АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК КАБИНЕТТЕРДЕ ҚАЛЫПТАСПАЙДЫ

АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК КАБИНЕТТЕРДЕ ҚАЛЫПТАСПАЙДЫ

АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК КАБИНЕТТЕРДЕ ҚАЛЫПТАСПАЙДЫ
ашық дереккөзі
237

Мемлекеттік БАҚ-қа деген сұраныс азайып барады. Халықтың БАҚ-қа деген сенімі де селқос. Бір кездері жүз мыңдаған таралыммен шыққан баспасөз өз оқырмандарының сұранысын ақтаған еді. Бүгін неге олай емес? Сол себепті де, біздің мемлекеттік БАҚ-қа жаңғыру қажет. Өткен аптада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен бүгінгі мемлекеттік ақпараттың өзекті мәселелерін қозғаған келелі жиында ақпараттық кеңістігіміз кеңінен сөз болды.

«Әлемнің бір бөлшегі ретінде біз барлық өзгерістерді өз басымыздан да өткеретін боламыз. Мұндай өзгерістердің барлығы бірдей, өкінішке қарай, жақсылық әкеле бермейді. Жер шарының жекелеген өңірлерінде орын алып отырған түйткілдер жүздеген жылдарда болмаған үдерістер», – деді жиын барысында Мемлекеттік хатшы. Мұндай күрделі үдерістерден шығуда Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы бағдарымызға айналғанын да тілге тиек етіп, мемлекет басшысының әлем түбегейлі өзгерістерді бастан кешіп отырған уақытта болжам жасап, мемлекет дамуының векторын айқындап бергенін айтып өтті. Жиын барысында, Мемлекеттік хатшы еліміздің ақпараттық саясаттағы түйткілдерін шешуде қандай жұмыстардың қолға алыну қажеттігіне де тоқталды. Марат Тәжин мырза әуелгі әңгімені БАҚ-ты қаржыландыру соңғы жылдары бірнеше есе артқанымен, оның халық арасындағы танымалдылығы мен сенімділігі еселеп артпай отырғандығынан бастады. Оқырмандар мен көрермендердің жалпы аудиториясы ел халқының жартысына да жетпейді. Неге? Оқырман неге газет оқымайды? Көрермендеріміз ше? «Мыңдаған тұрғыны бар қалалардың өзінде мемлекеттік телеарналар көшбасшылардың қатарына енбей қалуда», – деді Мемлекеттік хатшы. Мұның да өзіндік сыры бар сияқты. Бүгінгі БАҚ-та насихаттық тұрғыға көбірек мән беріледі де, ақпараттық тұсы ақсап қалады. Мұның көбі мемлекеттік тапсырыстарды орындау кезінде байқалатынын да сын тезіне салды. Орынсыз тапсырыстардың мемлекеттік БАҚ-тың шығармашылығын өсірмейтіні белгілі. Мұндай кемшіліктерді болдырмау үшін БАҚ басшыларына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, алдағы уақытта жол бермеудің амалдарын іздеуді жүктеді. Мемлекеттік хатшы: «Мұны мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың орындалуынан көруге болады. Мәселен, банктік несиелеу, бизнесті жүргізу, тұтынушылар мүддесі үшін тауарлар туралы ақпарат беру, қоршаған орта туралы мәселелер, білім саласындағы саясатты түсіндіру жұмыстарының барлығының орнын тікелей насихаттық материалдар басып кетті», – деді. Мемлекеттік БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі де сөз болды жиында. Мемлекеттік медиа дегеніміздің өзін нарықтық индустрияның құрылымды әрі айырылмас бөлшегі ретінде қарастырып, оны жүргізуде экономикалық тиімділікті басшылыққа алуды санаға сіңіре берген абзал. Бұл бәсекеге қабілеттіліктің алғышарттары болып саналады. Әзірше, медиа-нарықта нақты экономикалық стратегиялық жоспарлар жасалынбай отыр. Бұл да күрделі мәселеге айналып тұр. Бүгінгі БАҚ-тағы ең күрделі мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Қазір журналистердің кәсіби деңгейінің көп жағдайда төмендігі байқалады. Мұндай кадр тапшылығы, әсіресе жергілікті БАҚ-та жиі кездеседі. Осы орайда, «БАҚ экономикасы және кино», «Медиабизнес» және т.б. мамандықтар бойынша журналист кадрлардың дайындалмайтыны да сынға алынды. Яғни, «елімізде экономика, БАҚ және кино салалары, медиабизнес, телеарнадағы режиссерлік-операторлық жұмыс, техникалық мамандықтар, телевидениенің, радио мен киноның, жаңа буын масс-медианың кадрларын даярлау мүлдем жүргізілмей отыр». Осыған орай Мемлекеттік хат­шы Мәдениет және ақпарат ми­нис­­­трлігі мен Білім және ғылым министрлігіне кадрлардың әлеуетін арттыратын кешенді шараларды әзірлеу қажеттігін тапсырды. Сонымен бірге, «Қазмедиа Орталығы» да қалыс қалмауға тиіс. Аймақтық журналистер үшін арнайы оқулар мен тренингтер ұйымдастырғаны абзал. Жиын барысында ақпараттық саясаттың парасаттылығы да сөз болды. Мұның негізгі мәні ақпараттық саясатта озық ойлы адамдардың тартылуында болып отыр. Азаматтық белсенді тұлғалар, волонтерлер, құқық қорғаушылар, ауызға ілінген блоггерлер, ток-шоу, тікелей хабар, телекөпір және өзге де форматтағы хабарларды тарту қажеттігі де айтылды. Жиында «Мемлекеттік мұра» бағдарламасының жалғаса беретіндігін және алыс-жақын шет елдердің мұрағаттарына қазақ тарихына қатысты материалдарды іздеу үшін ғалымдар тобын жіберу қажеттігін айтып, нақты тапсырма берді. Мемлекеттік хатшыдан кейін сөз алған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиялық Жолдауында айтылған басты бағыттарды айқындап, түсін­діріп беру қажеттігіне тоқтала отырып: «Еліміздің жарқын болашағы адам­дардың тікелей өздерінің қажыр­лы еңбегінің арқасында қол жеткізетін табыстарына байланысты екенін халыққа түсіндіре білуіміз керек», – деді. Қазіргі таңда Интернет ресурстарын тиімді пайдалану қажеттігі өзекті болуда. Халқымыздың алпыс пайызға жуығы бүгінде ғаламторды пайдаланады. Әрі оның негізгі көпшілігі жастар. «партия алдағы уақытта халықтың алдында шешілмей тұрған барынша өткір проблемаларды көтеріп, соның ішінде әділетсіздіктерді анықтап, адамдардың конституциялық құқыларының аяққа басылуына тосқауыл қоюға тырысатын болады. Біз кабинеттен шықпай отырып жасалатын жұмыс стилінен бас тартатын боламыз. Толып жатқан жиналыстар өткізуден тыйылуға көштік. Бүгіннің өзінде ондайлар қырық пайызға азайды», – деді Бауыр­­жан Байбек. Ғаламтор ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. «Айшылық алыс жерлерден» жылдам хабар алғызатын Интернеттің мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Әлеуметтік желілерді былай қойғанда, интернет-сайт мақалалары арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқиғаларды жылдам біліп отыратын болды қалың жұртшылық. Ғаламтор жастардың құр ермегі ғана емес, ол саналы түрде ақпарат алмасатын ақпараттық кеңістігіне айналып келеді. Жиында Мәдениет және ақпа­рат министрі Мұхтар Құл-Мұхам­мед: «Елбасы Жолдауында айтылған мақсаттарға қол жеткізу барысында біздің министрліктің алдында тұрған міндеттер туралы айтып өтейін. Осыдан он бес жыл бұрын мемлекеттік емес БАҚ-тарды мемлекеттік тапсырыс беру арқылы қаржыландыру жүзеге асырылған болатын. Бұл іс көптеген кемшіліктеріне қарамастан өзінің тиімділігін көрсетіп берді. Елбасы еліміздегі БАҚ-ты дамытуға барлық жағдайды жасап отыр. Өз тарапынан БАҚ-тар да мемлекет алдындағы міндетін тиімді атқарулары керек деп есептеймін. 2013 жылға мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру мақсатында БАҚ-тар үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. Соның негізгі бөлігі мемлекеттік телеарналарды техникалық жағынан жаңаша жарақтауға бағытталып отыр. Бүгінгі күні біздің телеарналар қол жеткізген жабдықтар ресейліктерде де жоқ», – деді. Ақпараттық саясатқа арналған жиынға Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Денсаулық сақтау министрлі С.Қайырбекова қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары