АСТАНАДА БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ
АСТАНАДА БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ
Өткен аптада Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов халыққа есеп берді. Үш сағатқа созылған кездесуде 40-тан астам сауал қойылған. Сан алуан саланы қамтыған сұрақтар арасында жер, баспана, үлескерлер, жарық пен су, қоғамдық көлік, емханалардағы сапасыз қызмет, жұмыссыздық т.б. мәселелер қамтылды.
Кездесуден бұрын жиналған қауымға Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2012 жылғы қорытындылары көрсетілген кітапша және жазбаша түрде сұрақ қойғысы келетіндерге арнайы парақша таратылған. Сондай-ақ, атшаптырым залдың төрт жеріне 4 микрофон қойылды. Бұл көкейдегі сауалына жауап іздегендерге көп көмек болғаны анық. Халық алдында берген есебін «Бір жылдық белес пен көп жылдық келешек талқыланған жиын бұл» деп бағалаған әкім: «2012 жыл Астана үшін табысы толайым, беталысы орайлы жыл болды. Беделі мен қуаты асқан бас шаһардың әлемдік ЕХРО көрмесін өткізу мәртебесіне бөленгені – ең басты жетістік. Бұл межеге біз қордалы қормен жеттік», – деді.Бас қаланың сандық көрсеткіштері де жағымды: «Қаламыздың жалпы ішкі өнімі 8 пайызға өсіп, 2 трлн. 400 млрд. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімі 196 миллиард теңгені құрады, инвестиция 616 миллиард теңге мөлшерінде болды. Орташа жалақы мөлшері 141 мың теңге болды».Аймақтық жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда бір кездегі 141 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін өсіп, қала экономикасының 60 пайызын шағын және орта бизнес құрапты. Елорда үшін аса маңызды сала саналатын шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың арқасында былтыр 1 трлн. 52 млрд. теңгенің өнімі өндірілген екен. Осы жиында Астана қалалық құрылыс басқармасының бастығы Владимир ЛЮТОВ: «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына сәйкес, 2017 жылға дейін Астанада 1,3 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл деп отырғанымыз, 26,5 мың пәтер. Осы бағдарлама аясында тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі бойынша 420 пәтерлік бір үй тапсырылды. Екінші нысанның құрылысы биыл, бірінші жарты жылдықта аяқталады», – деп мәлімдеді. Соңғы үш жылдың ішінде Астанада 4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Оған қоса, 100-ден аса балабақша, 10 мектеп, 8 емхана бой көтерді. Қазір тағы 7 медициналық нысан салынуда. Әлеуметтік нысандардың көбейгені қала тұрғындарының саны жылдан жылға айтарлықтай артып жатқанда заңды құбылыс. Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім бастығы Жазира Тұрсынбекованың мәлімдеуінше, былтыр Астанада 21 мыңнан аса нәресте дүниеге келіпті.Атына заты сай әсем қаланың күн өткен сайын көрікті бола түсуі аулалар тазалығына да қатысты. Мәселен, былтыр 131 үйдің ауласы көркейтілген. Сонымен қатар Опера және балет театры, Тұңғыш Президент қоры мен кітапханасы, Ұлттық мұражай, ғарыштық зерттеулер орталығы, Ұлттық қорғаныс университеті, жабық қала, мұз сарайы салынады. Оған қоса 50 балабақша, 30 мектеп, 15 емдеу мекемесі бой көтереді. 12 ірі кәсіпорын жұмысын бастайды. Бірақ энергия өндірісі қазіргіден де қуатты болмай, бұл нысандардың жұмыс жасауы да екіталай. Осы үшін жылу электр орталықтары жөнделіп, үшіншісі қосылады. 2015 жылға қарай көгілдір отын астаналықтар үшін айтарлықтай жаңа энергия көзіне айналады.«Күміс алқа» таққан алтын құрсақ аналардың бірі: «Ата-бабаларымыз Ақмоланың іргетасын қаласқан азаматтар. Сізден сұрайтыным, баспаналы болуға қол ұшын берсеңіз. 2000 жылдан бері тұрғын үйдің кезегіне тіркелген едім. Кезегім 209-шы болатын. Бірақ кейін кезегімді таппай қалдым. Басқармадағылар қайтадан тіркелуімді сұрады. Енді өзіңізге мән-жайды айтып, жеке қабылдауыңызға да кірсем деген ойым бар», – деп өтініш айтқан. Әкім: «Астанада баспана – басты мәселе. Қала күннен күнге өсіп келеді. Баяндамамда айтып өткенімдей, жыл сайын елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен 40 мыңнан астам адам қоныстануға келеді. Олардың барлығын бірдей баспанамен қамтамасыз етуге елорданың мүмкіндігі жете бермейді. Астана – дотациялық қала, бас шаһар болғаннан кейін Үкімет қол ұшын беріп, қаражат бөліп отырғанын естен шығармауымыз керек. Бүгінгі таңда қалада тұрғын үй кезегінде 25 мың адам тұр. Былтыр әртүрлі бағдарламалар бойынша 2703 пәтер берілген болатын. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғаса бермек. Ал сіздің мәселеңізге келсек, өтінішіңіз бойынша қабылдайын өзіңізді. Бірақ әкім қабылдаса, мәселе шешіле салады деген ой тумау керек. Бастарыңыздағы қиындықтарыңызды түсінеміз. Сіздердің жандарыңызды ауыртып жүрген мұң-мұқтаждарыңыз біздің де жүрегімізден өтетінін білгейсіздер. Бірақ заң бәрімізге ортақ», – деп ілтипатпен жауап берді. Сондай-ақ Иманғали Тасмағамбетов мәдениет саласының назардан тыс қалмайтынын баса айтты: «Мәдениет – қоғамның рухани дамуының ең басты көрсеткіші. Мемлекет дамуы үшін ең алдымен мәдениетіне көңіл бөлінуі керек. Осыдан 7-8 жыл бұрын мәдениетке байланысты мәселе көтерілсе болды, алдымен Астанадағы мәдениет ошақтарының аздығы ауызға алынатын еді. Ал қазір бұл мәселе шешілді деуге әбден негіз бар. Астанада небір көркем өнер ордалары бой көтерді. Елорданың мәдениет саласы алдағы уақытта да өркендеп, дами бермек. Соның бір куәсі – алдағы уақытта тұсауын кесетін Астана опера театры. Бұл дәл қазіргі күні салынып жатқан әлемдегі жалғыз жаңа опера театры. Әрине, Еуропа елдерінде бұрын салынған көне театрлар бар. Бірақ бұл қазіргі заман талабына сай бой көтеріп жатқан бірден-бір өнер ордасы. Ал мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына келетін болсақ, бұл да біртіндеп шешілетін мәселе. Мысалы, бұрын Астананың беткеұстар екі драма театры әртістерінің әлеуметтік жағдайы үнемі сөз болатын еді. Кейін академиялық мәртебе алғаннан кейін жалақылары өсті, пәтер мәселесі де шешілді. Енді тек кәсіби деңгейін көтеріп, көрерменді көптеп тартуға күш салу керек деп ойлаймын. Сол сияқты мәдени қызметкерлер, кітапханашылардың мүддесі де қорғалуы керек. Бұл мәселені де үкіметтік деңгейде көтеретін боламыз».Астана әкімі жұмыссыздық мәселесінде маман тапшылығына да көңіл бөлді. Оның айтуынша, Елордада қаржыгер, заңгерлер шамадан тыс көп. Есесіне, IT-инженерлері, құрылысшылар, инженер-механиктер жетіспейтін көрінеді. Басқосуда алаяқтардың мәселесі де назардан тыс қалмады. Өзінің төрт немересін бағып отырған апа: «Мен өзімнің туған 4 немеремді патронаттық тәрбиеге алып отырған анамын. Шиеттей балалар сырқаттың ауыр түріне шалдыққан. Осыларды асырап-сақтаймын деп жүрген маған кейбір мекеме өкілдері кедергі келтіріп жүр. Басымдағы шағын баспананы біреу сатып жіберіпті, енді пәтеріңді босат деп біреуі келсе, енді біреуі басқаның қарызын менің мойныма іліп, төле деп жатыр. Тіпті, балаларды балалар үйіне өткіз деп қоқан-лоққы жасағандары да бар. Прокурор мен полиция басшыларына жолығайын десем, қабылдамайды. Менің мәселемді жерге қалдырмауыңызды сұраймын», – деп мұңын шақты. Ашынған ананы сабырға шақырған Иманғали Нұрғалиұлы: «Қанша қиындық көрсеңіз де төрт баланы тастамай, асырап-сақтап жүрген сізге үлкен алғысымды білдіремін. Кез келген ана баласын сіздей аялап, сіздей жанашырлық танытатын болса, елімізде ешқандай да балалар үйі деген болмас еді-ау. Мен сіздің мәселеңіздің мән-жайын, тарихын толыққанды білмеймін. Сондықтан осы кездесуде отырған қаламыздың прокуроры Мұхтар Жөргенбаев сізді бүгін сағат 15.00-де, ал Ішкі істер департаментінің бастығы Амантай Әубәкіров сағат 17.00-де қабылдайды. Сосын ертең олар мәселенің мән-жайын маған мәлімдейтін болады», – деп уәде берді.Осылайша, үш сағатқа созылған әкіммен кездесуде 40-тан астам сауал қойылған. Шешімін тапсам деп келген мәселесін әкімге айтып үлгере алмағандар тобы айтар ойын жазбаша түсіріп, оны арнайы жәшікке салып кетіпті. Оларға жауап беру – әкімнің ертеңгі күн еншісінде тұрған міндеті.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