ИНТЕРПОЛ ІЗДЕГЕН ҚАШҚЫНДАР

ИНТЕРПОЛ ІЗДЕГЕН ҚАШҚЫНДАР

ИНТЕРПОЛ ІЗДЕГЕН ҚАШҚЫНДАР
ашық дереккөзі
335

Соңғы он үш жылда Қазақстаннан заңсыз шекара асырылған қаражат көлемі 300 млрд. долларға жуық көрінеді. Ал халықаралық ұйым – Интерпол 45 Қазақстан азаматын құрықтауға құлшына кіріскен. Біздің құқық қорғау органдары кімнің ізіне түсуде?

Қылмыстық полицияның халықаралық ұйымы саналатын Интерпол 45 Қазақстанның азаматын Жер шарының түкпір-түкпірінен іздеп жүр. Интерполдың «қара тізіміне» 38 ер адам мен 7 әйел ілігіпті. Қылмыскерлер арасында ең жас әйел – 23 жастағы Кристина Якунина болса, ең кәрісі – 57 жастағы Лариса Водиниктова. Ал ерлер арасындағы ең жасы – 19 жастағы Илья Зарва мен ең кәрісі – 64 жастағы Виктор Храпунов. Негізі Виктор Вячеславовичтің жұбайы Ләйла Храпунова да іздеуде жүр. Былтыр өздері туралы жағымсыз пікір айтқан немесе мақала жазған журналистерді, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлеріне арнап «қара тізім» түзген Ләйлаға «алаяқтық» пен «ақшаны талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылыпты. Ал В.Храпуновтың үстінен Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысына әкім боп тұрған кезде лауазымын асыра пайдаланғаны үшін, «өзіне сеніп тапсырылған өзгенің аса ірі көлемдегі мүлкін заңсыз иемденді немесе ысырап етті», «ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландырды», «алаяқтық» т.б. ұзын-саны 20 қылмыстық із қозғалғаны белгілі. 2007 жылы Алматы маңайындағы сатуға ты-йым салынған жерлердi заңсыз сатып, талан-таражға салды деген айыппен, әкiмдiк қызметiнен босатылған Виктор Храпунов қазiргi кезде отбасымен бірге Швейцарияда тұрып жатыр. «Bilan» журналының 2009 жылғы қорытындысына сәйкес, ол Швейцариядағы ең бай 300 адамның қатарында. Экс-әкiмнiң есепшотындағы қаражат 300-400 миллион швейцариялық франктен (360-480 млн. АҚШ доллары) асып түскен. Кейбiр дерек көздерiнiң хабарлауынша, миллионер оның өзi емес, бала-шағасы екен. Мысалы, былтыр швейцариялық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерде оның 27 жастағы ұлы Iлиястың (ол қазiр Swiss Development Group компаниясының президентi) 350 миллион ($343 млн.) швейцар франкi бар деп көрсетiлсе, Iлиястың әпкесi Эльвира Храпунова-Бельдиманидiң иелiгiнде Женевадағы ең бай кварталдардың бiрiнде зергерлiк дүкенi мен зәулiм сарайы бар екендiгi айтылған. 2007 жылы Эльвира Храпунова Колоньи ауданындағы сарайын 32 млн. франкке сатып алғанда да шетелдiк ақпарат құралдары бiраз шулаған едi.

Қылмыскерлер қатарындағы көкшетаулық Илья Зарва алдын ала ұйымдастырылған ұрлыққа қатысты істі болыпты. Интерпол тарапынан іздестіріліп жатқан «Қазатомпром» АҚ-ның вице-президенті Рүстем Тұрсынбаевтың мойнында «алаяқтық», «жалған ақша жасау», «ұйымдасқан қылмыс», «ұлтаралық қылмыс» т.б. айып бар. Ал Қазақстанда Тұрсынбаевқа тағылған айыптар: «қылмыстық топты ұйымдастырып, оны басқарды», «мемлекеттік меншіктегі мүлікті талан-таражға салды», «ақшаны заңсыз шекара асырды», «салықтан жалтарды», «жалған құжаттар жасады» т.б. Тергеу амалдарына қатысты істерде оның 20 млн. долларды қымқырғаны айтылған.

