ЕРЕН ЕҢБЕК АДАМЫ

ЕРЕН ЕҢБЕК АДАМЫ

ЕРЕН ЕҢБЕК АДАМЫ
ашық дереккөзі
590

Өнегелі әкенің тәлім-тәрбиесін алып өскен бала жаман болушы ма еді?! «Ұлым, адал бол, еңбек етсең жаман болмайсың» деген әке сөзі жадында сақталып қалыпты. Қаршадайынан еңбектеніп, қиындықтан қаймықпай өскен бозбаланың алдында үлкен таңдау тұр еді. Бірі — әке жолын қуып теміржол маманы болу, екіншісі — инженер болу. Жүрегі инженерлікті қалады. Таңдау жасалды. Енді алдында қалтарыс-бұлтарысы көп ұзақ жол жатыр. Шаршап-шалдығып орта жолда болдыра ма? Әлде биік асулардан аса ма? Бәрі де енді өзіне байланысты еді.

Жұмыстың оңайы жоқ. Әр маман­дықтың ерекшелігі, қиындығы болады. Ізденбей, талаптанбай өз ісіңнің білгірі болу оңай емес. Кешегі жас маман Төлегенді бүгінде халқы металлургия саласының майталманы деп мо­й­ындайды. Әлпештеп, алақанында аялайды. Бар күш-қуатын, ерік-жігерін кенді өңірдің өркендеуіне арнаған ол кісі жайлы мағлұмат алу үшін Жезқазған мыс қорыту зауытының, Қазақмыс корпорациясы мұражайының, Жезқазған қалалық-археологиялық мұражайының деректерін зерттедім

Өткенге шолу жасап, әлдебір ғажайып әлемге кіріп кеткендей күй кештім… Жезқазған. Зауыт. Түтіні будақтаған алып мұржалар. Тоқтаусыз айналатын түрлі механизмдер. Сары мысты сапырған құдіретті қолдар. Зулаған уақыт…

Кешегі күн – бүгінде тарих. Қы­зығынан шыжығы мол өндіріске келуге кез-келгеннің жүрегі дауаламас, сірә. Жігіттің жігіті ғана осындай батыл шешім қабылдай алады. Жеңіс ешкімге де оңайлықпен келмейтіні белгілі. Бірде сүрінесің, бірде жығыласың. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді» көздеп, қиындыққа төзбей бүлініп кеткен тағдырлар қаншама? Бірақ ештеңеге мойымай, алдына үлкен мақсат қоя білген адамның арманы орындалады екен.

Төлеген Әбдірахманов Мұсаұлының өмір жолымен танысып отырып осындай ой түйдім.

Сыр өңірінде ер жетіп, білім қуған жеткіншек 1950 жылы Алматыдағы Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түсіп, «Металлургия инженері» мамандығын меңгеріп шығады. Жас маман Алатаудың бөктеріндегі әсем қала Алматыда қалмай, металлург болсам деген таудай талаппен еңбек жолын Қарсақпай мыс қорыту зауытында бастап, өндірістің ыстығына күйіп, суығына тоңып, болаттай шыңдалды. Жоғарғы оқу орнында алған теориялық білімін тәжірибе жүзінде жетілдіре түсті. Білмегенін үлкендерден үйренді, білгенін өзінен кейінгілерге үйретті. Қарапайым жұмыскерден ауысым шебері, одан соң бөлімше бастығы қызметіне дейін өсті. 1957 жылы зауыттың Кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1958 жылы зауыт Партбюросының хатшысы болып сайланды. 1963 жылдан 1973 жылға дейін сол зауыттың директоры болып қызмет атқарған жылдарда зауыттың ескірген жабдықтары ауыстырылып, өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне көп көңіл бөлінді. Еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін су тазартатын қондырғы орнатылды. Халыққа қажетті су тарату желісі, монша салынды.

1973 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинатының партком хатшысы болып қызмет істеді. 1977 жылы жаңадан іске қосылған Жезқазған мыс қорыту зауытының бас инженері, ал 1989 жылы директоры болып сайланды. Жаңа өндіріс орнына елеулі жаңалықтар енгізілді. Өндірілетін өнімнің сапасын арттыру, құрылғылардың тиімді жұмыс істеуін реттеу үшін тынымсыз іздену қажет еді. Төгілген тер зая кеткен жоқ. Жезқазған мыс қорыту зауыты сол кездегі Кеңестер одағына ғана емес, дүние жүзіне аты шықты. Өндіріс ошағының басы-қасында жүргендер ұйқысыз түндер, тынымсыз күндердің арқасында ғана мұндай жетістіктерге жетуге болатынын жақсы біледі. Төлеген Әбдірахмановтың адал еңбегі ескеріліп, «Еңбек Қызыл ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Бұған қоса «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты», «Қазақстанның еңбек сіңірген металлургі», «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы» атанды.

Ол Жезқазған мыс қорыту зауытында басшылық қызметті үлкен абыроймен атқарып, зейнет демалысына шыққан соң да Қазақмыс корпорациясында металлургия жөніндегі кеңесші болып қызмет атқарды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Төлеген ақсақал жастарға: «Қазіргі ақпараттық заманда бәрі де жылдам өзгеріп, адамзат баласы жерді игеріп болып, ғарыштың тылсым құпияларын ашуға ұмтылып жатыр. Бізге де өркениетті елдерден қалуға болмайды. Техниканың тілін жетік меңгеруіміз керек. Ғылымды игеру – уақыт талабы. Мәңгілік ештеңе жоқ. Білімді ұрпақ қана мемлекетіміздің өркендеуіне үлкен үлес қосары анық. Осыған мемлекетіміз көп көңіл бөлуі керек» деп ақыл айтып отырады. Елінің болашағына алаңдайтын ойлы адамның сөзі бұл.

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, Төлеген Мұсаұлы, сөзсіз, өмірден орнын тапқан жан. Бір үйдің емес, халқының қалаулы ұлына айналған еңбек адамына бұдан асқан бақыт та жоқ шығар. Қажыр-қайратымен, өнегелі ісімен барлығына үлгі бола білген Төлеген Мұсаұлы қандай да құрметке лайық. Ұл-қыздарыңыздың ортасында немере-шөберелеріңіздің қызығын көріңіз, жүзге жетіңіз!

Ернұр Сейдахметов,

Жезқазған мыс қорыту зауытының қызметкері

Серіктес жаңалықтары