Қаржы жымқырғандар құтылмады
Қаржы жымқырғандар құтылмады
Алматы қалалық қаржы полициясы жыл қорытындысын жариялады. 2012 жылғы оқиғалар мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар ашылып, кінәлілерге жаза кесілген көрінеді.
Сыбайлас жемқорлық фактілерінің көбеюі халықтың әлеуметтік тұрмысына ауыр соққы. Өйткені қарапайым қызметке тұрудан бастап шағын кәсіпкерлікті дамытуға дейін жемқорлық аяққа тұсау болып отыр. «Мемлекетке өндірісі аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың 314 миллион 811 мың теңгесі өндірілді. 399 ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыс тіркелді. Ал бұл көрсеткіш 2011 жылы 392 болған. Биыл ауыр қылмыстың үлесі 36,3 пайызды құрады», – дейді Қаржы полициясы департаменті бастығы Әмірхан Аманбаев.
Қаржы полициясы 2012 жылы 96 лауазымды тұлғаларға қатысты 132 сыбайлас жемқорлық қылмысын әшкереледі. Нәтижесінде 74 қылмыстық іс сотқа жолданып, 20 адам заңды жазаға кесілді. Бұл ұзын-сонар тізімдегілердің көпшілігі мемлекеттік қызметті асыра пайдаланған шенеуніктер екен. Мемлекет бағдарламаларын өз пайдасына жаратқан лауазымды тұлғалардың 13 қылмысы анықталған. Мәселен, «Жол картасы» бағдарламасы негізінде білім саласы бойынша – 5, әлеуметтік сала бойынша – 2 қылмыс ашылды. Бұл қандай қылмыс дейсіз ғой? Әрине мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыны қымқырып қалғандар. Жалпы сомасы 16 миллион теңге қаражат жалғыз қалтаға кеткені мәлім болды. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды өз мақсатына пайдаланғандар қатарында «Тұрғын-үй құрылысы» бағдарламасының қызметкерлері де бар. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртамын деп халықтан ақша жинап алған, бірақ ешқандай жөндеу немесе жаңалау жұмыстары жүргізілмеген. «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде су таратқышты қайта жөндеу барысында жалпы құны 56 миллион теңгені құрайтын құрылысқа жарамсыз құбырларды пайдалану ісі бойынша да қылмыстық іс қозғалды.
Жалған құжат пен жоба дайындау арқылы мемлекеттік жобаларды ұтып алғанмен, бөлінген қаржысына ештеңе істелмейді, көбіне қыруар қаражат пен жұмыстың нәтижесі болмайтынына да етіміз өліп барады. Берілген тапсырманың нәтижесін кім тексереді? «Жұмыспен қамту 2020» мемлекеттік бағдарламасына бюджеттен бөлінген ақшаны жымқыру бойынша мемлекетке 5 миллион теңге залал келтірген «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының» директоры Г.Байсбаеваға ҚР Қылмыстық Кодексі 314 бабының 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл іс қазіргі таңда сотқа жолданды.
Алматыда пара алу фактісі тіптен жиілеп кеткен тәрізді. Мәселен, 2011 жылға қарағанда 2012 жылы қылмыс 48 пайызға артқан екен. Алматы қаласы бойынша пара алған 46 қылмыс анықталды. Алайда бүкіл қала бойынша бар-жоғы 46 пара алушының ұсталғаны көңіл көншітпейді. Жедел іс-шаралар барысында Департамент қызметкерлері 1 миллион 200 мың теңге көлеміндегі салықты төлеу және әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін 500 мың теңге пара алған Алматы қаласындағы Алатау ауданының салық инспекторлары О.Балхин мен Б.Омаров және олардың делдалы ұсталды. Соттың үкімі бойынша О. Балхин мен Б. Омаров кінәлі деп табылып, бар-жоғы 4 жылға бас бостандықтарынан айрылды.
Сонымен қатар №2 Әуезов аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Н. Мамыров сот үкіміне сәйкес өндіріп алу ісін тоқтату үшін 150 мың теңге көлемінде пара алған. 3 миллион 435 мың теңге тұратын пәтердің төрттен бір бөлігін ақшалай өндіру жөнінде іс қозғалған екен. Соттың үкімімен сот орындаушысы 3 жылға ғана бас бостандығынан айрылды. Әділет іздеушілердің өзі қылмысқа барса, басқалар қайтпек? «Балық басынан шіридінің» кері осы.
Алматы қаласында жерге байланысты дау көп. Жалған құжатпен жер сатып алған, алаяқтарға ұрынған, іс жүзінде жері жоқ, иә құжаты жоқ учаскелер өте көп. Зардабын тартатын тағы да қарапайым халық. Ал Жер кадастрында отырған қызметкерлер де қара бастың қамын ойласа керек. Алматы қаласы Ғылыми-өндірістік орталығы жер кадастры бөлімінің бастығы Н. Бекетоваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл азаматша жер телімімен берілген тұрғылықты ауданды заңдастыру үшін әкімшілік қызметкерлерінен 20 мың АҚШ долларын алған. Сөйтіп Бекетова ақша алу барысында ұсталып, сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Жалпы, 2012 жылы жер қатынастарына байланысты 11 жемқорлық қылмыс тіркеліп, айыпталушылардың төртеуі сотталды.
Лауазымын пайдаланған жалғыз бұлар емес. Алматы қалалық сәулет-құрылыс басқармасының бас маманы Г. Ахметқұлов та сотталды. Ахметқұлов жер телімімен гаражды пайдалану актісін бергені үшін 3 мың АҚШ доллар көлемінде пара алған. «Жалпы қала нысандары қолында тұрған азаматтың бұған дейін де пара алуы ықтимал», – дейді Қаржы полициясы департаменті бастығы Әмірхан Аманбаев. Сондай-ақ бұл мекеме қолында тұрған жер телімдері мен ғимараттарды оңды-солды таратуда еш тартынбайтын сияқты.
Құқық бұзушылар саны өткен жылдарға қарағанда анағұрлым өскен. Бұл көрсеткіш мақтаныш емес. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, әділ қоғам орнатуда Қаржы полициясының қолын ұзартып, қауқарын арттыру керек сияқты.
Ақниет ОСПАНБАЙ