Стоматологиялық пойыз қай ауылға барады?

Стоматологиялық пойыз қай ауылға барады?

Стоматологиялық пойыз қай ауылға барады?
ашық дереккөзі
245

Халық арасында «күніңді дәрігер мен полицияға салмасын» деген түсінік қалыптасып кеткен. Бұл тектен-тек айтылмаса керек. Осы екі салаға жолай кетсең болды, шаш етектен шығынға бататының шындық. Әсіресе, бірінші байлық – денсаулығыңды қарату қыруар қаражатты талап етеді. Ал емдету өзінше бөлек әңгіме.

Осы тұрғыда көптен бері мазалап жүрген жайтты айтқым келеді. Қазір не көп, тіс емдейтін емхана көп. Тіпті, «стоматология» деген жазуды қаланың кез келген бұрышынан кездестіресіз. Оның дені – жекеменшік. Алда-жалда тісің ауырып, жаныңа батса стоматология жаныңыздан табыла кетеді. Есесіне, бағасы удай. Бір тісіңді жұлдырғаның 5 мың теңге. Қаланың орталығында одан да қымбат. Бір қызығы, тіс біреу, ал оны емдетудің бағалары әртүрлі. Айырмашылықтары жер мен көктей. Бір қарағанда, айналасы бес минуттың ішінде бес мың теңге қалтаға түсіп отырады. Сонда деймін-ау, осы тіс емдейтін мекемелердің (жекеменшігі болсын) қызмет көрсету бағасын қадағалайтын органдар жоқ па? Неге олар ойына келген бағаны айтуы керек? Әрбірден соң медициналық мекеме ретінде лицензия алса, Денсаулық сақтау министрлігіне қарамай ма? Осыдан біраз жыл бұрын Тараз қаласында тіс емдеушінің біліксіздігі салдарынан өрімдей жас қызға дұрыс ем жасалмай, отырған орындығында қайтыс болғандығы туралы ақпарат жұртты дүрліктіріп еді.

Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат Қожахан Жабағиев Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековаға осы мәселені төтесінен қойды. «Тістің адам денсаулығына тигізер әсері мол екені ақиқат. «Алла алдымен тісіңді алады, содан барып түсіңді алады» деген сөз бар. Бүгінгі күні ірі қалаларда тісті сапалы емдеу бағасы елу, жүз мың теңгеден асып жығылады. Ауылда тұратын халықтың 50-60 пайызы тістерін сапалы емдетуге қолы жетпейді. Тісіңізді қалтаңыз көтерсе ғана емдететін жағдайға жеттік. Медицинаның бұл саласын нарыққа беріп қойып, бақылаусыз қалдырған жоқпыз ба?», – деген депутат Жапонияда 80 жасқа толған әрбір қарияның жиырма тісін сау сақтап қалатын бағдарлама бар екенін айтқанда таңқалыстық.

Шынында да, Жапонияда «Тістің саулығы – ұлт саулығы 80-20» атты ұзақ мерзімді бағдарлама жұмыс істейді екен. Бұл бағдарламаның мәні 80 жасқа толған әрбір қарияның бүтін жиырма тісі болуы шарт дегенге саяды. Ал бізде отыз жасқа толмай жатып, отыз тіссіз жүргендер жетерлік. Министр ханымның бұл мәселеге деген жауабы сәтсіз шыққан сияқты. Сол баяғы жаттанды сөздер. «Стоматология саласындағы проблема шынында да бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Өйткені өздеріңіз де біліп отырғандай, жекеменшік сектордың қолына өтіп кеткен салалардың бірі осы стоматология. Бүгінгі таңда еліміздегі кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінде тісінің сырқаты жанына батқандарға шұғыл көмек көрсетілуі керек және балаларға, жүкті әйелдер мен әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың кейбір топтарына 10 қызмет түрі тегін көрсетіледі. Ауыл-аймақтарға барғанда да бұл мәселенің өзекті екенін көргенмін. Бізде жылжымалы денсаулық пойыздары бар ғой, қазір осындай стоматологиялық пойыздарды іске қосу мәселесі қаралуда. Бұл мәселені шешудің бір жолы ғана. Мемлекеттік тапсырыстарды алатын жеке стоматологиялар ауылға барып жұмыс істеуге ниетсіз. Жалпы, тіс емдеу мәселесі біздің назарымызда, қазір талқыланып, қаралау үстінде», – деп қайырды министр. Ең қызығы, әрбір шалғай ауылға әлгі стоматологиялық пойыз барады, тісі ауырған қарапайым пенделердің бәрін емдейді дегенге министр ханым сенетін сияқты. Бұл – шексіз қиял ғой…

Айта кету керек, еліміздегі әрбір алтыншы азамат денсаулық сақтау саласының қызметіне көңілі толмайды. Сауалнама нәтижесі осылай. Министр ханым бұған халықтың тегін медициналық көмек туралы ақпараттан бейхабарлығын алға тартады. Ал, шын мәнінде дәрігерлердің өзі емханаға барған емделушіге кейбір дәрі-дәрмектің тегін екенін айта бермейді де. Мұның түпкі астарында жемқорлықтың шеті қылтиятыны айтпаса да түсінікті.

Динара Дүрмән

Серіктес жаңалықтары