ДҮЛЕЙ КҮШПЕН АЙҚАСТАН СОҢ
ДҮЛЕЙ КҮШПЕН АЙҚАСТАН СОҢ
Жылдың басында орын алған Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы алапат оқиға елдің назарын өзіне аударғаны анық. Бір кездері көздің жауын алатын әсем қалалар кейінірек әбден құлдырап, елес қалалардың кейпін киді. Еңсесін енді көтеруге бет алған бұл елді мекендер үшін тосын табиғат апаты ауыртпалық болып тағы тиді. Әсіресе қаратаулықтар үлкен зардап шекті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, елге де, ерге де сын боларлық бұл оқиғада халық күш жұмылдыра білді, билік те тыс қалмады.
Көзден таса жатқан бұл өңірлер елдің назарына көп іліге бермейтін. Ал дүлей дауылдан үлкен зардап шеккен Қаратау елді мекенінде ешкімнің шаруасы жоқтай болып көрінді осы уақытқа дейін. Тек аз ғана уақыт бұрын билік болашағы бар деп тапқан бірнеше шағын қалаларды дамытудың бағдарламасын қабылдап, Жамбыл облысынан екі қаланы (Қаратау мен Жаңатас) тізімге қосқан болатын. Әрине, жергілікті халық бұл жаңалыққа бір қуанып қалды. Алайда үкімет тарапынан қолға алынған игілікті іс-шараның ұзақ уақытқа арналғандығын ескерсек, жуырда елеулі өзгеріс бола қоймасы анық. Ал қойнауы қазынаға толы Қаратау қаласы туралы біріміз білсек, біріміз біле бермеуіміз де мүмкін. Шындығына келсек, Қаратау өңірі байлықтың ортасы, қазыналы өлке. Қазақтың қай жерін алсақ та байлықтың кеніші ғой, әрине. Десек те, қазыналы Қаратау қаласының жөні мүлдем бөлек…
Осы орайда қазақ журналистикасының қос майталманы Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде хат жазысып, елдің хал-ахуалы, тыныс-тіршілігі туралы сыр шерткені еске оралады. Бірде Камал аға еліміздің жер байлығы туралы ойын ортаға салғанда, Шерағаң өзіне тән өткірлігімен «ендеше сол алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз» деп жауап қатқан еді. Қаратаулықтардың да жағдайы осыған саяды. Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отыр. Ал алтын деп отырғанымыз – фосфор. Ауыл шаруашылық саласына аcа қажет шикізат. Кеңес заманында Қазақстанды ғана емес, жалпы КСРО экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан қалалардың бірі Қаратау болатын. Алайда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ шырайы кетіп, құлдырай бастады. Себебі, көрші елдермен экономикалық байланыстар үзілді, ауыл шаруашылығына қажет фосфорлы минералды тыңайтқыштарға сұраныс күрт азайды. Одақтас республикадағы химиялық кәсіпорындар фосфор шикізатын сатып алуды тоқтатты. Сайып келгенде, өндірісі дамыған әсем қала аз уақыттың ішінде адам танымастай күйге енді.
90-шы жылдарға дейін Қаратау қаласында 40-тан астам кәсіпорын, 18-ден астам балабақша жұмыс істеп тұрғанының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Кеңес одағы кезінде, кейбір деректерге сүйенсек, фосфорит өндіру ісінің 64,7 пайызы Қазақстанның үлесінде болса, ал соның басым бөлігі осы Қаратауда өндірілетін.
Бүгінгі Қаратау қаласының келбеті, әрине көңіл көншітпейді. Қаңырап тұрған көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, жарым-жартылай істеп тұрған кәсіпорындар. Десек те, соңғы уақытта аз болса да қалыптасқан жағдайдың өзгеруіне жасалып жатқан талпыныстар бар. Аудан басшысы біраз тірліктің басын қайырып та үлгергенге ұқсайды. Оған қоса бүгінгі әкімнің қазақы дәстүрлерге, жөн-жоралғыға ерекше көңіл бөлетіндігі көрініп-ақ тұр. Олай дейтініміз, қалаға кіреберісте биік тұғырға орнатылған алтын түстес сақа мен Д.Қонаев пен Б.Момышұлы көшелерінің тоғысатын айналмасында халқымыз қастер тұтатын бесіктің ескерткіштерін көргенде осындай ойға келдік. Ырымшылмыз ғой, кез келген дүниені жақсылыққа балаймыз.
Елдің хал-ахуалының жақсаруы, әрине, өндіріс ошақтары мен шағын кәсіпкерліктің дамуына тікелей байланысты екеніне ешкім таласпайды. Бірнеше кәсіпорын мен құрылыс саласына қажетті өнім өндіретін өндіріс ошақтарының іске қосылуына, жасалып жатқан игілікті іс-шараларға қарап өңірдің бүгінгі беталысы жаман еместігін аңғартады. Дегенмен қолға алынып жатқан жұмыстардың аймақтағы ахуалға елеулі өзгеріс әкелмесі тағы анық. Қаратау қойнауындағы фосфор өнімін өндіруді қолға алмай әлеуметтік-экономикалық жағдай түбегейлі өзгереді дегенге сенім аз.
Әлемдік нарықта фосфор тыңайтқышына деген сұраныс соңғы кездері күрт ұлғайғандығын естіп жатырмыз. Зерттеушілер соңғы он жылдың ішінде 20 пайызға ұлғайып, жыл сайын сұраныстың тағы арта беретінін айтуда. Әлемдік нарықта минералды тыңайтқыштардың ішінде фосфорлы тыңайтқыштың үлес салмағы 23 пайызды құрайды екен. Осы уақытқа дейін Үндістан (әлемдік тыңайтқыш нарығында шамамен 30 пайыздық үлесі) мен Бразилия әлемдегі басты импорттаушы елдер болып саналып келді. Қытай, АҚШ, Ресей және Марокко елдері бұл салада қалыс қалмай, минералды тыңайтқыштарды өндіруге үлкен басымдық беріп жатқанға ұқсайды. Кез келген ауыл шаруашылығы дамыған мемлекеттер импортқа тәуелді болмас үшін өз өндірісін дамытуға күш салады. Бұл заңдылық та. Осылайша әлемдік нарықта бағасы жылдан жылға өсіп жатқан фосфор тыңайтқышына деген тәуелділіктен құтылудың амалын жасайтыны белгілі. Ал «РБК.Исследования рынков» өз сайтында әлемде фосфор тыңайтқышына деген сұраныс 2014 жылы 43,5 млн. тоннаға ұлғаяды деп жазды. Міне, бұл мәліметтерге қарап әлемдік нарықта фосфор тыңайтқышына деген сұраныстың жоғары екеніне көз жеткіземіз. Ал фосфор тыңайтқышының маңызына келсек, астықтың құрғақшылық кезінде төзімділік қабілетін арттырады, пісіп жетілуін жеделдетеді. Бұл дегеніңіз, бүкіл әлемді алаңдатып отырған ғаламдық климаттың өзгеруі, құрғақшылық, табиғаттың басқа да тосын мінездері жиілеп кеткен уақытта фосфор шикізатының құны арта береді деген сөз. Қазақ елі де ауыл шаруашылық саласына арқа сүйейтін мемлекеттің бірі. Кеңес заманында миллиард пұт астық берген еліміз қазір де осы межені бағындырып жүр. Алайда жердің тозатыны, құнардың азаятыны белгілі нәрсе ғой. Фосфор тыңайтқышына тәуелді болмас үшін іргелі ел болуды мақсат еткен біздер бүгіннен қам жасауымыз керек-ақ. Ауыл шаруашылық саласы – ол біздің нанымыз, етіміз, сүтіміз емес пе?! Өзімізде бар дүниені игермей, өзгелерге тиын-тебенге бере салатын жаман әдетіміз тағы бар. Айтпақшы, «Қаратау фосфорын игеруді ресейлік «Еурохим» өз қолына алмақшы» деген әңгіменің шыққанына біраз уақыт өтті. «Қимылдары өте баяу» дейді жергілікті тұрғындар. «Өзгеріс сезілмейді» деседі. Әттеген-ай, елімізде ірілі-ұсақты жобаларды іске асырып жатқан ұлттық «Самрұқ-Қазына» холдингі, басқа да қаржы ұйымдары осы игілікті істі неге қолға алмады екен дейсің. Өздері үшін де, елі үшін де пайдасы орасан болар еді ғой. Неге осыны ескермеді екен?!
Қорытындылай келгенде, қаратаулықтардың болашақтан үміті зор екенін байқадық. «Елдің бірлігі мен ынтымағы берік болса, қалғаны бола жатар» дейді жергілікті тұрғындар. Ең бастысы, дүлей дауыл халықтың еңсесін түсіре алмапты, қайта ширата түскендей. Қиналғанда ағайынгершілік танытатын халқымыз тағы да сол биіктен көріне білді. Тосын келген дүлей күшпен айқасқан Қаратау халқының бойындағы өр мінезі өзгермепті.
Алматы қаласы