Президент пәрмен берді
Президент пәрмен берді
Отандық әлеуметтік-экономикалық дамудың өсу қарқынын төмендетпеуді ескерткен Елбасы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, отандық кәсіпорындарға қарқынды жұмыс істетуге тапсырма берді.
Қазақстанның Ішкі жалпы өнімінің өсу қарқыны 2013 жылдың қаңтарында 0,5 пайызға төмендепті. Өткен аптаның соңында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған Премьер-министр Серік Ахметов осылай деп мәлімдеді: «Қаңтардың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 4,5 пайызға тең болды. Әлемдік нарықтағы баға мен тұтынудың азаюына байланысты өңдеу өнеркәсібінің кейбір бөлігінде төмендеу байқалды. Жалпы алғанда, еліміздің барлық саласы биылғы жылды жағымды көрсеткіштермен бастады». Үкімет жетекшісінің айтуынша, былтыр Қазақстанынң Ішкі жалпы өнімінің өсімі 5 пайызға жеткен. Бұған дейін алдын ала болжам жасаған Министрлер кабинетінің жетекшісі 2013 жылдың қорытындысында ІЖӨ 5 па-йыздан кем түспейтінін айтқан еді.
1998 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 1500 доллар болса, 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өскен. С. Ахметовтің есебін тыңдаған Елбасы отандық әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Ішкі жалпы өнім деңгейін сақтауға қатысты мәселелерге үздіксіз сараптау жасап, қадағалап отыруды тапсырды. «Былтыр үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде іске қойылған кәсіпорындардың барлығы толық қуатымен жұмыс жасауға көшуі тиіс. Бұл ел экономикасының алдағы өсіміне ерекше ықпал етпек», – деп мәлімдеген Н.Назарбаев экономиканың басты салаларына баса назар аударуға пәрмен берді. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Экономикалық ахуалмен бірге Қазақстанның алдында тұрған басты мақсаттарының бірі – «EXPO-2017» шарасына дайындық жайлы да баяндады. Премьер-министрдің айтуынша, Астанада «EXPO-2017» көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары Үкіметтің жіті бақылауында көрінеді.
Сонымен қатар С.Ахметов 2013-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты жаңа салалық бағдарламаның қабылдануы туралы мәлімдеді. Қаржылық дағдарыстың алғашқы жылдары экономиканың маңызды салаларын қолдауға бөлінген қомақты қаражаттың ($10 млрд.) 1 млрд. доллары «ҚазАгро» ұлттық холдингіне бөлінген болатын. Үстіміздегі жылдың 14 ақпанында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков биыл шаруаларды қаржылық тұрғыда қолдауға көңіл бөлінетінін айтты. Яғни, «ҚазАгро» тарапынан көктемгі егіс науқанына 14 млрд. теңге несие бөледі: «ҚазАгро» ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кепілдігімен көктемгі егіс жұмыстарына 14 млрд. теңге көлемінде несие береді». Негізі Елбасы биылғы халыққа Жолдауында да ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған әлемдік сұранысты қанағаттандыруда бәсекелестікті күшейту мәселелерін баса айтқан болатын. Құзырлы органдарға жеке-жеке тапсырма берген ол бүкіл әлемді алаңдатқан азық-түлік қауіпсіздігіне де тоқталды: «Әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін бізге мыналар қажет: егістік алаңын ұлғайту. Мұндай мүмкіндік барлық елдерде бірдей жоқ екенін атап өтемін. Егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажет. Біз әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жемшөп базасын құру үшін үлкен әлеуетке иеміз. Біз экологияға баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруға тиіспіз. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын. Ауылшаруашылық қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл – өзекті міндет. Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек. Алынған шаралардың нәтижесі 2050 жылға қарай ел ІЖӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы тиіс».
Сонымен қатар ҚР Үкіметі отандық агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын әзірлеп, сол мерзімде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемін 4,5 есе арттыруды көздеуде. Бұл орайда заманауи агротехнологияларды қолдануға бағытталған орта және ірі тауарлық ауылшаруашылық өндірістерін құру жөніндегі заңнамалық және экономикалық ынталандырулар жүйесін тұжырымдау да аса маңызды.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