Халықаралық полицияның тұза­ғына түспей жүрген тағы бір қазақ – кезінде Атырау облысының әкімі болған Бергей Рысқалиев. Экс-әкім отставкаға кеткеннен кейін қаржы полициясы әкімдіктегі бірнеше лауазым иесі мен кәсіпорындардың үстінен жемқорлық қылмысына қатысты 13 іс қозғады. Мемлекетке келген шығын – 42 млрд. теңге. Тергеу органдары экс-әкімнің ағасы, бұрынғы депутат Аманжан Берғалиевке де іздеу жариялады. ҚР Бас прокуратурасының хабар­лауынша, олар ендігі Қазақстан шекарасынан асып кеткен.

Қазақстандық құқық қорғау органдарының құрығынан сытылып кеткен тағы бір қазақстандық – Мұхтар Әблязов. Ресми мәліметтерге сүйенсек, «ТұранӘлем банкін» басқарған экс-банкир қаржылық дағдарыс кезінде елден 5 млрд. долларды алып қашқан көрінеді. Бұған дейін ағылшындар елінде, анығында Лондон қаласында тұрып келген Әблязов Скотленд-Ярдтың тыңшылары тіміскілей бастағанда басқа елге табанын жалтыратып үлгеріпті.

Интерполдың іздеуіндегі 4 әйелдің бірі – Елена Данилова. Еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі саналатын Қазақстандық менеджмент, экономика мен болжам институтының (КИМЭП) бас есепшісі білім ошағының кассасынан жымқырған 14,2 млн. теңгесін шекара сыртына «сүйрей» кетіпті. Бірақ оның 2011 жылдың қарашасында Біріккен Араб Әмірліктерінде ұсталғаны мәлім болды. Елден табанын жалтыратқан 4 отандас Германия, Ресей мен Францияның екінші азаматтығын алып үлгеріпті. Олардың біреуі алаяқтық бойынша іздеуде жүрсе, қалған үшеуінің адам өмірі мен денсаулығына қатер төндірген қылмысқа қатысы бар.

Бұрнағы жылы танымал экономист Қанат Берентаев отандық басылымдарға берген сұхбатында Қазақстаннан 300 млрд. доллардың заңсыз әкетілгенін айтқан еді: «Меніңше, соңғы он жылда елімізден сыртқа әкетілген қаражат 300 млрд. долларға жетті». Соның алдында ғана Global Financial Integrity тарапынан берілген ресми деректерде 2000-2008 жылдар аралығында Қазақстаннан 126 млрд. доллардың заңсыз шығарылғаны хабарланған еді. Бірақ бұл көрсеткішпен Қанат Берентаев келіспейді: «Меніңше, қаражат көлемі сәл төмендетілген. Менің есептеуімше, кен өндіру саласындағы жыл сайынғы табиғи рента 5-6 млрд. долларға жуық. Бұл дегеніміз не? Бұл – қосымша кіріс. Қандай да бір кен орындарындағы табиғи жағдайдың қолайлылығынан мұнай бағасы айтарлықтай төмен болғандықтан, кіріс көлемі де барынша жоғары болмақ. Осылайша, кен өндірушілер артық кірісті мемлекеттік қазынаға беруі тиіс болса да, өздеріне қалдырады. Соңғы он жылда осы қосымша кіріс 60 млрд. долларға жуықтады».

Сонымен қатар қазақстандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері Интерпол арқылы Пәкстан, Қытай, Молдова, Грекия, Израиль мен Ресейдің бірнеше азаматын тұтқынға алуды көздейді. Мәселен, өткенде қаржы полициясы Атыраудағы түрмеден 55 жастағы молдован кәсіпкер Сергей Крнегруцыдың қашып кеткенін айтқан еді. Ал «Қазполмұнай» компаниясының президенті кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқаны үшін түрмеге отырып шықты. «Lion & Line» ЭШС директоры болған пәкстандық Икбал Ясир Малик 800 қазақстандыққа Біріккен Араб Әмірліктерінен жұмыс та-уып беремін деген уәде беріп, 18,5 млн. теңгеге сазға отырғызып кеткен. Мұндайда азаматтардың аңғалдығына таңғаласың. Өйткені атам қазақтың «өз-өзіңе бекем бол, көршіңді ұры тұтпа» деген нақылы бар емес пе?

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары