«Болашақпен» шетелге аттанбақ
«Болашақпен» шетелге аттанбақ
Бүгінде еліміздің ұстаздарына да шетелде білімін жетілдіру бақыты бұйырып отыр. Алғаш рет жоғары оқу орындарының оқытушылары мен қызметкерлеріне «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Биыл 400-ден астам оқытушылар әлемнің жетекші университеттері мен ғылым орталықтарында арнайы ғылыми-педагогикалық бағдарлама бойынша біліктілігін арттырады.
Солардың қатарында Халықаралық Бизнес Академиясының 29 оқытушысы да бар. Біліктілігін арттыруға аттанатын ұстаздарды оқу орнының ұжымы салтанатты жағдайда шығарып салды. Академияның жоғарғы басшылары мен оқытушылары тоғыз айдан бір жылға дейін АҚШ, Швейцария, Оңтүстік Корея, Нидерланд, Испания елдерінің жоғарғы оқу орындарында білім алып, ғылыми жұмыспен айналысады. «Болашақ» стипендианттарының арасында 7 доктор мен 15 ғылым кандидаты бар. Олардың жас мөлшері 30 бен 56-ның арасында. Яғни, қызметкерлердің жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған. Мемлекеттік қаржыландыру есебінен білім алуға үміткерлердің барлығы тиісті сынақтардан сүрінбей өткен. Айта кетерлігі, биыл «Болашақ» бағдарламасына үміткерлердің жасына шектеу жойылып, еліміздің тарихында жеке тұлғалардан ғана емес, оқу орындарынан ұжымдық тапсырыстар қабылдана бастады. Бизнес академиясы Қазақстан бойынша ұжымдық тапсырыс арқылы ұстаздарының біліктілігін арттыруға грант жеңіп алған алғашқы оқу орны.
Халықаралық Бизнес академиясының ректоры Тақир Балықбаев: «Бұл идеяның ең бір жақсы, ең бір қызық жері бірінші рет тапсырыспен бір жерге ұжым болып бара жатыр. Себебі, әркім өзі жеке барып, біліктілігін, білімін арттырып жатқанымен, ұжым болып барған кезде бұл жерде ұжымның арнайы мақсатын орындап, ұжымды көтеруге және біздің білімді көтеруге мүмкіндік береді», – деді.
Динара Дүрмән