ШОҚАН ШЕКСПИР ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСЕ...

ШОҚАН ШЕКСПИР ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСЕ...

ШОҚАН ШЕКСПИР ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСЕ...
ашық дереккөзі
244

Біз әлем әдебиетінің шығармаларымен жете таныспыз. Тіпті, бүгінде қазақтың классикалық шығармаларын оқымаса да, ағылшынның, болмаса немістің танымал жазушыларының шығармаларын оқыған азаматтарды көптеп кездестіреміз. Ал сол шетелдіктерге біздің кітаптарды неге оқымасқа?!

Тарихқа көз жүгіртсек, кез-келген халық әлемге төл әдебиеті мен мәдениеті арқылы танылады. 7 ақпан күні Тянь-Шань қонақ үйінде «Тағылым» клубы «Мәдени даму институты» қоғамдық қорының ұйымдастыруы және «Ұлт TIMES» қоғамдық-саяси апталығының ақпараттық қолдауымен «Қазақ мәдениетінің рухани құндылықтарын әлемдік брэнд ретінде таныту» атты жобаның таныстырылымы өтті.

Жиын мақсаты ұлтымыздың кемеңгер тұлғаларының қазақ әдебиетін әлемдік брэнд ретінде танытуға қосқан үлесі мен олардың абырой-атағын дүниежүзілік деңгейге көтеру, сол арқылы қазақ әдебиетінің биіктігін дәлелдеу. Аталған жоба ұлтымыздың әдеби жауһарларын ағылшын тіліне аудара отырып, қазақ мәдениетін әлемдік биікке шығаруды көздейді. Жобаның жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков. Бүгінде жоба алдына үш түрлі мақсат қойды. Бірінші, Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағын, екінші «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жырын, үшінші кезекте заманымыздың заңғар ақындарының өлеңдерін ағылшынша сайрату болып отыр.

Мұндай жоба елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылмақшы. Саясаттану ғылымдарының кандидаты, мәдениеттанушы Ерлан Саиров Шоқанның ағылшын тіліндегі шығармалар жинағы ағымдағы жылдың соңында шығарылатындығын айтты. Ол Кембриджге сапармен барғанында, ондағы кітапханадан қазақ елінен хабардар ететін бірде-бір туынды болмапты. Ал, тұсаукесер Лондон қаласында өткізілуге жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру үшін қолдау кеңесінің құрылып, онда азаматтық қоғам, бизнес өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің бірлесіп жұмыс жасайтындығын атап өтті.

Бірінші кезекте, ұйымдас­ты­ру­шылар қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Уәлихановтың шы­ғар­малар жинағын алға тартты. Кітапты дайындау барысында 1904 жылы Николай Веселовскийдің, сонымен қатар, Әлкей Марғұланның редакциялығымен жарық көрген 5-томдық шығармалар жинағы пайдаланылады. Шоқанның тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрген кітаптарында бірқатар кемшіліктер бар екен. Бұл туралы тарих ғылымдарының кандидаты, шоқантанушы Самат Өтениязов: «Тәуелсіз еліміз жақсы шоқантанушылар дайындап шығара алмады, ғалымның соңғы шыққан кітабында қателер көп. Жаңа кітапты дайындау барысында оларды түзетуіміз керек», – деді. Аз ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжан­ды­лықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс-әрекетімен дәлелдеген Шоқандай біртуар тұлғаның шығар­ма­ла­рын әлем таныса құба-құп.

Екінші мәселе, лиро-эпостық шығарма «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасын аудару. Әлемде «Ромео мен Джульеттаны» білмейтін адам жоқ шығар?! Ал, Қозы мен Баянның махаббат хикаясы Шекспирдің туындысынан кем түспейтінін барша қазақ білсе, басқалар білмейді. Шығармада қазақи болмыс, қазақы салт-дәстүр бар. Адал махаббатың символына айналған лирикалық туындыны ағылшынша сөйлетіп, қазағымыздың нағыз болмысын, түр-тұлғасын таныту кезек күттірмейтін іс. Ғалым Марат Сембі: «Біз «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» лирикалық шығармасын ағылшын тіліне аудару арқылы, бір ғана қазақ емес, күллі түркітілдес халықтардың мәдениетін әлемге паш етеміз», – деп түйіндеді.

Үшінші кезекте, ХХІ ғасырдың май­талман ақындарының туынды­ла­ры алынып отыр. Нақты ақын­дар есімі аталмады. Алайда,­ сауалнама жүргізу барысында­, қатысушылардың көпшілігі Марал­тай Райымбекұлының шы­ғар­ма­ла­рын аударуға лайық деп тауыпты.

Қазақты әлем танысын, Шоқан­дай жарық жұлдызбен! Қозы мен Баян қатар аталсын, Шекспирдің әйгілі туындысымен! Осындай жобалар көбейіп, қазақтың мерейі тасысын! Нәтижесін уақыт еншісіне қалдырайық!

Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары