ОБЫР – ҒАСЫР ДЕРТІ

ОБЫР – ҒАСЫР ДЕРТІ

ОБЫР – ҒАСЫР ДЕРТІ
ашық дереккөзі
1168
Қазақстанда жылына 17 мың адам ауыр дерттен көз жұмады
Обыр (рак) дерті жыл өткен сайын жасарып барады. Аты жаман ауру бүгінде 5-14 жас аралығындағы өскелең ұрпаққа ауыз салған. Халықаралық мамандар 2030 жылға қарай жыл сайын 12 млн. адамның ажалы обырдан болатынын ескертіп, дабыл қағуда. Жылына 17 мың адам қаза табады Бүкіл әлем бойынша обырға шалдыққандар саны өте көп әрі үздіксіз өсу үстінде. Шекараларға бағынбайтын бұл дерттің кез келген отбасыға тікелей не жанама түрде қатысы бар. Мамандар қауымы 2030 жылға қарай жыл сайын 12 миллион адам обырдан ажал құшуы мүмкін екендігін ескертеді. Сондықтан жер мен ел талғамай, жолындағыны жалмап келе жатқан обырды тоқтату – дүние жүзінің мойнындағы міндет. Ай сайын қатерлі ісіктен қаза табатын 600 мың аурудың санын азайту үшін дерттің алдын алуға, ерте анықтауға және емдеуге мемлекеттік тұрғыда қолдау қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2025 жылға қарай инфекциялық емес дерттерден көз жұматындардың санын 25 пайызға төмендетуге болатынын айтып отыр. Обырға қатысты мәселелерде қолды қусырып қарап отыру қатерлі ісікке қарсы күреске кететін шығындарды өсіруде. Ал жыл сайын Жер шарының бүкіл мемлекеті обырды емдеуге 458 млрд. доллар жұмсайды екен. Өкінішке қарай, аурудың ушығуынан аталған шығын да қомақты бола түскен. Обырға қарсы шараларда үкіметтердің шығын шығаруға аса құлшынбауы, тым сараңдық танытуы дерттің асқынуына себеп. Мысалы, бүкіл әлем бойынша обырға қарсы күреске небары 1,8 млрд. доллар жұмсалады. Адамдардың ауыр дерттен хабарсыздығы, алдын ала емделуге не дәрігерге қаралуға тым кеш келуі обырдан көз жұматындар санын арттыра түскен. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының мамандары осы мәселе дереу қолға алынбаса, күн сайын қатерлі ісіктен зардап шегіп, ажал құшатындардың көбейе беретінін ескертеді. Егер нақты бағдарламалар мен шаралар іске асырылса, обырға қатысты 100 жағдайдың 30-ын салауатты өмір салтын қалыптастырумен немесе обырға себеп болатын инфекцияға қарсы екпемен аман алып қалу мүмкіндігі бар. Обырға шалдығып, соның салдарынан мезгілсіз қайтыс болатындар қатары ВИЧ/СПИД, туберкулез т.б. ауруларға қарағанда едәуір көп. Осы себепті Халықаралық обырға қарсы одақ (UICC) тарапынан жыл сайын 4 ақпанды Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күні ретінде атап өтуге ұсыныс білдірілген еді. Басты мақсат – техникасы мен технологиясы дамыған ХХІ ғасырдың аса ауыр дерті – обырдың таралуына жол бермеу. Мұндайда обыр туралы аңыз әңгімелер мен көңілдердегі күдікті сейілтіп, керісінше, «обырдың маған қатысы жоқ» деген сенімде жүретіндерді қамсыз қалмауға шақыру да өте маңызды. Қатерлі дерт туралы неғұрлым ақпараты мол болған сайын адамдар өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарай бастайтыны, дәрігерлерге дер кезінде қаралып, сақтанып жүретіні белгілі. 2013 жылдың 4 ақпаны күні алматылық БАҚ өкілдерін Алматы қалалық онкологиялық орталыққа жинаған Орталық пен «Обырға қарсы бірге» («Вместе против рака») қоғамдық қорының өкілдері журналистерді тегін дәрігерлік тексеруден өткізіп, медицина қызметкерлері обыр туралы жан-жақты ақпарат берді. «Обырға қарсы бірге» қоғамдық қорының мәліметтеріне сүйенсек, 16 млн. 776 мың тұрғыны бар Қазақстанда 140 мың адам обырға шалдықты деген диагнозбен тіркеуге алынған. Жыл сайын 30 мың отандас обырмен тіркеуге тұрса, олардың 17 мыңы жыл сайын ажал құшады екен. Жынысына қарай бөлсек, ерлер арасында өкпе (21,7%), асқазан (12,1%), тері (+меланома) обыры кең тараса, әйелдерде сүт бездері (21%), тері (+меланома) (11,6%), жатыр мойны (8,5%) қатерлі ісігі көп кездеседі. Ал Қазақстанда обырдан көз жұматындар негізінен өкпе, асқазан, сүт бездері, өңеш пен тоқ ішек ауруына шалдыққандар. Елімізде жүрек-қан тамырлары ауруынан кейінгі екінші кезекте тұрған обырмен отандық денсаулық сақтау саласының қызметкерлері ғана емес, бүкіл қоғам болып күресуі тиіс. Ол үшін әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігерлік тексеруден жүйелі де уақытылы өтіп тұрғаны жөн. Обырдан қорықсаң, аузыңды тый… Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде Ұлттық Онкология мен радиология ғылыми-зерттеу институты, 19 аймақтық онкологиялық диспансер, емханалардағы 361 онкологиялық кабинет, емханалар мен ауруханаларда дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету және операциялар мен емдеуді тегін жүргізу қарастырылған. Дәрігерлердің айтуынша, Қазақстанда өңеш пен асқазан обыры 50-ден асқандар арасында көптеп кездеседі екен. Ер адамдар әйелдерге қарағанда жиі ауырады. Дұрыс тамақтанбау, әсіресе, сүрленген, тұздалған немесе маринадталған тамақтарға, күшті алкогольді сусындарға әуес келетіндерде обырға ұшырау қаупі артады екен. Ал адамнан адамға оңай жұғатын аса қатерлі инфекция – Хилакобактер Пилори асқазанның қабынуына, сондай-ақ жараның пайда болуына әкеп соғады. Өңеш пен асқазан дертімен ұзақ уақыт бойы ауыру да обырдың асқынуына сеп. Мұндайда полипоз сияқты тұқым қуалайтын басқа да аурулардың обырға ұласатыны тағы бар. Жыл өткен сайын жасарып келе жатқан обыр әсіресе темекі тартатындар арасында ушығып тұр. Негізі адамдар асқазан мен ас қорыту жүйелерінің дертіне ұшырамас үшін диета сақтауы керек. Ол үшін майлы тағамдардан аулақ болу, темекі тартпау, арақты мөлшерден тыс ішпеу қажет. «Меніңше, обырдың асқынуына экология кінәлі. Екіншіден, дертке ұшырағандар дәрігерлік тексеруден өтуге өте кеш келеді. Бұл азаматтардың сана-сезіміне, менталитетіне байланысты. КСРО кезінде дәрігерге қаралу тегін болды. Шет елдерде керісінше, бәрі ақылы болатын. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамаса, асқынып кеткен дерт ертең қалтасына салмақ салатыны белгілі. Сондықтан басы ауырып, балтыры сыздай қалса, шетелдіктер дереу емханаларға жүгіріп барады. Кеңестер одағының кезінде арнайы ұйымдастырылған экспедиция құрамында Атырауға, Шығыс Қазақстан облысына бардық. 2 миллионға жуық адамды тексеруден өткіздік. Сонда таңғалғаным, адамдар алдарына тегін қызмет көрсетуге келген дәрігерлерге қаралуға құлшынбайтын. Өкінішке қарай, осы үрдіс күні бүгінге дейін сақталған. Отандастардың дәрігерлік тексерілуді құнттамауының опық жегізер жайттарға әкеп соғатыны анық. Егер уақытылы анықталса, обырды емдеу оңайға әрі арзанға түседі. Дер кезінде ем қабылдаған ауруға шығынның аз кететінін өткенде ҚР Денсаулық сақтау министрі де ашық айтты ғой», – деп ағынан жарылған Алматыдағы онкологиялық орталықтың маманы, жоғары категориялы дәрігер Жұмашев Есенгелді Замғалиұлы қазіргі кезде