Рейтинг үшін күрес

Рейтинг үшін күрес

Рейтинг үшін күрес
ашық дереккөзі
222

Әзірге «Қазақстан» алда

Гүлбиғаш ОМАР

Қазіргі таңдағы телеарналардың негізгі табыс көзі – жарнама. Ал жарнаманың жолын ашатын құрал – рейтинг. Телеарналардың рейтингтік көрсеткішке тәуелді болуының басты себебі осы.

Қазақстанда телеарналардың рейтингін анықтайтын бірден-бір компания – TNS Gallup Media Asia екенін бұған дейін талай жазғанбыз. Халықаралық компания бізде ғана емес, Ресейде және Орталық Азияның басқа да елдерінде зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бірақ бұл компанияның жұмыс істеу қағидалары Ресейдің өзінде де, бізде де көп сыналды. Ресейлік телесала мамандары бұл компания жүргізген рейтингтердің шынайылығына күмән келтірсе, бізде зерттеу жүргізудің нысаны күдік тудыратын. Себебі бұл компания рейтингті республика бойынша 700-дей үй шаруашылығында телевидение көру жиілігін қадағалайтын «пипл­метр» атты құралмен анықтайды. Ал осы «пиплметрдің» кімдерге таратылғаны, яғни қазақ көременінің таңдауын кім анықтайтыны жайлы ақпарат бүгінге дейін жария емес.

Бізге белгілі ақпарат – зерттеу Қазақстан­­ның 14 облысын түгел қамтиды делінсе де, оның аясына тұрғын халқының саны 100 000-нан асатын қалалар ғана кіретін. Басқаша айтқанда, TNS Gallup Media Asia зерттеу нысанына бұған дейін тек ірі қалалар мен қала типтес аудан орталықтары ғана ілінетін. Басым көпшілігі қазақтар тұратын ауылды аймақтар, халық саны 100 мыңнан кем елдімекендер бұл зерттеуден сырт қалатын. Сондықтан да соңғы бірнеше жылда TNS Gallup Media Asia зерттеу нәтижелеріне сай, Қазақстан бойынша ең көрермені көп деп «Еуразия-Бірінші арна» телеарнасы аталып келді. Мысал үшін, жоғарыдағы компанияның зерттеулері бойынша «Еуразия-Бірінші арнаның» 2012 жыл бойы 18 жастан жоғары көрермен арасында орташа тәуліктік көрсетілімі 28 пайыз болған. Осылайша, бұл телеарна ұзақ жылдар бойы аудиториясы жағынан да, көрермен сұранысы бойынша да бірінші орында деп саналып келді. Бұл сараптаманың қате екені бұған дейін талай рет айтылып, жазылды да.

Қоғамдық пікірдің пәрменімен TNS Gallup Media Asia 2012 жылдың 1 сәуірінен бастап өзінің зерттеу нысанына тұрғын халқы 100 мыңнан кем елді мекендерді, яғни Қазақстан аумағын түгел қосты, содан бері рейтинг көрсеткіштері де өзгеріп шыға келді. Биылғы жылдың басынан ақпан айының 10-ына дейінгі жүргізілген зерттеу нәтижесінде «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы бірінші орында. Көрсетілім рейтингі бойынша орташа тәуліктік көрсеткіші – 23,2 пайыз. Алты жасар баладан бастап қартқа дейін, қазақ немесе орыс тілінде сөйлейтін аудитория арасында да ұлттық арна озық шыққан.

Шындығында, «Қазақстан» те­ле­ар­насының алғашқы орында екені ешқандай зерттеусіз-ақ белгілі болатын. Себебі бүгінгі таңда республиканың хабар тарату аумағы бойынша «Қазақстан» елдің 93,2 пайызын қамтиды. Халықтың басым бөлігі қазақша сөйлейтін аумақты түгел қамтитын телеарнаның көрсетілім рейтингі жоғары болуы заңды да.

Басқа телеарналар «Отау ТВ» спут­никтік жүйесі іске қосылғалы бері ғана республиканың алыс аумақтарына хабар таратуға мүмкіндік алды. Ал жаңадан ашылған «Балапан», «Мәдениет», «Білім» телеарналары тек кабельдік-спутниктік жүйе арқылы таратады. Егер техникалық тарату мүмкіндігі дұрыс жолға қойылса, онда телеарналар арасында шын бәсеке енді ғана басталды деуге негіз бар.

Әлбетте, ұлттық телеарна қызмет­кер­лерінің сапалы телехабар дайындаудағы еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне, 2011 жылдың қыркүйегінен бас­тап «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар таратып келеді. Таза қазақ тілінде хабар таратып, елдегі қазақ және орыс тіліндегі телеарналар арасында рейтингі жоғары, мерейі үстем шығуы – айтарлықтай жеңіс. Бұдан былай «Қазақ тіліндегі телехабарларды дайындап, эфирге шығарудың нарықтық сұранысы жоқ, қайтарымы төмен, табысы аз» деушілерге айтылар қарсы уәж табылды. Мемлекеттік тілде хабар жасау үшін мемлекеттік тапсырыстан қолдау күтетін коммерциялық телеарналардың басшылары енді не дер екен?

Шын бәсеке енді басталды…

Серіктес жаңалықтары