәдениетті адамдардың болғаны қандай ғажап, қандай жақсы!
Көп болса ғой олар, шіркін!