обырдың ерте анықтала бастауына заманауи техника мен медициналық құрал-жабдықтарының қолдануына игі әсер еткенін айтты. Кеңестік заманда ең күшті деген құрал-жабдық тек Онкологиялық институтта болатын. Ал аймақтарда, әсіресе, орталықтардан шалғай жатқан жерлердегі ағайынға дер кезінде емделу қайдан болсын. Асқазанға қатысты дертті тек эндоскопиялық тексеру арқылы анықтауға болады. Бұл әдісті халық қарапайым тілмен «шланг жұту» деп атайды. Осының арқасында гастрит, полип сияқты басқа да ауруларды емдеп жазуға мүмкіндік бар. Ең бастысы, жылына екі рет эндоскопия жасатып тұру керек: «Бұрын асқазанында ақауы бар ауруларды күз бен көктемде екі рет дәрігер қабылдауына шақырып, жүйелі түрде тексеріп отыратынбыз. Қазір ол әдіс қалды. Адамдар диета сақтамайды. Кешке малды, қорадағы шаруасын жайғстырып келеді де, етке тойып алады. Сосын бірден ұйқыға бас қояды. Бұл ағзаға, әсіресе, асқазанға өте зиян». Осы себепті, өңеш пен асқазан обырынан қорғанудың жолын ұсынған дәрігерлер қауымы адамдарға сүрленген, тұздалған, қақталған тағамдарды, нитраттарды барынша аз тұтынуға, керісінше, жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністі көп жеуге, темекі мен арақ-шараптан бас тартуға кеңес береді. Сонымен қатар гастрит, асқазан полипозы, созылмалы эзофагит, созылмалы асқазан жарасы сияқты дерттерді дер кезінде емдеген жөн. Бұл обырды болдыртпауға көмектеседі. Аурудың алдын алуға аса құлшынбайтын ағайын дәрігердің көмегіне өте кеш жүгінетіні өкінішті. Мұндайда асқынып кеткен аурудың емдеуге көне қоюы екіталай. Халықаралық мамандардың ұйғарымы бойынша әлеуметтік және экономикалық проблемалар санатына жатқызылған обыр мемлекеттің дамуын шектейді. Бүгінде адамдарды ажал тырнағына байлайтын дерттердің бірі – бауыр обыры. Бұл дегеніміз – бауыр жасушаларында, гепотациттерде қатерлі жасушалардың қалыптаса бастағанда пайда болатын ауру. Созылмалы В немесе С вирусты гепатиттері, арақ-шарапты шамадан тыс қолдану, «афлактоксин» деп аталатын дән мен жаңғақ сияқты тағамдарда өсуі мүмкін зеңдердің уы арқылы ушығатын бауыр обырына әйелдерге қарағанда, еркектер көбірек шалдығады екен. Сонымен қатар бауыр циррозы да обырға ұшыратады. Бауыр циррозы дегеніміз – бауырда тыртық тіннің қалыптасуы. «Бауыр обырынан қалай қорғануға болады?» деген сұраққа дәрігерлер тарапынан берілетін кеңес: В гепатитіне қарсы егілу, дене салмағын бір қалыпта ұстау, арақ-шарапты көп ішпеу, темекіні көп шекпеу, құрамында зиянды заттар жоқ тағамдар мен таза ауызсу пайдалану, көгерген немесе қолдану мерзімі біткен тамақтарды жемеу. 2013 жылдан бастап Қазақстан аумағында бауыр обырының скринингі өткізілетін көрінеді. Скрининг азаматтар тіркелген емханаларда тегін болмақ. Кезең бойынша жүзеге асырылатын шараға ең алдымен созылмалы С гепатиті бар азаматтар тартылады. Бауыр обырын ерте кезеңде анықтауға арналған альфа-фетопротеинге қан тапсыру мен ультрадыбыстық зерттелу жылына үш рет өткізіледі. Керек болған жағдайда, дәрігерлер бауыр биопсиясы мен компьютерлік тамографиядан өтуге кеңес береді. «Әйелдерде жауапкершілік жоқ» Қазіргі кезде Қазақстан мен әлем бойынша әйелдер арасында жатыр мойны обыры қатты ушыққан. Елімізде жыл сайын 1500 ауру тіркеуге алынып, жыл сайын 650-ге жуық қыз-келіншек осы дерттен көз жұматын көрінеді. Дәрігерлер қауымы Адам папиломмасының вирусы жатыр мойны қатерлі ісігіне ұшырау қаупін арттырады дейді. Обырдың бұл түрі негізінен жыныстық қатынасты 18 жасқа толмай бастағандарда, темекі шегетін әйелдерде, 18 жасқа толмай тұрып немесе 40 жастан асқаннан кейін бала туғандарда, жыныстық гигиенаны сақтамайтындарда, төсектестерді жиі алмастыратын келіншектерде көп кездеседі. Алматы қалалық онкологиялық орталығының гинеколог маманы Гүлсім Стамқұлованың айтуынша, Қазақстандағы әйелдер дәрігерге өте кеш келеді: «Мен әрқашан алдыма келген әрбір келіншекке, туған-туыстарыма, таныстарыма жылына бір рет гинеколог маманға көрінуге кеңес берем. Сондай-ақ, міндетті түрде маммолог маманның тексеруінен өтуі тиіс. Бұл обырды ерте анықтауға көмектеседі. 2007 жылдан бастап бізде 30-60 жас аралығындағы әйелдер үшін скринингтік бағдарлама жүзеге асырылуда. 50-60 жастағы әйелдер маммографиялық скрининг жасатады. Скрининг дамыған елдерде бұрыннан қолға алынған. Мысалы, Ұлыбританияда 90-жылдардың басында жатыр мойны обыры мен сүт бездерінің қатерлі ісігінен көз жұматындар саны бірнеше есеге азайтылған». Бізге тән менталитеттің ерекшелігі сол, дертіміз жанымызға батқанда ғана емханаға амалсыздан барамыз. Бірақ обыр мұндай жайбасарлықты әсте кешірген емес. «Кез келген әйел ауру белгі бермесе де, жылына бір рет міндетті түрде онкогинекологқа қаралуы тиіс. Егер біздің келіншектердің барлығы да өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса, обырдың алдын алуға болар еді», – деп мәлімдеген Гүлсім Әбілханқызы бұған дейін жастары егде тартқан әйелдер тексеруден өткізілсе, биыл 17-49 жастағылар, екінші кезекте 45-54 жастағылар, үшінші кезекте 60 жастан асқандар арнайы тексеруден өткізілгенін айтты. Алматы қаласы бойынша былтыр тіркеуге алынған 207 келіншектің ең жасы 22-де екен. Жатыр мойнының обыры 100 мың әйелге шаққанда, 19-дан келеді. Ал тіркеуде тұрғандардың жалпы саны 2 мыңнан астам. Отандық дәрігерлер бұл ауру асқынбас үшін мектеп жасындағы қыздарға обырға қарсы вакцинация егуге кеңес беруде. Өкінішке қарай, қатерлі ісікті емдеуде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шарттарына қайшы келетін жайттар бар. Мысалы, біріншіден, обырға қарсы дәрі-дәрмек барынша таблетка немесе сұйық күйінде қабылдануы керек. Бірақ Қазақстанда тек инъекциялық морфин ғана бар. Екіншіден, халықаралық стандартқа салсақ, аурулардың дәріні қабылдау уақыты 4 сағаттан аспауы тиіс. Ал бізде морфинді күніне бір немесе екі рет, ал мүмкіндігі барлар 3-4 ретпен шектеледі. Үшіншіден, морфин әлдеқайда әлсіз анальгетиктерден нәтиже болмаған кезде ғана қолданылуы қажет. Алайда, Қазақстанда ауру емделіп болғаннан кейін міндетті түрде барлығына бірдей беріледі. Төртіншіден, морфиннің мөлшері жеке-жеке тағайындалуы тиіс. Мұндайда тәуліктік мөлшер шектелмейді. Еліміздегі жағдайға келсек, кез келген ауруға дертінің қаншалықты асқынғанына, жанының қиналғанына қарамастан, бәріне бірдей мөлшер – 1 ампуламен өлшенеді. Дерті жанына батқандардың жағдайын сәл де болса жеңілдетудің орнына, дәрігерлердің көпшілігі 30-50 мг. морфинді қанағат тұтады. Бесіншіден, морфинді қабылдау уақытын аурудың уақытына орайластыру керек. Бізде дертке ұшырағандар медбике мен медициналық мекеменің ауанына жығылуға мәжбүр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары