САҒЫНЫШ БОП БОЗДАҒАН
САҒЫНЫШ БОП БОЗДАҒАН
… 1954 жыл. Бұрынғы Киров ауданының орталығындағы «Победа» мектебін (бүкіл аудан бойынша жалғыз орта мектеп) бітіріп, армандаған Алматыға келіп, КазГУ-ге түстік. Сабырхан – заң факультетіне, мен – журналистикаға. Ол «а» класында оқыған еді, біз – «б» класында. Таныстығымыз шамалы, сырттай ғана. Ол – «Сталин жолы» колхозында әкемнің ағасы – Керіқұл аталарыммен көрші тұрған. Әкесі Асан – аудандағы базардың бастығы. Қаптағай келген, ұзын бойлы тұлғалы адам. Мен «Сталинабад» колхозынанмын, әкем Әкімқұл соғыстан оралмады. Мен мектепті күміс медальмен бітіріп, университетке емтихансыз қабылдандым. Ол алты емтихан тапсырып, оқуға ілінген күні біз тұрған жатақханаға келе жатып, трамвай қағып кетеді де, аяғын сындырып, жүруге жарамай, бір жыл академиялық демалыс алып, елге кетіпті. Келер жылы оралды. Біз – екінші курстамыз. Оған оқуды жаңадан бастауға тура келген. Бір жатақханада тұрамыз. Виноградов көшесі, 80-үй. Төрт студент бірігіп, «колхоз» болып тұрамыз, ертелі-кеш дастарханымыз бір. Кезекшілікпен әр күнгі ертеңгі, түскі, кешкі тамақты әзірлейміз. Сабырхан екінші қатардағы бөлмесінен бізге – журналистерге – бірінші қабатқа үш мезгіл келеді. Ақын боламыз, жазушы боламыз, журналист боламыз деген студенттердің ортасында: қарайды, тыңдайды, отырады, ойланады.
Біздің бөлмемізге сол кезде екінші курста оқитын Еркін Ібітанов деген жас ақын келіп, әңгімелесіп, өлеңдерін оқып, өзіміздің арамыздағы өлең жазатын жігіттер туындыларын ортаға салып, қызу талқы, асқақ сезім, асау ойлар жалындар еді. Сабырхан болса құлағы қалқиып, мөлдір қара көздері мойылдай боп, тұңғиық әсерге бөленер еді.
Сиқыр дүние: бұл не өлең деген!.. Мектепте Абай, Жамбылды оқулықтан оқығаны болмаса… Мұндай болады деп кім ойлаған. Өлең жазу…
Ол бір күні мектеп дәптеріне қарындашпен жазған екі-үш өлеңін жасырып, маған көрсетті. Пәлендей алып бара жатқаны жоқ, жай ғана қара өлең. Осылай студенттік күндер өте берді. Сезімтал жас жігітке осы орта дүрдей болып, ерекше әсер етсе керек. Өзінше жасырып өлең кітаптар оқып жүргенін байқадым. Бірақ дәнеңе дегенім жоқ, өзі білсін. Бір күні мені отырғызып қойып: «Еркінбай, сен қалай қарайсың, менің заң факультетінде оқығым келмейді, журналистикаға ауыссам қалай болады? Не ақыл айтасың?» – деп қар-а-ап отыр. Өңі бозарыңқырап, сүзіле, қиыла қарайды. Мен ойланып қалдым. Не дерімді білмей, аң-таңмын… Содан не керек, әрі-бері ойлап, екеулеп жол іздедік. Таптық …
Университет парткомының хатшысы, марксизм-ленинизм кафедрасының меңгерушісі Тұрсынбаев деген қатал мінезді тарихшы маман болды. Сол кісінің алдына барып, арман-ойды ақтарып салдық. Өткір қой көздерін сүзіп, қарап-қарап отырды да: «Мақұл-ақ, болсын, көрейік», – деп шығарып салып, сол кездегі филология факультеті деканының орынбасары Елеукен Ғабдировке жолығып, келісімін алып, журналистикаға біржола көшті. Енді сот емес, ақын болмақ. Күндіз-түні тынымсыз ізденіс. Өлең жазу. Жетілген. Есейген. Бір топ өлеңдерін ақиық ақын Әбділдә Тәжібаевқа апарған екен, ол кісі бірден ұнатып, «Сәт-сапар» жазып беріп, «Лениншіл жасқа» ұсыныпты. Сабырхан мәз, бәріміз де қуандық. Бұл – дәлірек айтсам, 1957 жылдар болатын.
Дала
О, дала, дала, сенің кеңдігіңді,
ержетіп тентек балаң енді
білді.
Көз салсам қуанғаннан кеудем
менің
Түндіктей желпілдейді желді
күнгі.
Жалықпай кезіп алқап,
алабыңды,
Ізімді тауып алдым бала күнгі.
Жүгіріп кең төсіңде кеттім жалғыз,
Түруге үлгере алмай балағымды.
Ол сол кездегі белгілі қазақ ақындарының бәрінің өлеңдеріне зер салып, қалдырмай ізденді. Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Әбділдә Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев, Ғафу, Қадыр, Тұманбай жырларына құшағын ашып, Жұмекен, Мұқағалилармен танысты. Советтік поэзия мен орыс ойшылдарына ден қойды. Зейін, сезімталдық бір бойына жетерлік екен, поэзия көшіне бірден ілесті. Жаза түсті, жырлай түсті. «Ай-һай, дала, айдала, шіркін дала!» деп шаттанды ол.
Қазақ деген халықтың бағымысың,
Бұл дүниенің кең пейіл
шағымысың.
Төсіңдегі түйең боп түрегелер,
Менің сен деп боздаған
сағынышым.
…Қандаймыз деп, ойласам,
мұрагерлер
Кеудесін жебе тескен тұрады
ерлер.
Әнге басқан жер ғой бұл Ақан
салдар
Тіреп жортқан тұяғын Құлагерлер.
Осындай қыран далада, паң да кербез даланың ұлы болып туып, онда батыр болмай, ақын болмай текке жүру мүмкін бе деп тебіренді.
Сабырхан тауды көрді, Алатауды көрді. Тауларды өлеңмен сүйреді, өлеңмен сүйді.
Классик жазушы Ғабит Мүсіреповке арнаған бір өлеңінде:
… Шыршаларды жатқан шыңда
сайысып,
Қалың бақты тұрған қаптап,
қайысып,
Өзен шуын, қыз күлкісін, құс
үнін,
Көтереді тау белі әрең майысып,–
деп жазды.
Қандай бейнелеу, қандай үкілі ұйқас, дәмді даралау, тапқыр теңеулер!
Алатауды, Медеу шыңдарын, сұлу табиғатты сәнімен, әнімен жас жүректерге қайта табыстағандай болады ақын.
Ақын жаны сұлулыққа ғашық. Ақын сұлулықсыз өмір сүре алмайды. Жүрек толған махаббат, ұлы сезім.
Жер бетінен жақсы көрер,
Жалғыз нәрсем – сұлулық.
Сұлулыққа бағышталған
Жырымды ұқ та, сырымды ұқ, – деп өмірдегі сұлулықты санамалап, термелей бастайды, ойларыңды өрге өрмелетеді. Қаса сұлу, кербез дүние, әдемі әлем!.. Осының бәрі шын ақынның сағынышты сезімінен туған, ойларынын оянған.
Ол енді теңізді жырлайды. Теңіз оның теңіз жанын толқытады. Қара теңізге қарайды, мәңгілікке мән береді, ұлылыққа ұялайды, дауылпаз құс боп қанат қағады. Теңізді жырлаған ақындардан бір кем түспейді. «Түнгі Ялта», «Кипаристер», «Теңізге» деп Қырым сапарында жырлаған өлеңдер өзінің ойлылығымен, даралығымен көзге түседі, мәңгілікті, ұлылықты мойындайды. Сабырхан ақын ретінде әбден кемелденді, замандас ақындарының қатарына келіп өр кеудесімен ыңғайсызданбай тең боп тұра қалды.
Төлеген, Жұмекен, Мұқағали, Құдаш, Жүсіп, Сәкен, Тұманбай, Қадырлардан бір кемдігі жоқ. Олардан асып кетпесе де, жасып кеткен емес-ті.
Өлең жаза білмейтін еліктегіштерге менсінбей қараушы «Кәсіп қылып ақындықты құртқан ең» өлеңіне бір сәт тоқталайықшы. Осында қанша ашу-ыза бар, халтураға жаны қандай қас.
…Тағатұғын медаліңді таға бер,
Көрсоқырлар сыйлап іні, аға
дер.
Ақынменен алаяқты айырар,
беріп жатар іштерінен бағаны ел,– деп әділетсіздіке қарсы тұрады ол. Енді қайтпек? Абайға жүгінеді:
«Екеумізде ғана атақ жоқ» деп қасаңдыққа қарсы шығады. «Бас басына би болған өңкей қиқымды» әжуалайды. «Түсіп қалса, бола қалар момақан, жұртқа жайып кетпесе де алақан. Екі ұрты тұрар, бірақ тылтиып, екі ұрты – тола арамдық, тола қан». Бұл – байқағыштық, көрегендік емес дей аласыз ба?!
Сабырхан Асанов биіктерге құлаш ұрды, құлаш сермеді. Ол сол замандағы үлкен сыйлықтардан дәметті: «Ленинге барғанда» деген поэма жазды, онысы жеке кітап та болып жарық көрді. Бірақ бәйге алған жоқ, бәлкім шындықты, түпкі шыңырауын толық болжамаған да болар. Ескерусіз қалды.
Ол Жұмекенді, Төлегенді, Мұқағали, Құдаш, Жүсіпті жоқтады. «Элегия» деген өлеңінде: «Саттардан да, Қасымнан да үлкенмін. Мұқағали, Жұмекеннен кәрімін. Көзді тартқан шоғырындай үркердің, солар еді менің сөнбес жарығым» деп қайғы-мұңға батады ақын жаны. Не деген адалдық, шын берілгендік дерсіз мұны. «Күндер зулап, түндер зулап өтуде» деген өлеңінде жүрек мұңын зарлатқан. «Әзіл мұң» атты жырына көз жіберіңізші.
Жұрт секілді біз де бір күн кетерміз,
Қалса деп ем туып өскен мекенде із.
Абай ата, ақындардың ішінен
атақ алмай қалған жалғыз екеуміз
Жоқ. Жо-жоқ! Қазақтың бас ақыны атанған Абай Құнанбаевтан бастап, Мағжан, Шәкәрім, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сабырхан Асанов – бәрі-бәрі тірі, бәрі-бәрі арамызда жүр…
жазушы