Жемқорлық жылғаның түбіне жете жаздады
Жемқорлық жылғаның түбіне жете жаздады
Оңтүстік Қазақстанды шулатқан су тасқынының соңы қылмыстық іске ұласты. Сарыағаш ауданында орын алған су тасқынына өткен жылы салынған өткелдердің сапасыздығы себеп болған. Арнайы тексеру жүргізген аудан прокурорлары осындай қорытындыға келіп отыр. Қазірдің өзінде Жылға ауыл әкімшілігінде су бөгеттерін салған мердігер мен бірқатар лауазымды қызметкерлердің үстінен мемлекеттің қаржысын аса ірі көлемде жымқырған деген баппен қылмыстық іс қозғалды.
Бес мыңға тарта тұрғыны бар Жылға ауылы өткен жылы да тасқын судан зардап шеккен еді. Осыдан кейін жергілікті билік ауыл маңынан жаңадан он үш өткел салған. Алайда мұндағы құрылыс жұмыстары сапасыз жүргізілгендіктен су арнасынан асып, елді мекенді шайып кетті. Салдарынан Жылға ауылдық округіне қарасты төрт бірдей елді мекен топан судан зардап шеккен. Содан кейін бөгеттердің құрылысына тексеру жүргізген прокурорлар бірқатар былықтың бетін ашты. Мемлекеттің 13 өткелдің құрылысына бөлген 40 млн. теңгеден астам қаржысы мақсатсыз жұмсалғанын, тіпті талан-таражға түскенін анықтапты.
Кемшіліктер барлық өткелдерден табылған. Осылайша мердігер 13 млн. теңгеден астам қаражатты үнемдеп қалыпты. Қазір жұмысты атқарған «Ынтымақ-ТС» ЖШС мен инижиниринг қызметтерін көрсетуші серіктестігінің, сондай-ақ тапсырыс беруші аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастықтарына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Аса ірі мөлшердегі мемлекет қаржысы талан-таражға салынғаны дәлелденсе, кінәлілер жеті жылдан он жылға дейін сотталуы мүмкін. Ал апаттан аман қалған Қарақалпақ ауылының тұрғындары біртіндеп ес жия бастады.
Жылға ауыл әкімдігіне қарасты төрт бірдей елді мекенге су тасқынынан 59 млн. теңге шығын келген. Оның бірқатары қайырымдылық қоры есебінен қайтарылыпты. Шығын болған мал басына және жөндеу жұмыстарына қажетті материалдарға қаражат бөлу қарастырылуда. Бұдан бөлек еңіс жерде орналасқан үйлер басқа жаққа көшіріледі. Жергілікті билік бүгіндері ауыл маңындағы 11 шақырымнан асатын арық-атыздарды тазалау үстінде. Ол үшін үкіметтен бірінші кезеңге 850 млн. теңгедей қаражат қарастырылған.
Бауыржан САПАРБАЕВ, Жылға ауылының әкімі:
– Бүгінгі таңда екі құлаған үйге жәрдем берілді. Біреуіне 2 млн 800 мың, екіншісіне 3 млн. 400 мың теңгедей қаражат бөлініп, оларға жәрдем қаражаты беріліп жатыр. Кейінгі бөлініп жатқандары зардап шеккендердің есепшоттарына аударылып, тікелей өздерінің қолдарына беріледі.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы