ТАРАЗДАН ТАБЫЛҒАН АЛТЫН АДАМ

ТАРАЗДАН ТАБЫЛҒАН АЛТЫН АДАМ

ТАРАЗДАН ТАБЫЛҒАН АЛТЫН  АДАМ
ашық дереккөзі
1429

Тараз – тарихтан мол сыр шертеді. Тарихи шаһардың бізге беймәлім сырлары әлі көп. Тарихы мыңжылдықтармен есептелетін Тараздан жақында Алтын адам сауытының сынықтары табылды. Көпшілік қауымның тамашалауына Алтын адам ұсынылған жоқ. Бірақ археологтардың пайымдауынша, тұрпаты Есіктен табылған Алтын адамға өте ұқсас.

Тараз қаласынан 18 шақырым жердегі Жетітөбе қорымынан алтын бұйымдар қазылып алынды. Алтыннан құйылған әшекейлерді құрастырғанда сауыттың бір бөлігі шығуы мүмкін. Археологтар қазып алған 40-қа жуық алтын сынықтардың ішінде төрт басты қыран құс та бар. Бұл жәдігерлер екі қорымның жетістігі, қалған бес қорым әлі қазылған жоқ. «Археологиялық сараптама» ЖШС директоры Дмитрий Воякиннің айтуынша: «Биыл жаз айларында қазба жұмыстары жанданбақшы. Тіпті сауыттың қалған бөлшектерін тауып, Алтын адамды бүтіндейміз». Алдағы уақытта сауыттың бөлшектерін құрастырады. Қалған қорғандардан алтын адам сауытының басқа да бөліктері табылады деген үміт те жоқ емес. Барлық құрандыларды біріктіргенде Алтын адам­ның сауыты шығатынына ғалым сенімді. «Ескі қорған облыс орталығынан алыс емес. Өткен жылы екі қорғанды ар­шы­дық. Ол патша қорғаны болып шықты. Сонда жүр­гізілген археологиялық зерттеу жұмыстары үл­кен нәтиже беріп отыр. Қазылып алынған құнды жә­ді­герлер – патшаның алтыннан құйылған сауытының бөл­шектері. Есік қор­ғанынан табылған Алтын адам­мен дәлме-дәл келеді. Та­былған дүниелердің басын бі­ріктіргенде, бәлкім, екін­ші Алтын адам болып шы­ғуы да мүмкін», – дейді Воякин мырза. Археологтар алтын бұйымдардың кейбір бөлшектерінің жетіспейтінін бірден байқаған. Шапқыншылық жылдары мен бертіндегі ашаршылық қорымның тоналуына себеп болған. Көнекөз дүниенің қай кезде ұрының қолына іліккенін дөп басып айту қиын, бірақ обаның сегіз рет қазылғаны айдан анық. Қазақ даласындағы қорымдарды танып-білу оп-оңай. Айдалада бір жалпақ төбешік. Кейде қатар жататын төбешіктер бар. Ерте дәуір мәдениетінде халық арасында би, басшы болған адамды биік жотаға жерлеп, бейітін айдарлап, үлкен қылып қазу міндет болған көрінеді. Соңғы елу жылда елімізде бірнеше алтын адам табылды. 1969 жылы бүкіл КСРО мен әлемді шулатқан алтыннан құйылған сауыт-сайманды адам Есік маңайынан қазылып алынды. Археологтар таптырмас олжаға қол жеткізді. Дүниежүзінде бас-аяғы толық алтыннан құйылған жәдігер ешқашан табылған емес. Бұл бай мәдениеттің мұрасы. Ұлы өркениеттің куәсі. Археологтардың айтуынша, Есік маңы табиғаты сұлу, жайлы орын болған. Тау баурайы, таудан сарқырап аққан өзен, жасыл жайлау мен етектегі кең дүние қолбасшыны жерлеу үшін таптырмас орын. Сондықтан оның қарапайым адам болғанына шүбә келтіре алмаймыз. Кейбір деректерде ол Тұмар патшайымның ұлы деген жорамалдар айтылады. АЛТЫН АДАМДАР ӨМІР СҮРГЕН ӨЛКЕ Алтын адам табылған соң қазақ даласында одан керемет құнды жәдігер табылмайтындай көрініп еді. Көне мәдениетіміздің жасаушылары алтынды ғана мойындаса керек. Бірер жыл бұрын Қарқаралы маңынан және Шығыс Қазақстаннан да алтын адам сауытының сынықтары табылғаны мәлім болды. Әлем қазақ жерінде алтын адамдар ғана өмір сүріпті деп құлағын түрді. Қарқаралы ауданына қарасты Қасым Аманжолов ауылынан батысқа қарата бір жарым шақырым жердегі «Талды-2» қорымының №2 қорғанынан таутеке бейнелі 11 әшекей, самұрық құс бейнелі 13 алтын бұйым, мысық тәрізді жыртқыш аң бедерленген әшекей және түтік пішінді 9 бұйым, бидай пішіндес 30 ілгешек, 42 майда алтын түйіршіктері табылды. Бұдан бұрын табылған «Алтын адамның» бұйымдарын даусыз сақтардың «Аңдабы мәнеріне» жатқызған археолог, тарих ғылымының кандидаты, аталмыш экспедицияны ұйымдастырушы Арман Бейсенов осы бағытта 10 жыл бойы ізденген екен. Әрине алтын адамның толық сауыты табылған жоқ, сондықтан ауыз толтырып «алтын адам» дей қою қиын. Бірақ Есік маңынан табылған алтын адаммен айқын ұқсастық бар. Бұл қорғандар Кент тауының бөктерінен табылды. Ендеше елге қадірлі, ел бастаған көсемдерін халық ерекшелеп, тау биігіне әспеттеп жерлесе керек. Осыған қарап тағы да табылған алтын бұйымдардың тегін адамдікі еместігіне көз жеткіземіз. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан өңірінің Зайсан маңынан үшінші алтын адам табылды деп жар салды. Археологиялық қазба жұмыстары барысында он шақты қорған қазылып, соның біреуінен ғана құнды мұра кездесті. Тарих ғылымының докторы, профессор Әбдеш Тәшкенұлы зәулім ескерткіште жалғыз жерленген адамды ерте сақ заманына жатқызды. «Алтын адамның» түр-тұлғасы мен киген киімін, сондай-ақ әшекей бұйымдарын жан-жақты зерделеген ғалымдар біздің дәуірімізге дейінгі VIII ғасырда өмір сүрген деп болжады. Бұл адам сақтардың патшасы деген байлам жасады. Жасы 37-де деп белгілепті антрополог ғалымдар. Үстіндегі әшекейлер сол маңда өңделген алтыннан құйылған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл адам бұрынғы табылған алтын адамдардан бірнеше ғасыр ерте ғұмыр кешкен көрінеді. «Үшінші «Алтын адамның» маңдайында бес жұлдыз бар. Бұл – сақ-скифтерден табылған ең ерекше дүние. Яғни адамның құдіреттілігін көрсетеді. Осыдан келіп біз ол патша болған деген шешімге келдік», – дейді Әбдеш Төлеубаев. Оның сұлбасы мен киген киімдерін есепке ала отырып, оның макеті дайындалып жатқан көрінеді. Биыл жаз шығысымен Тараздағы қорғандарды қазу жұмыстары басталады. Археолог ғалымдар бұл қорғандардан өте құнды заттар шығатынына сенімді.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары