Біртұтас ұлт идеясы

Біртұтас ұлт идеясы

Біртұтас    ұлт идеясы
ашық дереккөзі
1642

Өткен аптада «Алдаспан» ашық пікір сайыс алаңының екінші отырысы өтті. Бұл жолы зиялы қауым өкілдері «Біртұтас ұлт идеясы» төңірегінде пікірлесті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында біртұтас ұлтты қалыптастыру, біртұтас қазақ мемлекетін құру идеясын айтқан еді. Тәуелсіздікке қол жеткізген 21 жылда Қазақстан ел ретінде орнықты мемлекет қалыптастырып үлгерді. Дөңгелек үстөлде саясаттанушылар, ұлт және қоғам қайраткерлері «қазақ қоғамы қалай дамуы керек, қандай құндылықтар төңірегінде топтасуы керек?» деген мәселелерді ортаға салды.

Шәмшидин Паттеев: «Нұр Отан» партиясының бастамасымен, «Алдаспан» ашық пікірсайыс клубының латын әліпбиіне көшу туралы алғашқы отырысы осыдан бір ай бұрын өткен болатын. Бүгінгі талқыланатын тақырып – біртұтас ұлт идеясы. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халыққа биылғы Жолдауында да болашақта Қазақ мемлекетін құру, біртұтас ұлтты қалыптастыру мәселесі айтылды. Тәуелсіздік алған 21 жылдың ішінде мемлекет орнықты түрде қалыптасып үлгерді. Енді Қазақстанда тұратын халықтың келешекте бірге өмір сүру идеясы соңғы кездері отандық БАҚ-та, әсіресе, электронды ақпарат құралдарында, интернетте жан-жақты талқылануда. Оның ішінде, Қазақ қоғамы қай бағытта дамуы керек? Қандай мәселелерді күн тәртібіне шығару қажет? Қай құндылықтар біздің басты құндылықтарымыз болып есептелуі тиіс? Қандай мұралардан бас тартамыз? Осы сияқты сұрақтар бүгінгі отырыстың өзегі болады деп ойлаймын.

Кенжехан Матыжанов: Елдің тұтастығы, біртұтас ел деген мәселе – кез келген ұлттың, кез келген халықтың мәңгілік мәселесі. Бұл тақырыпқа ұзақ көсілуге де болады, қысқа қайыруға да болады. Егер Елбасының халыққа Жолдауын ден қойып оқысаңыз, соңғы тарауында толығымен елдің болашағы, елдің тұтастығы, Қазақ елі деген біртұтас елге біз қашан жетеміз деген әңгіме қозғалады. Осының ішінде мен 4-5 мәселеге назар аударғым келеді. Елбасы: «Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз ірі болуымыз үшін бір болуымыз керек», – дейді. Бұл сөздің астарында үлкен ой жатыр. Халықтың, елдің тұтастығы, мемлекеттің тұтастығы неден басталады деген кезде қазақ үшін бөлінбейтін енші – бірнеше мәселенің басын ашып айтуға болады. Ең бірінші, жердің тұтастығы. Біздің Атазаңымыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып…» деген сөзден басталады. Сондықтан байырғы қазақ жері, қазақтың мекендеп отырған жері тұтас болуы тиіс. Бұл біздің ұлтымызды ұйыстыратын аса маңызды мәселе. Екіншісі, тіл мәселесі. Қазақтың тілі ұшы-қиыры жоқ ұлан-ғайыр жерді алып жатқан аумақта ешқашан диалектілерге бөлінбеген. Сондықтан болашақта қазақтың басын біріктіретін ортақ ұлы идея – тіл мәселесі. ҚР Президентінің халыққа Жолдауында мемлекеттік тілді дамыту, оны кемелдендіруге қатысты нақты ұсыныстар айтылып, тапсырмалар берілген. 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу, қазақтардың өзі тұтастай қазақша білуі тиіс, ҚР азаматтарының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті деген мәселелер шын мәнісінде қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бағытталған нақты қадамдар қатарында. Сондай-ақ, тағы бір маңызды мәселе, қазақ халқының ішкі тұтастығы. Қазақ халқы ешқандай руға, жүзге, территориялық бөліністерге ұрынбай, ішкі тұтастығы мығым болуы шарт. Мәселен, Елбасы бұл мәселені былайша түйіндейді: «Біз бір атаның – Қазақ халқының ұлымыз». Демек, біз бір атаның баласы ретінде, бір ұлт, бір халық ретінде қалыптасуымыз қажет. Әрине, халық болғаннан кейін, құрамы әртүрлі болғаннан кейін сан алуан сұрақтың туындауы – заңдылық. Бірақ Қазақ мәселесі көтерілген сәтте Қазақстанның бүкіл халқы біртұтастық танытуы тиіс. Меніңше, біз осы деңгейге жету жолында еңбек етуіміз керек. Президент: «Бәріміздің Туған жеріміз біреу. Ол – қасиетті қазақ даласы», – деді. Сірә, ұлттың, елдің тұтастығы дегеніміз осы шығар. Біздің бір ғана Отанымыз бар – тәуелсіз Қазақстан. Мүмкін жәй Қазақстан десе де болатын шығар. Бірақ Елбасының «тәуелсіз Қазақстан» деп баса айтуы тегін емес. Өйткені тәуелсіздік – біздің ұлттық идеологиямыздың алтын діңгегі. Ең бастысы, қандай қиын жағдай туындаса да, тәуелсіздік үшін қазақпен бірге бүкіл қазақстандық ауызбіршілік танытуы тиіс. Бұдан шығатын қорытынды, тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстандағы барлық ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақ ұлты деген идеяның төңірегіне топтасуы қажет. Жолдаудағы Президенттің баса назар аударған тағы бір мәселесі, ұлттық бірліктің негізіне қазақ халқы ұйытқы болуы тиіс. Кез келген мәселеде қазақ ұлты осы ұлттық бірлікті – мемлекеттік бірлікті сақтауға ден қоюы керек. Сонымен қатар мәңгі ел, мәңгілік мемлекет, мәңгі ұлт болу мақсатында атқарылуы тиіс мәселелер жайлы да ой өрбіткен Н.Назарбаев көне түркі заманынан бастау алатын мәңгі ел идеясын қозғаған болатын. Өкінішке қарай, мәңгі ел деңгейіне көп уақыт бойы біз қол жеткізе алмай келдік. Мәңгі елдің өзегі – бүкіл халықтың рухани бірлігі, пендешіліктерден бойды аулақ салып, ортақ мүдде төңірегіне шоғырлану. Кез келген мәселеде ұсақтық емес ірілік таныту, қазақы тілмен айтсақ, кісілікті болу. Ағайын мен ағайын арасында, ұлт пен ұлттың, партия мен партияның арасында кикілжіңдер туындауы мүмкін. Бірақ ұлттық мәселелерге қатысты дау туындай қалса, барлығы жұмыла жұдырық болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғаны абзал. Яғни, мәңгі ел идясына жетудің жолы – ұлттық бірлік. Соңғы кездері толеранттық т.б. терминдерді ойлап таптық қой. Бірақ айналып келгенде, олардың барлығы да береке-бірлігі, ынтымағы күшті болу деген мағынаны білдіреді. Бұл тұрғыдан алғанда, қазір Қазақстанда түйткілі шешілмеген мәселе жоқ. Бірақ біртұтас ұлт идеясын нығайтуда бір кісідей атсалысып, осы бағытта тынбай жұмыс істей беруіміз керек.

Әзімбай Ғали: Президенттің «Қазақ­стан-2030» бағдарламасында демокра­тия, ұлттық үрдістер туралы сөз қозғалмаған еді. Ал «Қазақстан – 2050» бағдарламасында осы екі мәселе кеңінен қозғалған әрі жаңа үрдістер де бар. Соңғы 8-9 айда номенклатураның қазақжанды, қазақтілді бөлігі сәл басым түсе бастаған сияқты. Сондықтан жаңа мотивтер пайда болды. Бұрын Ресей не десе де, бас шұлғып, мақұлдауға дайын тұратын. Алайда кейінгі кездері Кремльдің сөзін бірде құптаса, бірде қарсы шығатын жағдайлар болуда. Әрі бұл әрекеттер қарапайым халықты саяси тұрғыда алдаусырату емес, шынайы көңілмен істеліп жатқан дүниелерге ұқсайды. Биліктегі сыртқы және ішкі саясатқа қатысты қабылданып жатқан нәрселер шын мәнісінде жүзеге асырылатын сияқты көрінеді. Унитарлық мемлекеттердің барлығы қазір біртұтас ұлт идеясын жасауда. Үлкен қазақ ұлтын қалыптастыру үшін бізде сигрегациялық модель болуы тиіс. Қазақстан азаматтарының төлқұжаттарына «сен – қазақсың», «сен – орыссың» деп баттитып жазылады. Осының ықпалымен орыс ұлтының өкілдері міндетті түрде орыс мектебіне береді баласын. Бұл демократиялық құндылықтарға негізделген азаматтық қоғамның табиғатына жат. Ішкі бәсекелестік жоқ. Бір ұлттан екінші бір ұлтқа көшу мүмкін емес. Ұлты бөлек азаматар төлқұжатына «қазақ» деп жаздыра алмайды. Мультикультурализмнің өзінше түсінігі болады. Оны Еуропадағы демократиялық елдер қабылдамай тастады. Сондықтан ассимиляциялық модельді жер-жебіріне жете жамандап, одан бас тартты. Меніңше, Қазақстанда біз ұлты мен ұлысы бөлектерді өзекке теппеуіміз керек. Егер төлқұжатына «қазақ» боп тіркелгісі келсе, қолдау көрсеткен жөн. Қазаққа сырттан келетін қауіп жоқ. Тек психологиялық тұрғыда ғана қауіп бар. Мысалы, өзіңнен жас, өзіңнен ақылды ұлты бөлек бір азамат басып озса, әрине, іштей қыжыл пайда болады. Бірақ бұл ішкі бәсекелестікті арттыруға сеп болады. Қауіпті сейілтетін жайт, біздің ішкі құрылымымыз мықты, 66 пайыз қазақ бар. Кезінде түріктер 10-15 пайызбен-ақ Түркияны аяғынан тік тұрғызды, ал біз 66 пайызбен Қазақстанның қазақы келбетін сақтап қалуға және оны дамытуға қауқарлымыз. Яғни, кейбір секторлар, еліміздегі азшылық өкілдері қазақ болуға ниет білдірсе, оларды кеудесінен итермеген абзал. Осының арқасында ішкі бәсекелестік күшейеді. Меніңше, ассимиляциялық үрдістерге кедергі келтірмей, демократиялық-ағартушылық шараларын кең ауқымда жүргізу қажет. Орыстар мен немістер елімізден кеткен соң жаңа ситуациялар пайда болады. Осы себепті ассимиляцияға дайын болуымыз керек. Ол – прогрессивті үрдіс. Күш қолдану арқылы ассимиляция жасау туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Ұлт дегеніміз – қатып қалған қасаң қағида емес. Ол – этносаяси идентификация. XV ғасырда саяси идентификация еді. Қазақ пен өзбек бір ұлт ретінде қабылданған. Олар этносаяси белгілеріне қарай емес, династияларымен ғана бөлінуге қол жеткізді. Қазір қайтадан этносаяси тұрғыда идентификациялайды. Егер мен айтқан ұсынысты қабыл алсақ, қазақ халқын біртұтастандыруға мүмкіндік бар. Қазір қазақ қалаға бейімделген. Бұл үрдісті құптаймын. Өйткені қалада жаңа этникааралық қатынастар түзіледі. Егер осы үрдістер шын мәнісінде іске асса, қазір қазақты күшейтуге қолайлы кезең туды. Тағы бір маңызды жайт, қазақ ұлтын қабылдағысы келген азаматтарға тек мемлекеттік тілді білуді ғана міндеттеген дұрыс. Ал ислам дініне қатысты қалауы өз еркінде болады. Әр мемлекет даму тарихында шарықтап даму және күрт құлдырау кезеңін басынан кешеді. Қазақстан бүгінде көтерілу кезеңінде тұр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, ертең ел басына күн туып, құлдырайтындай жағдай болса, ұлт ыдырап кетпес үшін қосымша шараларды қарастырған жөн.

Дидахмет Әшімханұлы: Сіз бір сөзіңізде азаматтардың жеке құжаттарына ұлтын көрсетпеу туралы ой айттыңыз. Сіздіңше, ұлтты көрсету керек пе, жоқ па?

Әзімбай Ғали: Оны уақытында көрерміз. Алдын ала тон пішу қиын. Бірақ мысалы, сіз менің қазақ тілімді мемлекеттік мәртебеден айырсаңыз, ертең маған «Әзімбай, қазақ деген ұлт жоқ. Сенбесең, төлқұжатыңды қарашы. Сен – қазақстандықсың» деуіңіз мүмкін. Біздің қорқатынымыз осы. Егер мемлекеттік тіл күшейсе, халықтың бәрі қазақ болса, құжатқа ұлтты көрсетудің қажеті қанша?

Шәмшидин Паттеев: «Аргументы и факты» газетінде Рүстем Қадыржановтың «Казах или казахстанец» деген мақаласы жарық көрді. Киринициянов мырзадан Әзімбай Ғали айтқан мәселеге қалай қарайтынын сұрасақ.

Юрий Киринициянов: Өкінішке қарай, әңгіме барысында айтылған мәселелердің барлығын толық түсіне алмадым. Сіздерден алдын ала кешірім өтінемін. Өйткені кейбір тұста келіспеуім мүмкін. Мен карта бетінде ендігі жоқ елде дүниеге келген журналистер қатарынанмын. Менің көзқарасым кей мәселеде ескірген болуы да мүмкін. Мен «Аргументы и факты» газетінде экономика мен саясат жөніндегі шолушымын. Сонымен қатар өзімнің «Весь мир» деген жеке газетімді шығарамын. Жуырда өзімнің «Казах или казахстанец» деген тақырыптағы көлемді сұхбатымды жарияладым. Өкінішке қарай, Рүстем Қадыржанов бүгінгі кездесуге келе алмады. Шынымды айтсам, мен бұл тақырып өздігінен шешілетін шығар деп ойлайтынмын. Бұл пікірді профессор Қадыржанов та айтады. Мен онымен келісемін. 2025 жылға қарай бүкіл ел қазақ тілінде сөйлеп кетуі керек деген міндет, меніңше, белгілі бір деңгейде орындалуы мүмкін де шығар. Сарапшылар пікірінше, 2025 жылға қарай Қазақстандағы орыс халқы 10 пайызға дейін қысқаратын көрінеді. Сол қалған 10 пайызы мемлекеттік тілде сөйлей ме? Сірә, сөйлейтін шығар. Тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп отырған қазақ – жас ұлт. 20 жыл дегеніңіз тарих үшін өте аз мерзім. Бәлкім, қандай да бір тарихи шыдамсыздық бар да шығар. Мен ең өткір мәселені көтергім келеді. Орыстар мен қазақтарды ең алдымен не біріктіруі мүмкін? Әуелі нені істемеу керек деген мәселенің басын ашып алсақ. Жуырда ұйымдастырылған пікірсайыста «қазақстандық ұлтты қалыптастыру керек» деген пікір айтылған. Сонда Мұхтар Шаханов бастаған зиялылармен бірге бұл ұсынысқа қарсы шықтым. Президенттің атына хат жаздық, шамырқанып-шамдандық. Бұл – дұрыс. Тарихи процесті жасанды түрде күштеп орындауға бола ма? Асығудың қажеті жоқ. Қазақ деген ұлт бар. Құдайға шүкір. Осында өмір сүретін орыс деген ұлт бар. Орыстардың арасында «Жоқ, біз – қазақстандықтармыз. Қазақстандық ұлт болуға ұмтыламыз» дейтіндер бар деу ақылға онша сыймайды. Иә, мен – қазақстандықпын. Қазақстан азаматымын. Мен үшін ең бастысы, ҚР Конституциясы. Дөңгелек үстелдерге барғанда мен оны әрқашан өзіммен бірге алып жүрем. Сонымен, бізді не біріктіре алады? Қанша жерден конференциялар, дөңгелек үстелдер т.б. өткізгенімізбен, қазақ тілін үйренуі күмәнді азаматтар барын түсіну керек. Өмір солай болды, мен оқыған мектепте қазақ тілі пәні болмады. Университетте өткен бүкіл қазақ тілі сабағынан тек екі сөзді ғана есіме сақтап қалдым: «ауыспалы осы шақ» және «нақ осы шақ». Бізге жібі түзу қазақша үйреткен емес. Меніңше, бізді біріктіретін – жас ұрпақтың келешегіне деген жанашырлық. Балабақшалар мен мектептерде барлық ұлт өкілдеріне қазақ тілін сауатты да сапалы түрде оқыту қажет. Және олар үш тілді еркін меңгеруі тиіс. Мен оппозициялық басылымдарды жібермей оқимын. Кей жазғандарымен келіспеймін. Мәселен, жуырда бір газетте «Да здравствует национализм» деген мақала жарық көрді. Авторы есімде жоқ. Мен мұны салқынқандылықпен қабылдай аламын, бірақ қарсымын. Менің көзқарасым бөлек. Бұл туралы айтып, жазғандарды Қазақстанда тұратын орыс журналисі ретінде бірқалыпты қабылдаймын. Бірақ кереғар пікірлерді де қарастырған жөн. Құдайға шүкір, ол туралы пікірімізді ашық білдіре аламыз. Тағы айтарым, «Дат» газетінде жас кәсіпкер Сейдолла Алаш: «Қарапайым азамат үшін Қазақстандағы қазақша аз-маз білетін ұлт өкілдері мәңгүрт қазақтарға қарағанда жақын. Мен үшін қазақ тілінен сабақ беретін Татьяна Дмитриева продюсер Баян Есентаевадан жақын. Қазақ тілінің майын ішкен жазушы Герольд Бельгер Парламент депутаты Гүлжан Қарағұсовадан жақын» деген. Мүмкін пікір білдіруге оның құқығы бар шығар. Бірақ меніңше, адамның бойындағы ең басты көрсеткіш, ең басты қағида бұл емес сияқты. Қорыта айтсам, қазақстандық ұлт туралы 20 жылдан кейін сөз қозғауға болады. Адамдар үш тілде қатар сөйлей бастағанда бұл мәселе өздігінен шешіледі.

Нұртөре Жүсіп: Жалпы біртұтас ұлт идея­сы – өте маңызды мәселе. Қазақ халқының, Қазақ мемлекетінің 2050 жылға дейінгі дамуы Елбасының халыққа Жолдауында да, стратегиялық құжаттарда да айқын көрсетілген. Соның ішінде ұлттық тұтастық та бар. Осыдан келіп «Қазақ деген кім?» деген мәселені анықтап алуға итермелейтін сияқты. Негізі осы сұраққа жауапты марқұм Ақселеу Сейдімбеков соңғы туындысында егжей-тегжейлі айтып берген. Бір ұлтқа бірігу – ол бір мақсатқа, бір тілге, бір мүддеге, бір мәдениетке, бір дүниетанымға бірігудің қажеттілігінен туындайды. Қазақ елінің де алдына осындай үлкен мақсат қойылуда. Осы орайда немістер мен орыстардың Конституцияларын дайындаған кезде баса назар аударған жайт есіме түсіп отыр. Германия Атазаңын түзгенде алдымен «неміс деген кім»? деген сауалға анықтама жасалған. Ресейдің алғашқы Конституциясын дайындаған Муравьев «Орыс деген кім?» деп анықтама берген. «Орыс деген ол Ресейде туған, орыс тілінде сөйлейтін, орыс мәдениетін сақтайтын адам» дей келе, «Егер Ресейде туған бұратана ұлттардың өкілдері де орыс тілінде сөйлеп, орыстардың діні мен дәстүрін құрметтеп, соған мойынсұнса, оны да орыс дейміз» деген. Демек, біртұтас ұлт идеясы алдымен «Қазақ деген кім?» деген сұраққа жауап іздеуді міндеттейді. Сондықтан қазақ ұлты, Әзағаңның Үлкен ұлт деп айтып жүрген ұлты, мемлекетке атын беріп отырған ұлт ретінде, тәуелсіздіктің ертеңіне жауапты ұлт ретінде Қазақ ұлты еліміздегі басқа ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырына тартып, «Қазақстанның бір азаматы – бір қазақ» деген қағиданы ұстануы тиіс. Әзағаң бір сөзінде түріктерді мысалға келтірді. Түркия 10-15 пайыз халқымен-ақ сол жердегі армян, еврей, әзірбайжан мен басқа да көптеген ұлттарды өзіне сіңіріп алып, біртұтас түрік ұлтын қалыптастырды. Мұндайда «Қазақ болудың пайдасы қандай?» деген сұрақ туындайды. Халықтың барлығы қазақ боп жазылуы мемлекеттегі тіл тұтастығына сеп болады. Яғни, бір болу, бір тілде сөйлеу. Бір тілде сөйлеген адамның мұңы да, арманы мен тірлігі де бір болады. Егер Юрий мырза университетте қазақ тілін жақсы оқыса, біздің қазір айтып отырған сөзімізді түсінер еді және бұл кісі үшін ешқандай да тіл проблемасы туындамас еді. Отандық БАҚ-та, электронды ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің жас толқыны жетерлік. Еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың бірлігі мәселесі «Қазақстан халқын түгел қазақ мәдениетінде тәрбиелеу» деген тақырыпты күн тәртібіне шығарады. Біз – орыс мәдениетінде тәрбиеленген буынбыз. Мысалы, кезінде бізге Абайдан Пушкин әулие болып оқытылды, Мағжаннан Лермонтовты артық көрсететін. Басымдықтар адамзат әдебиетіне берілгенмен, орыс әдебиетіне келгенде әңгіме басқаша еді. Оны жасырып-жабудың қажеті жоқ. Мен Астанада бірнеше өзбек азаматын білем. Қазақ еліне нәпақа табуға келіп, осында орнығып қалғандар, тіпті, отбасыларын да көшіріп алған. Қазақша сайрап тұр. Армандары – Қазақстан азаматтығын алып, төлқұжаттарына «қазақ» деп жазғызу. Ал біздің құзырлы органдар оларға рұхсат бермей отыр. Әлгі өзбектер қазақтың тілін құрметтейді, Қазақстанның басқа азаматтарымен тең дәрежеде өмір сүріп, қазақ азаматы болғысы, біздің елге қызмет еткісі келеді. Бірақ соларды өзектен теуіп отырмыз. Ал Өзбекстанда керісінше, қазақтарды сіңіріп алып, құжаттарына ұлттарын «өзбек» деп көрсетеді. Өзбекстан азаматтығын беріп, зорлап өзбек қылып отыр! Өйткені ұлты өзбек болмаса, қызметке қабылданбайды, шенеунік болмайды, депутаттыққа сайланбайды. Бізде керісінше, қазақ болғысы келетіндерге қазақтың өзі қарсы! Тіпті қазақтықты қимайды. Құдды басқа ұлт қазақтың қатарына кіріп кетсе, қазақтықтан айрылып қалатын сияқты, қазақтың көші жығылып қалатын сияқты, қазақтың нанын біреу тартып алатын сияқты. Осындай іштей қызғану қазақтың мемлекеттік тілінің көсегесін де көгертуге кедергі.

Әзімбай Ғали: Сонда бәсекелестіктен қорқа ма?

Нұртөре Жүсіп: Меніңше, бұл жерде әртүрлі жағдайлар бар. Егер ұлты басқа азамат қазақ ретінде қоғам өміріне араласа бастаса, оның арғы тегі кім екені, қандай екенін шежіре арқылы-ақ тауып алуға болады. Сондықтан қазақтың бұл жерде қауіптенетін жөні жоқ. Бізде Қазақстан азаматтары барлық жағынан құқығы тең, олардың сайлауға, сайлануға құқығы бар. Бірақ кейбір азамат мемлекеттің мәртебелі міндеттерін атқаруға қауқарсыз боп шығады. Бұл – кереғарлық. Мұндай нәрсені ашық айтып, ашық талқылау қажет. Сонымен қатар қоғамдағы жалпыға ортақ құндылықтарды қалыптастырып, азаматтардың барлығы сол құндылықтарды ұстануы тиіс. Кеңес үкіметінің кезінде үлгі етерлік құндылықтар болды. Олардың барлығы да «Коммунизмнің моральдық кодексі» деген сияқты әр азаматтың алдында тұратын. Сол секілді Қазақ қоғамының да белгілі бір құндылықтарды бекітіп алатын кезі жетті. Тағы бір мәселе, біздің Қазақ мәдениетін қалыптастыру. Әрбір басылым халықты қазақ мәдениетінде тәрбиелеу мәселесінде қызмет етуге міндетті. «Қазақтілді» және «орыстілді» БАҚ деген бөлініс бізді үнемі тығырыққа тірейді. Мысалы, Алаштың былтырғы 95 жылдық мерейтойы, аштық мәселесі орыс басылымдарында тиіп-қашып көрсетіледі. Тіпті, Абай, Қасым Аманжолұлы сияқты алып тұлғалардың мерейтойларының өзін там-тұмдап берумен шектеледі. Осының салдарынан Қазақстандағы мемлекеттік тілді білмейтін ұлты басқа азаматтар қазақтың тарихы, қазақтың әдебиеті, қазақтың мәдениетінен қағыс қалуда. Бұл түйткілді шешудің бірден бір жолы: мемлекеттік тапсырыс. Мемлекеттік тапсырысты берген кезде сенің түріңе, тіліңе, меншігіңе қарамастан, «Қазақстан аумағында тұрасың ба, Қазақстанның ақпарат кеңістігінде қызмет етесің бе, міне, саған радио жиілік, бірақ 24 сағаттың кемінде 10 сағаты қазақтың салты, дәстүрі, мәдениеті мен тарихын насихаттауға арналуы керек. Ол үшін әртүрлі музыкалық шығармалар, концерттік бағдарламалар, деректі фильмдер т.б. берілуі тиіс» деген талап қою керек. Егер талап орындалмаса, радио жиілікті кері қайтарып алу қажет. Бұл оп-оңай нәрсе. Телеарналарға қатысты да осы ереже бойынша әрекет еткен жөн. Мейлі, кез келген коммерциялық телеарнаны алыңыз, бірақ Қазақстан кеңістігінде халыққа ақпарат таратып отырғандықтан, осындай нәрселерді ашық айтқан абзал. Мемлекеттік тапсырыс бойынша алынатын қаражат – халықтан салық ретінде түсетін қаржы. Сондықтан ол мақсатты да, тиімді жұмсалуы тиіс. «Президент ана жерге барды», «Премьер-министр мына жерден келді» деген құрғақ ақпаратпен шектеледі, ал мемелекеттің ақшасы босқа ысырап болады. Сондықтан мемлекеттік тапсырысты мемлекеттің саясатына негіздеп құру керек және қазақтың мәдениетінде тәрбиеленетін халықтың шоғырын жасауға қызмет ету қажет.

Расул Жұмалы: Әлемде қабылданған тәжірибеге жүгінсек, кез келген мемлекет ұлттық нақышта болуы керек. Мейлі Францияны, не басқа елдерді алайық, ол жерлерде қандай ұлттардың өкілдері тұрса да, халықаралық теорияда қалыптасқан «nation» деген ұғым бар. Ол төлқұжатта да көрсетіледі. Қолында ҚР төлқұжаты барлардың Қазақстан азаматы екендігіне ешқандай шүбә жоқ. Басқаша айтқанда, тегі – орыс, бірақ қазақ болуы мүмкін. Тегі украин, бірақ өзі құжатында қазақ деп жазылуы мүмкін. Бұл біреуді кемсіту емес, Жер шарының 194 мемлекетінде қалыптасқан, әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Бұл қағидаға қарсы шығып, қарсы әрекет ету – саяси арандатушылық. Анығында мемлекеттің ішкі тұтастығына қатер төндіру. Екіншіден, біз өзімізді-өзіміз шатастырып жүрміз. Ежелден Қазақ жері аталып келген ел, тіпті, КСРО кезінде Қазақ Советтік Социалистік республика аталған мемлекет Тәуелсіздіктен кейін Қазақстан атанды. Бірақ ешқандай өзгеріс болған жоқ. Басқа мемлекеттерде де солай. Мысалы, Өзбекстан – өзбектердің жері, Ауғанстан – ауғандардың, Тәжікстан – тәжіктердің жері. Оған ешкімнің күмәні де, таласы да жоқ. Бірақ Қазақстанға келгенде кейбіреулер бұра тартқысы келеді. Мысалы, үштілділік, қазақстандық ұлт т.б. жаңашылдықтарды көлденең тартқанда АҚШ сияқты елді үлгі етеді. Америка – Жер шарының түкпір-түкпірінен жиналған мигранттардың мекені. АҚШ-тың негізін қалаушылар жергілікті халықты тоз-тоз етіп, көздерін құртып, олардың жеріне жаңа мемлекеттің іргетасын қалады. Біздегі жағдай мүлде басқаша. Жеріміз ежелден өзіміздің меншігімізде, ата-бабаларымыз мұраға қалдырып кеткен мекен. Тағы бір маңызды мәселе, Қазақ мемлекетін қалыптастыруда Қазақстанның барлық халқы ұлтына, ұлысына, нәсіліне, тілі мен ділі, дініне қарамай, ортақ заңға бағынып, ортақ құндылықтарға ұюы шарт. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы 22 жыл болды, аталған мәселелер үнемі кейінге шегерілумен келеді. Бастапқыда 1995 жылға дейін ұзартылды, сосын тағы да кейінге… Өкінішке қарай, бұл мәселе тек мемлекеттік тіл проблемасымен шектелмейді. Ұлтты ұлт ретінде, мемлекетті мемлекет ретінде қалыптастыратын басқа да алғышарттар бар. Рухани, мәдени құндылықтар, салт-дәстүр, өнері т.б. Бұл өте ұзақ әңгіме. Егер тек тіл мәселесіне тоқталсақ, меніңше, тіл – кез келген мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етуші, біріктіруші ең негізгі алғышарт. Францияда қаншама ұлтың барлығы французша біледі. Ресейде де орыс тілінде сөйлейді. Қайталап айтайын, бұл біреуге қысым жасау емес, заңды шын мәнісінде түсіну, ұғыну, оны тиісті дәрежеде насихаттап, жеткізу. Бүгінде мемлекеттік тілді білмейтіндерді жазғыруға болмайды. Тарихи себептерге байланысты кезінде қазақ тілін оқи алмады, білімді орыс тілінде алды. Алайда енді мемлекеттік тілді білуге деген талапты күшейту керек. Бұл орайда, биліктің «құлағына алтын сырға», қазақ тілін үйренгісі келетіндерді ынталандыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етуі тиіс. Бұл орайда билік өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында тек қазақша сөйлеуі өте маңызды. Өйткені қанша дегенмен, біз жоғары жаққа қарап бой түзеуге дағдыланғанбыз. Мемлекеттік тілді меңгеруге 22 жылды азсынамыз, бірақ меніңше, бұл жаңсақ пікір. 1947 жылы еврейлер Жер бетінен мүлде жойылып кеткен иврит тілін айналдырған 10-15 жылдың ішінде тірілтіп, салт-дәстүрді, мәдениетті, мемлекетті құрайтын барлық алғышарттарды қайта қалпына келтірді. Дүниенің түкпір-түкпіріне тарап кеткен еврейлерді бір жерге шоғырландырды. Кезінде Израильде жұмыс істегем. Білетінім, онда еврей тілін білмейтін, ивритше сөйлемейтін бірде бір адамды кездестіре алмайсыз. Негізі еврей деген біртұтас ұлт деп қарастыруға болмайды. Себебі, олардың арасында Еуропадан келген ашханаздар, Африкадан келген талгаштар, араб елдерінен келген сифаттар, Кеңестер одағынан келген амиялар бар. Бірақ оларды ұлт ретінде ұйыстырған – еврейлердің тілі, иврит тілі. Ал біз ғасырлардан бері бабадан балаға мұра болған бар тілімізді міскін күйге түсіріп отырмыз. Басқа басқа, дәл осы мемлекеттік тіл мәселесінде Қазақстандағы өзге ұлт өкілдеріне шамданып, қызбалыққа салынудың жөні жоқ. Олар Конституцияда көрсетілген мемлекеттік тілге құрметпен қарап, оны білуге міндетті.

Мырзан Кенжебай: Тәуелсіздік ал­ғанымызға 21 жыл толды. Неге тек қана қазақ толерантты, қазақ төзімді болуы керек? Сабырлы болғанымызға 21 жыл болды, жағдай әлі баяғыдай. Мүмкін осы сабырлылықтың кесірі тиген шығар? Қайта бұл жағдайда қызбалыққа салыну дұрыс сияқты. Салт-дәстүр, тіліміз, ұлттығымызды сақтауда «асықпаған арбамен қоян аладының» пайдасы жоқ. Мәселен, әзірбайжандар тәуелсіздік ала сала ұлттық тіліне көшіп кетті.

Расул Жұмалы: Бұл мәселенің екі ұшы бар. Бірінші ұшы мынада – тәуелсіздік алғалы 21-22 жыл өтті. Осы мерзімде жаңа ұрпақ қалыптасты. 21-22 жасқа келген олар бодандық заманды көрген жоқ, Ресейдің қысымын көрмеген, жаңа түсінікпен қалыптасқан буын. Олардың тілге қатысты қойып отырған талаптары – өте қатал. Бұл мәселе жылдан жылға күрделеніп барады. Екіншісі – билік бұл мәселені қайта-қайта кері шегереді. Әйтеуір тұрақтылық пен татулық болсын дегенді алға тартады. Сөйтіп бұл мәселелерді 2020-2030 жылдарға созып тастады. Менің айтып отырғаным – талап пен намысты алға қойып, қызбалыққа салыну сол билікке қатысты болуы керек. Осы мәселені соза бермеуі керек. Өйткені жастарды уысынан шығарып алуы мүмкін. Өйткені жаңағы жас буын ертелі-кеш бұл проблемаларды қызбалықпен, өрескел әрекеттермен шеше бастайды. Соған жеткізбеу керек, билік осыны түсінгені абзал.

Дидахмет Әшімханұлы: Шешендер керемет қызба болды, халқының қақ жартысынан айрылып қалды. Оның қасында отырған Татарстан республикасы саясатын ақырындап жүргізді, біртіндеп әдемі келе жатыр. Бұл қатарда Қырғызстан да бар. Былтыр мен сол елде болдым, сонда еліміздің жетістіктеріне, «Мәдени мұра» сияқты бағдарламаларға бөлінген миллиардтаған қаражатқа қайран қалады. Қырғызстанда билік пен президентті ауыстырғанмен ештеңе өзгермейді, қолда ештеңе жоқ деп отыр. Еліміздегі елеулі жақсылықтарды мойындау керек. Жаңа Әзекең бір сөз айтып қалды: «Билік бұрын ұлттық мәселелерге көңіл бөлмеп еді, қазір ұлтқа бүйрегі бұра бастады» деді. 21-22 жылда біз осыған келдік. Ресеймен де тайталас пікір алысамыз, айтқанына жығылмаймыз. Тәуелсіздік ала салып тоңмойындық танытсақ не болар еді?

Мырзан Кенжебай: Экономиканы Кеңес заманымен салыстырамыз, қазақтың білім-ғылымын айтсақ та өткенмен салыстырамыз. Қырғызстан мен Шешенстан соғысса, тілі үшін, діні мен жері үшін соғысты. Шәмілдің өзі 50 жыл соғысты. Біз «ел тыныштығына» шүкіршілік дегенді алға тартамыз. Қырғызстан – таза дербестігі, таза тәуелсіздігі үшін күресті. Ресей қырғыз бен өзбекті бір-біріне айдап салды. Қырғызстандағы орыстар қырғыз тілінде сөйлейді.

Жалғасы бар

Серіктес жаңалықтары